Есенқара Ханбибі

Туындылары


Ауыл кеші.

Мөлдір ауа.
Кешкі ауыл.
Толған әуен,
Көп толқытты көңілге қонған әуен.
Күркірінен мамырдың сергек тартты,
Жаңа ғана шайынып алған әлем!

Шайдай ашық көкжиек сайға батқан,
Көп нәрсені еске сап «қайдалатқан».
Бірін бірі шымшылып, сылқ-сылқ күлер,
Жапырақтар тып-тыныш ойға батқан.

Серпін бермей тосқауыл күш-ағынға,
Сері көңіл,мен сені тұсадым ба?
Жылы жүзді жұлдыздар шегіншектеп,
Жалғыз жұлдыз жаңа айдың құшағында...

Билік алды сұлу кеш тұрып тақтан,
Күн де бүгін көңілді, күліп батқан.
Рамазан әншінің «жанымайлап»,
Салған әні келеді клуб жақтан.

Мұндай кешті тек әнмен сыза алады,
Көлеңкесі теректің ұзарады.
Сексендегі әлі сақ шал құлағы,
Сексеуілдің шоғындай қызарады.

Бұзылмаған қырық жаста құлын мүше,
Ай көрінер қабағы күлімдесе.
Сылаңдаған бір сұлу келіп кетті,
Әлдене деп апаммен күбірлесе...

-Мұндайлардың атағы өр шығатын,
Естігенде маңдайдан тер шығатын,-
Жеңілдеу, - деп жүрісі,-сыбыр етті,
Жаңа келген жаныма, көрші қатын.

Сексеніңнің сыры көп, бедері көп,
Өз - өзінен әңгіме тереді көп:
-Қыдырбайдың келіні толғатқан-ау,
Клуб жақтан дауысы келеді, - деп...

Жауап күтіп сөзге шал бүлінбейді,
Шалқасынан туған ай күлімдейді.
-Мейіржанның күйеуі үш жыл жатқан,-
күліп апам, - келіпті бүгін,-дейді.

-Бәсе, жаңа жүрісі сылаң еді,
Мәре-сәре боп жатқан шығар енді!-
Жаңа ғана күңкілдеп отырған жан,
Тілеулес боп лезде шыға келді.

Қойшы өсекті.
тыңдайын киелі үнін,
Табиғаттың, сиқырлы сүйем үнін.
Сан мыңдаған сабаққа түйін тастап,
Біраз бопты, төгіпті шие гүлін.

Жайылған су жүйекте сылдыраған,
Көңілімнің құлағын мың бұраған.
Айнадай су бетіме күле қарап,
Сыйлағандай, жұлдызды түні маған.

Сиқыр сазын сезімнің түсіне алмай,
Бойды билеп барасың, күшің, Алла-ай!
Буындарым дірілдеп әлі тұрмын,
Әлденені есіме түсіре алмай...

- Жеті түнде қорқасың, - болады деп,
Күбірінен наразы соғады леп...
Ағып түскен жұлдыздан шошынды анам,
«Бола көрсін жұлдызы жоғары!» - деп.

Еркіндік жоқ мұнда да тас қаладай,
(Қарауылға байытып тастағаны-ай)
-Ұйқың қанбай қалады, жат енді! - деп,
Өбектейді, бейне бір жас баладай.
...Өзгереді уақыт,
ауысады ән,
Өткен күн деп несіне жанұшырам?..
Ұшып тұрдым,
жарым түн,
ұйқы қашты,
Мейіржанның шыңғырған дауысынан...