Захардин Қыстаубайұлы

Өмірдерек


Захардин Қыстаубаев 1948 жылы Ордабасы ауданындағы Қажымұқан ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1973 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және кешкі Марксизм – ленинизм университетін бітірген. Ұзақ жыл баспасөз саласында қызмет етіп, бірқатар аудандық, қалалық, республикалық басылымдар мен баспалардың бас редакторы, директоры болып жұмыс істеді .Еңбек жолын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында корректорлықтан бастап, сол басылымда жауапты хатшының орынбасары болды, одан кейін Леңгір аудандық «Ильич жолы – Путь Ильича», сондай-ақ қалалық «Кентау правдасы – Кентауская правда» газеттерінің редакторы міндетін атқарды.
1982 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, алғашқыда «Жалын» баспасында, одан кейін «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор болып қызмет етті.
1987жылы арнайы шақырумен Мәдениет министрлігіне ауысып, жетекші редактор лауазымында жұмыс істеді.
1992 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне аға референт қызметіне шақырылды. 1994 жылы республикада тұңғыш рет заң әдебиеттерін шығаратын арнайы «Жеті жарғы» баспасын ұйымдастырушылардың бірі болып, сол баспа бас директорының 1-ші орынбасары әрі бас редакторы қызметін атқарып, жаңа саланың қалыптасып - дамуына өзіндік үлес қосты. 5 жылдан соң осы ұжымнан бөлініп шыққан «Өркениет» баспасының директоры атанды. Жалпы он жылдай уақыт Әділет министрлігі саласында заң әдебиеттерін шығару ісімен айналысты.
Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті, Министрлер кабинеті, Жоғарғы Кеңес пен түрлі министрліктер орналасқан Совет ауданында Қазақ тілі қоғамын басқарды. Орыстанып бітуге айналған қалада қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу, қазақ тіліне мемлекеттік статус беру жолындағы халықтық қозғалыстың басшылық құрамына енді.
Республикалық «Жас Алаш» газетінде , «Айғақ» газетінде 3 жыл бас редактор болып қызмет етті. Қалалық «Шымкент келбеті – Панорама Шымкента» газетінде директор – бас редактор қызметін атқарды.
«Қазақстанның Құрметті журналисі» атағына ие болған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Ақ түн», «Ережепбай Молдабаев», «Бәйтеректер», «Алматының ақ жауыны», «Сүйріктің махаббаты», «Жүректегі жүзік», «Бозінген», «Жазмыш», «Қос мұңлық», «Жүректің сөзі» атты кітаптары жарық көрген. Бірнеше театрларда «Таңшолпан», «Аспиранттың ақ шымылдығы», «Егіздің сыңары» пьесалары сахналанған. Қазақстанның Құрметті журналисі. Ордабасы ауданының Құрметті азаматы.
2008 жылдан бері Шымкент қаласында тұрады. Зейнеткер.