Санжар Ғұлама

Лебіз


«Санжар өлеңдерінен бүгінгі қоғам психологиясын, жеке тағдырлардың әлеуметтік мәселелерімен қоса шығармашылық тәжірибе арқауына айналғанынан жете танисың. Үлкен жүректі жарған елдік ойларын қарапайым тілмен жеткізуге машықтанған. Өлеңдерінің тамырында жақсылық, ізгілік секілді адами қасиеттер қанынан жаратылған мейірім лебі ағады. Өзінің жан-тәні өлеңнен ем көріп, енді оқырманын өлеңмен емдер емшіге айналғандай. Санжар ақынға танымың тамырлап, қиялың қиырлап, қаламың бекіп, қадамың нағыз асыл сөздің алтын босағасынан төріне жетсінді тілейміз».

Досбол Ислам
Қауымдастық профессоры, Ө.Нұрғалиев әдеби сыйлығының иегері,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.



Айналасындағы әр адамнан жақсылық нұрын іздеген, жақсылыққа жаны құштар, өлең өлкесіне шынайылықпен қадам басқан інім Санжарға «Жақсы кітапқа айналған ақ сөйлейтін ақын бол, айтқан сөзің жерде қалмасын! Өмірде де, Өлеңде де жолың ашық болсын деп, ақ жол тіледім.»

Бауыржан Қарағызұлы
ақын



«Санжар – ақын. Тілге бай. Құнарлы сөзді құбылтып құлаққа жағымды етіп ұсынуды біледі. Сөздің қадірі мен қасиетін ұғынады. Тым бөспе, аттандаған пафосқа үйір емес. Ұйқасқа нық. Өмірді де, өлеңді де қиындатпайды. Айту керек нәрсені оп-оңай өлең ғып бере салғанына іштей сүйсініп қаласың. Кез-келген сынаққа шорт сынғалы тұрған оқырманның еңсесін көтереді. Адамдардың мінез-құлқын суреттеу кезінде батыл қадам жасайды.
Өлең өлкесіне алғашқы кітабын құшақтай еніп тұрған Санжар бауырыма шалқар шабыт тіледім. Төрт аяғын тең басқан, жалына қол жуытпай асаусып тұрған ақыннан ізін шала тағы топтамаларын күтеміз.»

Асылзат Арыстанбек
ақын



«Өмірлік тұлғасы Мұхтар Шахановты пір тұтатын Санжар отбасындағы ұлттық құндылық пен тәрбиені тереңнен толғай білетін ақын. Қай тақырыпта болмасын қисыннан өлең өріп, поэзияның жілігін шағатыны жасырын емес. Махаббат майданына еніп, елдің болашағына бас ауыртар, бүгіннің мәселесіне базына айтар сөз шебері. Оны ақынды ардақтаған әрбір Алаш азаматы Санжардың әлеміне еніп, дәлелдеп келеді.»

Ақмарал Ғаниқызы
ҚР Журналистер Одағының мүшесі