Шығармашылығы
Қыстаубайұлы – жазушы-драматург. Сондай-ақ белгiлi кәсiби журналист. Еңбек жолын «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнен бастаған ол кезiнде Ленгiр аудандық, Кентау қалалық газеттерiнде редактор болып жалғастырды. Журналист бола жүрiп бiрнеше көркем кiтаптар шығарып, Қазақстан Жазушылар одағына мүшелiкке өттi. Қазiр ол негiзiнен «Ерулi атқа ер салып» дегендей, бiраз жыл журналистиканың тасасында қалған жазушылық әлемiне қайта оралып, шығармашылықпен айналысуда. Бiрақ журналистикадан да қол үзбейдi. Соның бiр айғағы – Қазақстанның Құрметтi журналисi, әрiптесiмiз Зәкең «УАҚЫТ» газетiнiң жұмысына атсалысып, редакциялық алқа төрағасы мiндетiн атқаруға кiрiстi. Бүгінде «Жебе» республикалық қоғамдық-саяси апталық газетінде бас редактор болып қызмет атқарады.
ҚОҢЫР КҮЗДЕ МАЗАЛАЙДЫ ҚОҢЫР МҰҢ
Мен білетін, мен танитын Захардин осы қасиеттердің иесі. Қолына алған істі зерттеп білуге құмбыл. Тілшілік өмір оған осындай қасиеттер дарытты. Табанды болуға тәрбиеледі. Табандылықпен өзіңді-өзің билеу, өр рух пен қайыспайтын қайсарлық – ерліктің кепілі екені даусыз шындық. Өзінің тілшілік-журналисттік еңбек жолын Оңтүстік қазақстанның Бөген, Сайрам, Төлеби аудандарында, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде сатылап өсе отырып, жалғастырған Захардин Алматыға ауысқанында да тілшіліктен редакторлыққа, бас редакторлыққа дейінгі ұзақ та жауаптылығы мол жолдардан өткен жылдары жоғарыда айтылған табандылықтың нәзік жібін үзіп алмауға тырысып, өзін-өзі қамшылаудан танған емес.
Қазақтың бас ақыны Абай адамның бойындағы жақсы қасиеттердің барлығын жүрекпен баламалайды. Өйткені жүрек – адам мүшесінің патшасы. Ол – шындықты сүйетін әділ патша. Оған жалған сөйлеу, көлгірсу, уәдені бұзу, жазықсыз жандардың сырттарынан өсек айтудың бәрі жат деп біледі. Сондықтан да ол:
«Жүрегім менің қырық жамау
Қиянатшыл дүниеден
Қайтіп аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әрнеден!..», – деп тебіренеді.
Данышпан ақынның байғұс жүрегінің дал-дұлын шығарған қоғамға жанын кейітіп жазған мұнан басқа да өлеңдері аз емес. Әңгіме Абай туралы емес, Абайдың өлеңдері турасында да емес. Бірақ ұлы ақынды ренжіткен қоғам да, ақынын түсінбеген адам да өзгерген жоқ десем, мұныма қарсы дау айтатындар аса көп бола қоймас. Өйткені бүгінгі қоғамда да ортақ сыбағадан, екінің бірі қол жеткізіп жатқан сый-сияпаттан қағылып, шет қалып, саяқ тіршілікке көмпістеніп алған қаламгерлердің бар екенін тағы да жоққа шығара алмаймыз.
«Парыз алға қойған міндеттен туады, яғни міндет адамға парызды жүктейді», – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, өзінің халық алдындағы, әдебиет алдындағы қаламгерлік, азаматтық парызын да, міндетін де адал атқарып жүрген, қай қызметте де адамзаттың Айтматовы айтқандай: «адам мен айналадағы ортаның өзара қатынасына әрқашанда тебіреніп, әрқашанда талаптанып отыратын» жазушының қатарына мен Захардин Қыстаубаевты жалтақтамай-ақ қосар едім.
«Зерттеп білмейінше білу де, істей алу да мүмкін емес» деген қағидаға сүйенер бір мәселе бар. Қандай шаруаның да басталуы және бітуі болады ғой. Өйткені үлкен істің тізгінін сезімге, түйсікке ұстатқың келеді. Ал сезіміңді ақылың мен еркіңе бағындыруың қажет. Мен білетін, мен танитын Захардин осы қасиеттердің иесі. Қолына алған істі зерттеп білуге құмбыл. Тілшілік өмір оған осындай қасиеттер дарытты. Табанды болуға тәрбиеледі. Табандылықпен өзіңді-өзің билеу, өр рух пен қайыспайтын қайсарлық – ерліктің кепілі екені даусыз шындық. Өзінің тілшілік-журналистік еңбек жолын Оңтүстік Қазақстанның Бөген, Сайрам, Төлеби аудандарында аудандық газет редакцияларында, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде сатылап өсе отырып, жалғастырған Захардин Алматыға ауысқанында да тілшіліктен редакторлыққа, бас редакторлыққа дейінгі ұзақ та жауаптылығы мол жолдардан өткен жылдары жоғарыда айтылған табандылықтың нәзік жібін үзіп алмауға тырысып, өзін-өзі қамшылаудан танған емес.
«Жалын», «Жазушы», «Жеті жарғы» баспаларында, Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде қызмет істей жүріп, шығармашылық адамының басындағы, жүрегіндегі тағдырлардың, бұлқыныстар мен күйзелістердің астарына тереңірек үңілуге мүмкіндік алған. Заманауи кітап шығару, баспа-полиграфиялық технологияларды игеру сияқты процестерді тағы да сол табандылығының, сезімді ақыл мен ерікке бағындыра білуінің арқасында меңгеріп, білікті баспагер-маман да болып қалыптасқан-ды.
Осындай үлкен өмір мектебінен, тәжірибе-машық алу мектебінен өткен соң ғана Захардин жеке баспа ашуға тәуекел еткен болатын. Мұны өз кітаптарын «Өркениет» атты баспадан шығарған азаматтардың, әсіресе, оңтүстікқазақстандықтардың талайы растаса керек.
«Ұлтарақтай болса да,
Ата қонысы жер қымбат
Ат төбеліндей болса да,
Туып – өскен ел қымбат», – дегендей ол осы шаруалардың қай-қайсысын да елі үшін, еліндегі азаматтар үшін жасағаны, жасап жүргені дау тудырмас ақиқат.
Захардин Қыстаубаевтың қаламынан туған шығармаларының бәрі де Баукең – Бауыржан Момышұлынша айтсақ: «Отанына деген сүйіспеншілік ата-анаңа, бауырларыңа, туып – өскен ауылыңа, қалаңа, өз ұлтыңа деген махаббаттан басталады». Өйткені кезінде «Жас Алаш» газетінде жиі-жиі жарияланып тұрған қоғамдық пікірді қызу тудырған мақалаларынан да, «Ақ түн», «Бәйтеректер», «Жүректегі жүзік», «Алматының ақ жауыны» «Сүйріктің махаббаты», «Қос мұңлық» атты кітаптарынан да, тіпті «Аспиранттың ақ шымылдығы», «Егіздің сыңары» пьесаларынан да журналист-жазушының және драматургтің шынайылығын, көркем ойдың шебері екенін жазбай танисың, мойындайсың. Әйтсе де әдебиет сыншыларының тарапынан ол туралы бірер ауыз жылы пікір ести алмай келе жатқанымыз ойландырмай қоймайды. Бұл қалай? Үнсіздіктің себебін кімнен сұрайсың? Қайдан іздейсің?
Бүгінде ақын-жазушылардың қалың ортасынан өз босағасын алыстатып, туған жеріне, еліне қарай қоныс аударып жатқандар аз емес. Захардин де шырайлы Шымкентке қарай көшін түзегендердің қатарында. Мұның да сыры тереңде жатқан сияқты. Әрине, «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деп ойлайсың. Бұл табиғи заңдылық. Кім туған жерінен, туған елінен жерінсін! Өйткені «Туған жердің түйе жейтін жапырағы да дәрі. Түйе аунайтын топырағы да дәрі». Десек те сол киелі топырақтағы ағайын, дос-жаран, әріптестер тарапынан жазушыға, жерлес азаматына көрсетіліп жатқан не ыстық ықыласты немесе лайықты құрметті көре алмай жүргеніміз ойландырмай тұрмайды. Бірақ «маған лайықты құрмет көрсетілмей жүр» деп, тонын теріс киген қаламгер жоқ. Керісінше бұрынғысынан да белсенді қызмет атқаруда. Кіршіксіз пәк жүрегімен, ыстық сезімімен елін, жерін сүйіп, оған деген адалдығын әрбір ісімен дәлелдей түскендей. «Адам танысаң – адал таны» ,– деп халық айтқандай, Захаң да өз айналасындағы адамдарды адал тануға деген құштарлығынан айныған емес.
Осы арада мынадай жағдайлар мен көріністердің куәсі болып жүргенімізді айта кетудің реті келіп отырғандай. Кейбір кемталант жазушы немесе ақын-сымақ жылпостар ел аралап, кездесулер мен мерейтойлық кештер өткізуге әуестеніп алған. Ондайлар өздерімен бірге есімі ел аузында жүрген белгілі қаламгерлерді немесе қоғам қайраткерлерін «жалдап», ертіп алатынын қайтерсің. Сондай азаматтарды өзіне жолбасшы және қолдаушы етіп әкімдерді жағалатады. Сөзін сөйлетеді. Жарнамалатады. Иығына шапан жапса, астыма ат мінгізсін, ал ат мінгізсе, оны олқысынып, неге мәшине мінгізбейді деп жер тепкілейтіндерді көріп жүргенде осындай қитұрқылардың, қиямпұрыстардың бәрін де өзіне жат санайтын, тіпті ұят санайтын Захардиннің кісілік келбетіне, биік парасатына деген сүйіспеншілігің одан сайын арта түседі. Оны бұрынғыдан да жақсы көре түсесің. Әлгіндей жағымпаз, жылпос, кемталанттардың тірлігіне жиіркенішпен қарайтындығынан да ол өзгелерден саяқтау жүреді екен-ау деп ойлауға мәжбүр боласың. «Өзгелермен тіл табыса алмайды» деп, оның сыртынан тон пішетіндер де жоқ емес. Меніңше, ондай пікірге ерік беретіндер Захардинді, оның жан дүниесін терең білмегендіктен, оның жүрегіне түсетін салмақтың өлшемін ар безбеніне салып көрмегендіктен деп ойлаймын.
