Өмірдерек
Жазушы, журналист, сазгер, драматург, аудармашы Ерсін Қойбағарұлы 1946 жылы 23-сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы Құрлық ауылында туылған. Ленгір қаласындағы N2 қазақ орта мектебін күміс медальмен бітірген ол, одан соң Алматы Мемлекеттік Медицина институтын тәмамдаған. Мамандығы медпсихолог, психотерапевт.
Қаламгердің үлкенді-кішілі 14 кітабы жарық көрген. Оның ішіндегі бір кітабы («Яшлигим-бебошлигим») өзбек тілінде Ташкенттен және («Адам асырайтұғын арза») қарақалпақ тілінде Нөкістен шыққан. Біршама әңгімелері орыс, түрік тіліндегі басылымдарда жарияланды. Оның туындылары 10 ұжымдық жинақтарға енді.
2006 жылы 2 томдық таңдамалы шығармалары Алматыдағы «Жедел басу баспаханасында» басылып шықты. «Мың бірінші құпия» сатиралық кітабында жарық көрген біршама интермедиялары сахналанды.
Соңғы жылдары ол драматургия тақырыптарына қалам тартып жақсы нәтижелерге жетті. «Қасірет қақпаны» трагедиясы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда, «Бала мен Қайыршы» драмасы облыстық Ж. Шанин атындағы драма театрда, Жетісайда, Таразда көптеген халық театрларында, мектептерде қойылып, көптің көңілінен шықты. «Қызғалдақты жұлмаңдар» пъесасы 2008 жылы республикалық конкурста жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Орыс тілінен аударған Костинскийдің «Тосын сыйы» қуыршақ театрында, өзбекшеден аударған Дзиндзу Киноситоның «Тырна ұлпалары» облыстық драматеатрында қойылды.
Ерсін Қойбағарұлы Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі.
1999, 2001 жылдарда облыс әкімінің стипендианты, 2000 жылы ҚР Мәдениет комитетінің «Құрмет грамотасымен», 2001 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған.
1972-1974 жылдары Карелияда әскери бөлімінің медицина қызметін басқарып жүріп, (шені медицина қызметінің капитаны) әскери тақырыпқа жазылған үш повесінің орысша нұсқаларын Мәскеуге жіберіп конкурсқа қатысқан Ерсін Қойбағаровқа 2006 жылы «А. Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты» дипломы мен «А. Фадеев» алтын медалі, «Адмирал Нахимов» төсбелгісі тапсырылды.
Ереванда, Харьковте, Мәскеуде (2 рет), Тәшкенде, Алматыда білімін жетілдірген Е.Қойбағарұлы дәрігерлік мамандығы бойынша да көптеген марапаттар алған. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
«Сайрам ауданының Құрметті азаматы» Ерсін Қойбағарұлы Шымкенттегі «Шипагер» медициналық орталығының жетекшісі қызметін атқарды.
2014 жылы 22 қарашада дүниеден озды.