Төретайұлы Қабылбек

Шығармашылығы


"Қазығұрттың Қабылбегі"

Әдебиет әлеміне із салған әрбір есімнің өз тағдыры, өмір жолы болады. Ойлы шығармасын оқырманға ұсынған жазбагер сол туындылары арқылы өз бейнесін танытып отырады. Кейде қара сөзбен, кейде өлең өрімдерімен көсілген автордың еңбегін оқып, бағалағанда көбіне оның өмір жолына, осынау әдебиетке қалай соқпақ салғанына мән берілмей жататыны бар.
Ал, қолымызға «Қазығұрт-Қайнарбұлақ» лирикалық жыр кітабын ұсынып отырған Қабылбек Төретайұлы осы үрдістің ырқына көнбейтін тұлға. Өйткені Ол:
Талқыға түсіп елдігім,
Жанарымды жеңді мұң.
Жанымды менің жебеші
Рухы Амангелдінің, — деп баба әруағына сыйынғанда, азаттықтың ақ таңын аңсаумен ғана КҮН кешпей, сол шадыман шақты жақындатуға жан-тәнімен ұмтылады. Мұндағы айырмашылық Қабылбектің қаруы — қарымды қаламы.
Қабылбек өз еңбек жолын бастағанда жастардың ұйытқысы, асыл арман, алау жүректердің жетекшісі болуды таңдады. Алайда, оның жүрегі: «Көтертпейтін еңсені, жек көрем кейде кеңсені», — деп соқты. Бұл орайда жалынды жастар жетекшісі көңіл терезесін ашып тастап, қалың қауыммен тілдесіп жатты, Әрбір ұжымда, кәсіпорын, өнді-ріс мекемелерінде «Ерекше баспасез» — қабырға газеттерінің етек жаюын діттеді, «әлі күнге дейін қабырға газетінің рөлі мен мақсатын...» қалай жақсы ұйымдастыру керектігін» сыни мақалаларында көрсетті. Қарапайым жұмысшылардың жүрек ҮНІН жанымен ұғып, Жолдыбай сын-ды ақындығы бар жастарға жанашырлықпен қарап:
Кеңге салып арқаны,
Жүре алмаймын мен текке.
Өмірімнің әр таңы
Жетелейді еңбекке! — деген жыр жолдарын халыққа танытты.
Болашаққа сенім арту, келешектің күнгейін молайту жеке адамдарға деген қамқорлықтан басталып, ел мен жер тағдырына бағышталған кемел арнаға ұласты. Айталық,
«Ертеңгі болашақ иелері — студент жастардың әлеуметтік белсендігін, адамгершілік парасаты мен еңбексүйгіштігін, идеялық білімін шыңдау мен мәдениеттілігін арттыру көбіне-көп олардың демалыс уақыттарының ұйымдастыру дәрежесіне және оның қалай жүзеге асырылатынына да байланысты екендігі сөзсіз деп осыдан он шақты жыл бұрын айтылған тұжырымның өткірлігі әлі өңін бере қойған жоқ. БҮГІНГІ Қабылбек: «Адал абитуриенттерге»:
Жүрегіне арманын арқалатқан,
Бір мақсатпен жиналған шартараптан.
Қосылатын ең тұңғыш бәйгесіне
Нарталаптар,
Өрімтал нарталаптар! — деп сөз арнаса, адамзаттың көктеміне көңілі пәк, ниеті ақтығынан.
Иә, кезегімен келер КҮЗДІҢ жомарттық танытуы үшін көктемі ГҮЛДІ, бұлбұлы ҮНДІ болуы шарт. Тарих қойнауына аттары арай шашып тұрған Ғ.Мұратбаевқа:
Жо-жоқ,. Аға, мен қалайша жасимын,
Өзіңді ойға ап, шаттанам да тасимын
Өр тұлғаңа, мақтанышпен көз салып,
Көкірегіме қолым қойып, бас идім; аяулы ақын, «өз биігін өз иініне» көтеріп кеткен Т.Айбергеновке:
Бір есімге ұзартты да тізімді,
Тарпаң тағдыр тез таяды күзіңді
Жырқұмарлар саған іңкәр болып жүр
Көрмесе де жүзіңді, — секілді жыр-шашуын себелегенде
Қ.Төретайұлы асыл мұратты бейнелер арқылы бүгінгі ұрпақтың шоқтығы биік болуын тілеп, іңкәр дүниені жасаушы осы лектің өздері екендігін дәлелдей түседі...
«Ошақтан асы түспей» келе жатса да «Ғұмыры басы піспеген» «қазақы қара қауымның» желтоқсанның қара дауылына ұрынған шағы дүр сілкіндіріп:
Желтоқсанның ызғары
Соқты да көңіл мұздады.
Төбемді тесіп темір нәл,
Намыстан жаным сыздады, — деп мойындаған Қабылбек «Төл тарихымен тілдесуді» бастайды. Ол сезімін өлең жолдарына сол мезет түсірсе де, он аунақшыған ойын тегеурінді мақалаға айналдырып жібереді.
«Тебірен, туған топырақ түлегі» сынды сол дүниеде: «Елдігіміздің ертеңіне көңіл көкжиегінен көз жіберсек, ата ЖҮГІН өрге сүйрер көкірек көзі сәулелі өрімталдарымыз қандай болуы керек?» — деген қуатты сұрақ қойып, оған жауапты өзі іздеу арқылы оқырмандар арасында ой-толғақ туғызады. Әрбір жолы қабырғаны сөгер, тербелісі КҮШТІ сөздерді оқып отырып, Қабылбектің бойында өзі табынған Амангелдінің рухы барына сене түсесіз!
СӘЙГҮЛІК ақбоз — жыр тұлпарына үзеңгі артқан ақын:
Тұр, әне, ойға шомып Ордабасы,
Отағасы имеген жауға басын.
Мәмілеге кеп халқым осы жерде,
Қас-дұшпаннан тазартқан кең даласын, — деп шалқыса, онымен қоса қуанып, бірге жасарып кетесіз. Өйткені, неге екені және қалайша екені белгісіз, бір кездері өзінің жас шамасын:
Қандай екен қырықтың қылықтары,
Көкірегіңнің тұмасы тұнық, па әлі?!
Берік пе екен еңселі қара ордасы,
Көрікті ме шаншылған уақтары, — деген жолдармен мойындап қойса да, Қабылбек әлі КҮНГӨ жасыл жастықтың ГҮЛ көркіне оранып жүргендей әсер қалдырады. Ол атамекен Қазығұрт-Қайнарбұлақта «Көктем көркі-не» елтіп, «Қысқы суретке» тамсанып жүреді. Жырдың бал кәусарынан қанып ішкен сезімтал, секемсіз сенер жүрегімен:
Жететін неғайбілде жаны қалмай,
Достарсыз кең дүние тарылардай.
Сендермен сұлу сырды бөліспесем,
Шаттықтан ғазиз жүрек жарылардай, — деп айқара құшағын ашады. Әңгіме кілтіне қайта оралсақ, жыр жиһазы жайнаған әлемге жасыл құрақты жастар асуындағы таңдаулы жолмен беттеген.
Қ.Төретайұлының жәдігер сөзді қолтаңбасы жас буындардың жүрегіне жылылық дарытып, ересек ағаларға жампоз күндерін сағындыра түседі. Кейде шыңылтыр шындықты мадақ тұтқан ақын өзгелерге сөз арнай отырып, өзін де аяусыз қамшылайды.
Жақсылыққа жол бастамағанымыз,
Мәңгүртікке майдан ашпағанымыз.
Қиянаттан қашпағанымыз,
Санасыздықтан саспағанымыз,
Таланттар туындысын тірісінде баспағанымыз үшін
— дейді ашына. Өмірінде жақсы бастамаларға жалаугер, тағдырлы, мәнді мақалаларымен де, кестелі өлең өрімдерімен де алдыңа келген ойлы ұлға ортаңды аш, жамағат!

