Туындылары
Найзағайлы түн.
Дірілдетіп, дүбірлетіп, көк белді,
Нөсер алып келе жатты көктемді.
Ару аспан асығыстау көктейді,
Алтын жіппен жыртық қара шекпенді.
Тоз – тоз шекпен, бір етегі далақтап,
Тауға асылып,ұйып қалды қонақтап.
Анда – санда сүттей әлем көзіне,
Жарқ етеді, сайға қашқан жол аппақ.
Алмас семсер, тау бөктерін жанай бір,
Сілтегенде қара жерге қарай бір.
Дір – дір етті жайлаудағы боз бие,
Жер тепсініп,кісінеді қара айғыр !
Балапан шөп – маңдайына тамшы ұрып,
Жармасады балағына тал шыбық.
Жер төсінен көтеріліп қанша гүл,
Көрпесінен қарғып тұрды, қанша үміт!