Санжар Ғұлама

Туындылары


ЕЙ, БАҚЫТТЫ АДАМДАР, АНАСЫ БАР...

Ей, бақытты адамдар, анасы бар,
Армансыз жан – Өздерің ғана шығар.
Байқап келем,
Анаңдай болмайды екен,
Жүрегіңе жол тартқан жанашыр әр.

Жанашырым көп менің, жетерлік-ақ,
Жаратқанға мың шүкір етермін-ақ.
Бір анамдай болам, деп айналамда,
Жүз адам жүр,
Бәрі де бекер бірақ.

Бүгін көзге жас келді тағы, мама!
Асау көңіл ақылға бағына ма?
Жырым-жырым жүректің жыртығына,
Жамау болар бір шара табыла ма?!

Адамдардың ішінен сені іздедім,
Жараланған жаныма ем іздедім.
Иығыма жүк түсіп, апау, бүгін,
Тұйығына тірелген теңіздемін.
Жүрегіме жүрегің сай жан едің,
Сағыныштың табамын қайдан емін?!
Қаптап жүрген адамдар,
Айтыңдаршы!
Аппақ анам,
Ақ анам қайда менің?

Табалмадым,
Іздеп ем табалмадым,
Ұқсасыңды өзіңдей адал жаным.
Жоқтығыңды сезіну,
Білсең еді,
Жүрегіме найза боп қадалғанын.

Ей, бақытты адамдар, анасы бар,
Армансыз жан – Өздерің ғана шығар.
Байқап келем,
Анаңдай болмайды екен,
Жүрегіңе жол тартқан жанашыр әр.