Ерсін Қойбағарұлы

Туындылары


ШАЙТАННЫҢ АТАСЫ (әңгіме)


Кәрі Шайтан күні бойы құм төбенің етегінде егіле жылап отырды. Көзінен парлап аққан жасы бетін жуып, сақалынан сырқылып, ыстық құмға тыр-тырс тамып, қиыршық-қиыршық тасқа айналуда. Әлсін-әлсін ызаға булығып, өз көлеңкесін құйрығымен сабалайды. Сабалаған сайын бұрқ-бұрқ көтерілген шаң, құйын-құйын боп ұршықтай иіріліп, бірін-бірі қуып кете барады. Кәрілігіне, жер бетіндегі күнінің жуырда бітетініне қамығып, әлсіздігіне, айла-амалдарының дәрменсіздігіне ызаланып жылады ол. Дию таяқтаған жарақаттары жауырынын сыздатып, сүйектерін сырқыратты. Жас кезі қайтып келер ме еді, шіркін… Әрбір қызметі үшін Дию бұның арқасынан қағып:
- Жар-рай-сы-ың, жар-ра-айсың,-деп өз патшалығының теңгелері-диюпандарды мұның алдына уыс-уысымен тастайтын. Иә, бұдан пәленбай ғасыр бұрын бұл өте қуатты, күшті, тым ширақ, алғыр еді. Қулық-сұмдықтың қым-қуыт түрі қолынан келетін. Айла-амалдың сан-мың тәсілін лезде ойлап табатын. Бірақ ол өзінің кім екенін білмейтін. Диюмен кездейсоқ кездесіп қалды бір күні.
- Ә-әй, мақұлық, жәндік, бері кел! -деп шақырды, -сен неменің неге қабілетті екеніңді байқайын, бері жа-қында-а! А-а-х-х, қорықпа.
Алыптың алдына қалтырап, дірілдеп, жанын шүберекке түйіп, ілбіп әрең жеткен құйтақандай Шайтанға Дию қазіргі заманғы эксковатордың қалағындай үлкен күс-күс алақанын тосып:
- Үңіл мұнда. Не көргеніңді айт! -деді.
- Алыстағы-ы бір ойпатта қойлар жайылып жүр, әнебір ағаштың түбінде қойшы қалғып отыр.
- Дұр-ре-ес. Сол қойшыға бірдеме жасап, күлдірші мені, жабыққан көңілімді сергітші. Тапсырма сол. Бар!
Шайтан лезде жел боп қойшыға жетіп барды. Ешкіге айналып, оны мүйізімен жон арқадан түйіп қалғанда анау етпетінен түсті:
- Мына кебенек қайтеді-әй! Менің отарыма мұндай пәле қайдан келген ?! -деп орнынан атып тұрып, таяғын оқталып, тұра ұмтылды. Ешкі қашудың орнына бір аяғын адамның қолына айналдырып, қойшының таяғынан шап беріп ұстап, тартып алды. Қорқыныштан жан даусы шыққан қойшы алды-артына қарамай мына арадан безіп кетті. Сол сәтте алыстағы Дию тауы жақтан гуіл естілді. Шайтан келгенде Дию ішін ұстап, ішек-сілесі қатып, кеңкілдеп күліп отыр екен. Ол күлген сайын тау басынан шатқал етегіне салдыр-гүлдір тастар домалап, гуілдеп құм көшеді екен.
- А-а-х-х, жар-райсың, жар-райсың, сен неменің қандай мақұлық екеніңді, неменеге қабілетті екеніңді білдім. А-а-х-х, қор-рықпа-а, бер-рі жақында-а !
Дию Шайтанның арқасынан қақты. Содан соң алақанын тосты:
- Үңіл мынаған.
- Шайтан Диюдың алақанынан алыстағы бір шың басында тұрған арқарды, төмендегі нән тастың тасасында оған садақ кезенген мергенді көрді.
- Күлдірші мені, жабыққан көңілімді сергітші. Тапсырма сол. Бар!
Шайтан сол сәтте-ақ сәулеге айналып жетіп келгенде жебе кеудесіне қадалған арқар төменге құлдилап құлап бара жатты. Шайтан жалма-жан арқардың орнына тұра қалып, айқайлап, құйрықтарын бұлғаңдатып, қол бұлғап мергенді шақырды. Бет-аузын қисаңдатып, ыржалақтап күлді. Мұндайды ғұмырында көрмеген мерген жаны тас төбесіне шығып, алдында жатқан арқарды бауыздаудың орнына жүрегінің талмасы ұстап, сол сәтте жан тәсілім етті. Дию тауы жақтан гуіл естілді.
