Лебіз
ТҰРАР СҮЛЕЙМЕНОВ: СЫРСАНДЫҚ
ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰЛБЕГІ
Әңгіме Құлбек жайында. Әдебиет сыншысы кәдімгі Құлбек Ергөбек туралы. Қазақтың Құлбегі дәл алпысқа толар тұста анасы қайтты дүниеден. Бибіайша анамыз. Қазаққа Құлбекті берген ана. Алты Алашқа Құлбектей тұлғаны тауып берген ана. Алматыда шығармашылық шаруа жайымен жүрген Құлбек баласы Шәуілдірге шұғыл қайтты. Анасы келместің кемесіне мініп кетіп бара жатқан қара шаңыраққа келді. Ағылған елде есеп жоқ. Бәрі де Құлбекке көрінгісі келеді, көңіл айтқысы келеді. Қазақ деген осындай. Бибіайша ананың Құлбек бастаған, қазіргі кемеліне келген төрт ұлы тікесінен тік тұр. Ағайын туыс тұтас тұр. Бұл Құлбекке деген құрмет.
Құлбек туралы қазақ қайраткерлерін айтпағанда «Адамзаттың Айтматовы» атанған қырғыздың шоң Шыңғысынан бастап Сайфи Құдаш, Мұстай Кәрім, Адыл Якубов, Н.И.Васильев, Насыр Фазылов, А.Акматалиев, Намық Кемел Зейбек сияқты әлем әдебиетінің әйгілі тұлғалары өз ойларын білдірді. Бейсенбай Кенжебаев, Әбділда Тәжібаев баласындай жақсы көрді. Қалтай Мұхамеджанов, Сафуан Шаймерденов, Тәкен Әлімқұлов іні тұтып еркелетті. Ғажап ақын С.Мәуленов, М.Шаханов оған арнап өлең жазды. Шәмші ән арнады. Құлбектің қазақ руханиятындағы кемелдігі туралы кеше ғана қазақтың Кекілбаевы жеріне жеткізіп жазды. Кекілбаев әрине Құлбектің кешегісіне, бозбала күніне бойлап бара алмады. Құлбектің боз бала шағын, ғылым жолындағы, жазу жолындағы алғашқы қадамын, әдебиеттің әліпбиін қалай танып, әдебиет әліппесін қалай ашқанын бірге оқыған біздер біліңкіремейміз. Құлбекпен бірге оқыған біздердің тағдырымыз сонау 1970 жылы қазақ білімінің қара шаңырағы ҚазГУ-де тоғысты. Осы оқуға түстік те оқу оқымастан бұрын Алматының іргесіндегі бір совхозға алма теруге бардық. Алма терген кезіміз алаңсыз кезіміз, аңғалдау шағымыз болатын. Бізді өмір есейтті, оқу өсірді. Сабақ басталды. Кімнің кім екенін тани бастадық, бір-бірімізді біле бастадық. Бірге оқитындардың қабілет қарымы көріне бастады. Біздің бағымызға қарай ұстаздардың бәрі ұлық кісілер болып кездесті. Ылғи ығай мен сығай. Әуезовтың аудиториясында отырып, Әуезовтың әуенді әуезін есітіп, дәрісін алдық деп мақтана алмадық. Басқасы болды. Бейсембай Кенжебаев, Мұхаметжан Қаратаев, Мәлік Ғабдуллин, Темірғали Нұртазин, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев, Мырзатай Жолдасбеков... сияқты ұстаздар оқытты бізді.
Ұлық ұстаздың бірі Тұрсынбек Кәкішев болатын. Құлбекті ғылым жолына жетелеп жеткізген ғалымның бірі нақ осы Кәкішев ұстазымыз болатын. Құлбек Кәкішевке қарыздар екенін қашанда айтып отырады. Мақалаларында жазып жүреді сырға айналдырып.
Ғылым жолын қуу, жазу жолына түсу үшін ғылым ордасы, жазу ордасы Алматыда қалу керек. Ол кезде Алматыда қала салу да оңай болмайтын. Нақ осы Кәкішев ұстазымыз Құлбектің қазақ ғылымына, әдебиет сынына керек адам екенін біліп, болашағын болжап, оқу министрінің орынбасарына дейін кіріп, әупірімдеп Алматыға алып қалды.