Атанбек НАУРЫЗ,
Қазақстан Жорналшылар одағының мүшесі.

*** *** ***
"Өлең өрнегімен өрілігі"

Ақын...
Бұл құрметті де абыройлы есім. Қазақта екінің бірі өзінше ақын. Оның ішінен таудай талабы бар талант иелері жыл өткен сайын өзі суырылып шығып, сәйгұліктердің қатарына қосылып жатады. Талант деген шіркін бір дүлей тасқын ғой. Тау басынан аққан асау өзеннің жағаға соққылаған толқынының шуылы тыныш жатқан жапан даланы тітіркендіріп, әлемді өзіне қаратқандай әсер қалдырады. Бұл — табиғат тіршілігі. Ал ақын да өзінің жүрекжарды өлеңімен халқына жыр шашады. Елмен бірге қуанады, мұңдасады, ой бөліседі. Сондай ақынның бірі — Қайнарбұлақ ауылынан шыққан Қабылбек Төретайұлы.
Ақынның 1993-жылы Шымкент қаласындағы «Шымған» баспасынан жарық көрген «Қазығұрт-Қайнарбұлақ» атты жыр кітабын оқып шыққаннан кейін оқырман ретінде өзімнің жеке пікірімді білдіргім келді.
Өнер-жырдың ауылынан табылатын,
Жан-тәнімен сұлу сыр сағынатын.
Жазатұғын, жазбаса «қағынатын»
Ініңіз ■— Қайнарбұлақтан — Қабыл ақын, — деп ақын өзінің «Ақын ағаға хат» деген өлеңінде ішкі жан сырын ашады. Қабылбек бұл өлеңін ақын Мұқағали Мақатаевқа арнаған еді.
Ақын аға, көп әлі таңданарым,
Дала кездім, көл көрдім, тауға бардым.
Тарыдай талап бар ма екен тұла бойда,
Қайтейін осы «дертті» таңдап алдым, — деп Мұқағали ақынға інілік назын айтады.
Ақынның бәрі жомарт жүректі Мұқағали ма? Керек болса, баспасөзде жарық көрген өлеңдерді де оқымай, өздерін «данышпан ақын» санап, үлкен үйдегі кісілердің есігін тоздырып, өзінің «ақын» екенін айтқысы келіп, өз жандарын өздері күйттеп жүргендер аз ба?
Ар — Ақындар
Кірпіктерден інжудей таматындар.
Абдоллаша ажалға баратындар.
Мұқағали — мұң-шерге салатындар,
Аяулы елден ақ алғыс алатындар, — деп жырлайды Қабылбек,
Қабылбек өмірде кісілік жағынан да оқшау тұрады. Қабылбектің өткен жылы «Ана тілі» газетінде «Қол жинаймыз ба, қайтеміз...» — деген үлкен мақаласы жарық көрді. Онда ол тіл тағдыры туралы жаңсақ пікір айтқан арыстандай айбатты, ақиық ақын Олжас Сүлейменов ағасын қатты сынға алды. Олжасқа қарсы келу аспандағы Айға шабуыл жасаумен бірдей ғой. Мен мақаланы оқып шыққан соң, Қабылбекті іздеп барып, оған рахмет айттым.
— Олжас ағамды бір сынға алдым. Ақын болған соң. Қазақ тілі — Абай тілі ғой. Олжас ағам бір «сүрініп» қалған екен, сынмен сүйеу болдым, — деп, Қабылбек сүйкімді күлкісімен бір жымиды. — «Жас қазақ» газетінен бір топ өлеңдеріңді оқыдым, — дедім мен. — Иә, шығыпты. Өлеңді әр ақын өзінше жазады. Мен, айтпақшы, жазушы Мұхтар Мағауинді көп оқып жүрмін. Еркінбек Тұрысовтың «Темірлан» атты романына қатты қызықтым. Өлеңде Мұқағали алдына жан салмайды. Ақын ағамыз Нармахан Бегалыұлы да біртуар ақын ғой, — деп Қабылбек өзі туралы айтпай, жазушы-ақын ағаларын мақтап ала жөнелді...

