Санжар Ғұлама

Туындылары


АДАМШЫЛЫҚ ҚАЛЫПТАН АЙНЫМАШЫ...

Үзілме сен,
Үмітім,
Үзілмегін,
Жібіте гөр жүректің мұзын, дедім.

Өзің барда өмірім мағыналы
Көктемдей боп көрінер күзім менің.
Үмітім-ай,
Үмітім,
Жұбанышым,
Шарапатың жаныма жұғады шын.

Бір күлумен, бір жылап алға қарай
Ұмтылумен келемін ұғамысың?
Жүрегіме әдемі қалыпта енер,
Құдірет бар өзіңде алып-кемел.
Қолдарыма күш-қуат дарытасың,
Жолдарыма – Күнімсің жарық берер.

Мына маған
Күш керек,
Қайрат керек,
Қарсы қояр қиынға қайрап-демеп.
Жеңісімнің айғағы болар сонда
Бетке ұстап шығатын байрақ керек.

Құлай көрме,
Құлама,
О, тірегім!
Сөне көрме,
Сөнбеші,
Өтінемін!
Сен отыңды сөндірсең, мен де сөнем,
Қуыс кеуде боп қалар көкірегім.

Сен бар кезде жанамын от боламын,
Ғайып болсаң мен дағы жоқ боламын.
Өзің барда – Сұлтанмын,
Жоқ кезіңде
Жын шайтанның ермегі боп қаламын.
Бойдан қуат, жүзімнен әр кетпесін,
От-жалының жанымды тәрк етпесін!
Мұздап қалған жүректің мұзын жібіт,
Жылу берші жаныма жалт ет те шын.
Үзілме сен,
Үмітім,
Үзілмегін,
Жібіте гөр жүректің мұзын, дедім.
Өзің барда өмірім мағыналы
Көктемдей боп көрінер күзім менің.