Шығармашылығы
ҚАРАУЫЛБЕК РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Қареке! Қырық бесіңізде қайтып едіңіз ғой, бізге көрінбей-білінбей келіп-кетіп жүрген боларсыз, кім білер. Бүгін, мінеки, алпысыңызда да арамызда отырған шығарсыз. Бәлкім, бір шетте тұрсыз ба, таңырқай қарап әлде әуелеңкірей ұшып жүрсіз бе, Үлпіл-Лүпіл періште секілденіп?
Алпыс жылдығыңызды өткізу жөніндегі кәмесия маған баяндама жасамақты сапсырып еді, Қареке. Шынымды айтсам, баяндама жасағым жоқ. Өзіңіз де баяндаманы жақтырмайтынсыз. Түнгі сағат бірлер шамасында баспаханада кезекшілікте отырсақ, радиокомитеттен бе басқа жақтан ба, телефон шалып, Байжанбаевтан бір де кем түспейтін дауысыңызбен: «Әй, Мәскеуден баяндама күтіп отырсыңдар ма?» - дейтінсіз. «Иә, күтіп отырмыз баяндаманы» - «Қонысбеков те күтіп отыр ма?» - «Күтіп отыр, кеп қалатын шығар, Қареке» - «Әлиев те күтіп отыр ма?» - «Ол кісі беттен оқымай қайтпайды ғой,» - «Сендерге сенбей ме, немене?» - «Қайдам, Қареке.» - «Күтіңдер-күтіңдер баяндаманы», - деп мазақтап күлетінсіз Сіз. Сәлден соң тағы да қоңырау шалып: «Сен сол газетті қойып, радиоға ауыссаңшы, бізде баяндама күту деген пәле жоқ», - дейтінсіз. Есіңізде ме, Нәсіреддин көкемнің елу жылдығында да, бір күн қалғанда баяндамадан бас тартып, маған аударып тастап, зорықтыра жаздағаныңыз, Қареке.
Енді Сіздің алпыс жылдығыңызда мына мен де баяндама жасаудан бас тартып тұрмын.
Әлбетте, Қареке, Сіз Асқар Сүлейменов емессіз, мен Дулат Исабеков емеспін. Сонда да болса, дәл осы жолы Дүкеңшелеп, өзіңізбен аз-кем ғана «тілдеспек» ниеттемін. Мұным үшін әуелі Алладан, сосын Сізден және осында отырған қауымнан кешірім өтінемін.
Қареке, өз басым адамның тәні өлгенмен, жаны, рухы өлмейді дегенге имандай иланатындардың қатарындамын. Жаныңыз, рухыңыз осы күндері де осы маңайларды кезіп жүргені - ақиқат. Тек тіл қата алмайсыз, әйтпесе бәрін-бәрін көріп-біліп, сезіп. Сағынып, кәдуілгі күлкіңізбен көмкеріп отырсыз-ау бір тұста. Кейде бүгінгі мына уы басым уақытқа, ұсақтап кеткен біздерге бұлқан-талқан ашуланып, сыңар қолыңызды сілтеп-сілтеп қоясыз ба, қайдам. Қареке, тірі кезіңіздің өзінде көп адам Сіздің бір қолыңыздың жоқ екендігін көріп тұрып, сенбеуші еді ғой. Сылқым да сері, көркем де көрікті, аса бір жарасымды жаратылыс екендігіңіз соншалықты; бір қолыңыздың жоқ екендігіне иланбай, көндіге алмай, қайта-қайта қарай беретін едік-ау. Айтпақшы, ол жақта қолыңыздың сыңарын тауып, жалғап алған шығарсыз, Қареке. Олай болмауы мүмкін емес.
Қареке, Сіздің ғажаптығыңыз шығар, кешегі де, бүгінгі де, ертеңгі де оқырмандарыңыз «Ақ бантигіңізді» сағынады, өрік ағашын көре қалса, оның түбінде Қарекеңнің Табиғасының ақ бантигі жоқ па екен деп, қарайлап қоятыны бар. Қыз сезіміне анау айтқандай тереңдей алмай, аузын аңқайтып жүре беретін Ерболдарға езу тартары тағы рас.