* * *

Ақын махаббат тақырыбына да қалам сілтепті:
Не бір қилы кезең мен замандарда,
Ең керегі «сіз-біз» ғой адамдарға.
«Ләззат» деген атыңның өзі қандай,
Сен сүйетін жігітте арман бар ма?...
Жүректі дір еткізетін сезіммен жазылған өлеңді оқи бергің келеді.
Қабылбек ақынның ұстанған беті, негізгі пікірі — өзінің қазақ деген халқы. Ол өлеңде суреттеу жағына көп көңіл бөледі екен. Қайғы мен мұңнан өзін аулақ, алшақ ұстайды. ЕКІ-ҮШ рет оқығанда көзге елеусіздеу болып көрінеді. Ал тереңнен үңіліп оқысаң, ойға берілесің.
Тас түйіліп жеңіспен майданды алған,
Жауға шапсаң «а, әруақ Абылайлаған».
Әз Тәуке, Наурызбай мен хан Кененің
Жау жүрек батырлығы қайда қалған? — деп жас ұрпақты батырлыққа, өжеттікке тәрбиелейді.
Қайта аударып тарихтың танабын,
Жанымызды жаңартуда жаңа ұғым.
Қатаң қара, қапы соқпа, қарағым,
Өшірмеші өткен өмір сабағын...
Тарих өшсе, өмір өшсе — ел қалмайды. Халық жойылады. Сар даланы мекен еткен қазақ елінің өткені мен бүгінгісін ақын «Төл тарихыммен тілдесу» деген өлеңінде шаттана жырға қосады. Ақ көңілімен аңқылдап, өз пікірін айтады. Ақындық жол — азапты сапар. Ақын — ой адамы. Қабылбек ақын өлеңдерінен Абай мен Шәкәрім қажы өлеңдеріне еліктеу де сезіліп қалады... Асқан ойшыл әрі сыншы В.Г.Белинский де тума таланттардың бойында әркім түсіне бермейтін «құпия сыр», бұла күш-рух бар екенін айтқан еді. Сол талант Қабылбекте бар...
Қабылбек ақын ұлтшыл емес, ұлтжанды ақын. Ол өзінің қазақ деген халқын шексіз сұйеді. Оған дәлел ретінде 1992-жылғы «Жұлдыз» жорналының 7-нөмірінде жарық көрген «Обал мен зауал» атты топтама өлеңдері жарық көрді. Ақын қанды желтоқсан оқиғасындағы ерлік көрсеткен інілері мен қарындастарына арнаған еді.
— Айрандай төгіп арымды,
Қасқыр ит жыртты таңымды.
Алақанда ұстар аяулым,
Табанға жүндей салынды.
Тағдырдың қарып мұз-қары,
Жарамды сорды тұз-дәрі.
Ақ қар, көк мұз төсенді,
Намысшыл қазақ қыздары, — деп ақын жүрегі қан жылап отырып жырлады.
1986-жылғы желтоқсандағы қанды оқиға ақынға, оның жүрегіне мәңгі ұмытылмас жара салды. Ақын Қ.Төретайұлының өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Жас ұлан», «Парасат», «Жалын» газет-жорналдарында жиі-жиі жарық көрді. Қабылбек есімі республикамызға белгілі болды. Халық оны ақын ретінде біле бастады. Республикалық «Қазақ батырлары» газетінде 1991-жылы ақынның «Заман-ай» атты желтоқсан боздағы Қайрат Рысқұлбековке арнаған өлеңі басылды. Композитор Сүгірәлі Сапарәліұлы ақын Қабылбек Төретайұлының сөзіне жазылған «Теле би» атты жаңа әнін 1993-жылы республикалық «Жас алаш» газетінде жарияланды. Бұл ән Төлебидің туылғанына 330 жыл толуына орай шыққан еді. Ақын Қабылбек осындай ел жүрегінен орын алатын жыр ДҮЛДҮЛІ. Қабылбек туралы 1994-жылы республикалық «Жас алаш» газетінде «Қазығұрттың Қабылбегі» деген ақын Атанбек Наурыздың мақаласы жарық көрді.
Ақын жүрегі нәзік қой. Қабылбек — қаламы жүйрік, ойлы ақын. Ол айналып келгенде өзі туып өскен Қайнарбұлағын, өскен ортасын, Оңтүстігін жырға қосады. «Отырар оттары» деген дастанын жазды. Туған жер қашан да ақын үшін ыстық. Қаршадайынан ауылда өскен қара бала ағасы Құрманбек Жандарбековтың өсиетін, Қазақстанның халық әртісі Ақсақал Қалмырзаевтың ағалық ақылын тыңдап өсті...

* * *

— Мен көбіне өлең жазғанда Абай мен Шәкәрімді, Ілиясты, Мұқағалиды, Төлегенді көп оқимын. Олардан үлгі аламын. Шәкәрім қажының мына бір өлеңін тыңдашы, — деді ол бірде маған.
Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,
Қазақ жүр құмарланып құр шатаққа.
Анау-қу, мынау-пысық, мен-батыр деп,
Айналды бірін-бірі құрытпаққа... —деп Қабылбек маған Шәкәрім ақынның өлеңінен үзінді оқыды. Екеуміз үнсіз қалдық.
— Ақын деген ардақты ат қой. Қазақстанда 600-ден аса Жазушылар одағының мүшесі бар екен. Ал Абай жалғыз. Ол әлі жалғыз. Неге екеу болмайды? — деп сұрақ қойдым.
— Абай, рас, жалғыз. Ол ешуақытта «мен ақынмын» — деп айтпаған. Ешкімге міндет жасамаған. Абайдың алғашқы өлеңі 1886-жылы «Дала уәлаяты» газетінде басылып, тұңғыш кітабы 1909-жылы Санкт-Петербургте жарық керді. Абай — пайғамбар ақын. Оның өлеңдерін халық өзі іздеп жүріп оқиды, Абай ел алдына шығып өлең оқымаған, сый-құрмет алмаған, — деді Қабылбек.
Ақын Қабылбектің «Абай ескерткіші алдындағы ой» деген өлеңінен үзінді келтіруді жөн көрдім.
Есім кете еліктейтін,
Жиһаз — жырдағы өрнегім.
Оқыған жан зерікпейтін,
Зеріктірмес зерделім.
Алымы — асқар, дарыны — дала,
Ақындықтың туысың.
Алатау сынды таудағы дара,
Ақ басты әзиз шынысың, — деп, Қабылбек Абай бабаның әруағына бас иеді. Ақын өзінің жүрекжарды сырын ашық ақтарады. Қабылбек үлкен жүректі ақын. Оның ақындығының сыры мен қырын тану оқушының еншісіне тиеді. Ақынның тұнық ой-пікірлері, мөлдіреген әсем тілмен жыр жазуы — оның өзіндік қолтаңбасы. Қабылбек заманды суреттеуге шебер ақын. Кемшілігі де жоқ емес. «Қобыз», «Жас келінге кеңес», «Өлеңге» атты өлеңдерін үстірттеу жазған.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек ҮШІН» деп ұлы Абай айтқандай, өлең өлкесіне аттай жиырма жыл бойы атсалысып келе жатқан ақын Қабылбек Төретайұлының «Қазығұрт-Қайнарбұлақ» атты жыр жинағын оқыған соң өлеңнің бір кірпішін қалаған ақын досыма жеке пікірімді білдіргім келді. Әр ақын өзін ірі тұлға санайды. Өздері туралы жазғанды жақсы көреді. Ол дұрыс қой. Ал, мыңдаған оқырман қауым, халық не айтады? Соны ойлайық...