Захардин Қыстаубаевтың Бөген, Сайрам, Төлеби аудандарында және Кентау қаласында газет редакцияларында ұзақ жылдар бойы тілші, бөлім бастығы, жауапты хатшы, редактор болып істегенін жоғарыда айтқанбыз. Егер де біз жаңа әлгінде ғана сөз қылған кемталанттардың «пысықтығы» Захардинде болған болса, онда ол әлдеқашан осы аудандардың және Кентау қаласының Құрметті азаматы атанған болар еді-ау деп ойлайсың. Бірақ ондайға біздің Захаң барған жоқ, тіпті ниеттенген де жоқ. Десе де бұл ойланатын, ойлантатын мәселе деп білемін мен.
«Пәлегі таза қауынның
«Пәлегі таза қауынның
Түйнегі таза болады.
Жүрегі таза адамның
Түйгені таза болады», – деген мақал бар халқымызда.
Ендеше, лүпілдеген жүрегі де, көкейіне түйгені де таза жазушы Захардин Қыстаубаевтың шығармашылығына баға берерде, оның адами биік парасатын түсініп, құрметтеуде айналасындағы азаматтардың да тазалығын қалар едім.
Есенәлі Ералы
ҚАЛАМЫ ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР
Журналист, жазушы, баспагер, драматург Захардин Қыстаубайұлының есімі Оңтүстік өңірі ғана емес, егемен елімізге етене таныс. Оның қаламынан туған әңгіме, хикаяттарды айтпағанның өзінде газет бетінде жарық көрген мақалаларын көпшілік іздеп жүріп оқиды. Баспадан шығарған кітаптарын ынтыға парақтайды. Спектакльдерін сүйсіне тамашалайды.
Захаң – қазіргі Ордабасы ауданындағы күш атасы Қажымұқан ауылының тумасы. Қарапайым диқанның отбасында дүние есігін ашқан. Бойына ойы сай келетін ол жастайынан еңбекқорлығымен танылды. Қайда жүрсе де туған елі мен жерінің сенімін ақтап, биіктен көрінуге талпынды. Мектеп қабырғасында мақала, өлең, әңгіме жаза бастаған жас талант түптің түбінде киелі қаламның қадір-қасиетін жете сезіне білді. Темірлан ауылындағы орта мектепті бітірген.
Көп ойланып жатпастан өзінің еңбек жолын облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор болудан бастайды. Бөген (қазіргі Ордабасы) аудандық «Коммунизм таңы», «Заря Коммунизма» газеттерінде тілші болып жұмыс істейді.
Бұрқыратып жаза береді, жаза береді. «Қос рельс» атты тырнақалды көркем туындысы жастардың республикалық «Жалын» альманағында жарияланады. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде тәлім-тәрбие алып, кәсіби біліктілігін одан әрі жетілдіре түседі. Студент кезінде-ақ (1972 жылы) «Ақ түн» атты алғашқы әңгімелер жинағы жарық көреді.
Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жау-апты хатшының орынбасары ретінде басылымның уақтылы әрі сапалы шығуына белсене атсалысады. Отызға жетпестен орда бұзған Захаң Ленгір (қазіргі Төлеби) аудандық «Ильич жолы», «Путь Ильича» газеттерінің редакторы болып тағайындалады. Сол жылы (1977) оның «Бәйтеректер» атты кезекті кітабы ойлы оқырманға қарай жол тартады. Бес жылдай уақыт қалалық «Кентау правдасы», «Кентауская правда» газеттерін басқарады. Осылайша «Қаратаудың тәжі» атанған моноқаланың гүлденіп-көркеюіне өзінің сүбелі үлесін қосады.
Қырқында қамал алуды көздеген ол ару Алматыға аттанып, бағын сынап көруге бекінеді. Сол кезеңде (1987) «Жүректегі жүзік» жинағы жарық көрген. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі, Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитеті мен Жоғарғы Кеңесте бірқатар жауапты қызметтің тұтқасын ұстайды. «Жалын», «Жазушы», «Жеті жарғы», «Өркениет» баспаларында басшылық қызметте болған. Қаладағы Кеңес аудандық қазақ тілі қоғамының төрағасы міндетін аса бір күрделі кезеңде атқаруға тура келген. Әбіржіп-саспаған. Сөйтіп орыс-орманы, шалақазағы көп шаһарда абырой-беделге кенеледі. Республикалық «Жас Алаш» газетінің қызметкері ретінде қаншама өткір, проблемалық мақалалар жазумен ерекшеленеді. «Игілік-банк» сияқты коммерциялық құрылымда еңбек еткені де бар. Бір ғажабы, қызметтен қызметке ауысуының арасында еңбек өтілінде ешқандай үзіліс кезіккен емес. Негізгі себеп – бір саты болса да жоғарылау еді. Қым-қуат қарбалас шаруа атқара жүріп жазу-сызудан әсте қол үзбейді. «Алматының ақ жауыны» (1991) кітабы – сол бір жылдардың жемісі.
Ердің жасы – елуге келгенде елге танымал кемелденген жазушы, драматург атанады. «Сүйріктің махаббаты» (1998) кітабын, «Таңшолпан», «Аспиранттың ақ шымылдығы», «Егіздің сыңары» пьесаларын жазады. Әдеби және кәсіби байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты атанып, қаламгер қауымға өзін мойындатады.
