Санжар Ғұлама

Шығармашылығы


АҚЫН-ҰСТАЗ САНЖАР ҒҰЛАМА ЖАҚСЫ АДАМ ТУРАЛЫ НЕ ЖАЗДЫ?

Мен бүгін Сіздерге бұрын соңды менің жазбаларымда аты көп аталмаған бір кісі жайлы сөз қозғамақпын деп жазды ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ақын әрі ұстаз Санжар Ғұлама.
Менің өткен өмірімде ерекше орны бар, келешекте де аты ұмытылмайтын, жаныма жақын бір кісі туралы сыр шертпекпін. Нұрбах Тұрарұлы Рустемов. Түркістан өңірінің құрметті азаматы, абыройлы да ардақты тұлғасы Нұрбах ағамның менің өмірімдегі атқарған үлкен рөлі хақында ағымнан ақтарыла сыр шертем. Ол кісінің басшылық қызметтегі жетістіктерін, атақ, мансабы жайлы, жалпы саясат жайлы сөз қозғамаймын. Жәй ғана Нұрбах ағамның бойындағы адами қасиеттерін тілге тиек етіп, бірсыпыра қайырымдылық істерін баян етпекпін.
Менің тума жүрек ауруымен ауырып, тағдырымның тар жол тайғақ кешкен соқпақтарынан хабарларыңыз бар. Өмірім менің – өзегім. Өткен өмірін өлең-шығармаларына арқау етіп, шер тарқату – шығармашылық адамдарының әдеті емес пе?! Айтып та жүрмін, жазып та жүрмін. Өткен өмірім туралы сөз қозғағанда, әсіресе жүрегіме ота жасатып, жаңа өмір есігін ашқаным туралы көсіле сөз сөйлегенімде Елбасымыздың атын көп айтамын да, ол кісіден он есе артық көмегін жасаған Нұрбах ағам туралы ағымнан ақтарылып әңгіме айта бермейді екем. Осылайша сынаққа толы сындарлы жылдарымның басты кейіпкері тасада қалып қоя береді екен.
2003-2004 жылдар аралығы болатын. Туған кезімнен бойыма жабысқан жүрегімдегі ақаулық анағұрлым үдеп, жаныма бата бастаған кез. Күнде кешкісін жатарда ыстығым көтеріліп, анам байғұс қасымда шыркөбелек айналып, қолындағы суық су құйылған кесеге шүберегін қайта-қайта малып алып маңдайыма басатын. Дәрігерлердің айтуынша, жүрегімдегі бір клапанның қызметі істен шыққан, деседі. Екінші клапанында да аздап ақаулықтар бар екенін айтқан. Шум түскен, дейді. Аракідік дем жетпей ентігіп қала беретінім де содан екен. Тіпті күнде тамақ ішетін кезімде де, әлі есімде, тамақтың әр қасығын ішетін кезде терең бір рет демалып алып, содан кейін барып келесі қасығын ішетін едім, әйтпесе тынысым тарылып, дем жетпей қала беретін. Сол кездері анам байғұс ауру баласын жетектеп алып, қай жерлерге бармады десеңізші! Ауылға басқа жақтан емші, тәуіп, молдалар келе қалса, ақ жаулық орамалын басына оранып алып, мені жетектеп алып кететін. Жеті баласының күйбеңімен күресіп, отбасының отымен кіріп күлімен шығып жүрген қайран анашымның ауру арқалаған баласының тауқыметін көтеріп, онымен күресу де маңдайына жазылған тағдыры екен, қайтсін?! Жүрегіме медициналық ота жасатудан басқа талпыныстан маған пайда жоқ екенін біле тұрса да, қу қаражаттың тапшылығы болар, далбасалап емші-тәуіптерді жағалай берді анам. Өлмейтін үміт қой сол.