«Қашқын» деген повесіңіздің сюжеті қай оқырманға да таныс-бейтаныс; бірақ Сіз таптаурындау көрінер тақырыптың өзінен талай-талай жаңа қырлар ашасыз. Әлем жүзіндей әр ұлттың бар баласына ортақ қасиеттермен қатар тек қазақтың қарадомалағына ғана тән қылықтар мен мінез-құлықтарды қалай ғана дәл тауып ала қоясыз, Қареке. Өйтпесеңіз, Қаруылбек боласыз ба, Қазиев болып қаласыз ба?! Деп таңданамыз-ау. Қалмаш деген қазақ баласы - өзге еш кейіпкеріқайталамайтын «қашқын». Қалмаштың апайы Катира Хамитовна да, көкесі Дәлетияр да есте ерекше қалады. Кербұлақ маңындағы мейірбан шал Бүрлібекті де, Кербұлақтай танып тұрған тазалықтың табиғатын да, қайырымдылық дейтін қасиетті де қалайынша қалықтата қанат қақтырасыз; кісінің жақсылығын, жетістігін көра алмайтын күншілікті қалай-қалай кеулей қазып көрсетесіз, Қареке?!
«Үркердегі» Әскер, Нәзікен, Зелім – қазақ оқырмандарының сүйікті кейіпкерлеріне ғана емес, өздеріне де әлдеқашан айналып кеткен жастар; әдебиетшілеп айтсақ, характерлер. Сол сияқты «Біз абитуриент едік» Қаржау, Әлдихан, Мақпал; «Олар екеу, мен жалғыз» повесіндегі Гүлзат, Қайрош, Тұнық, «мазасыз аңсаулар», «пәк әлемнің әсері», «ақ шуақ», «түсініксіз тәттілік», «бозбалаға ғана тән жан тебіренісі», тағы да Кербұлақ кереметтері, «сорғалаған бозторғай шырылы», «жылы жаңбырдай себелеген нұр», «жалғыз демі», тағысын-тағылар арқылы рухани мөлдірліктің бастауларына талпындыра түсесіз.
Қареке, осы «Біз абитуриент едік» атт повесіңіздегі оқиғаларды өз басыңыздан кешкенсіз-ау деп, кейбір оқырманшалап қызықсақ, айып етпегейсіз. Ақшасын «ышқырына тіктірген» Әлдихан екеуіңіздің Мақпалға ғашық болғандарыңыз-ай! Дүниеде абитуриент махаббатына махаббат жетпейді ғой, Қареке, солай емес пе? Мақпал қыздың купедегі бейнесі екеуіңізді де өзгертті де жіберді... Жанның тазаруы, ғажайып шапағатқа бөлену, жүректегі бұлқыныстар, бүкіл болмыстан жаңару, ғашық жан үшін бәріне де, тіпті адалға да даярлық – бәрі-бәрі Қареке, қаламыңыздан қалай құйылады, ә?!
Сонымен, Қаржау – Қарауылбек те, басқа абитуриенттер де әділетсіздікке тап болды. Енді ышқырға ақша тігіп, Алматыға бара жатқан жоқсыздар, оқудан құлап, өздеріңіз де, сезімдеріңіз де санаулы ғана күнде есейіп, өзгеріп, қайтып келе жатырсыздар. Пойыз жүткіп келеді. Сіз Мақпалдың көзінен, маңдайынан сүйдіңіз. Мақпал ешқандай қарсылық білдірген жоқ. (Сіз қандай қызды сүйсеңіз дағы қарсылық білдірмеуші еді ғой, Қареке); Мақпал қолыңызды алды да, тартпаның тартпаның үстіндегі жастығына қойвп, бетіне басып жатты. «Әбден талықсыды білем, аздан кейін көзі де ілінді».
«Жазушы мен журналист көбіне жүректен кетеді. Өз басының қасіреті ғана болса, шыдар еді-ау, әділетсіздік әлі де әкіреңдеп тұрса, шындық салтанат құра алмай шырылдап жүрсе, осының бәрін басқалардан бұрын сезінетін қалам қайраткерлерінің жүрегіне зіл-батпан жүк арылады», - дейді Шерхан Мұртаза. Сіз де, Қареке, сол зіл баспан, зілмауыр, зарарлы зарат зәліттес бәлелерден безіп, запыланып, зираттан бірақ шықтыңыз ғой. Жұмбақ өлімізден әлдеқайда бұрын жандарын жауыздық жайлап алғандар жүрегіңізге жуалдыз сұғып, зәндемдейін зәрледі-ау, қайран Қареке...
