Туындылары
ТОҚСАНЫНШЫ ЖЫЛДЫҢ ЖАЗЫ ЕДІ
Жездей жылтыраған қою жирен шашы қос иығын жайыла жапқан, шегір көз, сұңғақ бойлы соқталдай жігіт тікесінен тік тұрып, скрипка ойнауда. Үстінде ақсұр костюм, қардай әппақ көйлек. Жалаң мойнына пионер галстугіндей етіп байлаған үлдіректей үлбіреген қызыл орамал Кремльдің жалауындай желбірейді. Бәрі жарасымды, бәрі үйлесімді. Бойында бір мін жоқ. Жалғыз әбестігі – қағаздай әппақ туфлиінің алдында тиын-тебен, ұсақ сомдықтар жиналған мыж-мыжы шыққан сұр кепка.
Сұңқылдаған сиқырлы әуен бірде көлімен қоштасқан қаздардай қайғыра қаңқылдап, бірде жазымен қайырласып, үдере көшкен жыл құсындай жылап-сықтап, аздан соң аруанасынан айрылған ботадай боздап, лезде құбылып, құйқылжып, ендігі бір сәтте ұзатылған қыздай сыңсып, сай-сүйегіңді сырқыратып, безілдей бебеу қағады.
* * *
Қияли ауруларды емдейтін аурухана ауласының бір шетіне орналасқан психиатрия кафедрасына дәріс алуға келгенбіз.
Ассистентіміз әрбір студентке әрқилы кеселге ұшырағандарды бекітіп берді. Оқу жылы басталғалы бері осы пәннен тыңдаған лекциялардан ұққан-түйгенімізді енді іс жүзінде қолданып, осы мамандықты да жете меңгеріп, соңында емтихан тапсырамыз.
Күніге бір-екі студент өздері емдеп жүрген кеселдердің өмір-тарихын, ауруының туындау себебін, бұдан былайғы бет алысын, емді қалай қолданып, не істейтінін бүге-шігесіне дейін тақпақтап, талқыға салады. Оған басқа студенттер өз көзқарасын, ой-пікірін айтып, тұжырым түйінделеді. Олқы түссек, ассистент толықтырады. Ара-кідік дәріске доцент немесе профессор қатысып, білімімізді тексеріп, баға қояды.
Сан-сақты дамыллалардың құлаққа құйған ілімін ауру адамдарды айықтыруға іс жүзінде қолдануды ол кезде медицина институтының студенттері төртінші курстан бастайтын. Ал, қияли ауруға ұшыраған кеселдерді емдеуді соңғы курста ғана үйретеді. Енді небәрі екі айдан кейін диплом аламыз.
Мұндағы алғашқы дәрісте-ақ үш палатадан үш адам менің қарауыма берілген. Екеуінің құжаттарымен, өздерімен танысып, үшіншісінің палатасына кірдім. Екі егде әйел менің амандасқаныма пысқырмады да. Бірі кереуеттің үстінде құдды айнаға қарағандай, алақанына үңіліп міз бақпай отыр. Ақ орамал тартқан екіншісі бірдемелерді былдырлап, өзімен-өзі сөйлесіп, ерсілі-қарсылы жүр. Оң жақтағы кереуетте қап-қара қолаң шашы әппақ ақ жайманың үстінде толқындай толқып, мойылдай көзі мөлтектеп, қиғаш қасы қиылған монданақтай хас сұлу – аққұба ажары айдай толықсыған ару жатты.
- Здрасьте, - деді сәлеміме осы қыз ғана үн қатып.
- Лира сіз бе?
Ассистенттің маған берген тізімінде: «Кәзімова Лира, 22 жаста, 14-палата» деп жазылған.
- Иә, мен. – Қыз ернін ғана жыбырлатып жауап берді. Орындықты жылжытып, кереуеттің жанына отыра кеттім.
- Бүгіннен бастап мен сіздің емдеуші дәрігеріңізбін.
Ол жымиып, көрпесін аз ғана түсіріп, әппақ төсін ашты. Аурудың түрін анықтайтын сауалдар қойып, сан қилы сөзге тартып, санасын тексергенімде бір мүдірмеді. Аң-таңмын.
Кешқұрым ана екі сырқаттың ауру тарихын жазып, диагнозын қойып, бұдан әрі емді қалай жалғастыруым жайында жоспар түздім. Ал, Кәзімованың бейнесін көз алдыма елестете отырып, манағы әңгімемізді ойға салып, сараладым. Осы қалада туып-өсіп, музыка мектебін, музыка училищесін бітірген. Шешесі екеуі ғана тұрады. Жалғыз ағасы бір жерде офицер. Мына ауруханаға осыдан небәрі екі тәулік бұрын түсіпті. Мені сынақтан өткізгісі келген ассистент қыздың ауруы жазылған құжатты маған көрсетпеді.
- Айтыңызшы, мұнда келуіңіздің себебі неде?
- Менің ешқандай кеселім жоқ. Жәй, өзімнің қаншалықты ақылды екенімді тексерткім келді, - деді ол жымиып.
«Әзілі ме, әккістігі ме, әлде мені мазақ еткісі келе ме?» - дедім іштей.
- Тексерді ме?
- Тексерді. Әлі әзірше нәтижесін есіттірмеді.
Қызбен әп-сәтте-ақ тіл табысып, әңгімеміз жарасқанмен, қалай сұрасам да ол өзінің мұнда неге түскені жөнінде ләм-мим деп ауыз ашпады, әрі тырп етпей жатқан күйінде сөйлесті.