9-10 сынып оқып жүрген кездерім. Ауруым жаныма батып, қатарымнан ерте есейе бастадым. Қолыма қалам алып, амалсыз Елбасымызға хат жазуға мәжбүр болдым. Көмекті бір Алланың өзінен күтіп, жердегі бір пендесін себепші етсе екен, деп тіледім. Осылайша, менің шарасыз әкем бере алмаған көмекті бүкіл Қазақстан жастарының рухани әкесі саналатын Елбасымыз беріп қалар, деген мақсатта мемлекет басшысынан көмек сұрап хат жазған болатынмын. Жазған хатым жауапсыз қалмады, Елбасымыз тарапынан бізге бағыт-бағдар берілді, жол сілтенді. Ол да біз үшін сөніп бара жатқан үміт отын қайта жаққандай болды.
Осы кездері анамның киімдерінің қалталарынан бүктелген мыж-мыж парақтар тауып алатынмын, бір күні қызық көріп бір парағын ашып оқып қалғаным бар. Екіншісін, үшіншісін… ашып оқи бастадым. Барлығы да жоғарыдағы билік басында отырған аға-әпкелерімізге ауру баласының жүрегіне күрделі ота жасатуына қолғабыс жасауын өтініп жаза берген «аянышты хаттар» екен. Оқып отырып жүрегім ауырды. «Анашым-ай, мен үшін іштей қан жұтып жүр екенсің ғой, асылым менің» деп мен де оңашада іштей егіліп бір жылап алғам. Сол кездері анамның жәй ғана «ПЕНДЕ» екенін түсінгем. Әйтпесе, ол кезге дейін менің анам жер бетіндегі ең мықты жаратылыс иесі, кезі келсе әлемді құтқаратын теңдесі жоқ қаһарман-кейіпкерім еді ғой. «Аянышты хаттарды» оқығаннан кейін анам маған емес, керісінше мен анама қорған болуым керектігін түсіне бастағандаймын. Сол бір сезімдер еріксіз қолыма қалам ұстатып, Елбасыға елітіп хат жаздырған болатын.
Не керек, бір күні анамның менен тығылып жүріп жазған мың бір «аянышты хаттарының» ішінен біреуіне жан жылытарлық жауап келіпті. Бұл хат менің өмірімді бұрын соңды болмаған 180 градусқа өзгертіп сала берді, десем әсіре айтқаным емес. Кімнен дейсіз ғой? Нұрбах ағадан келді біз күткен көмек. Нұрбах ағамыздың ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты боп жүрген кездері. Сол бір жылдары ағамыздың депутаттыққа қайта сайлауға түсіп, сайлау науқанының қызып тұрған кезі. Дауыс жинап берейін, ақ батамды берейін, тілеуіңді тілейін, қолымнан келгенше қайтадан депутат болып сайлануыңызға барымды салып атсалысайын, тек ұлымның жүрек еміне көмек беріңізші, деп жалына жалбарына хат жазған екен анам, өзінің алдына да барған екен. Мың жасағыр Нұрбах ағам анамның мұң-мұқтажын тыңдап, менің жүрегіме жасалатын ота үшін қолынан келген бар көмегін жасайтынын айтыпты.
