Есенқара Ханбибі

Туындылары


Алтынай. (немереме)

Жылап келдің өмірге сен,
Келе сала жерінбе сен!
Өзіңсіз мен үш ұрпақтың,
Өкілі боп көрінбес ем!

Жаңа – келер, көне – кетер,
Мылқау тірлік елең етер.
Бір-ақ рет берілетін,
Бұл өмірді деме, бекер.

Басымды исем бұрылмайсың,
Сөзімді айтсам ұғынбайсың.
Мен жыласам – бар себебі,
Ал сен неге шырылдайсың?

Досы да бір, жаты маған,
Еңбегі – еш, татымаған.
Өзіңдей көп жылайтұғын,
Әжең сенің ақын адам...

Жығылу бар, сүріну бар,
Жанған отқа ұрыну бар.
Өткендерден дүние – жалған,
Деген, ботам, бар ұғымдар.

Пендесің бе, құдайсың ба,
Шыңдайды өмір, шыдайсың ба?
Соның бәрін сезіп, біліп,
Жылайсың ба, жылайсың ба?

Өмір деген осы, ботам,
Періштенің досы ,ботам.
Жыламашы, жасытады,
Көздерінің жасы, ботам