Серік ЖӘНӘБІЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.


"Қабылбектің көзқарасы"

Жақында ғана Қабылбек Төретайұлының «Бас-басына би болғаннан сақтасын» деген кітабы шықты. «Қазығұрт-Қайнарбұлақ» және «Жан шуағы» атты кітаптарынан кейінгі үшінші жеке жинағы осы. «Жібек жолы» баспа фирмасынан жарық көрген бұл кітапта Қабылбектің бұрынғы-соңғы жазған журналистік-публицистік дүниелері шоғырланған екен.
Біз әу бастан Қабылбек Төретайұлын журналист ретінде танып, біле бастағанбыз. Ауыр бейнеттің шын дәмін сезінетін, өзі һәм жұмысшы болып ащы да тұщы тер төккен, Түркіменстанның ең ыстық нүктесінде әскер қатарында жүріп, қышыр-қышыр құм шайнаған қараторы жігітіміз еңбек адамдары, комсомол-жастар бейнеті, ұстаздар ізденісі жайында небір сәтті суреттемелер, ойлы очерктер жазған, талай проблемалар көтеріп, облыс аумағында да, республика көлемінде де тәп-тәуір танылып, көзге түскен, көңілдер төрінен орын алған.
Бертініректе Қабылбек кейбіреулер секілді бұрынғы әуендерінен шыға алмай тұсалып қалып қойған жоқ. Қайта құру бастала бере жарқ етіп жаңа қырынан көрінді. Әсіресе, еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізер кезде — асырып айтқандыққа жата қоймас — Қабылбектің ҮНІ жарқын естіліп, өзінің жүрекжарды сөзін жұртқа жеткізе білді.
Қабылбек Төретайұлының мақалалары, публицистік туындылары ешкімді де енжар қалдырмайды. Әсіресе, тіл туралы, тәуелсіздік талаптары хақындағы дүниелері өзінің елгезек табиғатына, айта салатын ғана емес, айта да алатын айрықшалығына жарасады, Туған тілін қорғап, шырылдай арашаға ТҮСІП, елдігіміз бен егемендігімізге кесір-кесепат жасағысы келетіндерге тойтарыс беріп, ашық та айқын ой-пікір айтатын сәттеріне сүйсіне қараған кездеріміз аз емес. Оған осы «Бас-басына би болғаннан сақтасын» атты кітабы дәлел бола алады.
Осы кітаптағы «Бас-басына би болғаннан сақтасын», «Жамағат жүрегін жараламайық», «Еще раз к вопросу о языкознании», «Не провакация ли?», «И если завтра мой язык исчезнет» деген туындылары Қабылбектің көзқарас-позициясын, өткірлігін, жан айқайын, жүрегін жалынды отқа жани білетін перзенттік парызын танытса керек.
«Бас-басына би болғаннан сақтасын» деген мақала-сында Қабылбек былай дейді: «Үлкен істі үндемей бітірген — ақылдылық та, аз ғана тірлікті айқайға айналдыру — адырлық екендігі есте болса, шіркін!» Әйтпесе, «кейбір жігіт ағасы, не ата сақалы аузына түскен ағалар тілде СҮЙЕК, ерінде жиек жоққа салып, тисе қарғаға, тимесе арбаға деп ауызға ерік беруге әуестеніп жүр». . Ал, «Жамағат жүрегін жараламайық» деген мақаласында: «Тіл мәселесінде солқылдақтық пен мәймөңкелікке, көңілжықпастыққа, жалпақшешейлікке орын болмасқа ке¬рек. Дәл осы мәселеде бұрынғы еткен еңбек, төккен тер, атак,, лауазым есепке жүрмеуге, құндылыққа тұрмауға тиіс. Кешегі аты дардай, өзі зордай ақиық ақын бүгін қияметтің қыл көпіріндей алмағайып заманда ана тілге арашашы азамат емес, «алды-артыңды абайла, арандап қалма» дегенсіп, «бағар малыңды, егер егініңді, қарныңның тоқтығын ойла» десе, оны асқан ақылдылыққа балауға бола қояр ма екен».
Міне, тіл тағдыры таразыға түсіп, қалт-құлт етіп тұрған шақтарда, кімнің кім екені, ненің не екені анық білінген шақта Қабылбек осылайша пікір білдірген. Қуанатынымыз сол — Қабылбекте тап осындай сындарлы шақта шамырқанып шыға келетін керемет бір қасиет бар. Әбден болары болып, бояуы сіңіп кеткен соң, «біз бұйтіп ек қой,сүйтіп ек қой, айтып ек қой», «біздің де үлесіміз бар ғой» дейтін шолақ белсенділер, әсіре әулекілер аз емес арамызда. Ал, Теретайұлы Қабылбек нағыз керек кезінде шығады белсеніп. «Өзгелер жазады ғой, менің не шаруам бар?» дегендей немқұрайдылықтан, марғаулықтан бойын биігірек ұстайтыны ұнайды. Мына қараторы кітабындағы орысша ҮШ мақала да тап сондай кезде шыққан.
Енді қараторы жігітіміздің қараторы кітабынан жаңа қызыл кітабына қарата көшіп байқалық.
Қызыл кітап «Жан шуағы» деп аталады. Мұндағы көптеген жырларды біз кезінде «Оңтүстік Қазақстан», «Жас алаш», «Өркен», «Жас қазақ», «Шымкент келбеті» сияқты газеттерден, «Жалын», «Жұлдыз» сияқты жорналдардан оқыған едік. Біз олардың әдемі жинаққа, алаулаған қып-қызыл шырайлы кітапқа айналғанына қатты қуандық.
Қабылбектің ар-ождан хақындағы, азаматтық пен адамгершілік турасындағы жырлары жоғарыда айтылған публицистикалық шығармаларының заңды жалғасындай әсер ете отырып, өлеңдік өлшемдер тұрғысынан қарағанда да көбінесе тәнті етеді.
Сен кешкен Қасқасуды мен де кештім,
Қиянға құлашымды сермеп өстім.
Шыға алған биігіне қызығам тек,
Қызғанатын көркеуде пенде емеспін.

Ассам деп асуынан сөз-белестің,
Жетегінде кетпедім өзге елестің.
Әр дауысқа еліктеу ерлік емес,
Өзім болып қаламын, өзге емеспін, — дейді Қабылбек «Ақын ағаға» өлеңінде. Барлық жырларында да хал-қадірінше осы кредосынан танбауға тырысатындығы байқалып-ақ тұрады.
Әлеуметтік жағдаяттарды, қоғамдық мәні бар құбылыстарды жырға қосқан сәттерінде кең ауқымда ой қозғап, мехнат шегуге ұмтылатыны тағы аңғарылып жататыны бар.
Келімсек билеп қайдағы,
Қисайған елдің байрағы,
Желтоқсанда іріген
Татулықтың қаймағы,— деген жолдардан шырқырап шындық, сұрланып сұмдық көрініп тұрған жоқ па?!
Кінәліміз...
Арды таптағанымыз,
Жауызды мақтағанымыз,
Жазықтыны жақтағанымыз,
Айлалыны ақтағанымыз,
Сатқын ойды сақтағанымыз
Үшін... — дейді ақын «Кінәліміз» деген өлеңінде. Өзінің мінез-құлқы, болмыс-бітімі, табиғаты секілді өлең шумақтарынан да нақтылық пен айқындық, дәлдік пен дәйектілік білініп тұрады.
Қайран Қайнар, сені аңсап, шөліркедім;
Сағынышты сезімді неге іркемін?!
Бара жатыр көңіліме жұмсак, тиіп,
Жалбыз түгіл жантақ пен шөгіртегің, — дейді «Қайнарбұлақ — қайырылмас балалық шақ» атты өлеңінде. Бұл да жәй ғана туған ауылға өлең арнай салайыншы дегеннен емес, Қабылбектің жүрегінен жарып шыққан жыр жолдары екендігіне сенесіз. Қожа Ахмет Иасауиге, Мұхтар Шахановқа, Танабай Нармановқа арнаған жырлары тек мадақтауға емес, өзіндік ой-орамдар айтуға құрылғандығымен құнды,
Қабылбек Төретайұлының және бір ақындық қыры — ән мәтіндерін жазатындығы. Кейбір елдерде тек бірыңғай ән мәтінін жазумен ғана айналысатын, сонысымен-ақ даңқы кеңге жайылған ақындар аз емес, Оның «Достар әні», «Жар назы», «Қызғалдақ дәурен», «Жауқазын-ғұмыр», «Өмір — арман», «Періштедей пәк сезім», «Төле би», «Қазығұрт», «Нұрлы наурыз», тағы басқа да өлеңдеріне жазылған әндер қазір жұртшылық арасында жиі айтылып жүр. Ақынның өлеңдеріне ән шығарғандар, әлі де шығара беретіндер қатарында Сүгірәлі Сапарәлиев, Құралай Сәтмұханбетова, Марат Омаров, Құрасбек Молдақанов, тағы-сын тағы сазгерлер бар.
Әлемдік ақыл-ой дамуы ағасының алып тұлғаларының бірі һәм бірегейі Абай: «Қабыл көрсе сезімді, кім таныса сол алсын», — дейді. Адамзаттың Абайы солай дегеннен кейін Қазығұрттың Қабылбегі не дер екен дейсіз кейде.
Шуаққа масайған беп-белес,
Кеудесін кереді.
Қырдағы қыз-сағым бейне елес,
Жеткізбей келеді, — депті ақын Қабылбек «Көктем көркі» деген өлеңінде. Осы бір шумақтан-ақ Қабылбектің қолтаңба айшығын, қарапайым да ойлы образбен ойлай алатынын, сезім мен суретті өрнектей білетінін, сезімтал стилін аңғаруға болады.
Қоштасу кеші... Өтіпті содан жиырма жыл,
Анттасқан едік кездесеміз деп жылма-жыл.
Сен едің әсем биязы ғана құлын қыз,
Мен едім аусар ұрма ұл...
Сол кезден бері гүлдеді өрік жиырма рет,
Өзгерген бүгін қалада сурет, қырда леп.
Қиялданам да сол бауға жеткім келеді,
Бантикті бал қыз сағына тосып тұр ма деп.
Ақындардың, әсіресе, алпысыншы-жетпісінші жылдарда мектеп бітірген ақын-жазушылардың бәрінің де ақ бантикті сағыныштары бар шығар-ау... Қарауылбек Қазиев сынды ғажайып суреткердің «Ақ бантик» атты дүниесі бұкіл бір ұрпақты сезімтал етіп тәрбиелеген еді, Тұманбайдың да, Мұхтардың да, Кеңшіліктің де, Жұматайдың да, Исраил Сапарбайдың да ақ бантикті қыз-қырқындары жоқ емес. Деп жүрсек, Қабылбекте ақ бантик мәселесі айрықша екен. Бірақ басқалардың бәрі сырттай тамсанып, сырттай сағынып, ғашық болып, аһылап-уһілеп, жыр жазып, әңгіме мен новелла нақыштап жүрсе, біздің Қабекең басқашалау айтыпты. «Бантикті бал қыз» деген — басқашалау емей немене?! «Бантикті» дегені ТҮСІНІКТІ, ал «бал қыз» дегені... Және ылғи да сол бір бауға жеткісі келеді де тұрады. Міне, осындай махаббат тақырыбына арналған, «Кездесу» сияқты өлеңдері аз емес. Біз ақынымыздың жырына да, сырына да сенеміз. Себебі, өмірде де, өнерде де онша өтірік айта бермейтіндердің бірі — Қабылбек Теретайұлы. Биыл керемет ақынымыз Кеңшілік күндері өтті. Сол ақынымыз:
Жүргем жолды: өрде де, ылдида да,
Күндер болды малтыққан, құлдилаған.
Жалғыз ауыз жыр болып қала ма екен,
БҮКІЛ дүнием мен талай жыл жинаған, — депті. Қандай сөзді қалай айтқан десеңші! Сол жалғыз ауыз жыр болып қалуға жазсын бәрімізді де.
«Өтірік толқу, ділмәрсу, шамадан тыс ақыл айту басталған жерде өлең өледі, өлеңсымақ басталады», — дейді ақын әрі сыншы Нұрлан Оразалы. Өлеңсымақтан аулақ болуға жазсын Жаратқан ие.
Осынау мақаламыздың кейіпкері Қабылбек Төретайұлы «Әке рухымен сырласу» деген өлеңінде:
Шыбыққа мініп жарыссақ,
Аты озсын деуші ең Қабылдың.
Балалық дәурөн — алыс шақ,
Өзің бар кезді сағындым, — дейді. Шүкіршілік, Қабылбектің сол шыбығы қазір шынымен-ақ ақжал арғымаққа айналған. Төретай ақсақал айтқандайын, «атыңыз талайлардан озып келе жатыпты». Иә, атыңыз әмәнда оза шапсын, қатарыңыздың алды бола беріңіз!