Адамның әрбір қимыл-қозғалысынан көп нәрсені ұғуға болады. Оны «Дене қозғалыс тілі» деген австриялық Аллан атты шығармагердің кітабынан оқып үйренгенмін.
Жарты сағат жарамсақтансам да, жастықтан басын алмады-ау. Жастықтан басын алмағаны – жақтырмағаны.
Әрине, өзі қатарлас қайдағы бір бейтаныс жігіт тышқанның інін аңдыған мысықтай қасында қаздиып отырып алып, шұқшия, сұғанақтана қарап, кеселін, басқаша айтқанда, кемшілігін шұқылап сұрай бергенді қандай бойжеткен жақтырсын.
Келесі күні ассистентке Кәзімованың санасынан ауытқудың ешқандай нышанын байқамағанымды баян еттім.
- Дұрыс айтасыз. Қазір Лираның ой-пиғылынан қандай да бір ақауды аңғара алмауыңыз хақ. Жедел жәрдем дәрігерлерінің мұнда жеткізуінің себебі, отбасын баяғыда тастап кеткен әкесі жуырда қатты мас күйінде үйіне қайта оралып, жанжал шығарған. Шешесін таяққа жығып, қызды қылқындырғанда, ол ес-түссіз қалып, ертеңіне әрнемені бір сандырақтай берген. Бұған нендей диагноз қоясыз?
- Реактивті психоз. Мидың, сана-сезімнің қиындыққа қарсы әрекетінен туындаған ауру.
- Дұрыс айтасыз. Алайда ол жазылды деп қазір үйіне қайтарып жіберуге ерте әлі. Мұқият зерттеп, қандай да бір кінәрат бар ма, жоқ па, анықтауымыз керек. Сіз ол қызбен ең бір жақын туысындай, туған бауырындай қарым-қатынас жасап, тонның ішкі бауындай етене араласып, ұзақ сыр шертіссеңіз ғана бірдеңе байқауыңыз мүмкін.
- Үйге жіберіңізші, жуынып келейінші, рұқсат етіңізші, - деді Лира бірнеше күнен соң.
- Бірге барыңыз. Үй жағдаятымен танысыңыз. Анасының айтуынша қыз өте сезімтал Әрі асқан скрипкашы. Италия психиатр-ғалымы Чезаре Ломброзоның тұжырымынша, жаны нәзік, сезімтал, өнерлі адамдар қияли ауруға ұрынуға бейім. Әр сөзін, әр әрекетін назардан тыс қалдырмаңыз, - деді мұны естіген ассистент.
Лираға үйіне баруға рұқсат беретінімді, бірақ өткендегідей қатты ауырып қалмауы үшін өзім ертіп апарып, шешесіне қолма-қол тапсырып қайтатынымды айттым.
- Тіптен жақсы, - деді ол жайнаң қағып, - онда мен сізді әуеде қалықтатамын. Тезірек кетейікші. Жүріңізші.
- Қалайша? – дедім түсіне тұра ділмәрсіп.
- Скрипка әуенімен.
«Музыкалық аспапты ғұмырымда қолыма ұстап көрмеген, музыка атты киелі әлемнен мақұрым басым қалықтаудың орнына қалғып, жадыраудың орнына жалығып, жабығып кетпесем жарар еді» - деп, іштей өзімді-өзім мысқылдадым.
- Мамама гүл ала барайықшы, жүріңізші, - деді қыз жолай гүл сатушыларды нұсқап.
- Қандайын аламыз?
- Өзім таңдаймын. Жүріңізші.
Шешесі өте салиқалы, байсалды, аса кішіпейіл жан екен. Мені жылы қабылдады. Дастарқанға барын қойып, бәйек қағып, қызын көргеніне мәз. Біраздан соң Лира скрипкада ойнады. Шешесі пианинода сүйемелдеді.
Құлаққа жағымды, жүрекке соншалықты әсерлі әуендер бірінен соң бірі құйқылжып құйыла берді. «Гайдн, Бах, Шопен, Шуберт, Моцарт, Мендельсон», деп туындының шығармагерін, атын атап, өзара бас изеседі де қайта құйқылжытады.
Ғұмырымда мұндай рақат күй кешпеген мен музыканың адам ішкі дүниесін толқыған теңіздей тербетіп, нөсердей егілтіп, сезімін қырандай қалықтататынын сол сәтте ғана ұқтым. Әрі мына аналы-балалы екеуінің әуен десе ішкен асын жерге қойып, бар дүниені ұмытып, беріле ойнайтынына таң қалдым.
Қараңғы түскенде Лира электр жарығын сөндіріп, пианино үстіне балауыз шам жағып қойды. Алакөлеңкеде әуен әсері әлденеше есе еселене түсетінін, әуен атты ғажайып әлемнің кереметі күшті құдірет екенін де сол кеште түсіндім.
Жалбыздың жас жапырағындай ғана қос алаудың ар жағындағы қос сұлбаға, қос қабырғадағы қорбиған-қорбиған көлеңкелердің қолапайсыз қимылдарына қарап, еңкілдеткен, езілткен, есіңді еліртіп барып, жаныңды жадыратып, кеудеңді күмбірлетіп, елітіп, елеңдетіп, көңіліңді сөгілтетін әуен әсерінен бейне бір түс көргендей, ертегі еліне еріп кете бардым.