Қиналмаңыз, Қареке. Қарауытып, қабармаңыз; кәдуілгі күлкіңізбен көмкеріліп жүре беріңіз. Сіз өз парызыңызды адал өтеген, әдебиетті ар-ұят ісі деп біліп, көркемдікті көздің қарашығындай күзетіп өткен көргендінің бірі едіңіз. Сіздің лиризмге толы, сарказмға да суарылған дүниелеріңіздің дабысы, интонациясы ұрпақтар құлағында, Қареке. «Жеткіншектерден ұрпақтар құралады» дегенді Достоевский бекер айтпаған шығар. Сіздің жеткіншек кейіпкерлеріңіз бен оқырмандарыңыздан құралған ұрпақтар ұят-аятты апатқа апармас. Неғыпты сонша?! Ұрпақтардың бірлігі мен сабақтастығын сақтап қалатын да Сіздер және Сіздер жаратқан көркем туындылар шығар.
Қареке, Сіздің «Ақ бантигіңіз», «Үркеріңіз», «Иманжапырағыңыз», «Ақ шуағыңыз» ұрпақтармен бірге жаңа жүзжылдыққа, екінші мыңжылдыққа аяқ басқалы тұр.
Алпысыңыз құтты болсын, ақ шуақты нұрдан жаратылған қасиетті қалам иесі!
Мархабат Байғұт
АҒАМА ХАТ
Құрметті Қарауылбек аға!
Сізге бұл хатты жазу үш ұйықтасам да түсіме енбеген нәрсе еді. Бірақ, өзіме лайық ызадан, өкініштен, жолымның болмаушылығынан қатты толқуым себепті Сізге өз жайымнан біраз хабар берсем деп ойладым. Бұл ниетім өзімді айнала талаған өсектен қорғау, я болмаса өзімді ақтау емес. Дегенмен осыдан маған келер-кетер ештеме де жоқ шығар, сізге де пайдасы жоқтығы мәлім. Тек қана өтінерім: осы жолдарды толық оқып шықсаңыз. Осынау жарқын да, тоқшылық заманда жоқтан өзгені айтып, тағдырға кінә артып зарлана беру – барып тұрған әлсіздік және арамызда айтуға да тұрмайтын адамдардың өмір кешетініне, солардың сөзінен, арызынан «Сырдың теріс ағып» кете жаздайтынына қатты күйінгендігімнен осылайша Сіздің уакытыңызға қиянат жасағаным үшін үлкен кешірім өтінемін. Менің ойыма Сағдидің:
Мылжыңдарға назаыңды жорта бер,
Бірақ, оның ықпалынан қорқа гөр...
Немесе:
Бала ойынын санай көрме жеңілге,
Күшті жауың ойнап құртар сені де...
деген өлең жолдары түсіп отыр.
Енді Сізге өз басымнан өткен азды-көпті қиыншылық дейтінімді айтып көрсем деймін:
Мен ес білмеген шағымда анамнан қалып, әке бауырында, өгейдің зәрлі жанарының нысанасында тақырға біткен бір тал шөп тәрізді өстім. Сол өгейліктен көрмегенді көрдім. Жас кезім есіме түссе – айдалаға апарып тастаған мысықтың баласы көз алдыма келеді. Ана сүтінің орнына өксік өскен менің санама анаға деген титтей де махаббат тамшысы жоқ. Бұл – мен үшін өмірлік жаза.
Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір, творчествода биіктік тілеймін. Сіздің бірсыпыра шығармаларыңыз украин тіліне аударылғанын да білемін. Сыртыңыздан үлкен қуаныш етемін. Өйткені Сіз әзірге біздің облысымыздасыз ғой.