Жиырма бес жылдан соң күншуақты Оңтүстікке қайта оралып, шырайлы Шымкент шаһарына тұрақтайды. «Замана», «Айғақ», республикалық «Әділет» газеттерінде еңбек етеді. Қазақстанның Құрметті журналисі атанады. Басынан дау-дамай арылмай, тіпті жабылып, қайта ашылған қалалық ресми газеттерге басшылық жасау да осы Захаңа бұйырған.
«Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента», «Оңтүстік Рабат», «Ұлы Тұран», «Жебе» газеттерінің жұмысын жандандыруға сүбелі үлес қосады. Қазіргі таңда республикалық «Қазақтар ХХІ» газетінің бас редакторы ретінде жас басылымның абырой-беделінің артуына бар күш-жігерін жұмсап жүр.
Захаң сыпайы да сырбаз қаламгер. Көп оқиды, көп ізденеді. Нармахан Бегалыұлы, Мархабат Байғұт, Ерсін Қойбағарұлы, Момбек Әбдіәкімұлы, Жұмабек Мұқанов сынды әріптестерінің шығармашылығын айрықша бағалайды. Жас журналистердің шынайы жанашыры. Тұтқабай Фазылбек, Аман Жайымбетов, Дәурен Әбдіраманов, Мұрат Рашов, Құралай Ахметова, Жансая Тәуекелқызы, Нәзипа Мамықова секілді шәкірттерін өзгелерге үлгі етеді. Бұл өмірде бар жинағаны – абырой-бедел мен мақтау-марапат қана. Принципшіл. Тура сөйлейді. Кемшілікті жаны сүймейді. Әділетсіздікке төзбейді. Керек кезінде керекті сөзін айтып қалады. Ешкімге жағынып, жалтақтамайды. Жалқау журналистерге жаны қас. Сол себепті де зиялы қауым өкілдері оны тек білімді де білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, өз кәсібінің шебері ретінде таниды. Мақтаныш, мерей тұтады.
Тұңғышбай ТӨРЕГЕЛДИЕВ,
жазушы-журналист
АНЫҚ ОЙ, АЙҚЫН ҚОЛТАҢБА
Биыл танымал журналист, жазушы, драматург Захардин Қыстаубайұлы мерейлі жетпіс жасқа толады. Ол Ордабасы ауданындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы ауылда дүниеге келген. Жалпы, сол кездегі «Ленин туы» ұжымшарынан Нұрабай, Нармахан (Бегалы¬ұлы), Нұриддин (Шәмшиев), Шаһаризада (Дәнеева), Өмірзақ, Ильичбек (Мұртазаев), Асқар, Ғалым секілді көптеген журналистер шығыпты. Сол қуатты толқынның ең талантты өкілі Захардин Қыстаубайұлы 1973 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген соң баспасөз саласында еңбек етіп, бірқатар аудандық, қалалық, республикалық басылымдар мен баспалардың бас редакторы, директоры болып қызмет атқарды.
1966 жылы орта мектепті бітірген соң еңбек жолын облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректорлықтан бастаған жазушы. 1967-1974 жылдары Бөген аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі Ордабасы аудандық «Ордабасы оттары»), Сайрам аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, аудармашы, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып істеген. 1974-1977 жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде аудармашы, әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, 1977-1982 жылдары Леңгір аудандық «Ильич жолы» – «Путь Ильича» (қазіргі Төлеби аудандық «Төлеби туы»), сондай-ақ Кентау қалалық «Кентау правдасы» – «Кентауская правда» (қазіргі «Кентау») газеттерінің редакторы қызметтерін атқарды.
1982 жылы Алматыға қоныс аударып, республикалық «Жалын» және «Жазушы» баспаларында редактор, аға редактор, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор болып қызмет етті. Желтоқсан оқиғасының тікелей куәгері. 1987 жылы арнайы шақыртумен Қазақ КСР Мәдениет министрлігіне ауысып, жетекші редактор лауазымында қызмет істеді. 1992 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне аға референт қызметіне шақырылған. «Игілікбанкте» қызмет еткен. Ал, 1994 жылы республикада тұңғыш рет заң әдебиеттерін шығаратын «Жеті жарғы» баспасын ұйымдастырушылардың бірі болды. Жалпы алғанда, он жылдай уақыт Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі саласында заң әдебиеттерін шығару ісімен айналысты. Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің жаңа заңдарын дайындауға, мәтіндерін қазақшалауға және оларды түсіндіріп, насихаттауға атсалысқан. Алматыда мемлекеттік қызметте жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Орыстанып кетуге айналған қалада қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру жолындағы бүкілхалықтық қозғалыстың басшылық құрамына еніп, қыруар тірлік тындырды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін республикалық «Жас Алаш» газетіне қызметке келді. Жалпы, ол қандай басылымдарда қызмет атқарса да кәсібіне адал бола білді.
2008 жылдан Шымкентке қоныс аударып, республикалық «Айғақ» газетінде үш жыл бас редактор болды. Кейіннен қалалық «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінде директор – бас редактор қызметін атқарды.
Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмастан «Оңтүстік Рабат», «Жебе», «Қазақтар-ХХІ», «Уақыт», «Саясат ақпарат», «Әділет» секілді бірқатар басылымдарда басшылық қызметте болып, олардың қалыптасып, дамуына үлес қосты. Бүгінде республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің директоры – бас редакторы қызметін абыроймен атқаруда. Шымкентте шығатын «Қазығұрт» журналы редакция алқасының мүшесі. Иә, республикалық жетекші газет-журналдардың қай-қайсысында да Захардин Қыстаубаевтың журналистік қолтаңбасын кезіктіруге болады. Жүрекпен сүйетін кәсіп, халыққа етене жақын, тілектес мамандық иесі ретінде талай шыңдарды бағындырды. Бүгінде ол журналистика саласының кәнігі майталман маманына айналған. Еңбегі ескеріліп, Қазақстанның құрметті журналисі, Ордабасы ауданының құрметті азаматы атанған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Оның алғашқы мақалалары, сықақ өлеңдері мен әңгімелері мектепте оқып жүрген кезінде аудандық, облыстық газеттерде жарияланыпты. Тырнақалды «Қос рельс» атты әңгімесі 1969 жылы республикалық «Жалын» альманағында жарияланса, 1972 жылы «Жазушы» баспасынан «Ақ түн» деп аталатын алғашқы кітабы шыққан. Бірнеше әңгіме, хикаят жинақтарының, пьесалардың авторы. Бірқатар әдеби конкурстардың лауреаты атанған. 1975 жылы 19 желтоқсанда жастар мен балаларға арналған әдеби көркем шығармаларға жарияланған бәйгенің қорытындысы бойынша Қадыр Мырза Әли мен Күләш Ахметоваға екінші сыйлық, Захардин Қыстаубаев пен Жүсіпбек Алтайбаевқа үшінші сыйлық берілген екен. Осыдан-ақ жас та болса хас таланттың орда бұзар отызға жетпестен қазақ әдебиетінің классиктерімен иық тірестіретіндей деңгейде қалам сілтегенін аңғарамыз. Әр жылдары оның «Ережепбай Молдабаев», «Бәйтеректер» (1977), «Жүректегі жүзік» (1987), «Алматының ақ жауыны» (1991), «Сүйріктің махаббаты» (1998), «Бозінген», «Жазмыш», «Қос мұңлық» (2003) деп аталатын кітаптары жарық көрген. Драматург ретінде «Таңшолпан», «Аспиранттың ақ шымылдығы», «Егіздің сыңары» пьесалары еліміздің бірнеше театрында сахналанды. Ол кәсіпқой баспагер ретінде де танымал. Өзі кітап шығарып қана қоймастан, бірқатар авторлардың сан түрлі тақырыптардағы әдеби көркем туындыларын редакциялап, кітап болып шығуына атсалысты.
Халқымызда: «Алпысқа келгенде алдыңда жүрер алты ағаң болсын, жетпіске жеткенде жетегіңде жүрер жеті інің болсын» деген тамаша тәмсіл бар. Захардин Қыстаубайұлы асқаралы алпыс жасқа толғанда оның алдында Еркінбек Тұрысов, Байдулла Қонысбек, Нармахан Бегалыұлы, Есқара Тоқтасынұлы, Мархабат Байғұт, Бекет Тұрғараев тәрізді арқасүйер ағалары жүрді. Иншалла, бүгінде олардың бәрі дін аман. Өкініштісі, етене жақын араласқан Ерсінбек Қойбағаров пен Жұмабек Мұқанов секілді қаламдас достары бақилық болып кетті. Жетпістің жотасына шыққанда оның жанында өнегелі тәлім-тәрбиесін көрген ілтипатшыл інілері жүр. З.Қыстаубаев әріптесі, айтулы ақын Дүйсенхан Нахымов туралы «Темірланның тұсында тұма бұлақ», ал, Жұмабек Мұқанов жайында «Сайланбаған депутат» атты көлемді мақала жазған.
Міне, біз білетін, айрықша құрметтеп-сыйлайтын қарымды қаламгер, қажырлы қайраткер Захардин Қыстаубаев осындай сегіз қырлы, бір сырлы жан. Әріптесімізді жетпіс жылдық мерейтойымен құттықтап, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық шалқар шабыт, толағай табыс тілейміз!
Әбдісаттар ӘЛІП
ЗАХАРДИН ҚЫСТАУБАЕВ: ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ РЕФОРМА КЕРЕК
– Захардин аға, 70 жасқа толдыңыз, жеті қыр асып отырсыз. Дәл қазір өткеніңізге тоқмейілсіп көз тастай аласыз ба? «Журналистік һәм жазушылық салада миссиямды орындай алдым» деп есептейсіз бе?
– Мен журналистикада өз миссиямды мүмкіндік шегімде орындай алдым деп ойлаймын. Өткенге көз жүгіртсем, мен ең жас редактор болыппын. Леңгір аудандық газетінде басталған редакторлық мансабым ондаған газетте жалғасты. Көптеген мақалалар жаздық. Сын да, фельетон да жаздым. Оған оқырмандар оң бағасын берді.