- Доктор, бүгін біздікіне қона салыңыз. Ертемен бірге барасыздар, - деді шешесі. Ер-азаматы жоқ үйде түнегенге ыңғайсызданып, іңірде жатақханаға қайттым. Көпке дейін скрипка үні құлағымда құйқылжып, иірімдей иіріліп тұрып алды.
- Қыз өзгеше бір мінез-құлық көрсеткен жоқ па? – деді ассистент ертеңіне.
- Қазірше ештеңе байқамадым, - деп көрген-білгенімді баян еттім.
- Бекер істепсіз. Қонып қала салу керек еді. Несіне ұяласыз? Екі әйел жыныстының ортасында сіздей сымбатты жігіттің отырғаны олардың да шабытын шарықтатып, жігерін арттырады. Меніңше, Кәзімовада және бір кеселдің белгісі бар сыңайлы.
Бірнеше күннен соң Лира ауруханадан біржола шықты. Ал ассистент ол отбасымен қарым-қатынасты үзбей, қызды бақылауды жалғастыра беруді қатаң тапсырды.
- «Тыңшы», «жансыз» болдым-ау деп намыстанбаңыз. Анадай ару, аса өнерлі жас қызды ауруынан айықтыру үшін ізгі іс жасап жүргеніңізді түсініңіз, - деп жұбатты.
Онсыз да біреу басымды дуалап қойғандай, қолым қалт еткен сәтте Лираға қарай тартатынмын. Олар мені әдеттегісінше қуана, құшақ жая қарсы алып, бар ісін доғарып, әуен тыңдататын.
Алғашқы күндердегідей емес, қазір бұл үйде қысылмай, қымтырылмай, өзімді емін-еркін сезінемін. Әлденеше рет түпкірдегі бөлмеде түнеп те шықтым.
Лира күн аралатып театрға немесе концертке шақырады. Ондайда жаппарқұлда жан бар ма, қуана келісемін.
- Ленинградтан әйгілі әнші Эдита Пьеханы ертіп Броневицкий басқарған «О чем пела скрипка?» деген цыған эстрадасы келіпті, көрейікші, жүріңізші, - деді бірде ол.
- Көрейік.
Бастан-аяқ скрипка әуені шырқалатын мына концерттен соң Лира мен оның өнеріне деген ынтызарым онан сайын ауып, есім кетті.
- Балетке барайықшы. Жүріңізші.
- Барайық.
Көркем безендірілген сахна, мың құбылған түрлі-түсті жарық. Күмбірлеген, күңіренген әуен. Құлындай құлдыраған, тайдай тулаған, мүсінін қолдан құйғандай жігіттер. Еліктің лағындай ойнақтаған, аққудың балапанындай үлбіреген, үлпілдеген нәзік қыздар. Тігісі, тіні білінбейтін жұмбақ үйлесім, жұмбақ көрініс...
... Алдымда айдай ару Лира. Ақ бұлттарды басып барамыз.
Құшағымда күндей сұлу Лира. Көк зеңгірде көк бұлттарды кешіп барамыз...
- Неге үндемейсіз? Сөйлесеңізші. Балет ұнамеды ма? – деді Лира қайтар жолда.
- Формалин сасыған мәйітхана, кермек иісті дәріхана, дәрі иісі мүңкіген ауруханадан басқа ештеңе көрмеген пақырдың сенің себебіңмен сұлулыққа деген сезімі, әсемдікке деген әуестігі оянды білем. Ішкі дүнием әлем-жәлем.
- Ол жақсы ғой. Айтыңызшы, сіз скрипканы жақсы көресіз бе, мені ме?
- Скрипкаң жанымды жаулап алды. Ал сендей сұлуды сүймеу мүмкін емес. - Өрмекшінің торына шырмалғандай, шыбын жаным шырқырап, жан далбаса күй кешіп жүргенімді жасырмадым.
- Онда мені неге құшақтамайсыз, сүймейсіз? Тұрмын ғой алдыңызда. Құшыңызшы қатты. Сүйіңізші.
- Оған баруға әзірше бірдеңе бөгеп тұр.
- Ауылыңызда әйеліңіз бар шығар? Шын айтыңызшы.
- Әке-шешем бесік құда болып атастырып қойған қыз бар еді. Бір сыныпта оқып, бір партада отырып, бірге өстік. Ол да жуырда педиатрия факультетін бітіреді.
- Сіз оны ұнатасыз ба? Әлде... Шын айтыңызшы.
- Ұнатқанда қандай, өзіңмен танысқанға дейін онан басқа бір де бір қызды көзіме ілмейтінмін.
- Қазір ше? Шын айтыңызшы.
- Бір қайықта отырып, екіншісіне баспалдақ тастағандаймын. Өтіп кете салуға жүрегім дауаламай, басым әңкі-тәңкі беймағлұм жағдайда, бей-жай ахуалдамын.
- Бірге кетеді екенсіздер ғой. – Көзі тұнжырап, төмен қарады.
- Солай молжалдағанбыз. Бірақ ол ойымыз орындалмайын деп тұр. Мен қазірше лейтенант шенін тағып, әскери дәрігерлікке аттанамын.
- Қайда?
- Шығыс Пәкістандағы ұлт-азаттық қозғалысты қолдағаны үшін Үндістан мен Пәкістан арасында қарулы қақтығыс өтті ғой жуырда. Нәтижесінде Бенгалияда, яғни Шығыс Пәкістанда Бангладеш Халық Республикасы құрылды.