Әбілда Аймақ
Ақ бантикті қыздар, күрсінгіш ұяң жігіттер
...Жастар әңгімелерінің ішінде Қарауылбектің «Ақ бантигінің» орны бөлек. Мөп-мөлтек әңгіме, қандай әдемі сезім. Ақ көбелек, ақ бәйшешек қырдан асып шапқылап келе жатқан. Екі санын шапаалақтап жүрген Қайыржанның балалық мұңы, мөлдір, сезімі. Сен де сонау бала күніңді еске алсаң қимайсың. Рахат сезімге бойлап, рахат тербелесің. Сонау күндердің алаңғасар, бейкүнә ерсілігін есіңе түсіріп, өз-өзіңнен тұтанасың, бұл рахат ұялу. Бейқам балалықты қимау. «Олар екеу, мен жалғыз» әңгімесін оқығанда кеудеңнің тұсы еріксіз сыздап, қырдан қызғалтақ терге, имек айдың ұшына жармасып, кең дүниені кезіп кеткің келген кездердің көз алдыңа сағымша ойнайды. «Біз абитуриент едік» әңгімесіндегі институтқа емтихан тапсыра алмаса да, адамгершілік ар-ұяттың алдында кіршіксіз күйінде қалған Қаржаудың түбі асыл азамат болатынына сенесің. Оның кітап кейіпкері екенін ұмытып кетіп, тілеуін тілейсің. Қазиев қырдың кереметін суреттегенде бояуды көп түсті етіп келістіре жүргізеді. Тілінің өрнегі де нақты, езбе емес...
Сейдахмет Бердіқұлов
Қаламгердің шығармалары жайлы мақалалар.
...Қарауылбек Қазиев те әдеби қауым назарын биязы үнімен, нәзік лиризмімен аударған болатын. Әңгімелері мен повестерінде автор есейген жазу мәнерін, осы заманғы көркем ойлау машығын игеріп келе жатқаны байқалады. Сөзден фомалистік трюк жасау, әдейі оригиналдық үшін стилистиканың заңдарын орынды-орынсыз бұзу оған атымен жат. Оның қолынан шыққан дүниелер де қарапайым, бірақ ықыласпен жасалынған жақсы прозаның нышандары бар. Ол «Қашқын» повесін былай бастайды: «Осы сандар бірі мен бірі қол ұстатып, бірінің иығына бірі шыққалы Қалмаш түсінуден қалды. Кәдімгі кітап оқып хат жазатын көнбіс әріптер қайсы бір цифрларға ілесіп алып, әл бермей, алшаңдайтын болды». Мұндағы бала ойы, өзіне тән астасуы, қызық логикасы бірден назар аударады. Әрі бірден бүкіл повестің атмосферасына енгізіп жібереді. «Ә дегенде үйренген «а» әрпінің өзі бұлдырықтың баласындай бір жақшаның ішіне жасырынып ап: «Мен неге теңмін?» дейтінді шығарды. Иксті қойшы, оған әйтеуір көз қаныға бастады ғой. Ал күнделікті жазу дәптерінен шықпайтын «а» мен «в-ға» жол болсын. Құжынаған цифр жетпегендей өңшең сандардың ішіне кірісті де кетті». Осы кішкентай үзіндіден баланың болмысына есік ашылады. Математика сабағында отырған Қалмаштың ой-өрісі сезіледі. Сөз жоқ, бала «дәптерден» шықпайтын «а» мен «в»,, «бұлдырықтың баласындай «а» арқылы предметті ойлайды. Әлі математика есебін шешетін абстрактылы ойлауға жете қойған жоқ. Осы қалыпты лирикалық-романтикалық стиль дұрыс аңдаған. Автор айту мәнері арқылы образды, оның сабақ арқылы дүниеге қарым-қатынасын «субьективтендіреді». Өмір шындығы бала жанының түкпірінде қорытылып, қайтадан жаңғыра «жасалып» шығады. «Иксті қойшы, оған әйтеуір көз қаныға бастады ғой» деген фраза Қалмаштың сабақта лажсыз отырғанын, еркіне салса шыға қашатынын аңғарады. Неге? Бүкіл повестің кілті осы арада жатыр.