2004 жылдың наурыз-сәуір айлары болатын. Анам мені мектептен ұзақ мерзімге сабақтан сұрап алды. Тез арада Астана қаласында жүрегіме ота жасату үшін жолға шығуымыз керек болды. Сол жылдары, қателспесем, Нұрбах ағаның Түркістанда «Нұр қоғамы» атты орталығы болатын. Сол жердегі екі-үш кісі келіп бізден күнде хабар алып тұратын. Әсіресе, ақ шашты, арық, ұзын бойлы келген Сайлау деген ағамыз көп бой көрсетіп жүрді. Біз Астанаға жол жүруден бір күн бұрын Дәулет деген бір ағамыз Нұрбах Рустемовтың атынан келгенін айтып, пойызға төлейтін жолақымызды беріп, одан бөлек, жолда анау-мынауға керек боп қалар, деп анамның қолына 15 000 тенге ұстатқаны бар. Ол кездері ақшаның құны болды ма, жоқ әлде жоқшылықтың тақсыретін көп тартқаннан ба, әйтеуір, 15 000 тенгенің біз үшін 15 миллииондай құны болды. Анам жылап көзінің жасын бір сығып алды. Содан пойызға мініп алып, Астанаға қарай жол тарттық. Баламын ғой, пойызға мініп алып, құдды бір балалар алаңшасына ойнауға бара жатқан баладай мәз боп жүргенім әлі есімде. Астанаға түскеннен алдымыздан Нұрбах ағаның адамдары қарсы алып, күтіп алды. Бар болғыр Нұрбах ағамның жіберген адамдары екі аяғымызды жерге тигізбей бізді су жаңа 777 нөмірлі Lexus-та ызғытып алып жүрді. Астанада енді ашылып жатқан екі қабатты «Кордиологиялық орталыққа» бардық, Пья атты корей дәрігері күтіп алды. Нұрбах аға анам екеуімізді жетектеп алдына алып кірді, дәрігермен орысшалап біраз сөздің басын қайырды, менің жағдайымды айтты, ота жайлы әңгімелесті, әйтеуір, мән-жайдың бәрін түсіндіріп жатты. Ауылдан аттап шықпаған баламын ғой, орысшаға шорқақ едім. Екеуара сөздерін түсінсем де, Пья врачтың маған қарата қойған сұрақтарына жауап бере алмай жанығатынмын. Сөзді лезде Нұрбах ағаның өзі жалғай кетіп, Пья врачтың сұрақтарына өзі жауап беріп отыратын.
Содан, не керек, мені бір палатаға жатқызып медбикелер күрделі отаға дайындай бастады. 10-15 күн шамасы организмді тазалау, иммунитетті күшейту, жалпы отаға дайындық жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Қасымда 95 жылғы Әсет деген қараторыдан келген жас жігіт болды. Сол жігітпен жақсы дос болып алдым, бірге ойнап-күліп жүрдік. Бір-бірімізді қуалап коридорда жүгіріп жүретінбіз. Бізді күрделі отаға дайындап жатқанын сезінсек ше сол кездері?!
Уақыт зырлап өтіп, ота жастудың күн-сағаты да таяды. Күндізгі сағат екілер шамасында мені төрт аяғында дөңгелегі бар краватқа жатқызып қойып, қызметкерлер мені алып әлдеқайда жүгірді, дейсіз. Лифтіге кіргізіп екінші қабатқа алып шықты шамасы. Жүрегім дүрсілдеп соғып жатыр, коридорда көз жасымен жүзін жуған анашымның маған қарай әлсін-әлсін қол бұлғап тұрған бейнесін көрдім. Ұлының өмірі өліммен өмір арасында тұрғанын сезініп жүрегі қан жылап тұр ғой, қайтсін?! Сол кезде ішкі сезімдерім санамда өлең болып өріліп жатты:

Алаңдама, апа, сен алаңдама,
Ауру емес тек сенің балаң ғана.
Құдай өзі жар болса бұл жалғанда,
Жем болмайды құлының арамзаға,

– деп басталатын жыр шумақтары санама құйылып жатты. Іштей анашымды жұбатып жатқан түрім ғой. Ота жасалатын бөлмеге де жеттік. Тас төбемде жарығы көзді шағылыстыратын табақтай үлкен жарық лампаны көрдім, дәрігерлер әлдебір уколдарды салып жатты, наркоз болар, деп топшыладым. «Санжар, уайымдама, бәрі жақсы болады» деген сыңайда жымия қараған дәрігердің жарқын бейнесін көрдім де еріксіз ұйқыға кете бардым.
