Есенқара Ханбибі

Туындылары


Ініммен сырласу.

Менің арман жолдарымда үлесің,
Жоқ екенін түсінесің, білесің.
Сонда да, інім, қайраңдағы шабақтай,
Су іздеген мені іздей бересің.

Бірге тудық, бір анадан – бұл шындық,
Бірге өстік, бір арманға ұмтылдық.
Бірақ бірге жүруді өмір жазбаған,
Бөліп берді бөлек-бөлек мүмкіндік!

Түсінбейтін қатыгездей күйге түк,
Тағдыр түрлі сыр-сындарын үйретіп.
Көш-көліктен бөліндім де жүгі ауыр,
Бөлек кеттім өз арбамды сүйретіп.

Ұзақ жолда ой қажайды мені, інім,
Бастан сыйпап жұбатқандай еді кім?
Тарықсам да таусылмадым талмадым,
Тасыр жерде бірақ неге кемідім?

Демедім-ау,қиыныңнан тайсалам,
Басқа түссе көндікпейді қайсы адам?
Алға қарай жылжып келе жатқанмен,
Артымдағы өткеніме ой салам.

...Бір шаңырақ басымызды қосатын,
Бір дастарқан барын алға тосатын.
Алты менен он алтының тысында,
Болды және он сегізде жас ақын.

Сол жас ақын – мен ем ерте түлеген,
Соңғыларды жеткізем деп жүдеген.
Қыз боп туғам – бар айыбым сол ғана,
Ел басқарар еркек кіндік ұл емен.

Бес қыз тапты.
Шеше байғұс зар қақты,
Жүйкеге ұрып, әке шақты жаңғақты.
Желбуаздар қолтығына су бүркіп,
Әр қыз тапқан сайын бармақ шайнатты.

Құт боп осы келмегендей босаға,
Тағдыр әлі қандай сырын тосады, ә?
От жағатын ойға батып, телміріп,
Жиырма бестен жаңа асқан жас ана...

Өтті жылдар.
Ұл да туды, сен келдің,
Салқын тартқан сол ұяға өң бердің.
Жетеу болдық, жеткіздің де мұратқа,
Әке иығын өзгелермен теңгердің.

Жеті байлық – бір өзінде әлемнің,
Сәті түсіп «тәңірге айтқан сәлемнің».
Шырқап жатты,
тойлап жатты,
бір ауыл,
Қайырмасы болып атың өлеңнің.

Әке күлді, қуаныштан ақсиып,
Шеше де оны құп алады жақсы ұйып.
«Мұз – ериді, қыз – кетеді» деген сөз,
көкірегіме қойғандай-ды тасты үйіп...

Қиялшыл боп, талай-талай күйге ендім,
Ескіліктің қалдығынан жирендім.
Алғаш рет алалауға осылай,
Көндігуді өз үйімнен үйрендім.

Қандай қиын, қызға теңеу – мұз деген,
Қандай қиын, көктеміңді – күз деген.
Әке есімін болашаққа жеткізіп,
Әке жолын жалғамай ма, қыз деген?!

Қанша қыс кеп, қанша гүлдер ашылды,
Өтті уақыт.
Ұлғайтты да жасыңды.
Елеусіздеу мұң қалдырып жанымның
түкпіріне,
қызғаныш та басылды!