Есенқара Ханбибі

Туындылары


Тақырыпты меңгерген тәуір ақын,
Бір күн егер жазбаса ауыратын.
Сен сыдыртып жазасың, мен кідіртіп,
Екеумізді тек осы айыратын.

Тақырыппен өтетін айлалы өлең,
Қабағың – бұлт, о неге, жайдары өлең?
Өлеңшінің айналған кәсібіне,
Күнің не боп барады, қайран өлең!

Айналайын, ақыным, ұқ сырымды,
Желдей еспей ашып көр түкпіріңді.
Жаныңа үңіл, өзгенің айтпа айтарын,
Жеңіл емес бізге артар жүк бүгінгі.

Күн сәулесі биіктің ашар басын,
Тұма бұлақ тапқандай жас арнасын.
Байланысты тағдыры өзімізге,
Өлеңіміз көзіне жас алмасын!