Ал, бірақ мақсатыма жете алмадым. Мен біздің журналистикадағы қатып қалған жүйені өзгерткім келді. Бірақ, ол оңай емес. Кішкентай кезімде бір кітаптан оқыдым, АҚШ журналистикасы бізден 50 жылдай алға кетіп қалыпты. Мысалы, онда белгілі журналист редакцияға түсқайта келеді. Біздегідей таң азанымен емес. Әлгі журналист қос көмекші ұстайды екен. Әлі жазуы қалыптаса қоймаған немесе мүлдем жаза алмайтын қыз-жігіттер болуы мүмкін. Олар түске дейін қаланы шарлап ақпарат жинайды. Бірі аэропорттан атақты адамды ұстап сөйлетеді. Енді бірі түрлі іс-шараларға, жиындарға қатысып, маңызды деген жерлерін түртіп, күлді-көмеш күйінде редакцияға тастап кетеді. Ал, журналист оларды елеп-екшеп, қалауына қарай түрлі қалыпқа келтіріп, беттеуге жібереді. Айтқым келгені, оларда ұжымдық жұмыс істеу үрдісі жолға қойылған. Әр маман өз функциясын сапалы орындауға күш салады. Жақында АҚШ-тан келген бір жігітпен сөйлескенде ол айтты, егер біреуді жұмыстан шығарса, ол оған мүлдем ренжімейді екен. «Функциямды жеткілікті деңгейде атқара алмаппын» деп кінәні өзінен іздейді. Біздегідей «соңыма түсіп алды, қудалады, күн көрсетпеді» деп шағымданып жүрмейді. Бізде қалай? Кезінде облыстық газетте жұмыс істедім. Басшылық айтады «анда барыңызшы» деп. Мен барамын. Ол жерден келген соң, тағы бір жерге жұмсайды. Сонда мен аздап ашу шақырып «анау неге бармайды?» деп айтып қаламын. Бұл сұрағыма басшылық «ол өзіне жүктелген тапсырманы онша тындыра алмайды» деп жауап қатады. Міне, бізде жұмысқа 50 адамды алып алады. Бірақ, өндіртіп жұмыс істейтіні – 5-6-ау-ақ. Мемлекет басшысы да айтып еді ғой, «мемқызметте штатты қысқартыңдар, тек жұмыс істейтіндерді алып қалыңдар» деп. Сол енді еніп келе жатыр.
Және бізде қанша жерден мықты газет шығарсаңыз да, таралымы ары кетсе 20 мың болуы мүмкін. Болды, одан әрі аспайды. Егер сол газет Ресейде шықса, таралымы 200 мыңға дейін жетер ме еді...
– Ал әдебиетте ше?
– Әдебиетте миссиямды нақты орындадым, орындамадым деп айту қиын. Мұнда мен өз мүмкіндігіме қарай жаздым. Жалпы, қазақ жазушыларының қайсысын алып қарасақ та, классигі болсын, қарапайымы болсын, таза әдебиетпен айналысуға мүмкіндік жоқ. Оған аз ғана, оның өзінде жартысы орыстанып кеткен қазақ аудиториясы кедергі. Біздің саусақпен санарлықтай оқырмандар жазушыны асырай алмайды. Мысалы, мен кезінде «Қос мұңлық» деген кітабым үшін 86 мың теңге қаламақы алдым. Бұған өкпелеп қажеті жоқ. Бізде қаламақы мәселесі жақын арада шешілмейді. Оған нарық жол бермейді. Ал, көрші Ресейді алсақ, онда өзін 100 пайыз шығармашылыққа арнайтын жазушылар аз емес. Себебі, олар 1 кітап шығарса, онысы авторды 3-4 жылға дейін асырайды. Қаламақы көп. Қаламақы көп болуына себеп – аудитория көп.
Меніңше, нарық заманында әдебиетке мемлекет тарапынан қамқорлық жасалмау керек. Қамқорлық болған жерде әділетсіздік қатар жүреді. Мысалы, менің алдыма екі адам келді делік. Бірі – досым, ал екіншісін мүлдем танымаймын. Әрине, мен досыма қамқорлық көрсетем. Бейтаныс кісі қанша жерден талантты болсын, мен үшін оның маңызы жоқ. Сондықтан да, тек әдебиетте емес, көп салада қамқорлық деген болмау керек. Әр жазушы қиындықтан өзі жол тапқаны абзал. Сонда ғана өсіп-өркендеу үрдісі жүреді. 1990-2000 жылдары бірқанша жазушылар нарыққа төтеп те берді. Кітаптары зор сұранысқа ие жазушылар шоғыры пайда болған еді. Бірақ, интернет деген пайда болып, оқырмандар легі сонда ауып кетті. Жазушылар отырып қалды. Содан олар күнкөріс қамымен журналистикамен айналысады, баспа саласында жұмыс істейді. Күйбеңнен қол босағанда ғана жеке шығармашылығына көңіл бөледі. Мысалы, Әбіш Кекілбаевты алайық. Ол күндіз-түні түзде жүрді. Оны әр түрлі жиындарға жиі шақыртатын. Егер ол қызметке араласпай, жатып жазғанда қаншама дүниелерді жарыққа шығарар ма еді?!