- Жар-райсың, жарайсың,-арқасынан қаққан Дию күлкісін әрең тыйды.
- Үңіл мынаған!
Шайтан басындағы тәжін алып, айнаға қарап таранып тұрған патшаны көрді күс-күс алақаннан.
- Мынау осы патшалықтағы жалғыз айна. Ер кезегі үшке дейін екенін білесің. Осы сынақтан өтсең қызметке аламын. Қане, күлдірші мені. Жабыққан көңілімді сергітші. Тапсырма сол. Бар!
Шайтан келгенде патша айна алдында сақал, мұртын тарап тұр екен. Шайтан айнадағы патша бейнесіне еніп, көз қысты.
Абдырап қалған патша да көз қысып еді, айнадағы бейнесі тісін ақситып, тілін шығарды ‘Ақымақсың’ деген ыммен саусағын шекесіне тіреп бұрады. Күнде қарап жүрген айнадағы мына құбылыстан зәре құты қашқан патша өкіріп, тұра қашты. Одан соң кірген падиша да, бекзада да бет аузын қисалаңдатып, тілін шығарып, мазақтап тұрған өз бейнелерін көріп, есі ауысып , өкіріп- бақырып, қарасын жоғалтты. Тек ең соңында кірген бас уәзір ғана айнаны жерге бір періп, күл-паршасын шығарып, бар пәледен құтылды. Алайда ол да есеңгіреп, іш киімдерін ауыстыруға мәжбір болды. Гуілді естіген Шайтан аздан соң күлкіден көз жасын тия алмай отырған Диюдің алдында тұрды.
- А-а-х-х, жар-ра-айсың, жар-райсың! –деді ол, арқасынан қағып, сен немені «сайқымазақ» деген қызметке аламын. Дию сол күні өз патшалығындағы ең лауазымды қызметкерлері: Жынды, Жезтырнақты, Құбыжықты, Әзәзілді, Албастыны, Су перісін шақырып, жиын өткізіп, өзінің кім екенін білмейтін бұны оларға Шайтан деген атпен таныстырды.
- Менің қоғамымның мүшесі, сарай қызметкері, Шайтанның ісі тек адамдарды сайқымазақ етіп, мені күлдіру. Басқалардың тірліктеріне араласса аяусыз жазасын тартады,-деп ескертті Дию.
Сол күні Дию уыс-уыс дюпандарды бүгінгі қызметіне жалақы ретінде Шайтанға ұсынды. Ол қуана-қуана Жын-Перілер базарына жол тартты.

* * *


- Демалысқа қашан шығасын?
- Ертең.
- Тоқсанның қортынды бағалары қандай ?
- Төрт пен бес. Үшім жоқ. Бүгін кешкі жетіге сізді ата-аналар жиналысына шақырды апайымыз.
Жетінші сыныптың бірінші тоқсанын тауысып, демалысқа шыққан Ұластың әкесі екеуі арасындағы бұл әңгіме кеше өрбіген.
- Жайылым қалмады. Ауылдың айналасындағы жердің бәрі сатылып кетті. Ертең мына тананы базарға шығарамын. Сиырды сен Басасудағы әпкеңнің үйіне апарасың. Бүгін жуас ат қарастырып қоямын.
Әпкең деп әкесі өзінің қарындасын айтып отыр. Басасу тау бөктеріндегі үлкен қырат. Ұлас былтыр жазғы демалыстың жартысын сонда өткізген. Талай рет ондағы балалармен ала құйын боп атпен жарысты. Алысып-жұлысып, күш сынасып күресті. Асық атысты, ойынның алуан түріне қатысты. Өзенді айтсайшы шіркін. Шілденің аптап ыстығында сап-салқын тау өзеніне шомылғанға не жетсін. Бір жерінің ағысы қатты, бір жерінің ағысы баяу. Иірімді, таяздау жерлерінде үйір-үйір балықтар жүзгенін көрудің өзі бір ғанибет. Үлкен балалар кейде оларға айыр қадап ұстайды. Айырға шаншылған тірі балықтың күнмен шағылыса діріл қаққанын талай көрген.
