Санжар Ғұлама

Туындылары


ЕКІЖҮЗДІ ДОС

Жанымды ұқпас пендеден,
Я, Раббым, саған сиындым,
Сырымды айтып әркімге
Қалмады-ау, сірә, сыйымның.
Сыртымнан мені өсектеп,
Аяқтан шалды талайлар,
Бәрі де аян өзіңе,
Шыр-пыры шыққан күйімнің.
Еретін дос көп болғанмен,
Сенетін дос жоқ жанымда,
Соларды көріп, қапа боп,
Күйзелдім бүгін. Күйіндім.
Сыртымнан досым күндеді,
Бетіме күліп баққанмен,
Сонда да бәрін ұмытып,
Үміттің отын жаққан – Мен.
Жалғаны жалмап жанымды
Бұралаң мынау өмірде,
Түлкіге талай тап келіп,
Күлкі де болып жатқан – Мен.
Жаны бір жайсаң жандарға
Кез қылып, Өзің, Я Алла,
Қауыштыр мені қым-қуыт,
Қуаныш толы ақ таңмен.
Дүние – сынақ пендеге!
Бәрі де бастан өткерді.
Басына мені көтерген,
Көзім де көрді бектерді.
Сыйлаған жанның құлы боп
Мен-дағы жасап құрметін,
Үйімнен орын ұсындым,
Лайықты көріп тек төрді.
«Қолдаушым менің», – соңында
Әркімнің еріп сөзіне,
Сағымды тынды сындырып,
Бағымды менің көп көрді.
Екі жүз досым болғанмен,
Екіжүздісі өріп жүр,
Қасымда жөйткіп жүрген соң,
Амалсыз көзім көріп жүр.
Пайдасы тиіп қалар деп;
Айласы биік, әйтеуір,
Көзімше жақсы түр жасап,
Өзінше адал серік бір.
Оларды, қайтем, әзірге
Соңымнан қалмай еріп жүр,
Басымнан бағым тайғанда,
Кетеді лезде жеріп бір.
Езіліп жырын бұл Санжар,
Егіліп тұрып толғасын,
Іштегі шерін тарқатып,
Тыныштық жанға орнасын.
Өзектен мені өртеген
Осынау ащы сезімді,
Өлеңмен өріп жазбасам,
Ақындығыма – ол да сын.
Я, Алла сенен тіледім:
Достардың саны мендегі,
Екі жүз шақты болса да,
Екіжүздісі болмасын!