Туындылары
Ақын рухымен сырласу.
«Оһ, қандай жақсы болды туылғаным
Адамдарда жүрек бар кезінде мен».
Т. Айбергенов.
Жас жүрек, таптың екен қалай тыным,
Өмірден сол болды ма, қалайтының?
Бір кезде жүрексіздер қауымы орнап,
Білдің бе, бірін-бірі талайтынын?
Сен жоқсың, тәуірлердің кетті көбі,
Жаңғырып, Жаңарудың жетті лебі.
Шындықтың мәні осылай деген қулар,
Құласа, бірін – бірі деп тіледі...
Соқпақтай екі ауылға төселмеген,
Көбейді кеуде қаққан көсем деген.
Амалдап алып жатты кек қайтарып,
Кімдерге кетті менің есем деген.
Біреуді өсіргенде қолға салды,
Біреуді өшіргенде қолға салды.
Азғындап, кеткен ата әруағының
Қураған сүйегіне таңба салды.
Апырмай, заманымның талғамы жоқ,
Ішінде зиялының арманы көп.
Мақтады өзін-өзі өгіз тентек,
Басында көк бақырдай салмағы жоқ.
Атаның ақсақалды ары кетті,
Әйелден енші алысып, жары кетті.
Жігер жоқ - жігітінде, қызда - қылық,
Ағатай, несін айтам, бәрі кетті...
Намысым! Тот баспайтын алдаспаным,
Көрдім-ау, алдаспанның шаң басқанын.
Оһ, қандай өкінішті адамдардың,
Жүрегі жоқ кезінде жер басқаным!