Лебіз
Жалпы Көктәндінің қаламы қуатты екенін мойындауымыз керек. Шеберлік десе де артықтығы жоқ, автор қазақ даласына қатысты аңыздарды жаңғырта отырып, оларды әлемдік тарих шежірелеріне ұластырып, жалғастырып, жымдастырып, қамшыдай етіп өріп жібереді. Айтпақшы, шежіре демекші, қазақы шежіренің сыр шертетін, қалың, нөпір ой орманында адаса бастаған оқырманға көмекке келіп, бағыт-бағдар беретін тұстары да жиі кездеседі.
Ақын болғандықтан ба, әлде арғы-бергі дүниені тереңдете зерттеп, табиғатқа етене жақындағандықтан ба, бәлкім, тарих атаның қыр-сырын тереңінен түсінгендіктен шығар, автордың қиялы қанатты, жүйрік, ұшқыр. Алайда қиял мен шабыт қанатында өзін-өзі қызықтап ұша бермейді. Ой-қиялы тарихи нысандарға, деректерге жиі ат шалдырып, аңыз бен анық-қанық оқиғаларды, естеліктер мен болжамдарды, бейнелеп айтқанда сан бояулы түрлі-түрлі жіптерді жүйелеп әкеліп, кілем тоқығандай етіп, бұрын көрмеген, кездестірмеген көріністерді көз алдыңа жайып салады. Және бір атап өтерлігі: кез келген баяндау, тұжырымдау, түйіндеулердің қазығы қазақ даласындағы бір тарихи нысанда қағылады. Әмзе бауырымыз балаң жігіт шағынан бастап өлке тарихына ден қойды. Әулиелі, киелі жерлерді армансыз аралап, көптеген кітапшалар, кітаптар жазды. Екі томдықтағы алғы сөздер мен бастау-түсініктердің өзі бір кітапқа пара-пар. Жай ғана кітап мазмұнын қарап шығудың өзі санаға салмақ түсіреді.
Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