- Иә, әлгі премьер-министр Шастри мен президент Аюбхан Ташкентте келісімге келгенін айтасыз ба?
- Жо-жоқ. Ол осыдан бес жаз бұрынғы, алпыс алтыншы жылғы оқиға. Бангладеш кеше ғана дүниеге келді. Қазір Бенгаль қойнауы мина, торпедо сияқты жарылғыш заттарға толы көрінеді. Оны тазартуға жас мемлекет біздің елден көмек сұраған екен. Кеме дәрігері ретінде соған аттанасың деген қауесет бар.
- Неткен бақыттысыз! Ол деген нағыз романтикалық ғұмыр ғой. Бірге ала кетіңізші.
- Қайдам. Әскери өмірдің қызығынан гөрі қиындығы көп болса керек. Сені ерте кетуді ойланып көремін.
- Қалыңдығыңыз бірге баратын шығар?
- Әуелі қызметке кірісіп алайын. Кейінгісін көре жатармын.
- Мәселені бірден шешпейтініңіз, кесіп айтпайтыныңыз жаман екен. Меланхоликсіз-ау, сірә.
- Шыли төмендетпеңіз. Флегматикпін.
- Флегматиктер ақырын басып, арбамен қоян алатындардан екенін оқығанмын. Қалыңдығыңыз біздікіне келіп жүргеніңізді біле ме?
- Жоқ. Сандуғаштың жанын жаралағым келмеді. Онсыз да сезіп, қатты күйзеліп жүр. «Бұрынғыдай емессің, суып, салқындап барасың» - дегенді жиі айтады. Өткенде қатты ренжіттім. Екеуміз скверде қыдырып жүргенбіз. Жағы тынбай, қызықты бір әңгімені айтып келе жатқан. «Иә», «һі» - деп мақұлдай беріппін. Көз алдымда сен, құлағымда скрипка әуені.
- Тоқташы, - деді ол кенет, - маналы бері мен не айттым? Қане, қайталашы.
- К-кешір. Не дегенің есіме түспей тұр, - дедім мәңгіріп, Ол мұғалім, мен оқушы болсам, мәңгүрт, миғұла деп жекірер ме еді. Сүйгенімін ғой. Шампанның тығынындай тарс кете жаздап барып, боздап қоя берді. Жалынып, жалбарынып, әрең жуаттым.
- Құдайым-ай, енді қайттім? Басқасың, ты-ым бөтенсің. Сенің тәніңді қалдырып, жаныңды алмастырып қойған. Маған келуді де, жолығуды да сиреттің. Бөлмеңе іздеп барған сайын өзің жоқсың. Әлгі Әзімбек деген қу тілді құрдасыңа шағынамын.
- «Балаға жолама – бәлесі жұғады, әйелге жолама – аласы жұғады» - деген. Психиатрияны оқығалы бері псих болды ол. Сондағы ауру әйелдердің аласы жұқты-ау шамасы. Шалықтағаны қайтады әлі. Қамықпа, - деп шығарып салды. Және бір жолыққанымда:
- Әне бір ретте үш тәулік бойы қарасын көрсетпей, ізім-қайым кетіп еді. Ұшатын тәрелке әкетіп қалыпты. Білесің ғой. Беймәлім ұшатын объект – НЛО. Басқа планетаға апарып, оған эксперимент жасап, миын, жүрегін, жанын, жыныс мүшелерін алмастырып қойған көрінеді. Кеудесі көтеріліп, әйелдауыстана бастағанын аңғарған шығарсың. Содан бері онда құдды жұмақтағыдай жанға шуақ, жайлы екенін, Лира атты скрипкашы қызбен танысқанын, басқа да бишілермен билеп, күйшілермен күйлеп, бақсылармен бас қосып, зікір салып, қоштасқанын айтып, әрдемені бір сандырақтап жүр. Көрші бөлмеден домбыра әкеліп тыңқылдататын өнер ашты соңғы кезде. «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл» - деген. Әнді, әуенді «Әліпті таяқ деп білмейтін» бейбақ-ау, домбыра сенің не теңің, дәрі-дәрмегіңді біл. Сені әлбұлыққа жеткізетін домбыра емес, дәрі-дәрмек десем, дәріс беретін ұстаз табылса, үйренетінін айтып далбасалайды. Шалықтағаны қайтады әлі. Қамықпа, - деді.
Әне, қу тілді құрдасың құтыртты сөйтіп. Әкесі өлгенді де естіртеді. Шыныңды айтшы. Басқа біреуге ғашық болып қалғаннан саумысың?
- Жоқ-ә. Ол не дегенің? – деп, шаң жуытпаймын.
- Құдайым-ау, енді қайттім?! Басқасың, ты-ым бөтенсің.
- Солай, Лираш. Қазір Сандуғаш екеуміздің арамыз жағалаудан алыстаған кемедей секунд сайын алшақтап барады. Оған да қиын, елдегі әке-шешеміз, туыс-бауырлар, ондағы-мұндағы жора-жолдастар тойымызды күтіп тағатын тауысып отыр. Маған да қиын. Оған опасыздық жасап, омалтып, оңдыртпай отырғызып кету оңай емес.
Қабағы салыңқы Лираның даусы қатқылдау шықты:
- Түсінемін, доктор. Сіздің маған ғашық екеніңізді мамам баяғыда-ақ байқаған. Ол кісі психология ғылымдарының кандидаты. Доцент: «Қайсыбір түкпірге тығылсаң да сенен көзін алмайды. Сені сүйеді» - деген.
