Есенқара Ханбибі

Туындылары


Жан айқайым, бабам, саған жете ме?

Кеш, бабам, аруағыңды, ойға алмаймын,
Жаныма қайғы – мұңды жайғандаймын.
Айырылған қайта-қайта қаймағынан,
Көк сүттен ұйытылған айрандаймын.

Шабақтай жағадағы қайраңдаймын,
Бәріне үйренгенмін, таңданбаймын,
Шөлдеген әз-Аралдың сор тұзындай,
Өз суын өзі ішіп қойғандаймын!

Ұмыттым, тілімді де, ділімді де,
Мәңгүрттік – бойымдағы мінім, міне!
Мал бақтым,
Темір міндім! – «шықты мүйіз»...

Өзгерттім әйелге тән түрімді де,
Бүгінгі, қайран бабам, күнім міне!

Тұсаулы шабанымды қамшыладым,
Ғасырдың жасы болып тамшыладым,
Сөйлеуге өз тілімде біреулердің,
Алдына иіліп кеп, заң сұрадым.

О баста болмаған соң ақыл-айла,
Таңдайым бал жесем де татымайды, ә?
Көп екен ішегіне қылыш тыққан,
Таппадым досы қайда, жаты қайда?

Берсең - алар. Біреулер «көп» демейді,
Мініп алып желкеңе өкпелейді.
Атымтайым – жомартым, жүрегіңе,
Дарқандығың дақ салып кетпегей-ді!

Өзегі жоқ, тілі жоқ ойланбаған,
Қабағыңды қайтейін, жайраңдаған.
Өзгелердің табар ек, емін іздеп,
Мен өзімді қайтемін, қайран бабам!