Қазір жазғы шілде емес, қоңыр күз. Бүгін-ертең қар борап кетуге дайын-қараша. Ондағы балалар суға шомылуды әлдеқашан доғарған шығар. Қармақпен балық аулауға серіктестер табылар. Күн бұрын қамданып, бауына титімдей қорғасын кигізіп, одан әрі- ректе бөтелкенің тығынынан жасалған жылжымалы қалтқы бекітіліп дайындап қойған қармағын қайда қойғанын есіне түсіре алмай әбден әуре-сарсаңға түсіп, шатырдағы ескі кептер ұясынан тапты.
- Күн қысқарып қалды, балам. Батыстан тұрған мына самал әп-сәтте бұлт қуып келіп, жауын жауып кетуі мүмкін. Алаңдамай тезірек жүрсең жетесің. Небәрі екі-үш сағаттық жол ғой,-деді әкесі атқа қонған ұлына. Қолбасшыдан аса маңызды әскери тапсырма алған сарбаздай сезінген бала өзінің бірер сағаттан соң Басасудағы әпкесінің үйіне жететіне сеніп жолға шықты. Әлгінде ғана шақырайып тұрған күннің бетін лезде бұлт торлапты. Жел үдей түскендей. Қураған шөптердің бастары көңілсіз ебелең қағады. Сұрғылт тартқан сары далада тірі жан жоқ. Аяқ астынан пыр етіп ұшатын бозторғай, бөдене, бұта арасынан секең етіп шығатын сауысқан да көрінбейді. «Құтырған» өзенінен өтетін кешуге де жетті. Жағалауындағы қураған қамыс: «біз осындамыз, біз үнемі осындамыз» дегендей үдере шуласып, бас шұлғиды. Өткел суы тым таяз екен. Түбіндегі тастары санап алардай айқын көрінеді.
- Неге бұл өзеннің атын «Құтырған» қойған?-деп сұраған ол бұдан бірер жыл бұрын әкесінің артына мінгесіп келе жатып осы кешуден өтерде.
- Көктемде, таудағы қар еріген кезде бұл өзеннің тасқыны жаман.
Жағалауындағы тал біткенді тамырымен қопарып, танадай тастарды домалатып, жайылып жүрген малдарды ағызып кетеді.
- Әпкеміздің ауылы неге Басасу аталған?
- Қарашы, қос таудың ортасынан әрі асатын жалғыз биік асу. Оның мына сол жағындағы таудың аты Алпа, оң жағындағысы Дию тауы. Баяғыда-а, сол екі тауда биіктігі адамнан алты есе ұзын алып аю жүреді екен. Содан бір тау Алыпаю, екіншісі Дәуаю аталыпты. Жылдар өткен де алғашқысы-Алпа, кейінгісі –Дәю,- Дию атанған. Кейбір аңыздарда әлгі аю да аң емес аю бейнесіндегі Дию деседі.
«Құтырғанның» суы аз, демек бұның қазіргі аты «Жуасыған» деп бала аттың сауырын қамшымен нұқып қойды. Кешуден өткен сәтте ат оқыс оқырынып, жалт беріп барып, құлағын едірейтіп кілт тоқтады. Ұлас ердің қасын қос қолдап ұстап қатып қалған. Ердің басына байланған арқан да керіле тартылып баланың бүйіріне батты. Басын кекжиткен сиыр марғау маңқияды Топ шеңгелдің арасынан орғып шыққан мәлін алдын кесіп өтіп, анадай жерге барып кері бұрылып «бұлар кімдер?» дегендей тіксіне бір қарап, қалың қамыстың арасына кіріп жоқ болды. Мектепке барар жолда алдын мысық кесіп өтсе балалар кепкісін теріс айналдырып киетін. Жолы болмаудан қорғанатын жәй ырым екенін түсінетін Ұлас әдейіге бас киіміне қол тигізбейтін. Алайда сол күні күнделігіне екіліктерді қонжитқан да емес. Десе де иесіз даладағы мына уақиға көңіліне бір күдік туғызғандай. Бала аттың сауырына қамшы ұрды. «Алаңдамай тезірек жүр!» деді әкесінің даусы. Үдей түскен жел ұшырып кетпесін деп тұмағының құлақтарын түсіріп, бауын тамақ астынан байлады. Ышқына, ысқырына соққан жел кейде әлдебір аспаптан шыққан әуендей естілсе, кейде күңгір-күңгір адам сөйлегендей. Аспанды жөңки көшкен қою қара бұлттар тұмшалап, дала лезде қараңғылана бастады. Желмен иіліп, діріл қаққан бұталар құдды бір құбыжықтар жүгіріп бара жатқандай көрініп, бала елегізді. Атқа қамшыны басып-басып жіберіп, шабар ма еді шіркін. Әттең, жетегінде сиыр болмаса. Ноқтасын тартқан сайын кежегесі кері кетіп, жүрісін баяулататындай. Алдына салып айдағысы да келеді. «Қуалап жүрме. Бұзауын тастап қояды.» деген әкесінің сөзі есіне түседі. «Тез! тез!» дейді бала іштей шыдамсыздана. Күреңбелден асып, жағасын қалың бұта қаптаған арықтың бойындағы сүрлеумен қиялап тартып бара жатқан.....

* * *


Кәрі Шайтан өзі алғаш рет Диюдан марапат есітіп, қалталары толы диюпандар сыңғырлағанын есіне түсіріп, көз жасын төгіп-төгіп алды да, құмдаққа жамбастап жата кетті. Қатты өксуге қорықты, құйрығын сабалап құйын көтеруге де жүрексінді. Дию сезіп қалса және таяқтың астына алар. Иә-ә, баяғыда-а, жас кезінде адамдарға не істемеді бұл. Бір жолы біреудің құлағына кіріп алып әлдеқашан шейіт болған бауырының даусымен:
- Сыртқа жүр!-деді. -Жеті түнде қайда барамын?-деді анау аулаға шыққан соң.
- Өзенге, өзенге жүр. Мен сені сонда күтіп тұрмын.
Қалбалақтап өзенге жеткен адамның құлағына: -Секір, суға, секір! Болсайшы, екеуміз қауышайық, -деп сыбырлады. Суға секірген әлгі сорлы сол сәтте Су перісінің қолына түсті. Су перісі демекші онымен де бір жолы шарт та-шұрт жағаласып қалған. Түн жамылып көлге ат суғаруға келген жігіттің аты тұмсығын суға енді тигізгенде Шайтан жас келіншек күйіне еніп, сылаң етіп судан шыға, аттың тізгініне жармасты. Ат үркіп, егесі құлай жаздап, шаба жөнелгенде бұл ілесіп кете берер ме еді. Су перісі бұның құйрығынан шап беріп ұстап қалды. Екеуінің бірі өліп, бірі қалардай қатты төбелес басталып кетті. Су перісін қылқындырып енді жан тәсілім қылуға шақ қалғанда ғайыптан пайда болған Жезтырнақ ажыратып жіберді.
- Шайтан менің қызметіме қол сұғып жүр, суға келгендерге тиісуге оның қандай хұқы бар? -деп шағымданды Су перісі Диюға.
- Келіншек болып, еркектерге тиісу менің тірлігім. Олай істеуге Шайтанның қандай хұқы бар?! -деп Жезтырнақ Диюға қағазға жазылған арыз тастапты. Осы үшін Дию Шайтанға алғаш рет жаза қолданды. Жазасы сол-бір айлық жалақысын бермей қойды.
- Уһ-һ,-күрсінді Шайтан. Көлеңкесі тым ұзарыпты. Отты шар боп батып бара жатқан күнді көріп қуанды. Себебі: Дию түнде мазаламайды. Ол да қартайған. Қараңғы түскен соң құлағы естімейді, алақаны да кімнің қай жерде, не істеп жүргенін көрсетпейді. Ешнәрсемен ісі болмай, ертеңгі күн арқан бойы көтерілгенге дейін қорылға басып ұйықтайды.
Шардың қып-қызыл шоқтай пұшпағына қарап керіліп-созылған шайтан мырс етіп күлді. Жас кезіндегі Диюдің ішек-сілесін қатырғаны есіне түскен еді.
- А-а-х-х, бер-рі жақ-қында-а! Қор-рықпа-а.
Бұл жақындағанда Дию сиқырлы алақанын алдына тосты.
- Мына ауылды көрдің бе?
- Көрдім.
- Мына шаңырақтың астында адам тұрады. Осы көне үйі мен алба-жұлба киімінен басқа түгі жоқ, Ғұмыр бойы жалшылық етсе де ештемеге жарыған емес. Осыны тәлкек етіп бір күлдірші.
Шайтан лезде жетіп келіп, қалың ұйқыда жатқан жалшының осыдан отыз жыл бұрын өлген әйелінің бейнесіне түсіп, оны оятты.
Май шамды жаққан жалшы әуелі, бақырып, кейін шегінді.
