Салтанат Айдарбекова

Асыл сөз


Аппақ әлем, аппақ дүние! Ақ қарға оранған кіршіксіз тап-таза табиғат маужырай керіліп, паңдана қарайтындай. Біз де осылай кіршіксіз осы әлемге келген едік-ау... Бірақ сол тазалығымызды сақтай алдық па?



Кейде осылай ұзақ жол жүргім келеді, өз-өзіңмен бетпе-бет келіп, ой таразысына бүкіл тіршілігіңді тартқанда өз бағаңның қаншалықты екенін іштей аңғарасың...



Білесің бе, кей естеліктер тым ауыр...бірақ одан не айналып өтіп, не қашып кете алмайсың...



Адамдардың бояусыз түрін көру емес, маскасыз түрін көру қорқынышты... Қорқыныштысы сол – оларға деген сый-құрметің, достығың, ізгі ниетің күл-талқан болады. Одан кейін пенде шіркінге сеніп көр... Сумен жуып тазарта алмайтын ең басты құндылық – арың мен көңілің!



Біреуді сағыну, әлдекімді іздеу, әлдебіреуге өкпелеу... Осының бәрі керемет, иә?..
Шын сағынып іздеген күндерімді, өтім жарылардай қызғанған мезеттерімді, өкпем ісіне ренжіген сәттерімді, жабыққанда жанымнан жанұшыра іздеген кездерімді, тіпті жанарымның жасын көлдете нақақ жас төккен шақтарды да аңсайды екен адам...
Осы күнде ешкімге ренжімеймін де, іздемеймін де, тіпті ешкімді сағынбаймын. Күйкі тірлікке көміліп, қарын тойып, ұйқы қанса одан өзге ешбір мұрат-мақсат жоқ тәрізді сиықсыз күндер. Мұндай «тыныштықтан» да жалығады екен адам... Күні кеше тағдырыма төңкеріс жасап, өміріме өзгеріс енгізгім келген. Бәрін тастап, Алматыға тартып кетіп, бақытты қолдан жасағым келді. Алайда, мен бақытсыз емес ем. Олай тәуекел ету қажет емес екенін түсіндім. Бәлкім дәм-тұзы Алматының тартпаған болар...
Адам өзінің не іздейтінін, кімді іздейтінін білмесе де қиын екен ғой...
Бұйығы ойлардан бойды тазарту үшін жаныңа жақын жандармен бірге ой бөліскен мезеттер де кейде жетпей тұрады...



Тамыр-танысты жағалап, қойны -қонышыңа кіріп өзеуреп, керек кезінде табаныңды жалап, өз діттеген мақсатына жеткенде өзі болып, өзі толғандай, танауын көкке шүйіріп, адам танымай қалатын екі аяқтыларды түсінбей-ақ өтетін шығармын! «Көрмеп пе едім ордаңды, түбі тесік дорбаңды» деп атам қазақ қалай тауып айтқан? Өмірде алға ұмтылған жақсы ғой, бірақ атақ, бедел, танымалдылыққа ұмтылып ауыратындар қандай жиіркенішті еді!



Неге осы адамдар қолда барды бағалай алмай, уыстан шығып кеткенде барып сандарын соғады? Ол кезде өкін, мейлі, өкінбе ештеңе өзгермейді. Бір емес, бірнеше рет сүрінген тасты жолыңнан алып тастай алмасаң, өз обалың өзіңе, омақаса құлап тыныш табасың. Өткеніңді ұмытпай, жаңа өмір бастаймын деу бекершілік, өткен өміріңдегі адамдарды қазіргі адамдармен салыстыру да дұрыс емес. Жас кезде білместікпен жасаған қателігің кешірімді шығар, ес кіргенде тағы да қателесу – ақымақтық!



Өкінішсіз еске алатын естеліктеріміз көп болғай! Адам қай жерде жүрсе де өсемін, өнемін деп жүреді. Дегенмен тағдыр талайың сен мүлде күтпеген тосын сыйлар дайындауы мүмкін. Әрдайым жақсы хабарымызбен бөлісейік!



Жұмысымды, оқушыларымды, кейде аяқтан шалар әріптестерімді де жақсы көремін! Сіздерді де!



Өз қалыбыңа өзің сыймай қалған сәттерде жалғанның жалғандығын бетіне басып, айқайлап бір ебіл-дебілің шығып жылап алсаң... Әйелдің жылағаны – жеңілгені. Жеңілгені – жеңілдегені. Олар осылай жан дүниесін айқара ақтарып жылап алуы арқылы күллі қиындығын еңсере алады. Түнімен жылап шығып -ақ ертеңіне түк болмағандай жайраң қағатын да – әйелдер. Еркектер, біздер сияқты жылай алмайсыздар ғой, мойындасаңыздаршы? Әйел болудың артықшылығы да осында шығар... Әрине, көз жасымыз тек жақсылыққа көрінсін. Жылай алмайтын әйелден қорқу керек, расында.