Лебіз
«Зерттеп білмейінше білу де, істей алу да мүмкін емес» деген қағидаға сүйенер бір мәселе бар. Қандай шаруаның да басталуы және бітуі болады ғой. Өйткені үлкен істің тізгінін сезімге, түйсікке ұстатқың келеді. Ал сезіміңді ақылың мен еркіңе бағындыруың қажет. Мен білетін, мен танитын Захардин осы қасиеттердің иесі. Қолына алған істі зерттеп білуге құмбыл. Тілшілік өмір оған осындай қасиеттер дарытты. Табанды болуға тәрбиеледі. Табандылықпен өзіңді-өзің билеу, өр рух пен қайыспайтын қайсарлық – ерліктің кепілі екені даусыз шындық».
Есенәлі Ералы
«Аспиранттың ақ шымылдығы», «Егіздің сыңары» пьесаларынан да журналист-жазушының және драматургтің шынайылығын, көркем ойдың шебері екенін жазбай танисың, мойындайсың.
Есенәлі Ералы
«... лүпілдеген жүрегі де, көкейіне түйгені де таза жазушы Захардин Қыстаубаевтың шығармашылығына баға берерде, оның адами биік парасатын түсініп, құрметтеуде айналасындағы азаматтардың да тазалығын қалар едім».
Есенәлі Ералы
«Парыз алға қойған міндеттен туады, яғни міндет адамға парызды жүктейді», – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, өзінің халық алдындағы, әдебиет алдындағы қаламгерлік, азаматтық парызын да, міндетін де адал атқарып жүрген, қай қызметте де адамзаттың Айтматовы айтқандай: «адам мен айналадағы ортаның өзара қатынасына әрқашанда тебіреніп, әрқашанда талаптанып отыратын» жазушының қатарына мен Захардин Қыстаубаевты жалтақтамай-ақ қосар едім.
Есенәлі Ералы
«Менің Президентім», «Жүректің сөзі» сияқты толғамдары, «Алтын күрек» сияқты әңгімелері мен «Сүйріктің махаббаты» сынды таңғажайып хикаяттары – Қыстаубайұлына қазақ журналистикасымен қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын әперетін әдепті де әйдік туындылар.
Мархабат БАЙҒҰТ
«Көсем сөздерінде ашық та, ащы, дәлелді де, дәйекті жазды. Шындықты. Көркем сөзде керемет көркемдікпен, астарларымен, терең тебіреністермен, тек өзіне, қарымды қаламына, Қыстаубайұлына ғана тән сергек те, серпінді, сұлу стильмен жүректерге жеткізеді. Шынайылықты».
Мархабат БАЙҒҰТ
«Захаң сыпайы да сырбаз қаламгер. Көп оқиды, көп ізденеді. Нармахан Бегалыұлы, Мархабат Байғұт, Ерсін Қойбағарұлы, Момбек Әбдіәкімұлы, Жұмабек Мұқанов сынды әріптестерінің шығармашылығын айрықша бағалайды. Жас журналистердің шынайы жанашыры. Тұтқабай Фазылбек, Аман Жайымбетов, Дәурен Әбдіраманов, Мұрат Рашов, Құралай Ахметова, Жансая Тәуекелқызы, Нәзипа Мамықова секілді шәкірттерін өзгелерге үлгі етеді. Бұл өмірде бар жинағаны – абырой-бедел мен мақтау-марапат қана. Принципшіл. Тура сөйлейді. Кемшілікті жаны сүймейді. Әділетсіздікке төзбейді. Керек кезінде керекті сөзін айтып қалады. Ешкімге жағынып, жалтақтамайды. Жалқау журналистерге жаны қас. Сол себепті де зиялы қауым өкілдері оны тек білімді де білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, өз кәсібінің шебері ретінде таниды. Мақтаныш, мерей тұтады».
Тұңғышбай ТӨРЕГЕЛДИЕВ
«...біз білетін, айрықша құрметтеп-сыйлайтын қарымды қаламгер, қажырлы қайраткер Захардин Қыстаубаев осындай сегіз қырлы, бір сырлы әмбебап жан. Жөні бөлек, жосығы ерек, орны айрықша атпал азамат».
Әбдісаттар ӘЛІП
«Біздің көкейіміздегі мәселелер жөнінде көптеп жазса деген тілек бар. Нағыз мақалалар сайысының ортасы болғай. Ғұмыры тым-тым ұзақ болсын. Бүгінде бізге бұндай газеттер қажеттің-қажеті. Ал, «Қызыл жебедей» зула жарқыным, Тұрар арман еткен халыққа қызмет еткейсің…»
Нұрлан ШАХАНБАЙ
«Редактор десе, редактор, маған Жас Алаштың аға буын журналисі Захардин Қыстаубайұлының жазған дүниелері ұнайды. Сөзі астарлы. Ойы тұшымды. Көзі қырағы. Позициясы мәдениетті. Қанжары қайраулы... тілі уытты. Жағымпаздыққа жаны қас».
Сырым ДАТҰЛЫ
«Олар жергілікті жұрттың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтаныштары. Бүгінгі зиялы қауым өкіліне айналған академик Өмірзақ Айтбайұлы, Серік Піралиев, өнер майталманы Шәмші Қалдаяқов, көрнекті ақын Мұхтар Шаханов, Исрайыл Сапарбай, Мархабат Байғұт, Захардин Қыстаубаевтар да Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары».
Әбсаттар қажы Дербісәлі