Қарауылбек Қазиев

Лебіз


      «Қарауылбек әдебиетті ар-ұят ісі деп қатты қастертлейтін тектілер әулетінен еді». Сіздің әрбір туындыңыз – «таза бұлақ бойына қаулау өсетін балаусадай дүние»; кейіпкерлеріңіздің көпшілігі – «тым жас, тым ұяң аузын ашса, көмейі көрініп тұратын ақпейіл, жүректері әлі де қалам ізі түспеген ақ қағаздай». Сіз, «уыз сезімнің оянуын, лүпілдеген жүректің дірілдей шыққан үнін, сол бір албырт, тентек сезімнің азабы мен махаббаттан туған мәрттікті» тек өзіңізше ғана жырладыңыз.

Әбілмәжін Жұмабаев

/p



      Қырымда кездескен қазақтар

      Қарауылбекке


      Қырым жұрттың барлығына төр бөліп,

      Күн күлімдеп,

      Теңіз жатты тербеліп.

      Бір жасады,

      Мың жасады келгендер

      Суға түсіп,

      Құмға қызып,

      Жер көріп.

      Көп екен ғой,

      Көп екен ғой ғажаптар.

      Жомарт өзін сақилықпен азаптар.

      Қырымда да бірін-бірі қонақ қып,

      Туған жерге шаршап қайтты қазақтар.

Қадыр Мырза-Әлі



      «Табиғат суреткері, махаббат пен жастық жыршысы Қарауылбек Қазиев шығармаларының қай-қайсысынан да үлкен жүрек күйін үздіктіріп, дірілдетіп, мөлдіретіп жеткізген һәм жақсылық әлемімен жарасым тауып жатқан таңғы шықтай тап-таза жан лебі сезіліп тұрады.»

Жаңабек Шағатай



      Қарауылбек – табиғаттың ғажайып жыршысы. Табиғат ананың адамдардың көңіл-күйімен астасып, суреттелетінін дәл Қарауылбектей жетік біліп, жеткізе жазу екінің  бірінің қолынан келе бермейтіні анық.

Әлдихан Қалдыбаев



      Қарауылбек – лирик жазушы, махаббат жыршысы. Оның әсем ән тәрізді Махабббат құдіреті балқытқан жастарда болатын сезімдер жүректің нәзік қылын үзіп, үздіктіріп жібереді.

Әлдихан Қалдыбаев



      Қарауылбек! – деп аспан күркіреген,

      Күміс шашып, ақ жаңбыр сіркіреген.

      Қарауылбек! – деп ақын жүрегінен

      Толқын  атып көк бура жыр түлеген.

      Шудың соңғы арысы өзің деп те,

      Тойың, аға, өтуде дүркіреген.

Рафаэль Ниязбек



      Қарауыл – жаны жайсаң жігіт еді, сері еді, сонысы өзіне өте жарасатын да. Оған тең-тұстары біз куә.

      Қарауыл – хас суреткер еді. Онысы өзінің Құдай жаратқан жаратылысынан болатын. Оған артында қалған аз да болса асыл мұрасы куә, қалың қазақ оқырманның ықылас, ризалығы куә.

Арғынбай Бекбосын



      Қарауылбектің қаламы қайта жаратыла салатын күннің сәулесі де, таңғы шуақ пен шық та, тіпті күнделікті көріп жүрген шөбіміз де мүлде басқаша жарқын да жаңаша болып көрінетін-ді. Оның кез-келген әңгімесі мен повесін оқыған соң немқұрайды күйде қалуыңыз мүмкін емес-ті.

Мархабат Байғұт



      «Менің Қарауылбегім» десем жаңылыспаспын. Еркек кіндікте ондай адам менде болған емес. Ол келіп еркелегенде ішім еріп жүре беретін. Қазір ойлап отырсам, нағыз жақыным, нағыз жанашырым, тірегім болған екен.

Ермаш Бұзауов



      Қарауылбек Қазиевтің артына қалдырған мұрасы туралы бүгінгі және болар шақпен ойлағанда, жастық пен махаббатты бар жарқын даусымен жырлап өткен жазушының қарымды қаламы кімді болса да тәнті тұрғызады.

Аян Нысаналиев



      Аруағыңнан айналайын Қарауылбек өз кейіпкерлері секілді адамгершілігі аппақ, мейірім-қайырымнан жаралған, қашанда жылы ұшырап, іш тартып тұратын жан еді. Кісілік кеміп, аяушылық азайып кеткен қазіргі шақта Қарауылбек Қазиев шығармалары қатыгездіктерден құтылуға қызмет етіп, адамгершіл ізгілік нұрымен бауырластыратынына бек сенімдімін.

Есенбай Дүйсенбай



      Қаруылбек қазақ әдебиетінің қарауылы сияқты болады да тұрады!

Жұмамұрат Тұяқбаев



      Жазушы Қарауылбек Қазиев қазақ әдебиетіне алпысыншы жылдары келіп қосылған ұрпақтың ең жасы еді. Ол – туа біткен дарын иесі. Бойына ана сүтімен дарыған.

Серік Жанәбіл



      Қарауылбек Қазиев...

      Осы бір есім барған сайын әдебиет сүйер қауым көзіқарақты оқырман арасында көбірек аталып, тұнық сезімді кәусар шығармаларына деген ынта-ықылас уақыт өткен сайын арта түсуде.

Керімбек Сыздықов



      Сағыныш

      Секілді суат қайғы, шуақ қайғы,

      Сағынса Қарауылын Шу ақпайды.

      Артында қалды ғой деген сөздер.

      Сыздаған жүрегімді жуатпайды.

      Жүрегін Қарауылдың наз әрлеген,

      Өмірдің сиқы осы ма – базар деген?

      Тірлікте өксіп өтем есіме алсам.

      Ерте алған ел еркесін ажалға мен.

      Жаралған жаны нұрдан, бағы нудан.

      Болса да ғұмыр кешкен шағы думан.

      Айырылған ботасынан боз іңгендей.

      Жалықпас елі оны сағынудан.

      Біліп мен жүлде аларын жайдары ерім,

      Салдықтың бәйгесіне сайлап едім.

      Шымкенттің жігіттері-ау, айтсаңдаршы.

      Сағынған Қарауылым қайда менің?!

Жақсылық Сәтібеков



      Қаруылбек – өткінші  емес, өмірлік дүниелер жазған жазушы. Оның шығармаларын әлі күнге жұрт тамсанып оқиды. Әдеби ортада оның есімі өзі құралпы таланттардың тап ортасында аталынады.

Әлдихан Қалдыбаев



      Қауышып жылда жатпасаң,

      Қарайлар едің қамығып.

      Алпысқа толған ақ Қақаң,

      Достарың келді сағынып.

      Ақтарылып өттің жұртыңа,

      Ағыңнан кілең жарылып.

      Ассалаумағалейкум рухыңа

      Айтуға келдік сағынып.

      Құштар ең тауға; шың құзға

      Құлпыртқан айдың орағы.

      Айналдың ерте жұлдызға,

      Жұлдызың сенің жоғары!

      Жан дүниең сонда елжіреп,

      Жаз шығып келе жатады –

      Ақ бантик сынды желбіреп

      Алғашқы махаббат әні!

Есенбай Дүйсенбай