Өмірдерек
Айдарбекова Салтанат Сейділдәқызы 1984 жылдың 8 наурызында Шымкент қаласында дүниеге келген. 1990-2001 жылдар арасында ОҚО (қазіргі Түркістан облысы) Созақ ауданы Қызылкөл ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті үздік тәмамдап, 2001-2005 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің филология факультетінің грант тобына оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан.
Алғашқы еңбек жолын Ордабасы ауданындағы Ш.Уәлиханов мектеп-гимназиясынан бастап, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі болып қызмет атқарады, жоғары санатты педагог-зерттеуші.
Отбасылы, 2 ұлдың анасы.
Шығармашылық жолын мектеп жасында бастап, аудандық «Молшылық үшін» (қазіргі «Созақ үні»). «Оңтүстік Қазақстан» газеттеріне, студент шақта «Шымкент келбеті», «Жеткіншек», «Университет», «Діл» газеттеріне, бертін келе «Замана», «Аталар сөзі», республикалық «Қазақ әдебиеті» басылымдарына әңгіме, өлеңдері жарияланып тұрды.
2020 жылы алғашқы шығармалар жинағы «Сары күзге сағыныш» жарық көрді.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай жазушылар одағы өткізген «Өркендей бер, өр елім» атты қаламгерлер байқауында прозалық жанр бойынша лауреат атанды.
2021 жылы Қазақстан жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.
2022 жылы «Ақ тамшылар» деп аталатын поэзия жинағы мен «Мылқаудың махаббаты» атты прозалық жинағы жарық көрді.
2022 жылы балалар жылына байланысты жазушылар одағы ұйымдастырған «Алтын сақа» балалар шығармашылығы байқауына қатысып, ҚЖО төрағасы Ұ.Есдәулеттің Алғыс хатымен марапатталды. Осы жылы балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» әдеби жинағында шығармалары жарияланды.