Әмзе Қалмырзаұлы

Шығармашылығы


Қарлығаш. Өлеңдер. «Жалын», 1983; Арыңды жасыңнан сақта. Әңгімелер. А., «Жалын», 1984; Бастау. Триптих, поэмалар. А., «Жалын», 1988; Наурыз жырлары. Ән-өлеңдер, ұжымдық жинақ. А., «Жазушы», 1990; Мен сені көргелі. Әңгімелері. А., «Рауан», 1991; Арман қуып адассам, кешір мені… Өлеңдер, поэмалар, А., «Рауан», 1991; Адуын ағыстар. Өлеңдер, поэмалар. Ш., «Қасиет», 1992; Ойдың күші. Әдеби толғаныстар. Ш., «Қасиет», 1993; Ауыс адам жасырған құпия. Философиялық әңгімелер. Ш., «Қасиет», 1994. Тайна чокнутого. Рассказы. Ш., «Қасиет». 1995; Эхо Казыгурта. Коллективный сборник. Ш., «Қасиет», 1995; «Көз аясындағы дүние», Будапешт қаласынан, «Түркістан» әңгімелер жинағы. Ш., «Қасиет»; Аспан мен Даланың төрт ұмытылған тарихы. М., 2001; Шыңғыс ханның шындығы – қазаққа жасырылған құпия. 2003; Ұлы жосық. 2003; Алтын төркін. 2004; Ой гладиаторы. 2004; Түркі теберігі – Түркістан. 2008; Сопылық сарыны. 2009.
Оның «Күн саңы», «Арман қуып адассам, кешір мені…», «Адуын ағыстар», «Құбылыс», атты жеке жыр жинақтары, «Мен сені көргелі», «Кереметнама», «Он екі таным», «Туысқан», «Теберік дүние», «Ойдың күші», т.б., сондай-ақ 1999 жылы «Өмірдің он сегіз жылы» айдарына топтастырылған үш томдығы ( «Алшы», «Көз аясындағы әлем», «Қалтарыстағы қазына» ) Алматыдан, 2001 жылы «Аспан мен Даланың төрт ұмытылған тарихы» атты тарихы-философиялық жанрдағы кітабы Мәскеуден жарыққа шықты. 2003 жылы «Шыңғыс ханның шындығы – қазаққа жасырылған құпия» атты монографиясы роман-газет болып оқырмандарға жол тартты.
«Құбылыс», «Кереметнама», «Он екі таным», «Туысқан», «Теберік дүние», «Аспан мен Даланың төрт ұмытылған тарихы» атты кітаптары, ІІІ томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Туындылары республикалық мерзімдік баспасөзде 1980 жылдан жарияланып келеді. «Даналық сүрлеуі», «Жақсы сөз», «Денсаулықнама», «Пайғамбарлар ұлағаты», «Жаны жайсаң Жандарбек» сияқты оннан аса танымдық, публицистикалық кітаптар мен кітапшалар шығарған.





ГҮЛДЕСТЕ

Ә.Молдағұловаға

Бетке алып жылы аймағын
Қиқулап құстар кетті ұшып,
Мен болсам сізді ойладым,
Өзекке алау, от түсіп....
Қоштасты шопан жайлаумен,
Жанарын алды күн бүркеп.
Мен болсам сізді ойлаумен,
Ақ әлем – қарда жүрдім көп...
Көктемнің жұтып қаймағын,
Көлімен құстар қауышты.
Ойладым, сізді ойладым,
Арманым дертке ауысты.
Көз жұмбай ұзақ таңдарда,
Қиялдың міндім пырағын.
Адасқан жандай орманда,
Алқындым, тұрдым,құладым...
Жатқан бір жандай сал байлап,
Салдырап, талды білегім.
Санамда дауыл салды ойнақ,
Дүрсілдеп соқты жүрегім.
Жыр арнау сізді асылға ең,
Қиыны екен қиынның.
Албырт та алау басыммен,
Дәрменсіздігіме күйіндім.
Жүргенде солай,тер қысып,
Жабырқай қарап жалғанға,
Періште шабыт келді ұшып,
Көп қарай көзім талғанда.