Мархабат БАЙҒҰТ,
халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері.

"Қара бала"

Ақын Қабылбек Төретайұлының есімін иісі қазак, демесек те, оңтүстік өңірі өте жақсы біледі. Әдебиетші қауым оның жырларынан жетпісінші жылдардан бері құлағдар. Әр жылдар кезеңінде ол туралы «Жас Алаш», «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті», «Қазақ елі» сияқты басылым беттерінде қаламгерлер Мархабат БАЙҒҰТ, Серік ЖАНӘБІЛ, Атанбек НАУРЫЗ. Өз басым бұл азаматты арынды ақын, парасатты публицист, салауатты да сауатты қайраткер ретінде жоғары бағалаймын. Осындайда еске түседі, ол кезде мен Шымкент қалалық троллейбустар басқармасының эксплуатация бөлімінің бастығы деген қызметте жүрген кезім еді. Сол тұста оның мені облыстық комсомол комитетінің хатшысы Әкім Нысанбайұлына таныстырып, облыстық комсомол комитетіне қызметке баруыма мұрындық болғанын әлі ұмытқан жоқпын. Еңбек жолы қарапайым жұмысшыдан басталған Қабанның өзі де кеңселік қызметтің сан тезінен өтті. Қазір де Шымкент облыстық әкімшілігінің Мұрағаттар мен құжаттарды сақтау бөлімін басқарып отыр және тағы басқалар өздерінің жүрекжарды пікірлерін біл-дірген болатын. «Ортаңды аш, жамағат, ойлы ұлыңа», «Қазығұрттың Қабылбегі», «Сындарлы шақта шамырқанған қасиет», «Қабылбектің көзқарасы» атты суреттеме, мақа¬ла, көсемсөз, толғаулар жарияланған.
2003-жылдың наурыз айының 20-сында Сайрам аудандық мәслихатының шешімімен ақын Қабылбек Төретайұлы осы ауданның Құрметті азаматы атанды. Осы еңбек жолын осы ауданда қарапайым жұмысшыдан бастаса, шығармашылық жолын өлеңнен бастады. Өйткені, оның туған жері — сансыз баб мекендеген қасиетті Сайрам то-пырағы. Бал бұлақтары шапқылаған, тұмалары мөлдіреген Қайнарбұлақ ауылын алты Алашқа аян атақты Арыс өзені қақ ағып жатыр. Аяулы туған жер табиғатының сұлулығын көкірегіне көшірген бала Қабылбек қаршадайынан поэзияға ынтық болды. Қалың елді ерке өлеңімен елең еткізіп, құйрықты жұлдыздай поэзия аспанынан ерте аққан ақын Танабай Нарманов Қабанның жалаңаяқ сәби шағынан бірге өскен жан досы болатын. Сондықтан да шығар, дос алдындағы парызым деп Қабан Танабай Нармановтың мұрасын жинап, өз қолымен баспаға тапсырды. «Қос қанат» деген атпен 2001-жылы әйгілі «Отырар кітапханасы» серия-сы бойынша 2004-жылы «Жауқазын-ғұмыр» деген атпен жарыққа шықты. Бұл Қабылбек ақынның азаматтығының анық аңғартатын абзал ісі деп білеміз. Сол Танабай досы екеуі де Музаның соңына бірге ерді. Арыс пен Қайнарбұлақтың жағасында бірге жарыса жүгірді, екеуі бірге жарыса жыр жазды. Сүйікті Қайнарбұлағы туралы кейінірек ақын Қабылбек Төретайұлы:
—Қайран Қайнар, сені аңсап шөліркедім,
Сағынышты сезімді неге іркемін?!
Бара жатыр көңіліме жұмсақ тиіп,
Жалбыз түгіл, жантақ пен шөгіртегің, — деп тебірене жазған еді. Топтама өлеңдері мерзімді баспасөз беттерінде жиі жарияланып, қанаттанған ақын алғашқыда «Жетісай әуендері», «Қарлығаш» секілді жас дарындардың ұжымдық жинақтарында жарқ етіп көрінді. Кейін «Қазығұрт — Қайнарбұлақ», «Жан шуағы» тәрізді ойлы жеке жыр кітаптарын шығарды.
Тыныштык, ойламай-ақ бір басыма,
Өткізіппін түндер мен күнді асыға.
Шашып алып күмістен нұр шашыма,
Сүйсініппін сұлулық сырғасына.
«Қазақтың баласы» атты өлеңдегі осы шумақта шашқа қырау қонса-дағы сұлулыққа іңкәр, ынтызар ақын көңілі байыппен, байсалды ой, қазақы нақышпен өріледі. Бұл жыр кітабындағы өлеңдер — аттың жалы, атанның қомында жазыла салған дүниелер емес. Онда ақынның туған жерінің тұтас көріністері бар, парасатты перзентінің сол өңірге деген оттай ыстық көңілі, жүрегінің ЛҮПІЛІ, мәңгілік махаббаты бар. Ақын салиқалы, салмақты сөйлейді, самарқаулық, селқостықтан ада. «Ақын ағаға хат» атты өлеңінде өзімен-өзі алысқан, мұңлы музаны мұрат еткен жанның талайлы тағдыры жатыр.
— Ақын аға, көп әлі таңданарым,
Дала кездім, көл кездім, тауға бардым.
Тарыдай талант бар ма тұла бойда —
Қайтейін, осы дертті таңдап алдым.
Ақын өзін-өзі аспандатпайды. Қарапайым. Жан адамға жамандық жасамау — оның ақындық, азаматтық кредосы. Жалғандыққа да жаны қас. Сөйте тұра өзіне-өзі сауал қояды. Құлшынған көңіл тыншығар ма екен?
Сондықган да «Автопортрет» атты қысқа өлеңді тұтас оқиық:
— Қара бала,
Қауызын жарған гүлдей жаңа ғана.
Өз жанына жарақат жамасаң да,
Өзгелердің жүрегін жаралама.