- Қорықпа, мен өлген емес едім, мені бір құдырет алысқа-а, басқа әлемге алып кеткен. Дәл қазір қайтып әкеліп тастады.
- Шын айтасың ба ?
- Шын айтамын.
- О-оу, жаным, менің! –құшақтамақ боп тұра ұмтылған оны тоқтатты.
- Тұра тұр! Айналаңда не боп жатқанын біліп ал, әуелі.
- Не ?!
- Үйіңді түгел, құбыжықтар қоршап алған. Далаға шығып, қолыңа айыл ұстап, қабырғаларды сонымен ұрғылап, үйді айналып жүгіре бер. Құбыжықтардың бәрі, үйге кіріп менің маңыма жиналады. Сол кезде мен сыртқа шығамын. Есікті ағашпен тірейміз де, үйді өртейміз. Сосын екеуіміз, басқа жаққа кетіп, бай-бақуат ғұмыр кешеміз. Ұл-қыз өрбітеміз.
Жалшы Шайтанның айтқанын істеп, үйді өртеп жібергенде жанындағы әйелі ұшты-күйді жоқ еді. Содан ол байқұс мына
қорлыққа шыдай алмай жынданып кетті. Дию күліп, мәз. Шайтанға қыруар диюпан сыйақы берді.
Кәрі Шайтанның сүйектері сырқырап, Диюдың дүресі салған жарақаттары сыздай түсті.
Иә-ә, дариядай аққан дәурен өтті-ау. Бұлар уақытты жылмен емес, ғасырмен өлшеді.
Адамзатты тәлкек етумен ғұмыр кешті. Ал қазір ше ? Қазіргі адамдар бұдан мың-екі мың жылғы адамдар емес. Теледидарды, комьпютерді, басқа әлем шарларына ұшып барып келетін ғарыш кемелерін ойлап тапқан адам құдіретінің, күш-қуатының алдында Дию мен Шайтан не тәйрі.
- Ау-у-у, у-у-у,-қасқырлар ұлыды жақын маңнан, байғыз тынымсыз сұңқылдауда. Түнгі салқын денесін қалшылдатып, жарақаттары онан сайын ауырды. Өзі өз болып, Диюға қызмет еткелі бері мұндай жаза тартып көрмеген-ді.
Рас, ең алғаш рет Диюдің жазалағаны бұған қатты батқан. Сол жолы бұл, күс-күс алақаннан алыстағы бір ауыл шетіндегі тап тұйнақтай үйді көрген.
- Осы үйде бақытты, биазы, өте білімді, бірі-біріне сай екі жан тұрады. Соларды шайтан-ойнақ жасатшы, бесінен бері тым көңілсізбін. Тапсырма сол. Бар!
Шайтан жел боп ұшып келіп әлгі үйдің іргесіндегі терекке жайғасқанда үй иесі мен келіншегі есік алдында бір-бірімен күбір-күбір сөйлесіп тұр екен. Бұл лезде маймылға айналып бұтақтарды әдейіге сатыр-сұтыр сындыра төмен түсіп келе жатты.
- Қарашы, маймыл. Теректе отыр.
- Зоопарктен қашқан немесе біреудің асыранды маймылы болмаса бұл маңда ондай хаюан жүрмейді, -деді ері.
Екеуі де қорқып, тұра қашады деп ойлаған. Жоқ, олар таңдана қарап, жақындай берді.
- Жабайы болса, ұстасақ тістеп алар.
Жігіті мұның денесіне бірдеме тигізіп шырт еткізіп еді, от тұтанып, жүні ду етіп жана жөнелді. Жан даусы шыққан Шайтан лезде желге айналып үлгіріп, аман қалды.
- Тфу, галлюцинация !
- Ия галлюцинация. Жәй, елес. Үйге кірейік.
Тапсырманы орындамаса таяқ жейді ғой. Шайтан енді үйге ауа боп кіріп, көзге көрінбеген күйде түрлі заттарды орнынан қозғап, аударып төңкере бастады.
- Қара, қара ! Полтергейст,-деді келіншегі.
- Бұл ғажап екен. Тезірек қуып жібермесек түнгі ұйқымызды бұзып, заттарымызды аударып-төңкеріп, мазамызды алады. Қимылдайық,-деді ері. Исі жаман бірдемені табаққа салып жақты. Әйелі адыраспан түтеті. Құлағы тас бітеліп, жасаураған көзі түк көрмей, қақалып-шашалып тұншығып өліп қала жаздаған Шайтан үйден тұра қашты. Дию тауы жақтан күн күркірегендей дыбыс естілді. Бұл өзін Диюдің шақырғанын түсініп, тез кетуге мәжбүр болды.
Осы жолы Шайтан өз қожайынынан алғаш рет таяқ жеді. Ол аздай, Жынға жиырма, Періге пәленбай дүре соқтырды Дию. Бұл өткен ғасырдың ортасында болған.
Қайран дәурен-ай. Сол оқиғадан кейін Шайтанның басынан бағы тайып, сәтсіздіктен соң сәтсіздікке ұрына берді.
- Ұра берсем өліп қаларсың. Қызметіңнен қуып, өле-өлгеніңше зынданда ұстаймын, - деді Дию.
- Бәрі қалпына түседі, тақсыр. Әлі-ақ талай рет бейжай көңіліңізді мәз қыламын. Атқан оқтай аса жылдам қарқынмен дамып бара жатқан адам санасына, олардың техникалық прогресіне жете алмай, бейімделе алмай қиналудамын. Өтінішім-әр сәтсіз ісім үшін сабамай, зынданға да тастамай, жарты ғасыр уақыт ойлануға мұрша беріңіз, тақсыр.
- Жар-райды. Жарты ғасыр демал. Есепшіден демалысқа тиісті диюпандарыңды алып кет. Тек бай-иқ-а-а! Мені ұмытып кетпе. Қайда жүргенің, не істеп жүргенің мына алақанда адамдардың теледидарындағыдай көрінулі.
Осыдан соң Шайтан әр күнін әр сағатын адамдардың арасында өткізіп, түрлі айла-тәсілдер мен санмыңдаған тәжірибелер жасады. Алайда бұның алдауына көніп, арбауына сеніп, айдауына жүре қоятын адамдар табылмай, еңбегі еш кетіп, қатты саса бастады. Сол жылдары жүдеп, жүнжіп, жүндей түтілген жүйкесі көнерген бөздей жұқарып тозып кетті.
Әнебір тым жас бозбалаға жасаған ісі сәтті шығып, оң нәтиже бермегенде бұл күндері Дию тауы астындағы зындандардың бірінде сүйегі шіріп жатар еді.
Оқуын кеше ғана бітірген бозбала, әкесі әперген су жаңа шетелдік көлікте әуенді бақыртып, зулап жол тартып келе жатып, аялдаған бір сәтте сыныптас құрдасын кезіктірді.
- Мектепте оқып жүріп-ақ, әкеңнің арқасында талай машинаны алмастырып едің, енді «Жип» құтты болсын... Қызметіңді, мына тұлпарыңды жумаймыз ба ?
- Машинаны үйге қояйық, содан соң жуатын жерге таксимен кетейік.
- Дөкей әкең тұрғанда неден қорқасың?! "МАЙ-ға" ұсталсаң құтқарып алады. Қазір-ақ бастайық. Қызметте отырған әкең қайдан көрсін. Шайтан: Қорықпа! Қазір-ақ бастай бер жууды,-деп бозбаланың құлағына сыбырлады. Екі жігіт кафеге кіріп шөлмекті ашқанда ішіне сүңгіп кетті. Іске сәт! Шайтанның арбауына ұшырап, ішімдікке сылқия тойған мас жігіттер тәлтіректеп барып машинаға әзер отырып, зымырап бергенде бұлдыраған көздері ештемені байыптап, анық көрмеді. Аздан соң-ақ су жаңа «Жип» көпірдің жақтауын салдыр-гүлдір сындырып, өзенге ұшты. Екі жас мерт болды. Дию тауынан гуіл естіген Шайтан лезде қожайынының алдында тұрды.
- А-а-х-х, жар-райсың, жар-райсың. Қызметіңе ор-рал енді!-деді күлкіден көз жасын тыя алмай отырған Дию. Сыңғырлата уыс-уыс дюпандар тастады.
Сол күннен бастап Шайтанның бағы жанып, үнемі жолы болып, қызыққа толы, думанды дәурені дүркірей берді. Миллиондаған шөлмектерден сыңғырлаған стақандарға сылқылдап, күліп құйылып, одан қылқылдап өтіп, милиарттаған өңештерді өртеді. Анаша боп шегіліп, адамдарды, алыстырды, атыстырды. Апыйын боп ішіліп алжастырды. Естіні ессіз, сауды ауру етті. Мықтыны құлатты, әлсізді жылатты, таланттыларды тәлтіректетіп көрінгеннен қайыр сұратты. Қыруар қырғын қырқыстар жасап Диюдың бей-жай көңілін жұбатты...