- Рас айтқан. Қандай қашықтықта жүрсем де сен көз алдымнан кетпейсің, Лира.
- Түсінемін, доктор. Мамамның айтуынша, сіздің тілде сөйлесе білмейтін мен сияқты метискаға сіз үйленбейсіз.
- Мен сені сүйемін, Лира. Өлердей ғашықпын саған. Күндіз қиялымнан, түнде түсімнен кетпейсің, жаным. Алайда, Сандуғашты да қимаймын.
... Бір жолы біреу телефон шалып, тұтқаны көтерген шешесі сіңілісінің қатты ауырып қалғанын айтып, такси шақырып, апыл-ғұпыл киініп кетіп қалды. Оңаша қалған екеуміз шарап ішіп, әңгіме-дүкен құрып, түннің бір уағына дейін отырдық. Әлден уақытта телефон шылдырлап: «Мені күтпей, ұйықтай беріңдер, келе алмаймын» - деді шешесі. Кереуетте жатқаным сол, Лира қойныма сүңгіп кетті.
- Мен де сізді ұнатамын. Сізбен бірге жер түбіне барудан да тайынбаймын... Құшақтаңызшы мені, сүйіңізші құшырлана, - дейді лыпасынан басқа түгі жоқ ол.
Шыдамның да шегі бар. Бір күні болған оқиғаларды бастан-аяқ баян етіп, Сандуғаштан кешірім сұрадым.
- Құдайым-ау, енді қайттік?! Бар енді. Бақыттарың баянды болсын, - деп, етегі жасқа толы еңіреп ол қалды.
Ал, ассистенттің айтқаны келді. Лираның басқа да ауруы бар екенін анықтадым. Туылған күнін атап өтіп жатқанда, бір құрбысы әзілдеп, шымбайына тиетін сөз айтып еді, есін жоғалтып, талықсып құлап түсті. Ассистентке кіріп, диплом қолға тигенін, жуырда бір қиырға кететінімді, Кәзімованың әлгіндей ауруы бар екенін ескерттім.
- Қандай диагноз қойдыңыз?
- Истерия.
- Дұрыс айтасыз. Бізде есепте тұрады ол қыз. Шақырып алып емдейміз.
- Кешіріңіз. Есептен шығарып, енді өзім емдеуіме тура келеді. Некелесіп қойып едік...
- Солай ма? Бақытта болыңдар. Табыс тілеймін.
* * *
Бенгаль шығанағындамыз. Үнді мұхитымен ұласатын шетсіз, шексіз, ұлы теңізде кеме дәрігерімін. Қатты сырқаттанған капитанды емдеп жазғалы бері ол маған оң көзімен қарайды. Сырласым – кох – аспаз, жалғыз қазақ матрос. Бір жолы палубада қолақпандай куба сигарын сораптап сорып тұрған капитанға Лирасыз, скрипкасыз өтіп жатқан өмірім дүниенің бар қызығынан мақұрым екенін айтып шағымдандым.
- Бірер апта елге барып қайтуға рұқсат беремін. Алып келіңіз. Флотилияның штабы жайласқан жағадағы әскери қалашықта әйелдер баршылық. Қаласаңыз, әйелім екеуі бірге тұрсын, - деді.
- Бері қарай Ташкент, Дели, Дакка бағытында ұшақпен ұшқанбыз. Белгілі бір себептермен Делиде үш тәулік бөгелуге мәжбүрлендік. Осы уақытты ұтымды пайдалану үшін Агра қаласындағы ұлы Моғолдар билік құрған дәуірдегі 1630-1652 жылдары Шах жаһан 38 жасында қайтыс болған Мунтаз Махалдың өсиеті бойынша салдырған Тәж-Махал – үнді мұсылмандар сәулетіне Лираны ертіп бардым. Иә, керемет қалаларды, ғажайып ғимараттарды, табиғат таңғажайыптарын, ұшы-қиырсыз көк теңізді көріп, таң-тамаша қалатын Лирашымның сондағы балаша қуанып, мәз болғанын көрсеңіз...
Біз келгенде мұндағы жағдай мәз емес еді. Қилы елдердің қаптаған әскері мен әскери техникасынан аяқ алып жүру қиын. Басым көпшілігі Америка мен Қытайдікі. Шығанақта да шалыс бассаң шатасуға дайын бейтаныс кемелер мен сүңгуір қайықтар.
Лас қала. Ып-ылас шағын елді мекендер. Батыс Пәкістанға толассыз ауған босқындар. Бірі кетсе, екіншісі жетіп келетін қайыршылар, қаңғыбастар, қалтарыстағы қақтығыстар, табан астынан тұтанатын тартыс, атыс, жарылыс. Қайда қарасаң да иттен үріккен қойдай дүрліккен дүрмек. Бей-берекетсіздік әбден шиеленісіп, шегіне жеткені сондай, сіріңке түссе от лап ететін сабан шөмеленің үстінде тұрғандайсың. «Находимся на пороховой бочке» дейтін орыс әріптестерім.
Бангладеш Халық Республикасы ресми түрде жарияланған соң ғана онда КСРО әскерлері көбейіп, басқа елдердің әскері қарасын жоғалтты, бей-берекет іс-әрекеттерге тыйым салынып, тәртіп нығая бастады.
