Туындылары
ҚҰЗЫРЫҢА КЕЛДІМ ТАҒЫ ЖАРАТҚАН!
Көп нәрсеге қанық болды көзім шын,
Бәрі жалған!
Тек Ақиқат – Өзіңсің.
Иман берші Жарылқаушым Жаратқан,
Пендең Сені жан-тәнімен сезінсін!
Керек емес қу дүниенің ғажабы,
Ғажабымен қатар жүрер азабы.
Адамдар көп дүниеге құнығып,
Болып жүрген талайлардың мазағы.
Бүгін тағы Раббым саған жүгіндім,
Көтере алмай салмағы зіл жүгімнің.
Жеңіл қылып ауырымды,
Алдыңда,
Ақ болуын нәсіп етші жүзімнің.
Болса дағы сыртым – бүтін,
Ішім – мұң,
Шүкір деймін осы күнім үшін мың. Налымаймын,
Тағдырыма ризамын,
Бәрін-бәрін кеш те болса түсіндім.
Сынағыңда кедергі көп,
Мұң басым,
Қолда, Алла!
Қолда, сағым сынбасын!
Аттай болып жүргеніммен өмірде,
Таппай жүрген бір бейбақпын мұңдасын.
Күлкі болдым мұң шағып ем Адамға,
Талай бардым мұндай ессіз қадамға. Ойламаппын:
Сен тұрғанда пендеңе,
Шағым айтып,
Содан қайыр табам ба?!
Мына өмірде зырлап өтіп баратқан,
Үміт күттім ақ таңдардан әр атқан.
Шағым айтып,
Жабырқаған жаныммен,
Құзырыңа келдім тағы Жаратқан!