Есенқара Ханбибі

Туындылары


Бақ пен Қыдыр (аңыз ретінде).

Тұншықтырып ғаламатты,
Мұз құрсанып дала жатты.
Сықырлатып сары аязды,
Бақ пен Қыдыр бара жатты.

Шежіресін бай даланың,
Қайда бастар айлалы ағын?
Долы боран ішін тартып,
Құты қашты айналаның.

Алыс па еді, туыс па еді,
Жақын ба еді, жуыс па еді...
Кім бірінші көрінсе егер,
Бақ қонуға тиісті еді.

Тау мен тасты аралады.
Бақ бұрылып қарамады.
Кімге қонар, кімге қонбас,
Іштей өлшеп саралады.

Көз сүрінер жоқ қара да,
Тікті көзін Бақ далаға.
Тү-у... алыста, бұлдыраған,
Әппақ болған – Ақ қала ма?

Барған жөн деп мақұлдады,
Ойы – онға... ақыл-дағы...
Қос қария қарға адыммен,
Ақ отауға жақындады.

...Сияқты бір сыршыл өлең,
Қауыз жарған бүршігінен.
Жіп иіріп тақыр мұзда,
Ару отыр ұршығымен.

Тірлік солай жалғанып тұр.
Қыдыр баба таңданып тұр.
Қыздың қолы ептілікпен,
Қалап қойған қар жанып тұр.

Істің мәні – түйінімен,
Қыдыр баба сүйініп ең.
-Осы қызға қонсайшы! -деп,
Түртті Бақтың бүйірінен.

Бақ міз бақпай қыздан әрі,
Көзін тігіп сызданады.
Көрді Қыдыр арғы жақтан,
Тағы да бір қызбаланы.

Бет-аузынан кір кетпеген,
Аяз сорып дірдектеген.
Қаракет жоқ. Тіршілікке
ақыл-ойын билетпеген.

Осындай да ұсақ па адам,
Қу тізесін құшақтаған.
Қарғап – сілеп сары аязды,
Көлеңкесін пышықтаған...

Білмейді - Бақ табалауды,
Білмейді - Бақ алалауды.
Қос қабағын көтергенде,
Назары оның соған ауды.

Қыдыр бірден дарымады,
Әріптесін танымады.
Көкейде көп сұрауымен,
Басылмай тұр арыны әлі...

Қонғанымен... көп алаңы,
Көзінен жас домалады.
Жылап тұрып, деді, - Бақыт
- Біз қонбасақ не болады?!

- Алғы қыздың, ары-сәні,
Әлі бізбен табысады.
Өз өмірін өзі жасап,
Тағдырымен алысады...

...Бай болады, тақыр деген,
Би болады, пақыр деген...
Аңыз болып содан қалған,
«Бақтың көзі – соқыр» деген...