Құлбекті ғылымға бейімдеген ұлы ұстазымыз Бейсембай Кенжебаев болды. Тұлпарды тай кезінен танитын атбегідей Құлбек бойындағы қабілетті ерте танып ғылымға баулады.
ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ЛЕБІЗДЕРІ
Дорогой Кулбек!
От имени руководства Генерального Совета Ассамблей культуры Центральной Азии, мы, твои друзья и соратники горячо поздравляем и обнимаем тебя в день славного пятидесятилетия.
Ты был и остаешься талантливым ученым, чутко улавливающим цену слова, красоту стиля, качества, которым, к сожалению владеют далеко не все литераторы. Еще одно твое замечательное качества, вызывающее всеобщее уважение, так это ты никогда не замыкался одной лишь литературой, а выступаешь как тонкий занток и арбитр всех литератур нашей Центральной Азии. И мы все радуемся, что в свои пятьдесят лет остаешься молодым, красивым и мужественным человеком.
Так держать!
Чингиз Айтматов
Брюсель
АҚ ТІЛЕГІ
Қадірлі Құлбек Сәрсенұлы!
Туған әдебиетіміздің тарихын тереңнен толғап, осы заманғы әдеби ойдың ойдағыдай қалыптасуына елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан көрнекті ғалым – Сізді елу жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын.
Ұлттық филологияның Бейсенбай Кенжебаевтай арыс тұлғасынан өнеге көрген Сіздің ұлттық әдебиеттануымыз бен әдебиет тарихының заманға лайық жаңа методологиясын жасақтау, академиялық орнықтылығы мен кемелдігін қамтамасыз ету жолындағы тыңғылықты ізденістеріңізге сүйсінеміз.
Алда да осы бағыттан танбай, үлкен табыстарға жетуіңізге тілектестік білдіремін.
Деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ болғай!
Әбіш Кекілбаев
Сәбит Мұқановтың творчестволық лабораториясын басқа емес, жазушы музейінің іргесін қалап, ұзақ жыл архивін ақтарған, адал бейнетімен әдеби, ғылыми жұртшылыққа танылған біздің түлегіміз Құлбек зерттеп отыр. Сырттан тон пішкендей болмай, ұзақ жыл жазушы жұтқан ауаны жұтып, қолжазбалары арқылы қаламгер жан-дүниесіне шым батып, бойлап барған зерттеушіні қолдау керек.
Құлбек Ергөбектің «Сәбит Мұқановтың творчестволық лабораториясы» аталатын докторлық диссертациясынан шығармашылық еңбекті бүкіл өмірінің мәніне айналдырған, тынымсыз жазып, соңына тындырымды іс қалдырған қазақ жазушысының дүниетаным қайшылығы, жетістігі, кемшілігі дегендей бар болмысын көреміз.
Зерттеудің материалы бай, методологиясы жаңа!
Зейнолла Қабдолов
Академик, мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты
Қадірлі Құлбек!
«Елге ердің адал жүрегі қымбат» деген ғой Мағжан ақын. Сіз адал жүрек, ақ ниет, елге деген шынайы жанашырлықпен қай мәселеге де азаматтық парыз тұрғысынан қарайтын көрнекті әдебиет сыншысы, ғалым, жазушы, педагог ретінде Алаштың көшбастар серкелері қатарынан теңдессіз орныңызды таптыңыз. Бұдан былайғы жерде де ойыңыз ұшқыр, қаламыңыз жүйрік, қадамыңыз қарымды болсын.
Шерхан Мұртаза
Аса құрметті Құлбек інім!
Сен қаршадайыңнан әдебиеттің қара солдаты боп қалыптастың. Архив ақтарып, шаң-тозаңның ортасында отырдың. Әдебиет тарихына қатысты бір де бір құнды факт сенің назарыңнан тыс қалған жоқ. Бәрін жаздың, ерінбей тердің. Өзге зерттеушілер елең қылмайтын ұсақ боп көрінген детальдардың өзі сенің қойын кітабыңа түсіп жатты. Соның нәтижесінде сен бүгін баршаны мойындатқан, баршаның ыстық лебізіне бөленген ондағы құнды кітаптардың авторы болдың. Әсіресе, Сәбит Мұқанов, Бейсембай Кенжебаев сынды қазақ көркем сөзі мен әдебиет зерттеу ғылымының майталмандары жайлы, балалар әдебиеті мен қазақ прозасының айтулы шеберлері жайлы зерттеу еңбектерің өзіңді танымал ғалымдардың қатарына қосты.
