Салтанат Айдарбекова

Шығармашылығы


ӨМІР ШЫНДЫҒЫН ӨРНЕКТЕГЕН ТУЫНДЫЛАР

Сөз өнері – адамзат ұрпақтарының тіршілік қозғалысындағы іс-әрекеттерін, ақыл-ойынан туындаған жаңа бастамаларын көркем шындықпен өрнектейтін рухани құндылық қазынасы. Адамдардың фәни мен бақи дүние аралығындағы ғұмырнамалық деректерін сөз өнерінің туындыларында бейнелеу арқылы қаламгерлер өмір шындығының үндестіктер мен қайшылықтар қатарласқан сипатын оқырмандардың назарына ұсынады. Қаламгерлердің өмір сүру философиясының заңдылықтары аясында өздерінің жан ділі әлеміндегі қорытылған деректерді, құбылыстарды, қасиеттерді саралай суреттеп, өзіндік көркемдік шешімді бағалауларымен оқырмандарды да ойландырады, сол арқылы жақсылық атаулының ұлағатын ұғындырады, жаман қасиеттерден жирендіреді. Бұл – адамзат тарихындағы сөз өнері туындыларына ортақ эстетикалық тағлым көрсеткіші. Бұл орайда, Салтанаттың өлеңдері мен әңгімелерін оқып отырып, қаламгердің өз туындыларында адамгершілік-имандылық қасиеттерді саралап, өзіндік көркемдік шешімдерімен бағалаулар жасағанын аңғарамыз.
Қаламгердің поэзиялық шығармалары лирикалық сезім иірімдерімен өрнектелген. Ақынның поэзиялық шығармаларындағы азаматтық-отаншылдық сарынды өлеңдерінен оның өлең өнерін, туған жерін, ата-бабалық қасиетті дәстүрлерді ұлықтаған ұстанымын айқын сезінеміз. Мысалы, «Өмірім өзіңменен егіз екен» деген өлеңінде киелі дәстүрлі поэзияның тылсым сырлы болмысына арналған лирикалық кейіпкердің – автордың жан ділінен туындаған жүрек сырларын оқимыз:

Поэзия, қазынам ба ең тұнып тұрған?
Сағындым, сені қайдан жолықтырам?
Долы терек жынданып бұлданғанда,
«Сен бе – деп – еркелеген?» – қарап тұрам.

... Шипасын бұлдады ма бұл Жаратқан?
Кім екен жыр-бұлақтың көзін жапқан?
Құмарым қанар ма еді сусап жүрген,
Бусанып, буырқанып ағып жатсаң.

Нөсер-жыр, егізім ең маған серік,
Шарқ ұрып сені іздедім, қалмады ерік.
Ақ сағым алабұртып шақырғанда,
Кей сәтте өзің бе деп кетем еріп...

Ақынның өлең өнерін жанына серік еткен жан жүйесіндегі психологиялық тебіреністері-толғаныстары «Өлең» атты туындысында да поэтикалық өрілімдермен өрнектеліпті.
Ақынның өлеңдерінде («Сағындым», «Шағала ұшып, қаз қонған Қызылкөлім», «Қасиетті көлім, жабырқап әлі жатсың ба?», «Келді ме көктем, жаңартып қыр мен даланы», т.б.) лирикалық кейіпкердің жан ділі әлеміндегі туған жерге арналған перзенттік махаббат сезімі азаматтық парасат пайымы аясында жырланған. Лирикалық кейіпкердің туған жеріндегі мекендерді, ондағы табиғаттың құбылыстарын, желді, тауды, тасты, өзенді, гүлді, ауылындағы барлық көріністерді жан дүниесіне рухани серік еткен адамдарға ортақ көңіл-күйлерін жырлауына оқырман да ортақтасады:

...Сағындым туған елдің қыраттарын,
Сағындым ойнап аққан бұлақтарын.
Мұңайғанда ерке жел жұбатушы ед,
Жұбатушы ед, жатқанда жылап жаным.

...Шежіре біздің ауыл тастары да,
Тыңдасаң әрбір гүлі сыр айтатын.
Самсаған түнгі ауыл оттары да,
Кеудеңе үміт отын тұтататын.

Салтанаттың көптеген өлеңдері махаббат лирикасы сарынында жырланған. Махаббат лирикасы – сөз өнеріндегі ғасырлар бойы үздіксіз жырланып келе жатқан сезімнің сыршыл әлемі. Ақынның бұл саладағы өлеңдерінде лирикалық кейіпкердің адамзат ұрпақтарына ортақ тағдырлы сырлары ( сағыну, өкіну, мұңаю, аңсау, болашаққа сенім, т.б.) психологиялық-поэтикалық көркем бейнелеулермен өрілген. Қыз бен жігіт, әйел мен еркек арасындағы адамзат тарихының алтын желісі болып келе жатқан қасиетті сезім болмысы ақын өлеңдеріндегі тебіреністермен танылады:

Жүрегімнен ұшырып ақ қанат өлең,
Өзің жазған хаттарды ақтара берем.
Қыз-ғұмырдың қызығы ерте үзіліп,
Махаббатымды бүгінге сақтаған екем...

... Өзің болып өріліп ақ армандарым,
Саған ғана арнадым сезімнің нәрін.
Елесіңе таңда кеп құшып, өбетін,
Әйтеуір бір келер деп көп қарайладым.

Ақынның өлеңдерінде («Қимас жандармен қоштасқан сәтте», т.б.) Жаратушының (Тәңірі-Алла-Құдай) құдіретіне мүнәжат ету ұстанымы айқын жырланған. Лирикалық кейіпкердің толғаныстарымен тіршіліктегі қиыншылықтарымен, тағдыр тауқыметтерімен бетпе-бет келген сәттердегі өршіл ойлы адамдарға ортақ ұстаным Тәңірінің құдіретіне мүнәжат етудің ұлағаты айрықша бағаланған.
Салтанаттың прозалық туындылары да бар. Ол туындыларының тақырыптық арқауында қаламгердің өзі өмір сүріп отырған қоғамдық-әлеуметтік ортадағы өмір шындығының деректі көріністері баяндала отырып, автордың өзіндік көркемдік шешімімен түйінделеді. Қаламгердің шағын және орта көлемді әңгімелерінде өзінің туып-өскен отбасындағы, туған ауылындағы, орта және жоғары білім алған оқу орындарындағы адамдармен араласқан қарым-қатынастар жүйесіндегі тіршілік шындығы қамтылған. Әңгімелерінде де әр алуан мінезді адамдардың әлеуметтік-қоғамдық ортадағы тағдырларын, олардың жақсылық тұнған ұлағатты қасиеттерін, кейбіреулерінің түсініксіз мінез-құлық психологиясын баяндай әрі суреттей отырып оқырманды да ойлануға шақырады. Қаламгердің прозалық туындыларынан оның осы саладағы шығармашылық ізденістер жолындағы мұраты да байқалады. Қазіргі қазақ сөз өнерінің жалпыхалықтық кеңістігінде поэзиялық және прозалық шығармаларымен өзіндік шығармашылық ізденіс жолында келе жатқан Салтанат Сейділдақызының алдағы өзі мұрат тұтқан белестерге көтерілуі жолындағы ұстанымын оқырман ретінде мақұлдаймыз. Бұл орайда, Салтанаттың «Арман» атты өлеңіндегі лирикалық кейіпкері арқылы жырлаған жүрек сырының шындығына сенеміз:

Талпынсам қолым шыңдарға биік жетер ме?
Қайығым жалғыз толқыннан асау өтер ме?
Барамын сыймай, япырмау, мынау дүниеге,
Арманым менің жүректе сөніп кетер ме?

...Дүние мәңгі, түбіне оның жетер ме?
Бақытым әлде алысқа шырқап кетер ме?
Сезімім менің салмаса екен азапқа,
Жүрегім жалғыз бәріне төзім етер ме?

Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ сөз өнерінің рухани жаңғырудағы жаңа тарихында поэзия, проза салаларындағы туындыларымен өзіндік шығармашылық мәнерін қалыптастырып, дамытып келе жатқан Салтанат Айдарбекованың ізгі мақсатының орындалуына тілектестігімді білдіремін. Шығармашылық ізденіс жолындағы жетістіктер жаңа туындыларға жалғаса бергей!

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі,
Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты.