Ерсін Қойбағарұлы

Шығармашылығы




ДӘРІГЕР ҚАЛАМГЕР ДӘРЕМЕТІ


      Жетпісінші жылдарыңыз ортасынан ауыңқырап, сексенінші жылдарыңыздың жота-жондары қылаңытып байқала бастаған тұстар ғой, баяғы. Ол кездері Қазақстан жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде Нәсіреддин Серәлиев сынды керемет прозашы мен Исраил Сапарбай секілді ақынқызмет істеуші еді. Өзгелердің шығармашылық сәттіліктеріне өзнікінен бетер қуана алатын Нәкең – қайран Нәсір ағамыз ерсін Қойбағарұлы хақында жиі-жиі айтатынға айналды. Ол кісіні исраил қостай жөнеледі-ай.
      Айнала-төңірегіне нұрлы шуағын шашыратып, үн-түнсіз ғана тәлімдеп-тәрбиелей білетін Нәкендей шебердің дуалы аузына, әрине, тегін адам іліге қоймас. Десек те, Ерсін Қойбағарұлының бірер ғана сықақтық сипаттағы мөлтек әңгімелері жергілікті газеттерде шыққаны болмаса, бейтаныс-ты. Сөйтсек, ол облыс орталығына таяқ тастам жердегі Сайрамда тұрады екен, балалар дәрігері, нақтылап айтсақ, аудандық аурухананың балалар бөлімінің меңгерушісі екен. Сөйтсек, ол «жеңіл-желпі» ғана, шағын сатираларын ұсынып, салиқалы прозасын «жасырып сақтап» жүрген, қаламы бас біліп, тізгін қағып қалған қаламгер екен. Бірнеше жыл сонау Карелияның қалың ормандары арасында, атақты ақ түннің ішінде, фин елінің шекарасында әскери дәрігер болып, үш-төрт повесть бас-аяғын тап-тұйнақтай етіп тындырып, буып-түйіп қайтыпты. Соның ішінен екі повесі мен үш-төрт әңгімесі Серәлиевтей сырбаз ұстаздың қолына тиген ғой, баяғы...
      Міне, бүгінде елуге иек артып отырған дәрігер қаламгер Ерсін Қойбағарұлы, иншалла, ұстазы Нәсір ағаның үмітін ақтады деп айта аламыз. Жекелеген әңгімелерінің «Арман қанатында», «Қисық шеге», «Күлеміз бе қайтеміз?» атты ұжымдық жинақтарға шыққанын айтпағанда, жеке өзінің «Қараша», «Мың бірінші құпия», «Махаббатым менің - ғайыперенім», «Терістік шұғыласы» дегендейін төрт кітабы өз оқырмандарын тапты. Біз білетін бұл Ерсіннің үстеліндегі тартпаларда тағы да талай-талай повестер мен бірер романның да қолжазбалары буылып-түйіліп жатыпты. Бұл жазушыңыздың өзі де бұрынғыдай балалар дәрігері емес, бүгінде бүкіл республикаға белгілі, сол Сайрам кентіне тиіп тұрған айтулы Манкент шипажайынан психотерапевті, атақты емшісі – экстрасеанс ретінде де көпке танылған.
      Біздіңше, жазушы Қойбағарұлының көптеген шығармаларына арқау етіп алынған жағдайаттар – автордың өз басынан кешкендері. Осыған қарап, оны шын мәнінде де эгобеллетристика жағына жақындау екен деуге келіңкірейді.
      «Терістік шұғыласы» повесі де Ерсіннің өзіндік қолтаңбасын айқын танытатын сүйекті туындылардың қатарына жатады. Жалпы, жазушының көбінесіне кейіпкер психологиясын жан-жақты һәм терең ашып қөрсетуге шеберлігін атап айтқан ләзім. Осынау ерекшнелікке жету әркімнің қолынан келе бермейтін тағы аян. Аталмсыш повесте қалам иесінің осы қыры айрықшыланып, ашыла түсетін секілді. Жас дәрігер Ғалым Қуатып ауылда өскен, қыз мінезді, аса ұяңдығы қадам басқан сайын біліне береді. Оған керісінше, біреудің жалғызы болып, еркін өскен, өжет, өр мінезді, еркекшора, қала қызы Айна; екуінің арасындағы қарым- қатынас, сүйіспеншілік, ой-тұжырымдар өзге ешкімнің шығармасына да, кейіпкерлеріне де ұқсамайды десек, артық айтқандық емес.
      Аудан орталығы Ақдуанда балалар дәрігері болып істеп жүрген Ғалым Қуатов фотограф келіншек Айнамен танысады. Айнаның жекеменшік үйі, машинасы, бір қызы бар. Бұрын тұрып келген үйдің иесі пәтерін босатуды өтінген соң Ғалым амалсыз қалады да, осы Айна атты келіншектің үйіне көшуге мәжбүр болады.Біраз уаққыттардың ішінде Ғалым, Айна және кішкентай қыз-үшеуі бір-біріне қатты бауыр басып, бір отбасының адамдарындай болып кетеді. Айнаны ұнатқан Ғалым өз сезімін келіншекке жеткізе алмайды. Оған негізгі себеп жігіттің тым ұяңдығыеді. Оданда бетер тағы бір кедергі бар: Айна туралы Ақдуанда әңгіме тіпті көп...
      Міне осылайша повестің оқиғасы да, детальдары да бірінен-бірі өтіп, ширығып кете барады. Ақырында бір-біріне деген ынтық сезімдерін жеткізе алмаған ұяң дәрігер жігіт пен тағдыры қиын да қызық келіншектің жолдары бір-бірінен алыстап кете барады. Ғалым Қуатов өзі тіленіп, сонау Қиыр Солтүстіктен, әскер бөлімінен бір-ақ шығады. Айна алыста, ауылда қала береді.Тек араға жылдар салып, сағынышпен жететін Айнаның хаты ғана оқырман қөңіліне жұбаныш ендіретіндей...

Мархабат Байғұт