Таза бюрократиялық кеңес қызметі мен ұстаздық қызметтердің ыстығы мен суығына жүз күйіп, мың тоңып жүрсең де өзіңнің басты мақсатың - әдебиетші, зерттеуші деген асыл борышыңды ұмытпай, сол жолда ел таныған, жұрт мойындаған ғылыми еңбектеріңді бір сәтке де ұмыт қалдырмай, өнімді еңбек етіп келе жатқаның бәрімізге мақтаныш!
Сәлеммен, ағаң
Дулат Исабеков
РИЗАШЫЛЫҚ БЕЛГІСІ
Қазақтың өзіңнен кейінгіні көріп қартаясың деген сөзі рас болуы керек. Сәлем бере келген Құлбек сөз арасында 50-ге келдім демесі бар емес пе?! Таңырқап қарап қалыппын. Осы Құлбектер көз алдымызда өскен бала еді. Енді елуге келдім деп қарап отыр. Қалай таңырқамассың? Елу – ердің жасы! Әдемі жас. Сексенге келген біздер үшін артта қалған арман жас. Өзінің әлгі әңгімесінен кейін Құлбек туралы ойладым. Мен соңымыздан келе жатқан інім туралы ойымды Сәбеңмен байланыстырдым.
Құлбек Сәбит музейіне алғашқылардың бірі болып келіп, сол музейдің әрбір заты, әрбір қағазына дейін тізімдеді, экспонаттарды іріктеп, экспозициясын жасады. Әрі жазушының әдеби мұрасын зерттеп бірнеше кітап жазды. Музей жайында мақалалар жариялады. Олай болса, Құлбек Сәбит Мұқанов музейінің негізін салушы!
Сафуан Шаймерденов
ТАҚЫРЫБЫН ТАПҚАН ЗЕРТТЕУШІ
Қазіргі қазақ әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымында жемісті еңбек етіп келе жатқандардың алдыңғы қатарында сыншы, публицист, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбеков есімі аталады. Жасы елуден жаңа асқан сыншының жариялаған мақалалары мен зерттеулері қомақты. Оның сын мен әдебиеттану әлеміне қадам қойғаннан бері қарайғы баспасөзде М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында, жоғары оқу орындарында, С.Мұқановтың әдеби мемориалдық музейінде атқарған қызметі, әдеби ғылыми ізденістері, біздерге, аға буын әдебиетші ғалымдарға жақсы таныс. Мен Құлбектің әдебиет сыны мен зерттеуі саласындағы ізденістеріне тілектес болғандардың бірімін.
Сыншы, публицист жазушы Қ.Ергөбек жұмысының тағы бір саласын айтпай өтуге болмайды. Құлбек – қазақ балалар әдебиетін көптен бері зерттеп келеді. Бұл ретте оның «Мейірім шуағы», «Өтебай Тұрманжанов» тәрізді монографиясын, «Қазақ совет балалар жазушысы» деп аталған анықтамалығын т.б. басылымдарын атап көрсетуге болады.
Сыншы туысқан халықтар әдебиетіне де қалам тартты. Заманымыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов шығармашылығына арнап «Шыңғыс шыңы» атты еңбек жазды.
Рахманқұл Бердібай
ҚР ҰҒА академигі
ҚАНАТЫҢ ТАЛМАСЫН, ҚАРАҒЫМ
Менің осы тұнық ойым Құлбектің зерттеу еңбектерін оқығаннан кейін шайқалып кетті. Құлбек – С.Мұқанов творчестволық лабораториясын егжей-тегжей зерттеген өте білімдар ғалым. Құлбек – қазақ әдебиетінің білгірі. Құлбек – Орта Азия халықтары әдебиетінің білгірі. Ол қырғыз Шыңғыс Айтматов жөнінде кітап жазды. Біліп жазды. Құлбек қалай көркем жазса, сөйлегенде солай көсем сөйлейді.