* * *


- Бері жақында-а! А-а-х-х, қор-рық-па! Қара алақаныма. Не көрдің?
- Салт атты бала Күреңбелдің үстінде келе жатыр. Жетегінде сиыр.
- Ол ішімдік ішпейді.Анаша шекпейді. Осыған бірдеме жасап, күлдірші мені. Тапсырма сол. Бар!

* * *


Алдынан аңға да, адамға да ұқсамайтын түрі түсініксіз бір мақұлық оқыстан шыға келгенде ат жалт бұрылды. Бала сүрлеу жолға оңбай түсті. Ердің басын, тізгінді қалай қоя бергенін білмейді. Ауырған жамбасын ұстап орнынан әзер тұрғанда ат та , сиыр да желдің бағытымен жосып барады. Еңіреп қоя берді.! «Тоқта-а! Тоқта-а-а!» Мына алакеуімде атты да, сиырды да құдды біреу қуып бара жатқандай көрінді. Аң емес. Екеуінің артында сидаңдаған екі адам кетіп барады. Ән-не, әне-е, жетіп барып солқылдақ шыбықпен шықпыртуда. Солай. Біреу қумаса олар тоқтар еді. Сиырды қойшы. Ат ақылды ғой. Мұны айдалаға жалғыз тастап кеткенін түсініп, қайырылып келіп, осқырынып, қасында тұрар еді.
- Тоқта! Тоқ-та-а! –жамбасын ұстап, біраз жерге дейін шойнаңдаған Ұлас шарасы таусылып бар даусымен бақырып, етпетінен құлады. Бетіне, мойнына, алақанына қураған шөп батты.Қанша уақыт жатқанын білмейді. Бейтаныс үннен шошып, ауырған жамбасын ұстап, басын көтерді.
- Ау-у-у! Ау-у-у-у!
Үрейі ұшқан бала айналасына жалтақ-жұлтақ қарады. Ымырт үйіріліп қалған еді. Таяқ тастам жердегі шоқтай жанған қос отқа көзі түсті. Аяз қарығандай арқасы мұздап қоя берген баланың төбе құйқасы шымырлап, аяқ-қолы қалш-қалш діріл қақты. Зәре, құты қалмай шегініп тұра қашқысы келіп еді, сіресіп қалған денесі қоз-ғалмады. Айқайлауға, тамағына бірдеме кептелгендей үні шықпады. Күшікше қыңсылаған қос от баяу ғана жақындай түсті. Қоладан құйған мүсіндей қақиып қатып қалған бала міз қақпай шынтақтаған күйде жатыр. Таяп келіп, тап беруге дайын қос оттың алдынан кенет кебу шөпке біреу бензин құйып, сіріңке жаққандай қып-қызыл жалын лап етті. Арс етіп кері шегінді қос от. Жалын жарығымен апандай ашылған аузында азу тістері ақсиған, құлағы тікірейген нән көк итті байқап қалды бала. « Овчарка ғой мынау. Бесінші сыныпта оқитын Мәмбетқалидің үйінде тап осындай овчарка бар. Бірақ оның түсі қап-қара. Қос от боп көрінген мына иттің екі көзі екен ғой.»
Бір ол жағынан, бір бұл жағынан төне түскен қос оттың алдынан қайта-қайта лап-лап етіп жанған жалын итті алыстата берді. От көрінбеді біраздан соң. Бірінен соң бірі лап етіп жанған жалындар да ұзап барып, біраздан соң көзден таса болды.
Біртүрлі делқұл күй кешіп, ұйқылы-ояу халде шынтақ тіреп жатқан бала енді қолын созып, шалқасынан түсіп қалың ұйқыға енгені сол еді, дауыстан селт етіп оянды.
- Ау-у-у! Ау-у-у-у!
Сырқыраған жамбасын ұстап, әзер қозғалып, басын көтеріп отырды. Қос от жақындап қалыпты. Күшікше қыңсылап қояды. Бейнебір мәңгүрттік ахуалға түскендей балаға қос оттың астында ақсиған азу тістер, үстінде тікірейген қос құлақ бары миына да кірмеді. Манағыдай арқасы мұздамады, төбесі шымырлап, аяқ қолы дірілдемеді. Иә, мәңгүрт күйде еді бала. Қос от тақау келгенде манағы құбылыс және қайталанды. Лап етіп жанды жалын. Қаңқ етіп қашты ит. Қайта-қайта жанған жалын да, қос от та бірте-бірте алыстап, көрінбей, жоқ болды. Қасқырдың ұлығанын да , байғыздың сұңқылдағанын да естімей ұйқтап қалды бала.
Түс көріпті. Өгей шешесінің бір қылықтары жақпай, екеуі шекісіп, оның бірдемені балпылдап сыпырғы ала жүгіргенінен қашпақ болғанда оянып кетті.
"Ақ қан" деген ауру болады екен. Осыдан үш жыл бұрын өз анасы осы аурумен ауырып, көп қиналып жүріп дүние салды. Одан бір жыл өткен соң әкесі үйленді. Көп кешікпей-ақ үйде әкесі жоқта өгей шешесі не болса соны сылтауратып, қолына түскен затымен әбден сабайтын. Қазір тиісе алмайды. Інісін оқтаумен ұрып жатқанда, оқтауды қолынан жұлып алған. Құлап қала жаздады шешесі. Періп жібергісі келіп еді. Үлкен адам ғой. Тимеді.
- Екеумізге де көресіні көрсеттіңіз. Бізде өсеміз. Зіңгіттей жігіт боламыз әлі. Бүйте берсеңіз біз де есемізді қайтарамыз, деген. Және бірде інісін шыбықпен сабап жатқанының үстінен түсті. Інісі байқұс бар даусымен бақыруда. Шешесің білегінен ұстап бұрап жібергенде, жан даусы шыққан ол, шыбықты тастай салды. Содан бері қол жұмсауды доғарған.
Қарындашы, өшіргіші, линейкасы, тағы басқа заттары жоғала беруші еді. Шешесі сыпырындымен қоса күл-қоқысқа тастайды екен. Көре тұра көтеруге ерінсе керек. Енді бір заты жоғалса қоқыстан іздеуді әдетке айналдырды.
Алдыңғы күні қоқыстан шашылып жатқан сурет жыртындыларына көзі түсті. Теріп алып құрастырып еді өз анасының суреті екен. Ақ қағазға желімдеп жапсырып, күнделік дәптерінің тысы мен қабының арасына мұқият жасырып қойды. Мәмбетқалида фотоаппарат бар. Компьютер де бар. Қайта шығартып алады анасының суретін.
Осының бәрін ойлап жатқан Ұлас біреу маңдайынан өпкенде көзін ашты. Маңында ешкім көрінбеді. Жел басылып, бозарып таң атыпты. Арық бойындағы бұталарға қонған шымшықтар және бір күнге аман-есен жеткеніне қуанғандай құлақ тұндыра шиқылдап, шуласуда.
«Ояна ғой, құлыным»,-деді анасының даусы. –Апа-а! –Бала атып тұрып, жан-жағына алақ-жұлақ қарады. –Апа-а!
Солқылдап жылап отырып, алдын кескен түрі түсініксіз мақұлықты, ат үстінен қалай ұшып түскенін, атпен сиырды біреулер қуып кеткенін, қос отты, азу тістері ақсиған тік құлақ итті, қайта-қайта лап етіп жанып, итті алыстатқан жалынды көз алдына келтірді. «Көп елестер көрінді маған олар құдды қуаласпақ ойнағандай!» деп ойлағаны сол, айналасындағы кішкене қазанның қақпағындай дөңгелек-дөңгелек боп өртенген шөптерден қалған қара дақтарға көзі түсіп, таң қалды. Елес екен десем...?
Басасуға қарай аяңдап бара жатыр еді. Қарсы алдынан анасы шығып, құшақтап маңдайынан, бетінен сүйді.
- Түні бойы қасқыр боп келіп, тиіспек болған Шайтанды қудым, құлыным. Атпен сиырыңды Басасудағы әпкеңнің үйіне жеткізіп тастадым.
Құйтақандай саған, тісін батыра алмағаны үшін Шайтан Диюдан әбден сазайын тартты. Ал мен кәзір ғана Диюды өртке орап кеттім. Адамдардың сорына Шайтан тірі жүр. Талай жанды азғырады, тоздырады ол әлі. Аман-сау бол, құлыным.
Анасы маңдайынан өпті де ғайып болды.
- Апа-а-а!? Апа-а-а!?