Ерсін Қойбағарұлы

Лебіз


«Ерсін Қойбағаровтың мамандығы – дәрігер», Дұрысын айтсақ, қилы-қилы адамдар тағдырының қалың ортасында. Бұл сөз жоқ оның өмір танымына, болашақ жазар дүниесіне әсер етпей қоймайды. Содан да болар, Ерсін шығармаларының түп қазығы – адамдар тағдыры, олардың алуан-алуан әлемі. Автор өз шығармаларына өте мұқият, сын көзбен қарайды».

Нәсредин Сералиев

Қазақстан Жазушылар Одағы,

облысаралық бөлімшесінің төрағасы.



«Сүйіспеншілігі сол, Ерсін тілге тиек, қаламға қажет дүниені алыстан іздеп әуре болмайды, өмірдің өзінен алады. Көбіне өзі көріп, араласқан жәй оқиғалардан өзек өреді. Шығармаларында керексіз кейіпкер жоқ, қосалқы бейнелерден де ада. Оның есесіне ұтымды детальдар, сәтті шыққан штрихтер жеткілікті.

Е. Қойбағаровтың орынсыз көп сөзділікке бармайтыны, диалогтарды жақсы пайдаланатыны, кейіпкерлердің іс-әрекетіне көбірек мән беретіні ұнайды».

Мархабат Байғұт.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының,
облыс әкімінің
«Бауырмал» сыйлығының лауреаты.



«...Ол жақында «Жастығым-бейбастығым» деген ғажайып бір повесть жазыпты, кілең өзбектер хақында жазылған бұл хикаятта іліп алар бір қазақ қаһарманды таппайсың, ондағы болған уақиғаларға, кейіпкерлерінің іс-әрекеттері мен сөз саптауларының шынайлығына өз басым шүбәсіз сендім, тіпті әуесім келгені сонша, тезірек тәржімалап өзбек кітапханаларына жеткізуге асықтым».

«...Мен Ерсінді «Шымкентский Чехов»- деп атадым. Дұрыс қой, әрі шығарма жазса, әрі ауру адамдарды емдесе» «Шымкент Чеховы» болмағанда кім дейміз. Осы сауапты жолыңнан адаспа. Адамдардың жаны мен тәнін емедеп жүре бер, Ерсін інім.

Насыр Фазылов.
Өзбекстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Өзбекстан
мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Президентінің «Бейбітшілік
пен достығын нығрйтқаны үшін» сыйлығының лауреаты. Академик.



«...Ерсін туындыларының басты ерекшелігі неде?» - деген қиын да, құпия сұраққа жауап іздер болсақ, оны бір ауыз сөзбен бір ғана оқушының тап басып, тани қоюы оңай емес. Көркем өнердің, әдебиеттің тұңғиық тылсым қасиеті - әрбір оқушы оны өзінше тауып, өзгеше таниды. Солай бола тұрса да, Ерсіннің қатардағы қарапайым көп оқушысының бірі ретінде мен алдымен оның тақырып таңдағыштығы дер едім.

Әдебиетті мамандар, ғалымдар өмірдегі кез келген құбылыс, кез келген уақиға, болмыс әдебиетке тақырып бола алады, мәселе не жайлы жазғанында емес, қалай жазғанында деген теорияны айтады, ол рас та. Дегенмен, қай жазушы болмасын кез келген тақырыпты ала бермесі белгілі, соның ішінде Ерсін өте талғампаздықпен, тапқырлықпен көпшіліктің көзіне іліне бермейтін қалтарыста қалған белгісіз нәселерді белгілі жағынан, белгілі жайларды белгісіз жағынан тауып, теріп алады екен...»

Керімбек Сыздықов.
Филология ғылымдарының докторы,
профессор. Академик.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.



«.....» Ерсін шығармаларының балалар мен жасөспірімдерді дұрыс бағытта тәрбиелеуде қосатын үлесің мол.

Сұлтан Қалиев.
Педагогика ғылымдарының докторы,
Профессор.




Құрметті Ерсін! Сіз өмірдің ащы-тұщысын біраз татып, көргеніңіз  бен түйгеніңіз молыққан шақта ғана шығармашылыққа бет бұрып, өзіңізге тән дүние танып, түйсігініңіз әдебиет табалдырығын аттадыңыз. Содан да болар, прозаңыз салиқалы, айтар ойыңыз салмақты. Кітаптарыңызда өмірдің бұралаң соқпағын көп көрген қилы-қилы тағдыр иелер, мұң мен махаббат иірімдері әсем көрініс береді.


Науқастардың тәнін, жүйкесін емдей жүріп, адамдардың жан дүниесіне үңіле бастадыңыз. Соның нәтижесінде дүниеге «Қараша», «Мың бірінші құпия», «Терістік шұғыласы»,  «Махаббатым менің - ғайыперенім» атты кітаптар келді.

Қазақстан жазушылар одағы

басқармасының секретариаты.




      Біздіңше, жазушы Қойбағарұлының көптеген шығармаларына арқау етіп алынған жағдаяттар – автордың өз басынан кешкендері. Осыған қарап, оны шын мәнінде де эгобеллетристика жағына жақындау екен деуге келіңкірейді.

М. Байғұт, жазушы