Құлбек Ергөбек

Шығармашылығы




ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕККТІҢ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ ЖАЙЫНДАҒЫ КӨЗҚАРАСЫ

«ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТКЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ»

       Филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбектің сөзінше, латын әліпбиіне көшу тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан Қазақстан Республикасын әлемдік өркениетке жетелейді. Сыншы, әдебиет зерттеушісі сондай-ақ Елбасының бұл бастамасын тіл білімі мамандары да қызу қолдап отырғанын айтады.
       «Латын әліпбиіне көшу арқылы біздің алфавитімізде ұлттық болмыс, ұлттық сипат болады. Латын алфавитінен қазақтың рухын көріп тәрбиеленсе жастарымыз, қала берді келешек ұрпақ ұлтжанды болар еді деген ойдамын»,-дейді Құлбек Егөбек.
       Жалпы тіл білімінің профессоры бұл бастаманың кезінде қазақ зиялылары да көтергенін айтады. Яғни, латын әліпбиіне көшу бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе.
       «1926 жылы Бакуде дүниежүзілік туркологиялық конгресс өткен. Сонда Кеңестер Одағындағы мемлекеттер тарапынан латын әліпбиіне көшу мәселесі сөз болған. Сол жерде Ахмет Байтұрсынов бұл ұсынысқа қарсы болды. Есесіне қазақтан шыққан тұңғыш елші Нәзір Төреқұлов латын әліпбиіне көшуді қолдады. Ол кезде Сауд Арабиясында елші болып жүрген азамат көп тіл білетін, араб, парсы, шығыс тілдерін айтпағанда, неміс, француз, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеген. Қала берді тәжік тілінде оқулық жазған. Ол кісі қоғамның келешегі латын тілінде екенін ескеріп, конгресте сөз сөйледі. Бірақ латын әліпбиі бас-аяғы 5-6 жыл көлемінде-ақ болды.
       Мысалы, Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалауы» латын әріптерімен басылып шықты. Алайда көп ұзамай-ақ Кеңес үкіметінің басшылығы бәрін кириллицаға өткізіп жіберді», - дейді әдебиет зерттеушісі.
       Құлбек Сәрсенұлының сөзінше, енді өзекті мәселе Елбасымыз тарапынан қолдау тауып, дер кезінде қолға алынып отыр. Ендігі мәселе оны жұртқа дұрыс түсіндіре білу керек.