Жекеменшікке қатысты дүкен, дүңгіршек, асханаларды алғаш көруіміз. Көбісінің егесі қытайлар. Ал, жарылғыш заттар теңізден ғана емес, қаладағы шағын елді мекендердегі небір үлкен мекеме, дүкен, қоймалардың жертөлелерінен сан мыңдап табылып жатты.
Жағажайдағы флотилия штабында радист, есепші, дәрігер, басқа да қызметтегі әйелдер баршылық.
Жұрт жанын шүберекке түйіп жүргенде Лира мұндағы қиыншылықтарды көзге ілмейтін. Оған бәрі романтика. Иә, шексіз бақытты еді менің Лирашым.
«Тірі крокодилді көргім келеді»- деп жиі айтатын. Шығанаққа өзендер құятын шағын қолтық қойнауларда болмаса, қолтырауынды теңізде кездестірген емеспіз. Даккадан он-он бес шақырым қашықтықта бір шеті қалың ағаш, бір шеті құмдауыт көл көп. Онда қолтырауындар табын-табынымен жүзіп жүретін-ді. Ақысын төлесең, шағын автобуспен алып барып, катерге, қайыққа отырғызып, көлде серуендетіп келетіндер бар. Қайығын, катерін де қожайыны тастап кетіп, қараусыз қалған көлдер де кездеседі. Онда барсаң әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Ойыңа не келсе, соны істейсің. Үш-төрт келіншек сондай көлдердің біріне шомылып, балық аулап, қайықта қолтырауындар табынын дүрбімен бақылап жүргенде табан астынан бірі шығып, Лираны тұңғиыққа тартып кеткені біздің кемеге радиограмма арқылы жетті.
«Жұт жеті ағайынды» - деген рас-ау. Сол күні Әзімбектен де хат алдым. «Сандуғаш өзінен отыз жас үлкен профессорға күйеуге шықты – деп хабарлапты.
- Крокодилге де хас сұлу керек болғаны ғой... Әлде, Сандуғаштың наласына ұшырадыңыз-ау, махпузыңызға солай жазылған шығар... – дейді кох-аспаз сырласым.
Сол қайғылы оқиғадан кейін керенау тартып қалған мені Ленин орденді Ленинград әскери округінің қарамағына ауыстырып жіберді.
* * *
Әскери қызмет бабымен Ресейдің, Украина, Белоруссияның талай елді мекендерінде тұрдым, қаншама қаласында қыдырдым. Арменияның да дәм-тұзын тартуыма тура келді. Дилижанды тамашалап, Севан көлінде қайықпен жүздім. Гарни, Хегартқа кіріп, шырақ жағу рәсіміне, Эчминадзин қаласындағы әйгілі шіркеуде орган әуені сүйемелдеген дұғаға қатысып, қазіргі Ватикан папасы Павел ІІ батасын алдым.
Еревандағы күндерімді еске алсам ше? Спендерян атындағы академиялық опера-балет театрына күнде кешке бас сұқпай тұра алмайтынмын. Арам Хачатурянның «Қылыштармен биін», Огинскийдің «Полонезін» тыңдағанда, Лира екеуміз бірге барған «Жизель» сияқты балеттерді қайта көргенде көңілім езіліп, көзім жасқа толатын.
Қайран, Лира, Лирашым, қасыма алып, құшағымда құшып, қаншама қызықты ғұмырды, өзің ұнататын романтикалық өмірді, бәрін-бәрін өзіңмен, тек өзіңмен бірге көргенге, өткергенге не жетсін?
...Бірақ, үнемі біргесің сен менімен. Каютада да, палубада да, театрда да, шіркеуде де, тіпті, Тбилисидегі жалғыз мұсылман мешітіне бас сұққанымда да жаныма жалғыз орынды бос қалдырып, сен отыр, сен бар, сен қасымда деп өзіңмен, өзіңмен ғана ойша сырласып, іштей пікір алысып, тынысыңды сезіп, үніңді естіп әлекпін. Көз алдымнан кетпейсің, кетпей-ақ қойдың, жаным, қайтейін...
Сексен сегізінші жылы Арменияда қатты жер сілкінгенде іс-сапармен Грузияда жүр едім. Тбилисидің «Иверия» қонақүйіндегі бір бөлмеде манағы вагонеткамен биіктегі пантеонға көтеріліп, Грибоедов пен әйелі Нина Чавчавадзенің, Сталиннің шешесінің бейіттерінің басында болғанымды еске алып отырғанмын. Төбеден жай түскендей суыт хабарды есіте салып, құстай ұшып Ереванға келгенімде біздің госпиталь қираған Спитак тұрғындарына көмек көрсетуге эвакуацияланған екен. Сонда тарттым.
Ол кезде подполковник шеніндегі госпиталь бастығының орынбасарымын. Қайда жүрсем де, қандай бір шаршау-шалдығуды кешсем де бір жерде скрипка концерті қойылатынын естісем, елеңдеп, қайткен күнде де қатысуға тырысатынмын. Ал радиодан, айнауи-жаһаннан (теледидар) скрипка әуені шықса, бар ісімді доғарып, құдды гимн тыңдағандай сілейіп, бір орнымда тапжылмай селтиіп қаламын.
Спитакта небір ұйқысыз түндерді, қатты қалжыраған күндерді өткеріп жүріп те, қолым қалт еткен сәттерде таспаға жазылған скрипка әуендерін тыңдап, әл-қуат жинаймын.
