Туындылары
Үміт шамы оянған,
Әсершіл де , неткен сақ.
Қырық құбылып, боянған,
Қиын екен өткел шақ!
Жеті ме, әлде сегіз бе
Оқитыным есімде.
Кітап – мұхит, теңізге,
Оқталғаным – кешуге.
Анам тиым салғанмен,
Кітап сырын жас ұқтық.
Ерекше бір арманмен,
Бітіруге асықтық.
Заңы ма өмір неліктен,
Ерте жетер қыз деген?
«Ботакөзге» еліктеп,
Асқарымды іздегем.
Оқуымды қоймағам,
Бөлмем болсын күңгірт тым.
Тас төбемде ойнаған,
Таяқ болып- «Мың бір түн».
Өткел шақтан өттім де,
Мөлдіреді сырларым.
Жан сырымды төктім де,
Махаббатты жырладым.
Талдап, талай ұрынды,
(Кінәлі ме жастығым?)
Сүю жайлы жырымды,
Жиналыста бастығым!
Өмір – осы, екен де,
Кермек тартып жас күнім.
Қатал еді әкем де,
Қатал еді бастығым.
Махаббаттан бәрі де,
Барын салып қорғады.
Сол махаббат төріне
Жүрегімнің орнады...