Шығармашылығы
ҒАЖАЙЫП ҚИЯЛ ҚАНАТЫНДА НЕМЕСЕ ЖЮЛЬ ВЕРНІ
№29 В.И.Ленин атындағы мектеп интернатында оқыған қызықты жылдары қалай ұмытылар! Жалпы сол кездің өзінде-ақ Сарманбайды адам ақылына сыя бермейтін қияли құбылыстар еліктіріп, жұмбақ ойлардың шешімі айрықша құлшындырып тұратын. Соның нәтижесінде құдіреті күшті Алла –тағаланың жаратқан он сегіз мың ғаламының беймәлім жұмбақтарын зерттеуге, көңілінде жүрген сан алуан сұрақтарына жауап табу жолындағы ізденістері басталды. Осыған орай, жас жігіттің қалыптасуына, өмірдің сырын ұға түсуіне 1970 жылы азаттық борышын орындауға шақырылып, Владивосток қаласында үш жыл бойы әскери-теңіз флотында қызмет етуінің де әсері аз болған жоқ. Сол кездері ең күшті БПК «Стерегущий» атты сүңгуір кемесімен Тынық мұхитты кезіп экваторды бірнеше рет ары бері кесіп те өткен. Әскерде коммунистік партия қатарына қабылданып,елге зор абыроймен оралған.
Елге келген соң Сарманбай облыстық «Оңтүстік Қазақстан» және аудандық «Комунизм таңы» газеттерінің жұмысына белсене қатысып тұрды. Қара тушпен қолдан табиғат көріністерін, еңбек ардагерлерінің суреттерін салып беретін. Алғашқы мақалалары мен әңгімелері де осы баспа беттерінде жарияланды. Мұның бәрі оның ерекше шабыттандыратын. Жиырма бес жасында Шымкенттегі совхоз техникумды бітіріп, Бөген аудандық» Коммунизм таңы» газетіне қызметке орналасады. Жеті жыл өткен соң Төрткүл орта мектебіне мұғалім болып ауысады. Одан «Көкарал» совхозында агроном болып істейді. Жасы 35- тен асқанда Алматы ауыл шаруашылығы институтын тамамдап, Шымкент қаласындағы Абай ауданына қарасты «XXI партсьезд» совхозында агроном болып қызмет атқарады.
Қашанда іскерлік қабілетімен, жоғары жауапкершілігімен көзге түскен Сарманбайды 45 жасында Бозарық ауылының әкімі етіп тағайындайды. Дәл осы жылдары әр салаға тиісті монополистермен тіл табысып, Бозарық Қайтпас-1, Қайтпас -2 елді мекендерін көгілдір отынмен және электр қуатымен толық жабдықтауға белсене атсалысқан. Нәтижелі жұмыстың қортындысын сол кездегі облыс әкімі З.Тұрысбеков ел Президентінің алдында берген есебінде үлкен мақтанышпен баяндап өтті. 2015 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Сарманбай Ережепұлы Шымкент қаласы әкімшілігінде абыройлы қызметтер атқарды. Міне Сәкең шаруашылық және мемлекеттік қызметтерде жүрсе де жас кезінде көңілді билеген арманынан бір сәтке де қол үзбеді. Уақыт тауып, ғажайып қиял қанатында қалықтаудан бір шаршаған жоқ.
Әсіресе, «Қызыл сәуле» атты тырнақалды фантастикалық әңгімесі жарық көргенде аяғы аяғына тимей ұшып жүрген кезі қалай ұмытылар!
Бүгінде сол әңгіменің жарияланғанына да жарты ғасырға жуықтапты. Онда жас автордың айтар ойы отбасы, ошақ қасы әңгімесінің төңірегеінде қалмай, жаппай қарусыздану идеясын көтереді. Бүгінде адамзат қолында бүкіл жер бетіндегі тіршілікті бірнеше мәрте жойып жіберуге жетерлік атом, сутегі бомбаларының қоры бар. Міне, сол қорды бір жолата жоқ етіп,бейтараптандыру үшін шығарма кейіпкері жасанды. Тәсілмен зертханада «қызыл сәуле» атты элемент ойлап табады. Сөйтіп ғарыштан арнайы аппараттар көмегімен жою тәсілі баяндалады. «Қырғи қабақ соғыстың» күшейіп, қаһарынан қан тамған Кеңес Одағының кезінде осындай идея көтеру шынында үлкен батылдықты талап ететін. Кейін бұл әңгіме «Білім және еңбек» журналында жарияланды, «Жалын» баспасынан шыққан ұжымдық жинаққа еңгізілді, ал 1992 жылы Сарманбайдың фантастикалық повестері мен әңгімелері «Қызыл сәуле» деген атпен « Балауса» баспасынан жеке кітап болып жарық көрді.