Мәскеуден әрі-бері өткенде Арбат көшесіне соқпай кетпеймін. Арбат пен Смоленск алаңдарын қосатын ұзындығы шақырымдай ғана, көлік атаулыдан ада, үлкен қаланың у-шуынан аулақ осы көшеде келесі пойызға отыратын уақыт таянғанша серуендегенді ұнатушы едім. Мұнда қызық әрі көңілді. Қалтарыстарда біреулер өлең оқып, көшенің қақ ортасында музыка ойнап, ән шырқалып, түрлі талант иелері өз өнерлерін бір сәт паш етіп қалуға әрекеттеніп бағып жатқаны. Көзді ашып-жұмғанша бет-бейнеңнің барельефін жасап, қолыңа ұстататын хас шеберлер, лезде әлпетіңді әжуа ғып, күлкілі етіп суретіңді салып, ішек-сілеңді қатыратындар да бар. Скрипка тартып тұрғандар мұнда әрдайым табылатын. Мен ондай өнерпаздың алдынан кете алмай, әуенге арбалып, ұзақ тұрып тыңдап, жан рақатына кенеліп, өзгеше бір күй кешетінмін.
- Киелі Арбатта Пушкиннің, Гогольдің, Цветаеваның, Булгаковтың, басқа да музыка пайғамбарларының рухы үнемі кезіп жүреді, - дегенді естігенмін.
Арбат көшесі... Бұл туралы қаншама өлеңдер жазылды, әндер шырқалды, романдар туындады...
* * *
Сұңқылдаған сиқырлы әуен бірде көлімен қоштасқан қаздардай, бірде жазымен қайырласып, үдере көшкен жыл құсындай жылап-сықтап, аздан соң аруанасынан айырылған ботадай боздап, ендігі бір сәтте ұзатылған қыздай сыңсып, сай-сүйегіңді сырқыратып, безілдей бебеу қағады.
Мыж-мыжы шыққан сұр кепкаға қайыр-садақа тасталып жатыр.
Бүгін Арбатта бәрі басқаша. Баяғыдай тағамның түр-түрі тұнған сөре, дүңгіршектер іші дауыл көтеріп кеткендей қаңырап, тып-типыл. Бірнеше жерде алдына жиналған бір топ адамның аузын аштырып қойып, жұдырық түйіп, қолын шошаңдата сермеп, ашу-ызаға булыққан әлдекімдер өктем-өктем сөйлейді. Кейбір қалтарыстарда орындықтарда қақиып отырған біреулерді пәруанадай шыркөбелек айналып, үптеп-сүптеп экстрасенстер ем жүргізуде. Президент Горбачевтің жұбайы Раиса Максимовнаны жерден алып, жерге салған кітапша сатылып жатқан дүңгіршектің алдындағы тізбек, сол кездегі көзден бұлбұл ұшқан арақ-шарап дүкенін торуылдағандардан бетер.
- Жолдас подполковник, қалай ойлайсыз, мұның ақыры неге апарады? – деді шашы әппақ қудай қарт кісі иығымнан түртіп.
- Нені айтасыз?
- Анадай келбетті, келісті, соншама өнерлі жігіттің қайыр сұрап тұрғанын айтамын.
- Саясаткер болсам, бірдеме дер едім. Небәрі әскери дәрігермін. Қазірше ештеме молжалдай алмаймын.
- Меніңше мұның арты жақсылыққа жетелемейді.
- Қайдам...
- Ақыры апармайды жақсылыққа, - деп қария бұрылып жүре бергенде, ту сыртымнан айқай-шу шықты.
Бір топ жасөспірім біреулерді ұрып-жығып, тепкінің астына алды. Көзді ашып-жұмғанша миллиционерлер де жетті. Лезде «қызық көрушілер» жиналып қалды. Тұншыққан скрипка мыңқ етіп өшті.
Қаумалағандар арасында бұзақыларға жақтасқандар тез көбейіп, тәртіп сақшыларын қырып-жойып, тықсырып барады.
...Жолдас подполковник, неғып тұрсыз мелшиіп? Соққыға жығылғыңыз келмесе, тез арада тайыңыз, қане! – деп бұйырды бір миллиция капитаны.
Ана бір бұрылыстан резіңке таяқпен қаруланған, курсант формасын кигендер қара құрымдай қаптап келе жатты.
Мезгіл - әлемдегі алып ел жел қуған бұлттай ыдырап, ит тартқылаған тулақтай жұлым-жұлым боп, ту-талақайы шығардан бір жыл бұрынғы тоқсаныншы жылдың жазы еді.
ЕМ ҚОНБАЙТЫН КЕЛІНШЕК
- Қатты ауырып келіп, қанша жыл қинаған кеселімнен сіздің ем-домыңыздың арқасында құлан-таза құтылдым. Жазылуы қиын, небір күрделі, тіпті кейде өмірден күдер үзген кесел адамдарды психотерапевттердің аяғынан тұрғыза алатынын айнауи-жаһаннан көріп, газет-журналдардан оқып, әркім-әркімнің аузынан есітіп жүруші едім. Міне, сізге емделгелі бері қаншама ауру-сырқау жандардың ақысын алғаныңыздың, құрметіне бөленгеніңіздің куәсі болдым. Біліміңізге, білгірлігіңізге тәнтімін. Атақ-абыройыңызға бұрыннан да қанық-тұғынмын. Құдіретіңіздің күштілігіне енді анық көзім жетті. Айтыңызшы, сіздің еміңіздің жәрдемі тимеген жан болды ма? – дедім диктофонды дәрігердің алдына тосып.