Өзім тағдырымды сабақтастырған қазақ әдебиетінен Құлбек Ергөбектей сараман ойшыл, білімпаз қаламгер, құшағы кең бауырмал әріптес іні тапқаныма қуанамын! Әрдайым іні тілеуін іштей тілеп отырамын! «Қанатың талмасын, қарағым!» - деймін.
Насыр Фазылов
өзбек жазушысы
Қадірлі Құлбек!
Сенің ғылыми еңбектерің, сын саласындағы туындыларың қазақ филологиясы мен әдебиетіне үлкен үлес болып қосылған құнды дүниелер. Жұртшылық, зиялы қауым сенің сабырлы талантың мен адамгершілік қасиетіңді жоғары бағалайды. Бұдан артық азаматқа бақыт бар ма?!
Төлен Әбдікұлы
Құлбектің сын еңбектерін оқып отырып таң қаласың, қазақ мәдениетінің ғасырларға кететін қабаттарын ақық ақтарып, талдау үшін, талдағанда да әлем және орыс әдебиеті контекстінде қопара талдау үшін әдебиет сыншысына қаншама архив атқарып, нешеме теориялық кітаптар мен мемуарлық еңбектер қотаруға тура келеді екен?! Оның еңбегі таңдай қағып таңдануға да, тамсана құрметтеуге де әбден лайық!
Герольд Бельгер
Қадірлі Құлбек!
Менің пайымдауымда ұлттың тарих аясында өзіндік орны мен қадір-қасиетін оның аса дарынды перзенттері айғақтайды. Сен атаның ғана ұлы емессің, халқыңның адал да ардақты перзентісің! Бұл елудің бодауына айтылған сөз емес, бұл сенің ұлт болмысын ұлықтау мен ұлт ғұмырын ұзарту жолында тындырған ерен еңбегіңнің лайықты бағасы. Елдік істерге деген сенің құрбаншыл қасиетіңе айрықша сүйсінемін және тілеуқорыңмын. Тәңірім саған жүрегіңдегіні армансыз айтуға мүмкіндік беріп, ұзақ ғұмыр сыйласын!
Қаламдас, қанаттас ағаң
Ақселеу Сейдімбек
ОРТА АЗИЯҒА ДА ОРТАҚ ӘДЕБИЕТШІ
Құлбек Ергөбек – біздің қырғыз әдебиетіне де дос қолын созып, қолғабыс жасаған үлкен әдебиетші. Оның заманымыздың биік жазушысы, шоң Шыңғыс Айтматов творчествосы жөнінде жазған «Шыңғыс шыңы» аталатын эссе кітабы қырғыздар арасында үлкен құрметке ие. Қушубек Омуралиев қотырмасында (аудармасында) Құлбек Ергөбек еңбектері еркін қабылданды.
Ол - әдебиет мәселелерін Орта Азия бойынша ортақ та өзара байланыста қарастырып жүрген шоң ғалым. Орта Азия халықтары ғылымында жазушы еңбегін творчестволық лаборатория тұрғысынан қарастыру – кенже қалып келе жатқан сала. Құлбек өзінің еңбектерін осы салада жазып, творчество психологиясына дендей еніп жүрген зерттеуші. Оның Сәбит Мұқанов творчестволық лабораториясын терең қарастырған «Жазушы шеберханасы» аталатын кітабын қызыға оқып, «Адаби кезит» бетінде сүйсіне пікір айттым. Біз осындай досымыздың барын мақтан тұтамыз.
Абдылджан Акматалиева
Қырғыз ғалымы, акадеимк
Қырғызстан Республикасы Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты
Қ. Ергөбеков не жөнінде, кім жөнінде жазса да, біліп жазады, білмей сөйлемейді. Ол үшін сыншы ғалым көңіл көзін тіккен объектісін жан-жақты, әр қырынан зерттеп тануға жалықпайтыны жазғандарынан анық байқалып отырады. Ол шығармасы жайында да, шығармашы жайында да неғұрлым көбірек, неғұрлым жітірек танып, танығанынан ой қорытып, тұжырым-түйіндерінің сөлін ғана ұсынатын сияқтанады. Жалпы эрудициясы мен ой-өрісінің биіктігі, білімдарлығы автор көзқарасының көкжиегін кеңіте түсетініне куә боламыз.
Мұзафар Әлімбайұлы