Қара бала,
Еліктеп жүрген кезде ағаларға.
Ізбасар інілерге ақылшы еткен,
Ноқтасыз уақытта дауа бар ма?!

Қара бала,
Алаңдап ауылға да, қалаға да
Қыран көңілің қияға құлшынады,
Тоят берер тұғырын таба ала ма?

Қара бала,
Көзің сал да көнеге, жаңаға да
Жаның шығып кетсе де, кей пендедей,
Жалғандықтың жағасын жағалама!
Ақжарылған ойлы өлең қолпаш пен насихатсыз-ақ оқырман ойында қалады. Қастерлі өлеңнің өзіне өлең арнаған ақындар қазақта аз емес. Солардың қатарында ақын Қабылбек Төретайұлы да ел-жұртына елшісін аттандырады, жанын жайып салады. Өзінің ақындық буырқанысы, шабыт шамырқанысы процесінде шайыр басынан нелер өтіп, нелер кеткенін өлеңмен әдемі өреді:
Өзіне тән сиқырлы сымбатпенен,
Жанға жайлы жасырын жұмбақпенөн.
Саулап кетсе санамнан ырғақты өлең,
Барлығыңа, бауырлар, жырлап берем.

Өзіңе аян боз жорға күлікпенен,
Сілкілесе сезімді сүйікті өлең.
Шабыт-жырдан көл-көсір КҮЙІП денем,
Жасын-жырды селдетіп құиып берем.

Ақжарылған ақынға болар ма айып?
Ақ айдынға аптығып салар қайық.
Жырым — елге жолдаған елшім сынды,
Сол арқылы сырымды салам жайып.
Осы сияқты шынайы сезімнен туған ақжарма жырлар аз емес бұл кітапта. Өлеңге құмар өндірлер өздері-ақ іздеп оқыр деген ойдамын, Жақсы ақын, жайсаң ағамның жайдары жырлары жанымды жадыратқасын қолыма қалам алдым. Сонымен бірге, ақын Қабылбек Төретайұлы ОҢТҮСТІК өңіріндегі айтыс өнерін дамытуға да атсалысып келеді. Ол — айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің облыстық қауымдастығының төрағасы ретінде де нар көтеретін ЖҮКТІ қоса алып жүр.
Қабылбек Төретайұлына жазған өлеңім 1990-жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. «Қарашық» атты жыр кітабым да жарық көрді. Баспа редакторларының арнау өлең көрсе кірпідей жиырылатын ежелгі әдеттері бойынша болу керек, осы өлеңнің басындағы Қабаңның аты-жөні орынсыз алынып тасталған еді. Он бес жылдай бұрын жазылған «Жан аға» атты Қабылбек Төретайұлына арнаған осы өлеңді қалың оқырманға таныстырудың реті енді келген тәрізді.
Шарай топта сан рет шешіліп ем,
Бақыт деген — туған жер төсі, білем.
Мені кейбір адамдар кешірмеді,
Мен талайдың қатесін кешіріп ем.

Қажет емес маған да артық бақыт,
Жыр-теңізде келемін қалқып батып.
Қара қызды ойладым қапаланып,
Қара түннің азабын тартып жатып.

Кейбір достар кеткесін ұсақталып,
Жүрмін кейде жыр атын тұсап қалып.
КҮМІС шыққа малшынған ағаштарды,
Сілкілесем қайтеді құшаққа алып?

Күйбең КҮННІҢ сытылып іргесінен,
Жаңбыр болып, гүл болып, гүлге сіңем.
...Ала келдім бір уыс топырақты,
Иасауидың, жан аға, іргесінен...
Ақынның сан-қилы тақырыптағы мақалалары мен публицистикалық туындылары да аз емес. Ол, әсіресе, туған тілдің тағдыры, туған жердің өзекті проблемалары хақында талай тебіреніп те, толқып та отырып жазды... Кейде ашынып отырып, ашығын айтқанын ел ұмытқан жоқ. Бұл ретте — үнемі өз өлкесінің танымал патриоты, қабағын шытпай қабырғасын сөгіп беретін жанашыры.

Қасымхан БЕГМАНОВ,
Қазақстан Жастар Одағы және Халықаралық
«Алаш» сыйлығының лауреаты.



Қ. ТӨРЕТАЙҰЛЫНЫҢ «ҚАЗЫҒҰРТ - ҚАЙНАРБҰЛАҚ» АТТЫ ЖЫР ЖИНАҒЫ ТУРАЛЫ

Қ.Төретайұлының лирикалық шығармалары топтастырылған «Қазығұрт-Қайнарбұлақ»-атты өлеңдер Жинағын оқып шыққанымызда суды балкәусардан қанып ішкендей бойым жадырап, ауыл-ел, табиғат, туған-туыс, дос-жаран, өмір туралы тәтті қиялдарға беріліп, көңілде жүрген көп оймен тағы бір рет жүздестік.
Қабыл ақынды біз бұрыннан білетінбіз.Ертеректе шыққан жыр топтамаларымен қатар республикалық, обылыстық баспасөздерге жиі көрініп жүрген оның сыршыл да нәзік жырлары ел тағдырына, халық мүддесіне келгенде айбарланып, жоталанып жүре береді. Құдды бір елін жаудан қорғайтын батыр мінезіндей, әшейінде баладай аңқау, аңқылдақ, сезімшіл ақын осылайша барлық күш-қуатын бойына жинап, ел атынан батыл сөйлейді. Қаламгердің мұнысы құптарлық қасиет. Аталмыш қолжазбадан мұндай жырларды көп ұшыраттық, «Төл тарихымен тілдесу», «Ана тілмен Адаммын, Азаматпын!», «Жәдігер бабамен сұхбат», «Дана тарих кемшінді кешірмеген» секілді жырлары қазақ елінің басына өткен сан қилы тауқыметі мен бүгінгі хал-жайы салыстырмалы суреттеліп, қарапайым тілмен оқушы жүрегіне мол сәуле құйып жатады. О бастан әсіреқызылға, бояама сөзге жаны қас автор қай құбылысты да шындық тұрғысынан жырлайды. 2500 жолдан астам өлеңдердің бүкіл қойны-қонышын адақтап, бүге-шігесіне дейін тәптіштей айту біздің парыз да емес. Бұл жерде оқырман ретінде өз пікірімізді ғана жеткізсек деген ниет бар. Қаншама сылдырап, мөлдіреп тұрғанымен ойсыз өлең-дәріге піскен қауын сиақты, үй ішінде құмырада өскен гүл тәрізді әсер қалдыратыны бар. Сезім мен ой астасып,бірін-бірі толықтырып тұрған өлең ғана өміршең.Ондай өлеңді тудырған қаламгер нағыз ақын.Қолжзбадағы «Жердегі жаһұт», «Т.Айбергеновке», «Қайнарбұлақ», «Жалынды жүрек», «Ақындарға арнау» сықылды көптеген жырлардан біз қаламгердің сезімді ойға құра білетіндігін, толғамды пәлсапа айтуға ұмтыласын көріп ішіміз жылыды. Кейде ойдағы таңғы шықтай мөлдіреген сезімнің өзінен ғана шілтер тоқитын Қабылбек адам жүрегін елжіретіп, кеудеңізге нұр толтырады.
Еліктемейтін саған, Қайнарбұлағым,
Сендей таза болса екен деп сезімім.

(«Қайнарбұлақ»). Сөз қадірін білетін жан осы екі қатардың өзінен-ақ Қабыл ақының жан дүниесін ұғар еді, түсінер еді. Қолжазбадағы тақырып аясы өте кең. Бұл тұста ақынның табиғат, жастық-махаббат жырлағанда соны суреттерден өрнек тоқумен қатар, табиғаттың өзімен біте қайнасып кетеді екен.Сөз жоқ, бұл үлкен қасиет «Қысқы сурет», «Ақша бұлттар», «Тұған бұлақ» тағы басқа өлеңдер осындай шабыттан туған дүниелер.
Жазып диқан Береке атты дастанды,
Дән-Далада абыр-сабыр басталды.
...Көрші көкем қойқырқымға кеткен-ау,
Көркем жеңгем жасап жатыр бастаңғы.

Ауылда өскен қыр ұлының көңілінде көп суреттер қалыпты. Осы шумақтағы соңғы екі жолмен ғана ауылдағы ағайындардың тіршілігінен сыр суыртпақтап, жайма-шуақ жеңгейлердің көктемгі қуанышын, бүкіл ауыл тіршілігін еске ала отырып жеткізеді.
Кейбір тұстарда ат басын еркін жіберуге журексінетін автор жастық махаббат тағырыбына келгенде шашсына шаң жуықтырмауға күш салады. Онысы сәтсіз де емес.Ол «Кездесу» атты өлеңінде бір кездегі бозбала жігіт пен балғын бойжеткеннің психологиясы мен жан дүниесіндегі өзгерістерді соншалықты нанымдыжырлайды.Өлеңдегі екі жастың мінез құлқының дәл берілгеніне тәнті боласыз. Сонау шақта арманға айналып, ақша бұлттай көшкен күндердің күәсі -сол бойжеткенге көп жылдан соң кездескен лирикалық кейіпкердің жүрек толқынысы да сәтті шыққан.
Жалпы қолжазбадағы жырлар осындай сәттіліктермен құнды.

Жинақты оқып шықан соң ақынның өскендігін,ылғи да биіктерге ұмтылып келе жатқандығын көріп сүйсіндік. Талмай іздену жолындағы Қабылбек Төретайұлының бұл жинағы-тамыры тереңге кеткен, дәмі тілді үйіріп, таңдайдан кетпейтін алма ағашының жемісі іспетті.
Сөз соңында, Қабыл ақынға лайым да осындай жемісті жырларыңмен оқырман сүйіктісіне айнала бер дегіміз келеді.

ӘБІЛДА АЙМАҚ, Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрағасы.