Есенқара Ханбибі

Туындылары


Ақмаралға.

Айналайын, ақ ботам, бауырыма басамын,
Үміт етер уызым, қанат қаққан жас әнім.
Қараймын да жүзіңе, қуанамын, тасамын,
Жүрегімнің жұлдызын ақ жолыңа шашамын!

Айналайын арайым, махаббатым мәңгілік,
Сен арқылы сезілді, ащылық пен дәмділік.
Көкірегімде сайрайды,, сансыз бұлбұл – таң күліп,
Тұр әлемге ғашықтық – минут сайын жаңғырып.

Сен өмірге келген соң, жаным қайта жасарды,
Қуанышқа құлыным, ұқсамайсың жасанды.
Іңкәр бұлақ кеудемнің тұмасынан бас алды,
Қыран шабыт қалғыған томағадан босанды.

Енді анаңнан алыстар мұң мен күйкі тіршілік,
Ақ қайыңның жанынан бүршік жарған гүл шыбық.
Бақытымның баяны байланысты бұл шыбық,
Өсе бергей өмірге құштар болып , құлшынып!