Туындылары
Төркін.
Шыдай алмай сағыныш серпініне,
Шат заманда тұрғанда еркі біле.
Отау тігіп, өзге үйдің шамын жаққан,
Асықпай ма, қыз бала төркініне ?
Тынармын ба, ұяма қанат қақпай,
Басылатын көзіме абат – бақтай.
Мәре-сәре қауышу елес беріп,
Асығамын үйіме тағат таппай.
Анам бастар әңгіме,
таласам ба?
-Бүгін биік,кешегі аласаң да.
Сиыр да жоқ,сүт те жоқ,саттық!-дейді,-
Адам болмай қарайтын қарасанға.
Інің мынау,сүрбойдақ, үйленбейді,
Келді отызға,қызы жоқ сүйген,-дейді.
Басы екеу болмаса, кесе-біреу,
Екеу болмай береке,күй келмейді.
Әкең болса,ауру кәріліктен,
Парызы үшін болады бәрі күткен.
Біте қайнап бейнетпен өскен едім,
Сірә, бір күн бейнеттен арылып па ем?!
Бола алмаймыз өзіңмен күнде бірге,
Бара жатыр алшақтап ірге мүлде.
Бір иығым жүгінен жеңілдер ме ед,
Сауыншы боп жанымда жүргенінде.
Бақтық-қақтық,не тиді есемізге?
Сендер деумен өмірден көшеміз де.
Өзіңменен оқыған Күләш анау,
Қарағайдай үй салды көшемізге...
...Боларлықтай жан еді,көпке қазы,
Өнерлі еді,белгілі төкпе сазы.
Шаршаған ба?
Кінәмшіл болып алған,
Бітпей қойды анамның өкпе-назы.
Аз отырдым қабағын,жайын бағып,
Билеп кеткен соншалық, уайым неғып ?!
- Кеттік, - дедім, - келемін көлік тауып,
Алып кетем, отырғын дайындалып!
Анам жайы өзіме белгілі еді,
Жайшылықта жан еді жөн білетін.
- Қой, қой, күнім,
атама,
ұлы тұрып,
Қызына еріп кетті! - деп ел күледі.
- Бөлшектеген мен болсам бүтініңді,
Ал айта ғой, төрелік – бітіміңді.
Ажырысып келейін күйеуімнен,
Сөндірейін түтеткен түтінімді.
- Ойбай, құдай, бұл неткен тосын еді,
Естімегі құлақтың осы ма еді?!
« Қайтып келген қызы дер, пәленшенің,
Қайбір адам бүгінде досың еді»!
...Аздан кейін, жайдары қалыпқа еніп,
Күлкісін де қояды төгіп-төгіп.
Айналады үй болған балаларын,
Қиялменен бәріне барып келіп.
...Қайтар кезде толтырып көзге мұңды,
Өкінгендей айтылған сөзге түрлі.
- Ренжіме, құлыным, дейді ақырын -
Сағынғаннан айтам ғой өздеріңді.
Қанша бала тапса егер, сонша бөлек,
Ет жүрегі –
даладай болса керек.
Прометей сияқты от таратқан,
Мәңгі жасап аналар қалса дер ек!