Сонсоң, жазушылар пьеса жазып бақтарын сынап көрді. Бірақ, мұнда да көптеген кедергілерге тап болды. Мысалы, Англияда жазушылар пьесасын театрға апарады. Онда тек пайда әкелетін пьесаны қояды. Тек, пьесада емес, баспа саласында солай. Баспахана табыс түсіретін кітаптарды ғана шығарады. Осыған орай, жазушылар нарыққа бейімделіп, оқырман талғамын зерттейді. Олар үнемі ізденіс үстінде жүреді. Шетелде жазушылар миллионер бола алады. Ал, бізде дәл қазіргі сәтте жазушының бай болуы мүмкін емес.
Сонымен, жазушы театр әкімшілігімен келіскеніне қарай, ол белгілі бір көлемде қаламақы алады. Бірде бір жазушы қаламақыға келіспей, 3 пайыз үлес сұрапты. Бұған театр басшылығы қуанып кетпей ме? Содан театр ел аралап, пьесаны қояды. Қысқасы, пьеса жұрт көңілінен шығып, жазушы 3 пайыз үлеспен-ақ тұрмысын түзеп алады. Бізде осы жүйені енгізіп көрдік. Бірақ, бізде қалай? Белсенділер мектепке барып «пәленше пьеса қойып жатыр» деп ақша жинап алады. Ол ақша театр қазанына құйыла бермейді. Содан театр пайда таппай, шала ойластырылған жүйенің салдарынан өз тамырларына өздері балта шауып отыр.
Бір айта кетерлігі, журналистика мен әдебиет тығыз байланысты. Жазушылар журналистикада жүріп өмір қазанында қайнайды. Сонда көріп-білегендерін әдебиетте қолданады. Әдебиетті журналистикада кәдеге асырады. Қос саланы осылай ұштастырады. Бұл өте маңызды.
– Мұхтар Шаханов «Жазушылар Одағында 700 мүше бар. Бірақ, оның 7-і ғана –нағыз ақын-жазушы» дегендей сыңайда ой айтып еді...
– Меніңше, олай деу дұрыс емес. Барлық жазушы классик болып кетсе тағы болмайды. Бір жазушы балаларға арнап жазады. Әрине, ол тақпақтарымен классик атанбайды. Бірақ, оны жазушы емессің деуге бола ма? Бір жазушы газетте жұмыс істесе, бірі киноға сценарий жазады. Біреулері әлдекімдер жазып әкелген сценарийді өңдейді. Бұл жерде оның аты көрінбей көлеңкеде қалады. Ондайларды жазушылар тізімінен алып тастауға болмайды. Өңшең классиктер қалса не болады? Осы жерде бір мысал есіме түсіп отыр. Қытайда егін түсімін арттыру үшін торғайларды қырып салыпты. Бірақ, бұдан егін түсімі артпай, керісінше, күрт төмендеп кетеді. Сөйтсе, әрбір торғай бір жазда егінге зиян мыңдаған құрт-құмырсқаны жейді екен. Міне, табиғатта торғай екеш торғайға дейін орны бар. Менде айтар едім, Жазушылар Одағындағы әр жазушы қоғамда өзіне бұйырған жерде тірлік істеп жүр. Тепе-теңдік болу үшін бүркітпен қатар торғай да болу керек деп есептеймін.
Мысалы, қазір тіл жұтаңданып жатыр. Түрлі порталдарда, телеарналарда өгізді көлік қағып кетіпті, асқабақ ұрығы жеткізілді, баланы піштірді, көлік апатынан қайтыс болды дегендей сөз тіркестерін шығарып жатады. Ал, енді өгіз деген – піштірілген бұқа. Ал, піштірілу деген – еркектіктен айрылу. Ұрық тек жыбырлаған тіршілік иелерінде болды, өсімдікте емес. Өсімдікте тұқым дейді. Көлік апатынан көз жұмғанды – қаза тапты дейді. Қайтыс болу деген – асарын асап, жасарын жасап қарттықтан дүние салған адам. Нәрестені шетінеді дейді. Айта берсек мұндай мысал көп. Біз, жазушылар, тілді жұтаңдатпау үшін күш салуымыз керек. Үңіліп қарасақ, қазақ тілі өте бай ғой. Бай болуының себебі – қазақ даласының кеңдігі деп түсінемін. Бізде көл де, шөл де, теңіз де, дала да, тау да, тас та, орман да, құм да, бәрі бар. Осыған орай, қазақ тілі де шұрайлы. Сөз көп, оған синоним көп.
– Том-том кітап шығаратындай мүмкіндігіңіз бар еді. Неге аз жаздыңыз?
– Негізі, көп жазуға болады. Өзіме үйреншікті сарынмен жалғастыра берсем. Бірақ, мен оны қаламадым. Дамығым келді. Іздендім. Шетел әдебиетіне көбірек үңіле бастадым. Сонда көзім ашылды. Бірақ, тоқырап қалдым. Қазіргі шетел әдебиетінде шындық мүлдем басқаша беріледі екен. Біздегі шындық – социалистік реализм. Бұны біз түсінгенімен, шетелдіктер түсінбейді. «Біздің 100 томдық ағылшын тіліне, француз тіліне, түрік тіліне аударылды» деп жатады ғой. Дегенмен, ол оқылмай қап кетеді. Бізде көркемдеу басым. Прозада. Ал, поэзияға шағымым жоқ. Қазақ поэзиясы алдыңғы сапта.