Шығарманың «Қашқын» аталуы да тегін емес. Қалмаштың өз романтикасы, өз аңсары бар. Робинзон Крузо, бейтаныс теңіз, асау толқыны дөңбекшіген мұхит, ит тұмсығы батпайтын тоғайы бар арал жатса-тұрса оның есінен кетпейді. Сол «аралға» жүзіп бару үшін талай рет кішкене кеме де жатады. Талай рет түс те көрді. Жаңа құрылықтар, беймәлім елдер үнемі қызықтырады. Бірақ оны ата-анасы, мұғалімдер жете түсіне қоймайды. Балаң қиялға дөрекі қолмен өзгеріс енгізбек болады. Оған шыдамаған Қалмаштың таудағы атасына қашуы әбден заңды. Ұлы Отан соғысы жылдары Әуе – Теңіз Флотында теңізші боп шайқасқан Бүрлібек бала жанына осы теңіз романтикасын алғаш рет егіпті. Автор кішкене баланы осы сәл-пәл ерсілеу, бірақ нанымды іс-әрекет арқылы үлкендер дүниесіне орынды ескерту жасайды. Дегенмен Қалмаш реалді өмірден қол үзіп, детективті шығармадағыдай теңіз асып кете алмады. Ол шынайы өмірмен бетпе-бет кездесті. Бүкіл балаң қиялына қанат берген сырқат атасының таусылуға жақын тірлігінің үстінен шықты. Бұл арадаҚалмаштың мектептен қашуына бірден бір себеп математика мұғалімі Қатираның бала жанының пернесін аңдамайтын доғалдығында жатыр. Ол «Әкеңді ертіп келмейінше, мен сені ешбір сабаққа жібермеймін», - деді. Ал, әкесі барып тұрған тоғышар. Оған айтса соққы үстіне соққы тиеді. Оның үстіне жаңа оқу программасының практикаға сай, сәйкес еместігінің салдары және бар. Міне, осы қоршау баланың тосын әрекетінің түпкі себептері.
Бекділда Алдамжаров
Жаны да, шығармасы да кәусар бұлақтай.
- Қарауылбек қазақ әдебиетінің қарауылы сияқты болады да тұрады! – деді Жұмамұрат Тұяқбаев. Бұл 1999 жылдың мамыр айының 21-жұлдызы болатын. Жұмамұрат ағаның жеке басын қатты құрметтейтін едім.
- Сен Қарауылбек туралы эссе жазып, алып келші! – деді Жұмекең. «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы Жұмамұрат Тұяқбаев өз ортасында беделді адам еді. Шұға барып Қарауылбек Қазиевтің 60 жылдық мерейтойын өткізіп келген бетіміз еді.
- Бес алты ақын-жазушы бірге барды. Солардың бірі неге жазбайды! – дедім мен. Ұялып кеттім.
- Әй, інім-ай. Жаны ашитын жан ғана жаза алады. Адам деген пәндә. Өздерін «жоғары» ұстайды. Бар...Бар...эссе жазып әкел. Не көрдің соны жаз! – деді Жұмамұрат Тұяқбаев.
Түнде отырып Шуға барған сараптаманы тізіп жаза бастадым. Күйші Әбдімомын Желдібаев Қарауылбекке арнап «Бозжігіт» деген күйін шертті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиев, Шешенстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты ақын Рафаэль Ниязбеков, Қоғабай Сәрсекеев, Аян Нысаналин, Сұлтан Қалиев сияқты Алматыдан ақын-жазушылар, ғалымдар келіпті.
- Жазушы Қарауылбек Қазиев қазақ әдебиетіне алпйсыншы жылдары келіп қосылған ұрпақтың ең жасы еді. Ол – туа біткен дарын иесі. Бойына ана сүтімен дарыған. «Ақ бантик» деген әңгімесін есімнен шығара алмадым. Көз алдымнан кітаптағы бейтаныс қыз кетпей-ақ қойды. Сол қыз осы Шуда өскен бе екен деп ойлаймын. Жүзін бір көргім келеді де тұрады. Қарауылбектен сұрайын десем, ол бұдан он бес жыл бұрын өмірден өтіп кетті. Сері жігіт болатын, - деді Рымғали Нұрғалиев.
- Қарауылбек адам жанын өте әсем көркемдейді. Табиғат сұлулығын адам бойынан іздейді. Өте сезімтал жазушы. «Кемпірқосақты» қалай жазған десеңші. Бір сөйлемін ауыстыруға болмайды! – деді профессор Керімбек Сыздықов. Түрлі әңгімелер. Сағынышпен Қарауылбекті еске түсіреді. Ал жазушының өзі жоқ. Бұл жүректі сыздатады екен...
- «Шудан шыққан шұғыла!» деген эссе жазып газет редакторы Тұяқбаевтың алдына кірдім. Жазғанымды оқып шықты. Көңілденді.
- Қарауылбек сері еді. Әрі сұлу жігіт болатын. Жазған әңгімелері де өзі сияқты! – деп Жұмамұрат ағай күлді. Түсі суық адам. Күлгенде нұрланып кетеді.
