Есенқара Ханбибі

Туындылары


Айтатыным , жазатыным –тек шыным,
Елден , жұрттан жасыратын жоқ сырым!
Аялайды, - бірі демеп, - ал бірі
Ұнатады қайрылғанын топшының.

Күліп көрдім. Жарасқан соң қонымды,
Жылап , көндім. Жасырғам жоқ онымды.
Жармасқам жоқ, тұлпарлардың жалына,
Жалғасқам жоқ, сақтау үшін орынды!

Құлагерді тұяғынан қақпадым,
Тентек болсын, Ақандарды жақтадым.
«Мынау ісім, қалай болар екен ?» деп,
Мықтылардың қасы-көзін бақпадым!

Кейбіреулер судан шығып құрғақ-ақ,
Екі шоқып, жан-жағына бір қарап...
«Елім, жерім, тілім», - дейді, көлгірсіп,
Жайлы орынға жеткенінше сырғанап...

Бояулардың көбін көрді бұл басым,
Шындықты айтсам – кетті өкпелеп құрдасым.
Өзге тілге – жалға берген ауыздың,
Күні бітпес, құдай шындап ұрғасын!

Сұрауы жоқ, «жергілікті халықтың»,
Құрғақ сөзді айта-айта жалықтым.
Нарқоспаққа бағалаған ағалар,
Кетті айналып, артын бағып әліптің!

Қасиетін мойныма ілген тұмардың,
Қасіретін туған елдің ұғармын!
Өз ұлты үшін құрбандыққа бас тіккен,
Сәкендерден әулие емес шығармын!!!