Қарауылбек Қазиев

Өмірдерек


Қарауылбек Қазиев 1939 жылы 1 мамырда Жамбыл облысы Шу ауданындағы «Қарабұлақ» ауылында туған. Орта мектепті ауылда бітірген соң, 1957-1958 жылдары ауылда жұмысшы болған.
1963 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін бітіреді. 1963-1965 жылдары Жамбыл облысы Радио комитетінде тілші, 1965 - 1967 жылдары бұрынғы Шымкент облысы Телерадио хабарларын тарату жөніндегі комитетінде аға редактор, 1967 жылдан бас редактор болып қызмет еткен. 1969 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Оңтүстік Қазақстан Облыстық радио комитетінің бас редакторы болып қызмет істеді.
Қарауылбек Қазиевтың алғашқы әңгімелер жинағы «Ақ бантик» деген атпен 1968 жылы «Жазушы» баспасынан шықты.
1974 жылы «Иманжапырақ» повесі үшін жазушы Қазақ КСР баспа полиграфия, кітап саудасы істер жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитеті және Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған «Жалынның» жабық конкурсында бірінші орынды иеленді. Оның бірқатар әңгімелері мен повестері орыс тіліне аударылып, жеке кітап болып шыққан. Қаламгер өз шығармаларында табиғат сұлулығын тамсана жырлаумен бірге, кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесін, сезім буырқанысын сол табиғатпен астастыра суреттеудің шебері. «Үркер», «Кемпірқосақ», «Ақшуақ», «Іңкәр дүние», орыс тілінде «Подснежники» , «Утреняя роса» деген кітаптары бар.
Қарауылбек Қазиев 1989 жылы қайтыс болды. Жазушының атында Шымкент қаласында көше бар. Бейіті Шымкент қаласы маңындағы зиратта.