- Жалпы Қарауылбек туралы естеліктерді бұдан бұлай арнайы бет арқылы жариялатып тұрғым келеді. Орны бөлек жазушы ғой! – деді редактор. Жауапты хатшы Нұрлан Кенжеғұловты шақырды.
- Мына мақала осы санға барады. Өзің оқып шық! –деді Нұрлан шығып кетті. Жұмекең маған қарады.
- Қарауылбек кітаптарын тегіс оқып шықтың ба? – деді ол.
- Иә, «Үркер», «Ақ бантик», «иманжапырақ» атты кітаптарын оқыдым! – дедім мен.
- Мен «Иманжапырақ» атты кітабын оқыдым. Басқаларын оқуға уақыт болмады. Осы газет деген адамды жеп қояды. Жазушы болу үшін қол бостау болғаны керек сияқты. Әңгіме көңілден барып туады. Қарауылбек еркіндікті аңсаған жезкиік сияқты! – деді Жұмамұрат ағай...
Қарауылбек Қазиев ірі жазушы болатын. Әбжапар Жылқышиев, Омарбай Малқаров, Нәмет Сүлейменов сияқты ағаларды қатты құрмет тұтты. Бір ерекшелігі, өзгенің жазғанына қатты қуанушы еді. Төрехан Рәмбердиевтің ж.Шанин атындағы драма театрының әртісі Өтеулі Тастанбеков туралы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жарық көрген «Қарагердің қанаты» атты очеркін бізге көрсетіп, оның әсерлі жазғанына қуанғаны есімнен кетпейді.
- Өзіңді мақтама. Өзгеге қуан! – деген оның сөздері ойымда қалыпты.
Әуез Бейсебаев, Төрегелді Байтасов үшеуміз Қарауылбек ағаны іздеп бардық. Шуылдап қолын алып сәлемдестік.
- Маған келдіңдер ме? – деді ол. Күлімсіреп қарап отырды.
- Сізге! – деді Әуез Бейсебаев.
- Маған келсеңдер қаламақы жоқ! – деді ол.
Біз үндемедік. Ұнжырғамыз түсіп кетті.
- Қаламақыға келдік! – деді Төрегелді.
- Онда ақша бар! – деді Қалекең.
- Екеумізге де келдік! – дедім мен.
Қарауылбек ағай жан қалтасынан ақша алып әр қайсымызға отыз сомнан берді.
- Мен бүгін Алматыға жолға шығамын. Кейін келе жатарсыңдар! – деді ол.
Қарауылбекағаның бір ерекшелігі ол жақсы өлең жазатын, әсерлі әңгімелері жарық көрген ақын-жазушы жастарды маңайына жақын тартып, қолынан келгенше көмегін аямайтын еді. Облыстық радиодан әуездің, Төрегелдінің,Қасымханның жазған әсерлі шығармаларын жариялатып тұрды.
- Қолдан келгенше жаза беріңдер. Талант деген сөз еңбектен шығады. Марат Қабанбаев сияқты мықты жазушы боласыңдар! – деп ол кісі бізге рух беруші еді.
- Әуез, сен Алматыға бар. «лениншіл жас» газетінде жұмыс жасадың енді. «Қазақ әдебиеті» газетіне орналасқаның дұрыс! – деп Қарауылбек аға журналист Әуез Бейсебаевқа жол сілтеді. Әуез сол кездері жұмыста жолы болмай, Шымкент қаласында тұрып жатқан еді. Әуез ақын болатын. Қарауылбек аға оның топтама өлеңдерін облыстық радиодан бергізді. Қаламақысын мол етіп қойғызды. Әуезді Алматыға өзі поезға билеп алып, шығарып салған болатын. Төрегелді екеуміз соның куәсі едік. Әуез көңілі босап, көзіне жас алды.
- Көз жасыңды көрсетпе! Сен жігітсің! – деп Қарауылбек аға оған ұрсып тастады...
Біз білетін Қарауылбек 45 жастағы жас жігіт болатын. Көз алдымызда жазушының сол бейнесі ғана қалыпты. Ол тірі сияқты. «Ақ бантик» әңгімесіндегі әдемі қызды іздеп, ауылына қарай сапарға аттанып кеткен тәрізді. Болмаса, Жайсаң тауына шығып кетті ме?
Ой, жігіттер! Төрлетіңдер. Сендер маған сәлем бере келдіңдер ме? Әлде қаламақы ма? – деген даусы саңқылдап шығып, естіліп тұрғандай болады...
Серік Жанәбіл
Сырлы дүние сыңғыры
Әдетте өмірден ерте кеткен талантты жандарды аққан жұлдызға теңеп жатады. Ал өз басым сөз еткелі отырған жазушы, марқұм Қарауылбек Қазиевтің шығармаларын мөлдіреп тұрған таңғы шыққан теңер едім. «Үп» еткен самал соқса болғаны, таңғы шық шыныдай мөлдіреп тұрған мөлдірлігін жоғалтып алады емес пе? Ал жазушының шығармаларын оқи бастағаннан-ақ іштей сол бір шыныдай мөлдіреген дүние бұзылып кетпесе екен деп мың мәрте тілеп отырасыз. Сондықтан да болар, оның қайсыбір шығармасын болмасын шөліркеген жандай қайта-қайта оқығыңыз келе береді. Рас, қаламгерлердің алғашқы шығармаларын мектеп қабырғасында жүргенде оқыдық.
Бірақ жазушы творчествасының ерекшелігін де сол деп айту керек, арада қаншама жылдар жылжып өтсе де Қ. Қазиев қолынан туындаған әңгіме, повестерде қайта айналып оқи бергіңіз келеді. Өйткені, оның шығармаларында оқырманын шақырып тұратын сиқырлы күш бар. Мысалы, «Иманжапырақ» повесіндегі мынадай бір үзіндіні оқып көрелікші: «Су түбінде пырдай жанған жұлдыздардың жаны бар секілді. Жағадағы кесекті құлатып жіберсең, жыбырлай оянып, бір-біріне бүйірлерін беріп, қайта тыныстайды. Ешкіммен ұрыс-керісі жоқ, сәби мінезді пәк нәресте, бауырын салқынға төсеп жатқанына қуанышты.
Ағынды майыстырып, мазаламасаң болғаны...» Міне, жазушы қаламынан туындап, көз алдыңызға сырлы сурет әкелетін жанды пейзаж деп осыны айтса керек.
Жалпы, шығарма жазуда пайдаланатын нәзіктік, дүниенің жүрек қытықтар сезімге толы сәттері, көңіл тоймайтын сұлулық, бейкүнә сәбидей пәктікке құштарлық секілді белгілерді жазушы Қ.Қазиев ой көзімен жеті рет өлшеп барып, содан кейін ғана бір-ақ мәрте кеседі. Осының әсері болар, жазушының қайсыбір әңгімелерін, қайсыбір повестерін алмаңыз, қай жағынан болмасын қайнауы жетіп туындағанына куә боласыз. Сонысымен де оның шығармалары оқыған жанды өзіне мәңгілік оқырман етіп, шын мәніндегі әдебиет әлемінің осы екендігін мойындатып, табындырып кетеді. Әдетте біз «Әдебиет – ардың ісі» деп айтамыз да, бірақ кейде іс жүзінде сол сөзіміз бен ісіміз қабыспай жатады. Ал Қ.Қазиевтің бойына туа бітті қалыптасқан ерекшелігі сол, ол - әдебиетті киелі ұғым ретінде түсінген жандардың қатарына жатады. Рас, оның қолынан бар-жоғы бес повесть, бірнеше әңгімелер туындады. Жазушының бергенінен берері мол жасына.
Мұхтар Анарбеков
Жауқазын
Ақикөз қыстың аспандағы айқай-сүреңі аяқталып, көкөзек өтісімен жер аяғы шешіледі. Сіреу қар кетіп, күн шуақ жеген беткейлерде бәйшешек пырдай болып, ақсарыгүл ашады.Сай-саладан су сарқырап, жас қыран кең қанат жаяды.Көктем исі бұрқырап , көктен рахман нұры шашылыпкеле жатады. Біраздан кейін көк нәрі жер құтынан қақи қөтеріліп, қып-қызыл қызғалдақ теңізі тербеледі толқын-толқын болып. Сондай кездерде адам жастығы мен табиғаттың тұмса шағы ғажап үйлесім мен үндестікке толып сазды да назды дүние кеудесі сиқыр сәулеге тұнып, күмбір-күмбір күй шертіп тұрады екен-ау. Сол бір сәттерде мен (жалғыз мен емес-ау) Қарауылбекті сағынып еске аламын. Көз алдыма күннің ыстық табымен өртеніп кеткен жауқазын ғұмыры келеді.
Несін айтасың, олда күні кеше Шу бойында желмен жарысып, шандағына аунап, қайсарлыққа біткен қою шашы тікірейіп, күн астында тотығып, мектепке барды. Бір жарым жаста әкесін майданға шығарып салып, одан кейін көрмеген Қазидың қаршадай ат ұстары қамкөңіл болып өсті. Ұстаздарынан дәріс алып, арман қуып Алматыға аттанды. Жасөспірім елгезек жанның тамырын, бүйрегі мен жүрегінің бүлкілін тап басып, алғашқы әңгімелерін жазды.
Қазақ көркем ойында жұмыр басты пенденің аса күрделі жан- дүниесінің сұңғылалықпен бейнелеген шоқтықты шығармалар, шүкіршілік , аз емес. Алайда, Қ.Қазиев пен Е. Ахметовтың «Ақбантигі» жапа-тармағай жарыса шыққанда зиялы қауым бір елеңдеп қалғаны әдеби оқиқаға ұласты.
Содан бері түрлі-түрлі (әсіресе «Жалын» баспасының жылма-жылғы байқауында) бәйгелерде топ жарып, «Бәйшешекті жыл», «Саумал шақ», «Иманжапырақ» хикаяттары дүниеге келді. Жас кейіпкерді дәл осылай рухи өмірін тереңнен қопарып қаза суреттеу болған шығар, бірақ, ол нәзік лиризммен ұштасқанда , көркемдік құбылысқа айналып, ешкімді де бей-жай қалдырмайтырын ерекше атап айту парыз. «Ол, екеу, мен жалғыз » тәмсіл болып бүкіл бір ұрпақтың махаббат жырындай естіледі. Тағы басқа көп туындыда Қарауылбек Қазиев сыршыл суреткер екенін танытып, оқырман алдынан ой мен сезім кеңістігін ашады. Оның анасы Ермек пен менің анам Шәрім Шымкент шаһарында бір үйде тұрып, тату-тәтті абысындай тіршілік толқындарын бір кешіп жатты. Қ.Қазиевтің шаңырағы шынында да мәдени орталық еді. Мәскеу, Алматы мен Тараздан келгендер үлкен қонақжайлыққа риясыз риза болып аттанып жатқанына талай куә болдым. Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Асқар Сүлейменов ары –бері өткенде Қарауылбектің отбасына ат басын бұрмай кетпейтін .Замандастары Қуаныш Төлемет пен ақын Сатыбалды Дулати бұл достық дастарқаннан дәм-тұз татып, хас өнерге кең өріс ашқан жандар. Тәуба! «Әкең өлсе де, оның көзін көгендер өлмесін» деген осы.
Қазір қырық жас әдебиетші үшін онша егде жас емес.Қарауылбек көбінесе кіші бола тұрып , өз әріптестерінің ортасында жүріп, көптеген игі бастаманың ұйытқысы болғаны бар. Бұл өңірдегі Омарбай Мақаров , Әбіш Байтанаев, Нармахан Бегалиев, Нәсіреддин Сералиев, Әсілхан Оспанұлы соны сезіп, оны рухы жансерік етіп, талай таяныш –тірек тапты.Зәуде бір қаламгерлер құрылтайында сағынысып ұшыраса қалған үзілістерде төңірегіне әр тараптан келген дарындар шоғырын үйіріп алтын қасиеті алабөтен еді. Елімізде болып жатқан ірілі ұсақты оқиғалар оны айрықша елеңдететін . Қарауылбек сөйтіп өлкенің қоғамдық -әлеуметтік өміріне қызу араласа жүріп, қаламын қолына қашан алады деп ойлайтын едім. Таң шығындай мөлдір шығармаларын оқығанда , олардың кіршіксіз таза жанның жүрегінен жарып шыққанына еш күмән келтірмей, кім болса да қазақ даласы мен тауларының кең тынысын сезіп, бір қызық дәурен кешетін. Бай мазмұн мен ұлттық бояу-нақыш осындай-ақ болар.
Аян