Бұл әңгіме өзінің адамгершілік идеясы мен ауқымды тақырыбы арқылы оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, ол 1989 жылы СССР Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Рига қаласында өткен фантаст жазушылардың семинарына қатысқан кезде «жақсы» деген бағасын алған. Семинарда оны орыс тіліне аударып басуға шешім қабылданды. Сөйтіп 1993 жылы бұл кітап бес мың данамен «Сенсация века» деген атпен орыс тілінде басылып шығады. Совет одағы тарап, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дегендей бұрынғы байланыс үзіліп қалды. Соның салдарынан әлемдік идея көтерген «Қызыл сәуле» әңгімесі де лайықты дәрежеде тарамай келеді. Әйтпесе, осы туынды бойынша фантастикалық фильм түсірілсе, нұр нұр болареді-ау! Бұл енді уақыт еншісінде.
Фантаст жазушының ауыз толтырып айтарлық тағы бір әңгімесі – «Тойтарыс». Ол «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 1985 жылы жарияланған болатын. Мұнда табиғи апат – жер сілкінісінің алдын алу, оны ауыздықтау жайы баяндалады. Бұл фантастикалық әңгіме 1992 жылы «Қызыл сәле» атты кітапқа еңгізілді. Уақыт өте келе Сарманбай әңгіме ауқымын кеңейтіп, айтар ойын, идеясын дамыта түсті. Сөйтіп, екі мыныңшы жылдары «Тұлдыр тағдыр» ғылыми фантастикалық романы кітап болып, жеке өз алдына басылып шығады. Жазушы романда жалаң идеямен шектеліп қалмайды, сюжетін қызықты оқиғаларға құрып, тартымды да тартысты ете білген. Романның басты кейіпкері зілдаланың алдын ала (төрт бес жыл бұрын) қай жылы, қай айда, қай күні, сағаты, минут – секундына дейін қайсы бір мемлекетте болатынын, тіпті қандай тереңдікте өтетінін дәл анықтап алып үш түрлі ғылыми тәсілдермен тоқтауды ұсынып, соны дәлелдеп шығады.
Оқиға желісі негізінен ауылда өтеді. Кейіпкерлер тартысы кімді болса да бей жәй қалдырмайды. Ең жақын деген досы ескермес ақша үшін жер сілкінісін тоқтату жөніндегі Орынбасардың дайындаған ғылыми жаңалығын сыртынан шетел асырып қыруар долларға сатпақшы болып, не бір құйтырқы қулықтарға барады.
Жалпы, Сарманбай шығармалығының тілі жаттық, шұрайлы болып келеді.Жеңіл оқылады. Әрі сюжеттерінің желісі де шытырман оқиғалы, шынында да фантастикалық фильмдерге сұранып-ақ тұр. Ең болмағанда, «НТК» мен «КТК» арнасынан түнге қарай беріліп жататын ешқандай мағынасыз «тірі өліктерге» толы америкалық қорқынышты фильмдерден он есе, жүз есе артық фильмдер түсіріуге әбден болар еді.
Биыл жазушы Сарманбай Исақов жетпіс жасқа толды. Өз-өзіңе есеп беретін жас қой адамға. Сәкең де бұл кезеңге құр қол келіп жатқан жоқ. Жуырда шығармашылық жолы басталған кезеңнен осы уақытқа дейін жазғандарын жинастырып, баспадан жеті томдық ғылыми-фантастикалық романдарын жарыққа шығарды.Шаруашылық және қоғамдық өмірдің әр саласында жүрсе де, қолынан қаламы түспеген жанның мәдениет саласындағы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі мен мәслихатының, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Түркістан облысы құрмет грамоталарымен, ҚР Тәуелсіздігінет 20, 25, 30 жыл, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалдерімен марапатталды. Сондай – ақ, Қарауылбек Қазиев атындағы жүлденің, «ұлт элитасы» атағының, «Жыл лауреаты» сыйлығының иегері. Және де 2008 жылдың «Ең үздік жазушысы» атанды.
Сәкең 1994 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оған 2013 жылы Халықаралық Ресей Психологиялық ғылым академиясының Құрметті академигі, 2017 жылы Қазақстан педагокикалық акдемиясының профессоры атағы берілді. Сондай – ақ ол «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Михаил Шолохов» медалімен марапатталды.
Сарманбай Ережепұлы жұбайы Айжанмен бірге үш ұл,екі қыз тәрбиелеп өсірген берекелі де, мерекелі отбасының иесі. Бүгінде «ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып» дегендей, бәрі де, өмірден өз орындарын тапқан. Олардан 18 немере сүйіп отыр.
Бір кездері облыстың бас газетінде Сәкеңнің «Тәуелсіздікке тарту» деген өлеңі жарияланған болатын. Сонда ол:
Ынтымаққа ырыс қонар, бақ қонар,
Тату елдің тұғыры да шоқтанар.
Қазақ деген қайсар елдің ұрпағы,
Біз боламыз, біле жүрсін басқалар!
Желтоқсан да жалындаған жас өрен,
Жалын шашқан жанарлардан шоқ көрем!
Бұл – өткірлік, бұл – қайсарлық, не десең,
Қайсар елдің қасиеті деп білем! – деп толғайды. Рас сөз. Жетпістің төрінен өмірдің өріне, шығармашылықтың шыңына өрлей беріңіз, Сарманбай Ережепұлы!
Сәкен МЫРЗАЛЫ