Осы жерде менталитет мәселесі шығады. Ағылшындарда, американдарда менталитет басқа. Жақында бір проза оқыдым. Кітапта мынандай көрініс бар: шамамен 40-тағы еркек құрдасымен арақ-шарап ішіп отырып сөйлеседі. Біраз уақыт өткен соң әлгі еркек құрдасының қызын қалаға жетектеп кетеді. Әкесі қол бұлғап қала береді. Бұл оларда қалыпты жағдай шығар. Бірақ, мұны біздің халық қабылдай алмайды. Және бізде мұндай жағдай болмайды да.
Және бір ерекшелігі, шетел жазушылары айналасында болып жатқан оқиғаларды қағазға түсіреді. Жазушы өз әке-шешесін, дос-жарандарын, тамыр-таныстарын атын атап, түсін түстеп жазады. Әкесі ішкіш пе, ішкіш дейді. Шешесінің мінезі шатақ па, шатақ дейді. Шындықты жазады. Қымсынбайды. Ертең кітап болып шыққанда не ойлайды, ондай қорқыныш жоқ. Біз ондайға бара алмаймыз. Шындықты жазған күнде де біздің кейіпкер Захардин емес, Дүйсенбай болады.
Мен ойлаймын, қазақ әдебиетіне жаңаша бетбұрыс, яғни реформа керек секілді. Бірақ, қоғам оған дайын емес.
– Бізде «Қаламгер» қоғамдық бірлестігі ашылып жатыр. Бұл үй ішінен үй тігу емес пе? Бізде Жазушылар Одағының филиалы бар емес пе?
– Жоқ, «үй ішінен үй тігу» деген жаңсақ пікір. Қаламгер – бірлестік. Мысалы, мен зейнеткермін. Жазғандарымды әйеліме, бала-шағама оқымаймын. Бірлестік кездесу өткізеді. Олар мен сол кездесеуге шақырады. Үйде оты10рып қалған мен кездесуде сөз сөйлеп, жастарға ақыл айтып битім төгіліп қалады. Егер біздегі Жазушылар Одағының филиалы дұрыс жұмыс істегенде бұл бірлестік құрылмас па еді?
Бізге бәсекелестік керек. Бәсекеге болған жерде жұмыс жанданады, сапа артады. Аталған бірлестік жас жазушының кітабын шығарып береді делік. Егде жазушының 50 жылдық, 60, 70 жылдық сынды мерейтойын өткізіп беруі мүмкін. Міне, мұны көрген Одақ филиалы да нақты әрекетке көшеді. Ақын-жазушыларынан айрылып қалмас үшін олар да кітап шығарып береді, кездесуін ұйымдастырады. Олар бір-бірінін жұмысын қадағалап отырады. Нәтижесінде, оның шапағатын ақын-жазушылар көреді.
Сұхбаттасқан Абылайхан ЕСІМБАЙ
«Рейтинг» газеті
ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ
Захардин Қыстаубайұлының жаңадан жарық көрген «Жүректің сөзі» атты кітабын қайта-қайта қарап, қатты қуандым. Жақында. «Рухани жаңғыру» сериясымен арнайы жоба бойынша, Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан шығарылған он кітаптың бірі Һәм бірегейі. «Құтты болсын бауырым!» дедім күбірлеп. Өзін көрмегенде де, Түркістанда өткен тұсаукесерде де қолын қыстым, құшақтадым.
Захардинмен бірге «Оңтүстік Қазақстанда» біраз жыл жұмыс істегенбіз. Мен жетпіс төрттің наурызында, ол, ұмытпасам, күзге қарата келген. Екеуміз біршама уақыт пәтер жалдап тұрғанбыз.
Кетерінде: «Екеуміздің қаншама күндер мен түндер бірге өткізгеніміз ұмытылмас. Сізде бірталай қасиеттер қалың екен. Алайда, бір уыс арамдық жетіспейді... Өмір сүруіңіз оңай болмайды, Мақа...» дегені жадымда жаңғырады.
Шығармаларында да дәл осылайша ақиқатты айқын айтуға ұмтылды. Көсем сөздерінде ашық та, ащы, дәлелді де, дәйекті жазды. Шындықты. Көркем сөзде керемет көркемдікпен, астарларымен, терең тебіреністермен, тек өзіне, қарымды қаламына, Қыстаубайұлына ғана тән сергек те, серпінді, сұлу стильмен жүректерге жеткізеді. Шынайылықты.
«Оңтүстікте» алғаш қызметін бастаған жылдардың бірінде «Жалын» дейтұғын даңқты байқауда бәйгеге ие болды. Бүкіл редакция қатты қуанды. Бәрінен бетер мен қуандым – ау. Көптен бері кітабы шығыңқырамай жүрген Захаңның жаңа жинағы – баршамыз үшін мерей. Баяғы бәйге алғандығыдай сезімдемін. «Менің Президентім», «Жүректің сөзі» сияқты толғамдары, «Алтын күрек» сияқты әңгімелері мен «Сүйріктің махаббаты» сынды таңғажайып хикаяттары – Қыстаубайұлына қазақ журналистикасымен қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын әперетін әдепті де әйдік туындылар.
Мархабат БАЙҒҰТ
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері