Шығармашылығы
СЕРІК ЖАНӘБІЛ – НАҒЫЗ ХАЛЫҚТЫҢ АДАМЫ!
Ару Алматыда ақберен ағалардың арқасында оның есімі студент кезінде-ақ танылды. Иә, ол студент еді. 1989 жылы «Жұлдыз» журналының кезекті бір санында Серік Жанәбілдің «Аймауытовтың ақырғы күндері» атты эссесі жарық көрді. Жұлдыздай жарқырап Жүсіпбектей жанның өткенін жартыкеш білетін жамағат тыңнан түскен түрендей болған осы оқиғаға елеңдесті. Артынша Серік Жанәбілдің «Дүрбелең» атты кітабы жеке жинақ болып «Жалын» баспасынан жарық көрді.
Ол кезде студентті былай қойғанда, мүйізі қарағайдай қабырғалы қаламгерлердің өздері пышақтың қырындай жинақтарын зорға шығаратын еді. Артынша Серіктің «Молықбай қобызшы» деген повесі жарық көрді. Оқырмандар ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» деген поэмасынан танитын қобызшы Молықбай жаңа қырынан көрінді. 1993 жылы С.Жанәбіл «Молықбай қобызшы» деген фильм-спектакль сценарийін жазып, эфирге шығарды. Осы спектакльдің қоюшы-режиссері Елжас Қасиманов болды. Аталмыш фильм «Қазақтелерадио» корпорациясының алтын қорында сақтаулы.
Мұны білетінім, ол кезде біз жастар басылымы – «Лениншіл жас» газетіне кәдімгі қызға ғашық болғандай ынтық едік. Газеттің әрбір санын жібермейміз. Ал, жастардың сүйікті басылымының редакторы белгілі спорт журналисі, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов. Сейдахмет аға спорт тақырыбына бұрқыратып жазады. Жеке кітаптары да бар. Спортты жастайынан жанына серік еткен ауылдың қара домалақтары «Лениншіл жас» десе ішкен астарын жерге қояды. Студент кезінен жазушы аты шыққан Серік Жанәбілов осы басылымда дап-дардай қызмет істеп жүргеннен соң, енді оны білмеу журналистік жолдан жаңылғанымыз болар еді.
Мен Серікті сырттай осылай таныдым. Алматының аспаралы аудиторияларында, келісті көшелерінде, дидарғайып кездесулер мен басалқалы жиындарда талай сырлас болып едік, сыраханаларда талай табақтас болып едік деп Алланың да алдында, адамның да алдында өтірікші болар жайым жоқ. Біздің жол кейін ойда-жоқта тоғысты.
Қарт, қабырғалы Қаратаудың теріскейінде Созақ деген ұлы дала жатыр. Ұлы болатыны мұнда қазақ хандығының алғашқы уығы қаланған. «Әзіреті Қаратау әулиелердің кені еді» деп батырлар жырында айтылғандай, мұнда әулиелі, киелі мекендер көп. Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб, Қарабура әулие, Ақсүмбе, Бабата, Құмкент, Созақ осы айтқандарымызға куә. Міне, осы құт дарып, береке қонған ауданда журналистік жолым басталып, үш бесжылдықтай мерзім Теріскей төрінде жүріңкіреп қалдым. 1993 жылдың қоңыр күзінде аудандық «Молшылық үшін» газеті редакторының орынбасары қызметінде жүрген кезімде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне арнайы шақыртылдым. Біздің кішкентай көш Шымкент шаһарының бір кіндігіне байланды.
Осылай жүргенде оқта-текте ұшырасып қалып, сан алуан сыр бұлағын ағытатын Серік Жанәбілді Шымкенттің шырмауықтай шұбатылған көшелерінің бірінде тағы ұшыраттым. Бұл жолғы әңгіме енді өрістен қайтқан малдың алдынан шыққан адамдардікіндей үзік-үзік емес, қисынын тауып қабысқан, шебердің қолынан шыққандай шымыр өрілген, тәп-тәуір түсінушілік танытқан басалқалы сыр-сұхбат болды.
– Сабырбек, – деді сонда Серік, – әлі есімде, 1972 жылы сенің екі-үш сықағың Оспанхан Әубәкіровтің алғысөзімен «Лениншіл жас» газетіндегі «Сүзеген сөзде» жарияланған еді. Онда республикада сықақ, сатира жанрына жазатындар сирек. Бірде курстасым, қазіргі белгілі ақын Қонысбай Әбілов маған: «Серік, білесің бе, «Сүзеген сөзге» Созақ жақтан Сабырбек деген сықақшының дүниелері жиі шығады. Өзін бұрын-соңды көріп пе едің?» деп сұрады. Міне, сені содан бері сырттай білемін. Ал, бүгін етене таныс болып отырмыз.
Осы таныстық-білістіктің соңы үзеңгі жолдастыққа ұласты. Міне, бұл жерде Серік дейтұғын сұңғыланың есте сақтау қабілетінің ерен екендігін оқырмандарға жеріне жеткізе білдіру, таныстыру үшін осы жолдарды жазып отырмын. Сонау 1972 жылғы екі-үш сықақ өлеңді есте сақтаудың өзі оңай шаруа емес. Оның үстіне Серік менің «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Жан жараланбасын», «Қисық ағаштың иір бұтағы», «Оқыған азамат», тағы басқа мақалаларым мен «Қимастық» деген шағын әңгімемді де білетін болып шықты. «Бұларды қалай біледі?» деп аң-таң болып отырғанымда санасы сергек Серік дос тарихи-танымдық оқиғалардан бөлек, арғы-бергі әдебиетке де жүйрік болып шықты. Қай тақырыпты қозғасаңыз да қиялай өрлеп, орны-орнымен қолмен қойғандай етіп әсерлі де сенімді әңгімелейді. Қашан, қайда жүріп жаттағанын өзі біледі. «Бұл жөнінде пәленше ақын былай деген екен» деп әңгімесін тұздықтап, дәлел келтіретін өнері тағы бар. Серік әріптесімнің Оралхан Бөкей туралы естеліктерінің өзі бір төбе. «Лениншіл жас» газетін Шерхан Мұртаза басқарып тұрғанда Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түн» деген әңгімесі қалай басылғанын Серіктен жақсы білетін жан жоқтай көрінеді маған.
Тегі, Серік жолы болған жан. Ол бүгінде бүкіл Қазақстанға танымал ақын-жазушылар Ұлықбек Есдәулетов, марқұм Нұртілеу Иманғалиұлы, тағы басқа да жампоздармен бірге оқу бақытына ие болған. Курстастарымен әлі де қоян-қолтық араласып тұрады.
Серіктің саясаткерлігі, серпіліп, қиялын қияларға жетелейтіні рас енді. Ол кезінде «Айғақ Медиа» ЖШС-інің бас директоры Дулат Әбішұлының бастамасымен жүргізілген бірқатар экспедицияларға қатысып, қоржынын тарих тұнбаларына толтырып қайтты. Өзі де тарихтың талай қыртысын тәп-тәуір білетін ол Алматы облысындағы көптеген жер-су аттарын жатқа айтады. Айталық, ол 2011 жылғы 22 тамызда Қапалдағы Ешкіөлмес тауы етегіндегі Біржан мен Сара айтысқан жерге арнайы барды.
«Айғақ» телеарнасынан тамашалап отырдым, Серік Біржан мен Сараның айтысын көзбен көріп, құлақпен естігендей нақпа-нақ айтады.
– 1863 жылы Шоқан Уәлиханов Күреңтөбел ауылының етегінде Біржан-Сара айтысын жазып алуға тырысқан. Демек, Шоқан да осы айтысқа көңіл бөлген. Олар айтысқанда Біржан 47-де, Сара 20-дағы қыз екен, – деп басталатын Серіктің әңгімесін тыңдасаңыз, талай тың дерекке кезігесіз.
Осы сапарда экспедиция жоңғар соғысында ерлікпен қаза тапқан Қарабатыр бабаның басына да барып, Құран бағыштады, жаужүрек, баһадүр батырдың өмірінен көптеген тың деректер алып қайтты.
– Сәке, түптеп келгенде сіз де бүгінгі сал-серілердің бірісіз ғой, – деймін жазушының шабытын қайрағым келіп.
– Университетте оқып жүргенімде Мәлік Ғабдулиннің лекцияларын зейін қоя тыңдадым. Академик ағамыз қазақтың сал-серілері, эпос жырлары, лирикалық өлеңдері туралы тереңнен толғайтын. «Әрбір қазақ сері болуы керек. Біздің қазақтың қанында серілік қасиет бар. Басқа ұлттардан өзгешелігіміз осы» деп отыратын ұстазымыз. Ол батыр Бауыржан Момышұлының бойында 5 асыл қасиет бар деуші еді. Қазір академик ағаның пайымына сай менің ұғымымша, «сал» сөзі Біржанға ғана жарасады. Өйткені, оның айналасында он шақты, жиырма шақты өнерлі жандар жүрген. Бәрі бірігіп, тұтас ансамбль түзген. Ал, Ақан сері Сағынайдың асындағы бәйгеде Құлагерін Батыраш пен Қотыраш қысастықпен өлтіргенде «той шырқын бір қылқұйрық үшін бұзбаңдар» деп жұртшылықты өзі сабырға шақырған. Міне, бұлар осындай тарихи тұлғалар. Біздікі серілік деуге келе қоймас. Серілік адамдардың маңдайына жазылады. Оны өзіне-өзі телісе, жараса ма?! Айталық, жазушы Сәкен Жүнісов соңғы жылдары «Сәкен сері» деп жазып жүрді. Оны біреулер мойындағанмен, біреулер мойындамады, – дейді Серік терең толғанып.
Енді Серіктің серілігін толғасақ, әңгіме ұзаңқырап кетеді. Сірә, оны «сері мінезді жігіт» деу жарасатын шығар. Өйткені, үнемі қиял қанатында жүретін қаламгердің серілігі хақында айтатындар аз емес. Соның бірі – мынау. Оны бір аудандық газетке редактор етіп жібереді. Барса, өзінен екі курс жоғары оқыған досы осы қызметтен дәмелі екен. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» демекші, менікі жарамас» деп облыс басшылары ұсынып отырған қызметтен бас тартқан ғой. Енді мұны серілік деп қалай айтпасқа?! Мұндай мысал оның өмірінде көп-ақ. Тізбектей берсек, басқа тақырыпқа ойысып кететіндейміз.
1991 жылдың 21 тамызы. Алматыдан шыққан пойыз Шымкент теміржол вокзалына таңертең келіп тоқтады. Одан бір топ ақын-жазушылар түсті. Күтушілер арасында Серік те бар еді. Оралхан Бөкей шымкенттік іні-досын көргенде қатты қуанды.
Бұлар Тұтқабай Иманбеков, Сайлау Пернебаев төртеуі Серіктің Құрылысшылар көшесіндегі үйіне тура тартты. Пәтер екі бөлмелі еді. Орағаң:
– Балаларың өсіп келеді екен. Облыс басшысына айтып, төрт бөлмелі пәтер әпертейін, – деді.
– Аға, мен сіздерді үй көрсету үшін шақырып отырмын, – деді Серік өзіне тән мінезбен жайдарыланып.
Одан әрі әңгіме әсерлі өрілді. Оралхан аға шешіліп сөйледі. Тамақ желініп, шай ішіліп болған соң «әлемде не жаңалық болып жатыр екен?» деп олар телеарнаны қосқан. Сөйтсе, Мәскеуде «Тамыз бүлігі» деген атпен белгілі оқиға орын алыпты. Оралхан Бөкей «бұлай болмауы тиіс еді ғой» деп бас шайқады. Түс ауа жазушылар Созаққа аттанып кетті. Осы сапардың сәтсіздігі үшін Серік әлі де күйзеледі.
Оның тағы бір күйзелісі бар. Ол Жүсіпбек Аймауытов тұрған үйді бұзғызбай сақтап қала алмауы еді. Иә, Шымкент қаласында Жүсіпбек Аймауытов 1926-1929 жылдары ғұмыр кешті. Серік Жанәбілдің «Жұлдыз» журналында жарияланған «Аймауытовтың ақырғы күндері» атты тарихи еңбегі осы кезеңдерді қамтиды. Абдулла Тоқай атындағы көшедегі үйде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жампоз жазушы Жүсіпбек Аймауытов үш жылдай тұрып, өзінің атақты «Ақбілек» романын жазды. Жоғарыдағы еңбегінде Серік «Ақбілектің» Шымкентте жазылғанын дәлелдеуге талпынды.
– «Мен ғана араластым» десем, адалдық ауылынан алыс кетермін. Шәкен Орынбекұлы, Ілесбек Байжанов, Өсербай Сүйіндіков, Әсілхан Оспанұлы, Райымбек Әбсейітов, Керім Тіленшіұлы секілді бір топ зиялы қауым өкілі сол кездегі қалалық атқару комитетінің төрағасы Қуаныш Төлеметовтің алдына бардық. Әсекең әдемі сөйледі. Сөйтіп, біз Шымкенттегі бір мектепке және көшеге Ж.Аймауытовтың атын беру керектігі жөнінде пікірімізді айтып, арнайы хат та қалдырдық. Кейіннен бұл ойымыз жүзеге асты. Қазір Шымкентте Ж.Аймауытов атындағы №64 орта мектеп бар. Көшеге де аты берілді. Ана бір жылы Жүсекеңнің жалғыз тұяғы Шымкентке келіп, әкесінің атындағы мектепте кездесу өткізді. Осы кездесуге арнайы барып қатыстым. Ұшырасудан соңғы ойларымды қағазға түсірдім. Алайда, асылдан қалған тұяқ Алматыдағы қарттар үйінде ешкімге керек болмай қалып, көз жұмды. Мені бір қинайтыны осы, – дейді Серік.
Жоғарыда жазғанымыздай, Аймауытов тұрған үйді сақтап қала алмаумен бірге, сол үйдің сыртына ескерткіш тақта да орната алмай қалудың күйініші қазір де жан сыздатады. «Ақбілек» романының Шымкентте жазылғанын дәлелдеген ақ жүрек жазушының айтары талай тарихқа астар болады.
Сол Серік Жанәбіл жуырда жетпістің жотасына көтерілді. Бүгінде жетпісін желпілдетіп ат шаптырып, айқай-сүреңмен, даңғазамен өткізіп жатқандар қаншама. Кездесулер ұйымдастырып, кеуделеріне салпыншақтар тағып, мәре-сәре болып жатқандар да табылады. Бұл жолы Серікті ешкім де іздемеді. Облыстық әкімшіліктің, облыстық мәдениет басқармасының бір грамотасы да бұйырмаған. Алайда, бұған жасыған жазушы жоқ. 1993 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дүрбелең», «Ол ертең атылады», «Молықбай қобызшы», «Алтын жүзік», «Жанымды түсін», «Өмір өткелдері» атты прозалық кітаптардың авторы, ҚР мәдениет қайраткері, «облыстың 2000 жылғы үздік жазушысы», Шымкент қаласының құрметті азаматы, Алматы облысындағы Ақсу ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі, «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалінің иегері, 4 ұлдың әкесі Серік Жанәбіл ешкімге дабыра қылмастан, тып-тыныш қана жетпіс жылдығын өз құтханасында қарапайым ғана отбасымен атап өтті. Бұл – жүрегі ақ, адал жанның ешкімге өкпе-наз артпайтындығының бір көрінісі.
Сері мінезді Серіктің жазары да, шығар биігі де әлі алда. Ол – халықтың адамы, сондықтан да оны оқырмандары үнемі іздеп жүреді.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
ЖАЙЫМДЫ ЕМЕС, ЖАНЫМДЫ ТҮСІНБЕЙТІНДЕРДЕН ҚОРҚАМЫН
Жазушы Серік Жанәбілмен сұхбат
Серік Жанәбіл... Әдебиеттің бақшасына дән егіп жүргендер де, одан жеміс теріп, нәр алып жүргендер де бұл есімді жақсы таниды. Жазғандары –қымбат, жаны жұмбақ, ал бір қарағанда тірлігі – сырғақ Секеңмен күнделікті қатар жүргендер көп. Бірақ шын сөзі қайсы, әзілі қайсы, ажыратуы қиын осы адамды жақсы түсінетін, шын мәнінде жанын ұғынатын жандар көп пе? Бұл да беймәлім. Бәлкім, «сәрсенбілік сырласу» біздің онымен шынайы сыр бөлісуімізге сеп болар. Сонымен біздің қонағымыз – «Дүрбелең», «Қобызшы Молықбай», «Ол ертең атылады» деген кітаптардың «Молықбай қобызшы» телеспектаклінің авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Серік Жанәбіл.
– Секе, Сіздің шығарамаңыз жай ғана көркем туынды емес, тарихи тұлғалардың тағдырын таразылаған күрделі дүниелер, Ілиястың, Молықбай күйшінің өмірінің өрнегі. Сізді Ілияс Жансүгіровтың ауылынан дейді ғой?
– Мен Жетісу өлкесінің жігітімін. Ақсудың «Найзатиген» деген ауылынанмын. Осы аядай ауыл ақын Сара Тастанбекқызын, қобызшы Молықбай Байсақұлын, әдебиеттің арысы Ілияс Жансүгіровті дүниеге әкелген топырақ. Солардың кішкентай жұрнағы – менің де кіндік қаным осында тамып, есейіп, ержеттім. Біз Қайнардан тараған ұрпақпыз. Ілиясқа, аталас, рулас болатыным содан.
– Сіздің жазушы болуыңызға кіл бір талантты тербетіп тудырған сол теберік топырақтың шапағаты тимеді ме екен? Тегі осы жазушылық деген туыла біткен қасиет пе? Жоқ, жолай жабысатын «дерт» пе? Сіз мәселен қалай жазушы болдыңыз?
– Мен жазушы түгілі, журналист боламын деп ойламағам. Ауылда күпкіге қой түсіріп, кірәлін сасып жүруші едім. Бір күні ауылға ҚазТАГ-тың директоры Кәкімжан Қазыбаев келді. Ол біздің ауылдың адамы ғой. «Қызылтаң» совхозында тұратын ағасы Ахметжанның үйінде жатқан кісіге сәлем бере бардым. Ахметжан аға: «Мына Серікжан анау-мынау жазады. Кәзитке жұмысқа тұрғызып бер» деді. Кәкімжан аға мені Талдықорған облысы «Октябрь туы» газетіне жұмысқа орналастырды. Ол кісі маған «сен Ілияс аулының жігітісің. Сол кісінің көзін көрген адамдар бар, солармен сөйлесіп, материал жина», – деді. Маған Ілияс туралы жазу оңай болды. Өйткені ақынның туған інісі Қызырбек біздің ауылда тұратын. Тағы бір інісі Баяхмет Шәкенов мені 4-ші класқа дейін оқытты. Ілиястың Кәпбай Бимағзұмов деген де інісі бар еді. Сол кісі маған көп тың материал берді. Ілияс жайлы алғаш кітабым «Дүрбелеңнің» үзіндісі тұңғыш рет 1976 жылы «Жұлдыздың» №7 санында шықты. Ол кезде мен ҚазМУ-дің журфағының 4-курсында оқитын едім. Жалпы мені әдебиетке алып келіп, қамқор болған Дулат Исабеков пен Оралхан Бөкееев еді.
К.Қазыбаев уәдесінде тұрып «Дүрбелеңнің» кітап боп шығуына көмектесті. «Жалын» баспасының сол кездегі директоры Қалдарбек Найманбаевқа айтып, 1978 жылы кітабым жарық көрді. Мен солай жазушы болдым. Мені жазушы еткен –Жансүгіров. Мені жазушы еткен – Молықбай қобызшы. Мені жазушы еткен – Жетісудың жәннат топырағы.
– Осы «Дүрбелеңге» байланысты сізді біреулер сотқа берген дейді?
– Ол рас, кітапта бір адамдардың аты жазылып кетіп, сотқа берді. Істі Алматы қаласының Совет аудандық соты қарады. Содан Ілияс Жансүгіровтың туған күйеу баласы Санжар Жандосов Шымкент облыстық партия комитетінің хатшысы Ыдырыс Тілеубергеновке телефон шалып «мына баланы сол жаққа жұмысқа тұрғыз», – деді. Осылай мен шымкенттік болып кеттім. Содан бері Оңтүстік менің екінші туған жеріме айналды.
– Жұрт осы Сізді «қайғы-мұңы жоқ адам секілді» дейді?
– Соны айтып, менің тағдырыма қызығатындар болса, менің өмірімнің өксігі мен өкініші көп екендігін білмейтіндіктен айтатын шығар. Тағдырымның тамсанатындай тәтті шақтары шамалы. Жетім өстім. Жақабыл деген туысқан ағам асырап өсірді. Әке-шешемнің аялы алақанын көрмегенім өмірімнің өксігі болды. Балалық мауқымды басаалмай ер жеттім. Сырымды айтатын адам жоқтай. Бірге туған бауыр да бұйырмапты. Содан ба, жалтақ өстім, жалғыз жүрдім. Менің балаларым ата-әже дегенді білмейді. Тойымның төрінде құда-құдағи болып әке-шешем отырмады.
– Дегенмен Сізді «Жолы болғыш жігіт. Үнемі әлдекімдердің көмегімен қапыда жол тауып кетеді», дейтіндер де аз емес?
– Жасырмаймын, тарыққанда жебеген, торыққанда демеген жақсы жандардың шапағатын аз сезінген жоқпын. Әйтеуір қиналып тұрған кезімде бірдеңенің ебі оңтайынан келе қалатыны бар. Алғашқы кітабымның шығуына көмектескен Кәкімжан Қазыбаев 4-ші курста оқып жүргенімде Сейдахмет Бердіқұловқа айтып, «Лениншіл жасқа» жұмысқа тұрғызды. Өйткені менің артымнан басқалар сияқты ақша салып тұратын адам жоқ еді. Сабақты қойып, жұмысты «қатты» істеп кетіп, оқудан шығып қалдым. Қожакеев ( журфактың деканы) кейін қайтадан алып, әйтеуір бітіріп шықтым. «Лениншіл жастан» шығып, Фариза Оңғарсынованың «Қазақстан пионеріне» ауысып кеттім. Маған қолым бостау болатын жұмыс керек еді.
Одан жаңағы сот деген от шықты да Шымкентті сағалап кеттім.
Әлгінде айттым, Санжар Жандосовтың Ыдырыс Тілеубергеновке «Жұмысқа тұрғыз» дегенін. Ол кісі мені Келес аудандық «Мақташы» газетіне редактордың орынбасары етіп жіберді. Осында жарты жылдай істеген соң мені партшколаға аттандырды. Сегіз ай оқыдым да, оны тастап кеттім. Миыма сабақ қонбады. Шымкентке қайтып келген соң, Ыдырыс Тілеубергенов Ленгір аудандық киножүйесіне директор болып орналасуыма жәрдем берді.
Шымкентте үй-күйсіз жұмыссыз жүргенімде Манат Өтебаев жатақханасынан орын беріп, бес жыл әйелім, төрт баламмен сол жерде тұрдым. Төртінші ұлым Шоқан осы жатақханада туды.
– Байқап отырсам, Сіз де байыз тауып бір жерде тұрақты жұмыс істей алмайтын сияқтысыз. Неге?
– Менің өмірге көзқарасым басқаша. Ешуқытта қызметке қызықққан емеспін. Мен ой адамымын. Еркіндікті, тыныштықты жақсы көремін. Сағат 9-дан 6-ға дейін қадалып бір жерде отыра алмаймын. Берекесіз атанатыным да содан. Мен жалпы бір мекемеде ұзақ істеген жан емеспін. Еңбек кітапшамды көрсеңіз 1969 жылдан 1998 жылдың мамырына дейін жұмысқа кіріп-шығу жөнінде 56 бұйрық жазылыпты. Яғни 28 жерде жұмыс істеппін. Мен кім болмадым? Еңбек жолымды Ақсу ауданының «Қызылтаң» қой совхозында слесарлықтан бастадым. Одан құрылысшы да, баспагер де, мұғалім де, аудармашы да, журналист те, кино жүйесінде директор да, методист те, ғылыми өндірістік бірлестік те лаборант та, өртсөндіруші де, кинотеатарда редактор да, «Қазақ тілі» қоғамында нұсқаушы да, СПТУ, мектеп, техникумда оқытушы да, инженер де, техникалық инспекцияда нұсқаушы да, әкімшілік қызметкері де болып істедім. Бекер обалы не керек, бір көкелерім менен бастық та жасады. Бірақ, бастық болу үшін де қабілет керек екен. Менде ұйымдастырушылық, қабілет жетіспейді екен. Ол жетіспеген соң жұмысты қайбір жетістіресің? Сосын оны да қойдым. Ең ұзақ істеген жерім Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық әкімшілігі екен. Сенесіз бе, бақандай екі жыл істеппін. Жалпы 1994 жылдан бері тиіп-қашып жүргенім болмаса, жарытып жұмыс істегенім жоқ. Жұмыс сұрап ешкімге жалынғым келмейді. Әйеліме рахмет, еш жерге сыймайтын басымды 20 жылдан бері бір жастыққа сыйғызып келе жатқан.
– Сонда да ... Сіз ер азаматсыз... Күн көру, бала-шағаны асырау керек дегендей?...
– Әркімнің өмірге икемі әртүрлі. Менің қолымнан келетіні жазу ғана. Ара-тұра газеттерге мақала беріп тұрамын. Қалам ақысын, кейде басқа да көмегін аямайды.
– Сізде «Бір емес, екі үйі бар. Жұмыс істемей жүрсе де қалай алды? деп таңданады кейбіреулер.
– Екі үйімнің бары рас. Өзім күні кешеге дейін үй-күйсіз жүрдім. Балаларым үшін жасадым. Менің олардан, олардың менен өзге ешкімі жоқ. Бір азаматтардың септігі тиді. Мені де құдай өлсін деп жаратып па?
– Ал, Сіз қай уақытта , қалай жазасыз?
– Жазуға түнгі бір мен төрттің арасында отырам. Күндіз жаза алмаймын. Ал, түнде ұйықтай алмаймын. Жазу жазбасам, кітап оқимын.
Мен ойлаймын, жазушы болу үшін қол бос болу керек. Мәселен, Әбдіжәміл Нұрпейісов «Жұлдызда» алты ай редактор болды да, басқа өмірінде бос болды. Сосын тағы да түсінгенім, адам тарығып жүргенде жақсы шығармалар жазады. Ондайда ойыңмен ғана алысасың. Қызмет болса, марапат, мадақ, қошемет көбейеді. Мен осы Шымкенттегі «Октябрь» кинотеатрында бір жылдай істедім. Одан соң екі жыл бос жүрдім. Осы кезде көп нәрсе жаздым. «Әке», «Алтын жүзік» әңгімелерім, Мұқағали туралы «Поэзия, менімен егіз бе едің?»– деген эссем туды. Ленгірде тұрғанда пойызбен Матайға (Талдықорған облысы) барып, Молықбай туралы материал жинадым. «Қобызшы Молықбайды» сонда жүргенде бір айда жазып бітірдім.
– Ілияс Жансүгіров пен Молықбай бейнесі сізді драматургияға «дем салдырды» емес пе?
– Солайы солай, «Қобызшы Молықбай» 1991 жылы «Жұлдызда» жарияланды. Ал, екі жылдан соң М.Әуезов атындағы академиялық драма театры артистерінің сахналауымен фильм-спектакль болып шықты. Бұл спектакль қазақ телевидениесінің алтын қорына енді.
1994 жылы Ілияс жансүгіровтің 100 жылдығына орай (Дауылды заман дүлділі» пьесасын жаздым. 21 күн бойы столға бір отырып, бір тұрып, жаза алмай жүрген бір дүниені екі-ақ сағатта жазып бітіргеніме сенесіз бе? Тойға уақыт таяп қалған. Ал, менен ештеңе шығар емес. Елге кеттім. Облыстық әкімшіліктен машина алып, «Белтоғанға» анамның басына бардым. Ілиястың, анамның рухы дем берді ме, 300 километр жол жүріп, қайта Талдықорғанға келдім де, бірден столға отырып, тоқтамай жазып тастадым. Режиссер Сәулебек Асылханов таң қалды. Екі айдан соң спектакль сахнаға шықты. Мен рухтың барына сенемін.
– Сізді қай бір жылы туған жеріңізге көшіп кетіп, қайтып келді дейді?
– Көшіп кетіп, қайтып келгенім жоқ. Көшпекші болғам, 1994 жылы. Тоңазтқыш, паласымды Төрехан Рәмбердіге 130 теңгеге сатып, Талдықорғанға үй қарастыруға кеткенмін. Бала-шағам әлі осында. Сөйтсем ұлым Шоқан қатты ауырып, операцияға түсіпті. Сосын қайтып келдім. Төреханнан тоңазтқыш пен паласымды қайта алып, сол күйі қалып қойдым. Ал, 130 теңгесін әлі бергем жоқ.
– Қанша дегенмен туған жердің жөні бөлек қой? Еліңізді сағынасыз ба?
– Жетісу-киелі жер ғой. Ілияс, Молықбай, Сара, Сүйінбай, Бақтыбай, Жамбыл және Әсет Найманбаев, Әріп Тәңірбергенов, әнші Майра, Біржан сал, Шоқанның аяғы тиген топырақ. Қалай сағынбайсың, туып-есейген жеріңді. Дәнеш Рақышев, Мұқан Төлебаев өсіп-өнген жер.
Туған елге барып, әке-шешемнің басына құран оқытып тұрамын. Ақсу өзенінің жағасына барамын. Ақөзекке барамын. Ілиястың анасы сол жерде жатыр. Молықбай «Ақөзекке» барып қобыз тартады екен.
Елге барамын, бірақ етжақын ағайының болмаған соң, туған жер өгейсіп тұрады екен. Ең қиыны. Ақсудың жарқабағына барып отырсам, мен ойнаған жерде мүлде бөтен балалар ойнап жүреді. Олар маған мынау кім деп үрке қарайды. Өз ауылыңның адамдары танымайды, ауыр ғой.
Мен өмірбақи осы «Белтоғанда» өлсем, одан асып қайда барамын деуші едім. Бірақ адамның жолы сантарау екен. Ақыры өз ауылым өзіме жат боп кетті.
– Оңтүстік екінші туған жерім сияқты дедіңіз? Бұл жақтың тарихы туралы ештеңе жазбадыңыз ба?
– Маған Оңтүстік өлкесі өте ыстық. Бұл киелі өңір. Қаншама жолдастар таптым. Қаншама жақсы адамдарға кездестім. «Белтоғанға» бір рулы ел ішінде жүре бергенде не болар еді? Оңтүстік өлкесінің игі азаматтары туралы «Алатау мен Қаратау» деген кітап дайындап қойдым. Түркістанда 30 жыл болыс болған Сапарбай деген кісі өткен. Сол туралы деректі хикаят жазып жатырмын.
– Сіздің өзгелерге ұқсамайтын қасиеттеріңіз қандай? Немесе нені қалайсыз, нені қаламайсыз?
– Дүние-мүлік, жинағанды жек көрем. Жасым 46-ға келіпті. Шаңырақ көтергеніме 20 жыл болса да, үйде киім салатын шифонерім жоқ.
Карта, шахмат ойнауға құмар емеспін. Шаршасам, қапалансам Абайды, Жүсіпбек Аймауытовты оқимын. Олардың жазғандары өмірге құлшыныс, қуат беретін дәрі сияқты.
Көз тиді, тіл тиді дегендерге сенбеймін. Бәсекелестіктен бойымды аулақ ұстаймын. Өзіммен өзім жүргенді қалаймын. Аулада рогатка атып жүрген балалармен ойнаймын. Өйткені, олар таза. Мультфильм көргенді жақсы көремін. Көбінесе тамақты өзім пісіріп ішемін.
– Секе, бүкпесіз сырыңыз үшін рахмет!
Сұхбатты жүргізген Асхан МАЙЛЫБАЕВА