Салтанат Айдарбекова

Туындылары


ЖЕЗ САМАУРЫН

– Қойшы болды. Таң атпай адамның басын қатырып...
– Қалай қойшы? Қоя алмаймын. Бұрынғыңа мақұл, жас дедік, ес кірер, ес кірсе қояр дедік. Ендігің не?
– Қойшы енді ұрыс бастамай...
– Айрандай ұйытып отырмын дейсің бе? Өзегімді өртеп, ірітіп отырсың ғой...
– Өткен нәрсеге бола басты қатырмашы...
– Өткен дейсің бе? Сен үшін өткен нәрсе үзілмейді екен ғой, өткен дегенің шұлғаудай шұбатылып әлі мойныңа оралып жүрген жоқ па? Өткен дейсің, е?
– Одан да ішетін не бар, шай ма берсеңші... Бас ауырып тұрғанда қайдағыны қозғамай.
– Шай ішкің келді ма? Сен менің қанымды ішіп болмадың ба, тоймадың ба әлі?!
Тілін безеген оның жағынан шапалақпен тартып жібергісі келді де, ол ойынан тез айныды. Қатынының сыры өзіне мәлім. Бір көгерсе анау-мынау еркегіңе әл бермей тулайды.
«Саған дауа жоқ екен» дегенді көнектей іскен қабағымен білдірген ол таң атпай шаптыққан қойнындағысының сөздерін ендігі жерде тыңдап тұра алмасын сезіп, «бастан құлақ садағасын» іштей айтты да сыртқа теңселе шығып кетті.
– Сен істегенді мен де істей аламын! – деген ашу мен ызаға толы айқайы құлақ түбінен шықса да, артына бұрылмай, теңселген қалпы үйден ұзай берді.
Алматтың үйінен бұлай шығып кетуі жиілеп, тіпті, әдетке айналғанына біршама уақыт өткен. Ішпесе тағы тұра алмайды. Ішкен адамда қайбір ес болсын, өзі сияқты тамыр-танысы күн санап арта түскен. Соның бәрі Самалға ауыр салмақ болып, оны кім көрінгеннен қызғанып қана қоймай, оған іштей ерегісіп, қырсығы ұстап қалатын әдет тапқан. Түнделетіп келген сәттерінің бәрінде қиялынан құраған өз ертегісіне өзі сенетін. Самалдың ішкі әлемін түсінер Алмат па, ол өзінің жаңа бір әуенін тапқанына малданып, үйдегі қатын-баламен ісі болмады. Самалмен бірге отырып ас ішуден де алыстап бара жатты. Өзіне тартып, баурап әкетер қылық Самалдан табыла қоймағаны оның да сылтауы еді. Бір шаңырақта тұрған екеудің осылай мағынасыз күндері өтіп жатты. Қанша дегенмен әйел заты емес пе, Самал ерінің өзіне көп көңіл бөлгенін қалайтын. Бірақ сондай жылу, мейірім Алматқа да қажет екенін түсінгісі келмеді. Іштей “ол менің көзіме шөп салып жүр” деген ойдан еш арыла алмай-ақ қойды. Оның түпкі санасында “сен істегенді мен де істей аламын” деген өзіне ғана дұрыс сұрқия ой жатты...
Кері шегінерге жол жоқ. Үстіне төнген дәу қара мұны өз еркіне бағындырып, бүркітше шеңгелдей түсті. Түлкідей қанша бұлаңдаса да өзегін өртеген өкініш әлде нәпсіге құныққан аяр үн «Аһ!» дегізіп «Күнә» деп аталар тұңғиыққа тарта түскен. Омырауын айқара ашып аймалаған не жұлмалаған быртық саусақтар есінен адастырып, құлын мүшесіне сыймай атой салған шыбын жанын тіл ұшына әкеліп, кезерген еріндерін әнтек ашса шығып кетердей, осынау алапат күйден айырып әкетердей құмыға көзін жұмады. Өз-өзінен жиіркене тұра осынау сәттің де өз ләззаты, өз рақаты бар ма, қалай? Ол өз ойынан әлдеқашан айнып, бас тартқысы келсе де, нәпсі шіркін құрығын босатпай, күнәға батқан осы бір сәттің ләззаты қанын қыздыра түскен сияқты. Тәні балқып, жаны шырқыраған санаулы секундта жұмақ пен тозақтың есігін катар қағып, қыл көпірдегі дәрменсіз жандай сұлқ түсіп, сіресті де қалды. Есін жиған келесі бір сәтте:
– Не істедім? Не істеп қойдым мен? Не деген жүзіқара едім мен... Балаларыма, ел-жұртқа қалай қараймын? – әйел енді өзін кінәлауға көшсе, енді бірде:
– Ол істегенді мен де істей аламын. Менің не кінәм бар еді? Осыған итермелеген өзі... – ол қанша өзін ақтап алғысы келсе де, күйеуін қаралаудан арыға аса алмады. Осының барлығы соның кесірінен болғанын айтып, солай өзінің күнәсін жеңілдеткісі келді. Бірақ ар алдында өзін қанша ақтағысы келсе де, кешірілмес қылмыстың жүзін қалай жабарына санасы жетпеді. Бағаналы жан алысып, жан беріскен жойқын сәттің бұл кезде жұрнағы да қалмай, әлгі дәу қара да жоғалған. Әйел енді қыстыға жылады. Өзін жек көре, жиіркене жылады, өкіре жылап, айқайлап ішін босатқысы келді. Қолынан келер бар дәрмені сол ғана еді. Сол мезет өз даусынан өзі шошына көзін ашты. О, тоба! Бағанағы аласапыранның бәрі көзден ғайып болды. Түсі екен... қара терге малынған оның тұла бойы қалш-қалш етеді. Оң жағында жатқан күйеуін көзі шалғанда кенет, құшақтай алғысы келіп тұрды да өзін тежеп қалды. Оның алдында ақ екені мұны бұлай кішірейте алмас, неге мен кішіреюім керек деп тағы бір ішкі ойы қайрап өтсе, енді бірде осы мен не болып, қандай болып барамын деген ойы да қылаң береді. Дегенмен бәрі түсі болғанына шын шүкіршілік етті. Әйел сияқты еркелеуден, нәзік болудан қалған мұның болмысына қай еркек сүйсінсін? Тағдырынан таңдап тиген жарының жатысы мынау, мұны да өзі бездіріп алған жоқ па өзі? Еркекке ерегісіп, жеңіске жеткен ұрғашы қай ата-бабамызда бар еді? Ол қателікті ешқашан бұлай өзінен іздеп көрмепті. Таяқтың екі ұшы болатынын қапеліне де алмаған мұның отбасылық өмірі ажырасып, айрылысып кетпесе де, шаңырағы шайқалудың сәл-ақ алдында екенін сезеді, сезсе де осы кезге дейін оны сақтап қалудың амалын қарастырмапты. Отбасылық өмір тек отағасына ғана керек, сол ғана бәрін реттеу керек деген түсінік мұның жұмыр басына қашан ұялап алғанын өзі де білмейді, әйтсе де күнәға батпай тұрып ес жиған Самал бүгінгі күнін тек Аламтқа арнағысы келді. Ол бәрін өзгерту үшін алдымен өзі өзгеруі қажет екенін енді түсінген сияқты...

2019 жыл