Ота жасалынып жатқан сәтте Сізге өтірік маған шын, 6-7 сағаттар шамасында оянып кетіппін. Сірә, бойыма берілген наркоз өз күшін жоя бастаған болуы керек. Көзімді аштым, еш жерім ауырмайды, не боп жатыр екен, дегендей денеме көз салып қарасам денем қан құса боп жатыр екен, көкірек тұсым қақ ортадан кесіліп екі жаққа қарай ашып қойылған, врачтар пышақпен бір жерлерімді кесіп жатыр ма, әйтеуір, бірдеңелер жасап жатыр екен. Ешқандай ауырсынуды сезінбедім. Көріп шошып кеткен болуым керек, жан дауысыммен айғайлап жіберіппін. Сол кезде «Наркооооз…» деп жанталаса айғайлаған врачтардың сөзін естідім де, тағы да еріксіз ұйқыға кете бардым. Бірнеше врач нақ 11 сағат бойы бас көтермей жалғыз менің отаммен алысыпты. Күндізгі сағат екіде басталған ота түнгі сағат бірлерге таяу аяқталыпты. Сол емханада ең ұзақ жасалынған ота сол кездері менікі болған, деседі.
Жансақтау бөлімінде бірнеше күн жатып, соңында мені палатаға алып шықты. Палатаға кіре сала жарқын жүзін мұң шалған анашыммен қайта қауышқаныма мәз боп, анамды құшақтап жас балаша еңкілдеп жылай бергенім есімде. Маған ота жасап жатқан кезде, отаның күрделі түрі болса керек, ауруханада тұрған бүкіл аппараттарды іске қосыпты, деседі. Аурухананың коридорында зыр жүгірген медбикелерді көрген анам абдырап айғайлап жылай берген екен «балама бірдеңе боп қалды ма?» деп. Коридорда жылап тұрған анамды Нұрбах аға телефонда қайта-қайта хабарласып жұбатыпты.
– Апа, енді көмекті бір Алладан күтіңіз, мен қолымнан келген көмектің бәрін жасадым,- деген сөзін естігенде анам одан сайын көңілі босап жылай берген екен. Маған ота жасалған 11 сағаттың ішінде байғұс анашым 11 рет өліп, 11 рет тірілген шығар, деп ойладым сонда.
Палатаға шыққан кезімде Нұрбах аға ауруханаға күнде келіп, хабар алып тұратын. Әр келгенінде арнайы врачтармен сөйлесіп, менің жағдайымды толық тексеріп кететін. Нұрбах аға келгеннен врачтар, медбикелер тік тұрып қарсы алатын. Әуелі Алла, сосын Құдай берген Нұрбах ағамның арқасында дәрігерлердің ерекше бақылауында болдым. Жоғары деңгейде қызмет көрсетілді, ерекше күтім жасалынды. Сол кездері мың жасағыр депутат ағамның шарапаты желдей есіп тұрды ғой маған. Қолдауын жан-тәніммен сезіндім. Тіпті ауруханада «Нұрбах Рустемовтың адамы», деп мен үшін басқалардан айрықша жағдай жасалынды. Іштей риза боп жүрдім. Қасымда қаншама адам амалсыз өмірімен қош айтысып жатты, туған-туыстары қара жамылып, өлі денесін әкетіп жатқанын көрдім. Оларды көрген сайын «Көретін жарығың бар екен, құлыным», деп аяулы анам да қайта-қайта маңдайымнан сүйіп отыратын. Сонда анама қарап, «Апа-ау, мынау гүрсілден пойыздан қашан түсеміз, Астанаға қашан жетеміз?» деп есі ауысқан адамша қайта-қайта біртүрлі сұрақтар қоя береді екем. Оны естіген анашым Астанаға сап-сау баланы әкеп, ауылға ауру бала әкететін болдым», деп палатадан сыртқа шығып алып, көз жасын бір сығып алады екен.
Маған ота жасалған күні анам түс көріпті, мен әппақ қардың үстінде анама қарай жүгіріп келе жатыр екем, алдынан марқұм әкесі шығып мені өз қолымен ұстап, әкеп анама тапсырып кеткен екен. Сонда ғана анамның жаны байыз тауып, көңілі тынышталған көрінеді.
Ота кезінде мен тым көп қан жоғалтыппын. Сол кездері Нұрбах ағаның адамдары жан-жақтан қан іздеп әбігерге түскен екен. Республикалық ауруханада қызмет істейтін жақында ғана Ресейден келген Махаббат Сансызбаева атты жоғары санатты дәрігерге Нұрбах аға маған көмектесіп қайырымдылық жасап жүргенін айтыпты, сол кездегі маған қан керек боп жатқанын да тілге тиек етіпті. Әлгі Махаббат апайдың менімен түйдей жасты баласы бар екен, оның да аты Санжар екен. Не керек, Махаббат апайдың маған ерекше ықыласы ауып, өз еркімен қажетінше қан беретін боп шешіпті.
Әлі есімде, Махаббат апайдың маған көп мөлшерде қан бергені сонша, қолының ісіп кеткенін көргем. Сонда Махаббат апайым «Енді менің екі бірдей Санжар атты балам болатын болды», деп мені қапсыра құшып, құшақтай бергені есімнен кетпейді. Махаббат апай өзі аққұбадан келген, өте әдемі әйел болатын. Арық та емес, толық та емес, реңінің әдемілігі сонша жүзінен нұр шашырап тұратын. «Санжар, жаным балам, енді сенің бойыңда менің қаным бар, сен мықты болуға тиіссің, берілме, күрес» деп мені күнде келіп жігерлендіріп отыратын. Сол иман жүзді Махаббат апайыммен мені таныстырған, табыстырған Нұрбах ағам болатын. «Жақсының қасында жақсы жүрер», дегендей Нұрбах ағаның арқасында Махаббат апайдың да шарапатына бөленіп, пақыр көңілім патша күй кешкен.
16 мамыр күні 16 жасқа толған туған күнімді сол аурхана ішінде қарсы алдым. Таң ата сала Махаббат апайым есікті ашып «Санжар балам, туған күніңмен», деп күлім қағып палатаға кіріп келе жатқаны күні кешегідей есімде. Бір қолында қабырғаға іліп қоятын арапша сүрелер жазылған қара түсті құнды заты бар, екінші қолында құспен балапандары бейнеленген әдемі сувенирі бар және бір пакет жеміс-жидек, көкөністері бар. «Санжар балам, мына арапша жазуды басыңа қойып жат», деді Алланың өзі қолдап жүрсін деген мағынада. Құспен балапандарын «Өсіп-өн, ауруыңнан тезірек айығып кетіп, отбасы құрып ұрпақ тарат» деген мағынада қолыма ұстатты. Соңында қолындағы бір пакет жеміс-жидектерін қолыма ұстатып, мыналарды көбірек жеп салмақ жина, иммунитетіңді көтер, ауруыңнан айық» деп жақсы ниетін білдірді. Бір өкініштісі, Махаббат апай Ресейден көшіп келгеннен болар, тек орысша сөйлейтін. Орысшам жетпей қала беретін мен «Спасибо вам» дегенді еріксіз қайталай беретінмін. Көздерімізбен ұғысатынбыз. Әйтеуір, менің айтқым келген сөздерді көзіме қарап түсінетіндей боп көрінетін маған.
Бір айға жуық уақыт ауруханада ем алып, квартираға шығатын болдық. Астанада әл жинап, арасында ауруханаға барып тексеріліп тұратындықтан сол Астанада біраз уақытқа қала тұруымыз керектігін ескертіпті дәрігерлер. Не керек, Нұрбах аға бізге Астанадан квартира жалдап, сол жерге апарып орналастырды. Нұрбах ағаның адамдары күнде жейтін-ішетін тамақтарымызды дер кезінде жеткізіп беріп отырды. Ештеңеден кем қылмады Аллаға шүкір. Күнде хабар алып отырды. Сол кездері Нұрбах ағаның көмекшілері анама қарап «Мадина апай-ау, «Сіздердің армандарыңыз жоқ қой, шіркін! Нұрбах Тұрарұлы өзінің күнделікті жұмысқа мініп жүрген су жаңа Lexus автокөлігін Сіздерге қызмет ету үшін беріп қойыпты», деп ерекше тебіреніспен айтатын еді.
Не керек, Астанадан қайтатын кез де жетті. Дәрігерлер Нұрбах ағаға менің жағдайымдағы адамға пойызбен қайтуға болмайтынын айтып, денсаулығыма кері әсерін тигізетінін ескертіпті. Содан Нұрбах ағаның арқасында өмірімде алғаш рет ұшаққа отыру бақыты бұйырды маған. Астанадан Шымкентке дейін ұшақпен келдік. Тек телевизормен кітаптардан ғана көріп жүретін ұшақ атаулыны сол кездері өз көзіммен көріп, қолыммен ұстаған едім. Қателеспесем, ішіне 44-45 адам сыятын кішігірім ұшақ болатын. Нұрбах ағаның көмекшілері бізді әуежайдан шығарып салып, қимай-қимай қоштасып еді.
Шымкентке, қателеспесем, екі жарым сағат ішінде жеттік. Шымкенттен старикске мініп алып, Түркістанға қарай жол тарттық. Түркістаннан таксиге мініп алып, 20 шақырым қашықтықта орналасқан өз ауылымызға қарай беттедік. Сонда Түркістаннан ауылға қарай ауылдас Мухан деген ағамыздың машинасында қайтқан едік. Анам төрт адамның ақшасын бірден төлеймін адам күтіп тұрмайықшы деп, өтініш жасады. Мухан аға қуана келісті. Шопыр ағамыз Шорнаққа кіре бергенімізде «Санжар баламыз ауылға аман-есен оралды» деген сыңайда қайта-қайта машинасының сигналын қаттылау басып, жан-жаққа дабыра қақты. Ауылымның әрбір ағаш талы, көшелері, адамдары көзіме оттай ыстық көрініп, кеудемді сағыныш сезімі биледі. Үйге жеткенше төзімім жетпей терезеден сыртқа қарай шығып кетердей аптығып келем. Үйге жеткеннен бізді үлкен қақпаны ашып әкем, аға-інілерім, әпкелерім тік тұрып күтіп алды. Бір-бірімізді құшақтай салып, солқылдап жылай бердік. Сол кездегі іштей кешкен бауырмалдық ыстық сезімді әлі күнге ұмытқаным жоқ. Алғаш рет әкемнің мені құшақтап жас балаша еңкілдеп жылағанын көрдім. Аға-інілерімнің қуаныштан көздері бал-бұл жайнап, жүздерін қуаныштың көз жасы жуғанын көрдім. Барлығы айналамда шыр айналып, жанымнан бір адым аттап басқан жоқ. 79 жылғы ағамның ет бауыры езіліп егіліп тұрып жылағанын көрдім. Осының барлығы сынақ жылдарымның ұмытылмас сәттері болып санама сақталып қала берді.
Үш ай шамасында үйде ерекше күтіммен төсек режимінде жаттым. Дәрігерлер денеге салмақ түсіруге болмайды, деген соң көп жүруіме рұқсат бермеді анам. Үйде барынша менің ғана жағдайымды жасап, бауырларым жемеген тәттіні жегізді, ішпеген сусынды ішкізді. Қазы-қарта, жал-жая, айран, қымыз, саумал, жаныма не керектің бәрін іштім. Ауруымнан тез айығып кетуім үшін анам қолдан келгеннің бәрін жасап бақты.
Бір күні анам аздап әл жинай бастағанымда Құдайға шүкіршілік жасап, Құран оқытатын болды. Құранға Нұрбах ағаның өзін арнайы шақыртты. Жиын болатын күні түске таяу қара түсті джипте Нұрбах ағам да жетіп келді. Қасында үш-төрт машинада нөкерлері бар. Үйдің үлкен қақпасын ашып, машиналарды әуілге қарай кіргіздік. Нұрбах аға машинадан түсе сала мені құшақтап, «Азаматым менің» деп арқамнан қаққан кезде мерейім тасып, бір жасап қалғаным бар. Қасындағы кісілер де машинадан түсе сала менімен кезек-кезек амандасып, жігерлендіріп жатты. Содан Нұрбах аға бастап келген бір топ кісілер үйге қарай кіріп дастархан басына жайғасты, жеп-ішіп, әңгіме-дүкен құрды. Артынша Құран оқып, қайтуға бет алды. Барлығы сыртқа шығып, машиналарына міне бастады. Сол кезде Нұрбах ағам екеуіміз құшақтасып, фотоаппаратта суретке түскеніміз бар еді. Үйдегі альбомды ары-бері ақтарып таппай қойдым. Сол кездері желкемнен құшақтап, мені бауырына басқан Нұрбах ағамның маған деген ыстық ықыласымен жан-жылуын әлі күнге ұмытқаным жоқ. Жылуы жүрегіме жетті. Тіпті сол күні үйден жіберуге қимадым. Бала көңілім бауыр басып қалса керек, Нұрбах аға дарбазадан шығып кеткеннен іштей егіліп жылағаным бар. Артынша ішігіп үш күн ауырдым да. Күнде түсімде көретінмін. Ағамызға қатты бауыр басып қалған екем. Сол кездері сәл нәрсеге көңілім босап, жылай беретінді шығардым.
Айналайын Нұрбах аға-ау, Сіз менің алтын дәуірімнің ұмытылмас ұлы кейіпкерісіз. Сынақты жылдарымда мені қиын соқпақтардан құлатпай-сүріндірмей алып шыққан ардақты жансыз. Өткен өмірімнің үзілмес бір бөлшегісіз.
Сіз туралы ойлансам болды, сынақпен сүрлігіп келе жатқан кездерім еске түсіп, көңіл құрғыр еріксіз босай береді. Сол бір кездері қараңғы түнекте жүргенімде жарық нұр секілді болып өміріме кіріп келгенсіз. Содан бері жүрегімнің бір бөлшегі Сізде қалып кеткендей күй кешем.
Мына жігіттің бір рахметі жоқ екен, демесін деп кеше түні бойы көз ілмей өткен күндерімнің көңіл архивінен құнды естеліктерді көтеріп, өткен өмірімнің сізбен жіпсіз байланған тұстарын баяндап әңгіме жаздым. Көңіл ризашылығымды көшіріп ақ параққа түсірдім. Қаламмен емес көз жастарыммен жаздым, аға! Алланың маған берген сынақ сәттерінде құтқарушы періштем болып өзіңіз жолықтыңыз маған. Кездейсоқ ештеңе де болмайды. Барлығы да бір Алланың қалауымен болды. Сол үшін де Сізді Алланың маған жіберген көмекшісі, деп таныдым.
Сіздің арқаңызда мектептегі ешкім менсінбейтін кіші қызметкер болып істейтін аяулы анамды барлығы бауыр көріп сыйлайтын болды, құрметтейтін болды. Жарым көңіл анам «Нұрбахтың әпкесі» деген абыройлы атқа ие болды. Қай жерге бармасын анамды төрге асырып, құрметін көрсетіп жатты. Жұмыс орнында менсінбей қарайтын шенділер басқаша көзбен қарайтын болды. Өзіңіз сонау Астананың төрінде жүрсеңіз де Түркістанның кіп-кішкентай ауылында жүрген көңілі пақыр бір анаға таудай шарапатыңыз тиіп тұрды. Сіз арқылы ақжаулықты анамның мерейі тасып, көңіл сарайы кеңейіп сала берді.
Осыншама ауыр әңгімені жазу үшін жанымды ауыртатын естеліктерден қашып жүруші едім. Бүгін бәріне шыдас беріп, жүзімді қайғы-мұң торлап…, жанарымды жасқа малып…, жаныма жәбір жасасам да… осынау естелік әңгімелерді ерінбей жазып шығуға серт еттім.
Ертең менің мойныма қарыз болмасын, деймін. Осы жазбам Аллаға айтқан шүкіршілігіммен өзіңізге деген рахметімнің бір айғағы болса екен, деймін.
Амандықта қайта қауышуға жазса өзіңізге айтар алғысым көп әлі.
Мен Сізді жақсы көрем, аға!
Алла амандық берсін Сізге!
Төрткүл дүниенің қай түкпірінде жүрсеңіз де аман жүріңіз, аға!