- Журналист қарағым, қазір: «ракты жоқ қылдым», «төртінші стадиядағы туберкулезді түбегейлі жаздым, «өйттім, сөйттім» – деп мақтана беретіндер көп.
Емші неғұрлым таязданса, соғұрлым бар аурудан айықтыра алатын әмбебап дауашыдай сезінеді өзін. Керісінше, неғұрлым көп оқыған, көп тоқыған, тәжірибесі мол шипагер кеселдің түр-түрінің соншалықты көптігін, оның бәрін анықтау, емдеп жазу қиынның қиыны, әрі аса жауапты іс екенін түсініп, өзін соншалықты бейшара сезініп, ізденген үстіне іздене түсіп, білімін толықтыра беруден тоймайды.
Е-е, журналист қарағым, бұл дүниеде ешбір емші панацея болған емес, бола да алмайды. Панацея деп кесел біткеннің бәрін түбегейлі емдеп жаза алатындарды айтады.
Әрбір ем қолданушы алдына келген адамның әуелі ауруының түрін анықтап, біздіңше айтқанда диагнозын қойып, өзі қолданатын емдердің күші, ауқымы мына кеселді жаза ала ма, әлде басқа маманның көмегі керек пе деген сияқты ой сұрыптауынан өткізуі керек. «Тисе - терекке, тимесе – бұтаққамен» бір өзім бәрін білем деу – ақымақтық.
Мен алдыма кіргендердің ішінен психотерапияда қолданылатын емдік тәсілдер қонатындарын ғана екшеп аламын. Ал, солай сұрыптағанның өзінде, әркім әр мезгілде, әрқилы жазылады. Дегенмен, басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін.
* * *
Қысы-жазы көкпеңбек, қалың қарағай, арша, шырша, самырсындары сап құраған, төбесіне қарасаң, тақияң түсетін алып емендер, қатар түзеп тізілген қыздың балтырындай ақ қайыңдар, көктемде ұшар басынан жайылған етегіне дейін гүл көмкерген талшын, аққараған, бозқарағандар, жібек шашақты көйлегі тобығына түсетін ару фонтандар, көз тұндыратын гүлдері ерте көктемнен қоңыр күзге дейін мың құлпырған гүлзарлар, хан сарайындай сәулетті де зәулім, әдемі ғимараттар, таңалакеуімнен қас қарайғанға дейін құйқылжитын сан қилы құс әуені, саябақтан шығып самсыған сары алмалары алтындай жалтыраған бау арасымен шақырымдай жүргендігі Күн нұры тайғанақтап, көз ұялтатын сынаптай жарқыраған айна көл. Қайық есесің бе, катамаран тебесің бе, суға түсіп, құмда қыздырынасың ба, волейбол, баскетбол, бадминтон, билльярд, шахмат, дойбы ойнайсың ба, емдік дене шынықтыру залында жаттығу жасайсың ба, клубта кино көресің бе, әлде кітапханада газет-журнал қарайсың ба, тіпті бәрінен жалығып, саунаға түсіп, бассейнде малтисың ба, бәрі-бәрі бар. Бұған түрлі аппараттармен, сумен, балауызбен, балшықпен, шипалы шөптермен, алтын инемен, лазер сәулесімен, бәрін айт та бірін айт ұзын саны жүзден асып жығылатын емдерді, бес мезгіл әспеттеп әкеліп алдыңа қоятын тағамның түр-түрін есептегенде, жаныңа не керек – бәрі табылатынына күмән келтірудің еш қажеті жоқ.
Міне, тап осындай жұмаққа бергісіз мекемеде қызмет еттім бір жылдары.
Ауру-сырқаттардың үйде қаралуды, емханаға барып, ауруханаларда, диспансерлерде жатып, курортқа кетіп емделуді қажет ететін қилы-қилы кезеңдері болады.
Ал сол жылдары лотереядан машина ұтқаннан кем емес, ілуде біреудің қолына әрең тиетін жолдамамен курортқа келіп, жиырма төрт тәулік бойы дем алатын, ем алатын – басына бақ қонған пақырлардың тап мынадай жәннаттан жазылмай кетуі еш мүмкін емес деп ойлайтынмын. Жоқ, қателесіппін. Қорқыт бабам ғұмыр бойы іздеп таппай, армандай кеткен Жерұйықтың өзі жанына жақпайтындар бар екен.
Психотерапия – адам психикасына сезім мүшелері арқылы әсер етіп, көңіл-күйін өзгерту нәтижесімен айықтыратын ілім. Аурудың туындауына, түріне, басталғалы бергі мерзіміне, басқа да көптеген себеп салдарларға қарап қолданылатын ем тәсілдері бұл салада тым көп-ақ. Мәселен, кейде өте зарлы әуенді тыңдатып, ертеректе басынан өткен бір қайғылы оқиғаны қайта есіне түсіріп, жылатып, еңіретіп, көз жасын көлдей егілтіп немесе кинокомедия көрсетіп, құйтырқы анекдоттар тыңдатып, ішек-сілесі қатқанша күлдіріп емдейтін тәсілдер бар бізде.
Сонымен күндердің күнінде:
- Курортыңызда қызығатын дәнеме жоқ. Ванна, массаж, душ, тағы бірдеме-шірдемелеріңізді қабылдап көрдім. Бәрі де түкке тұрғысыз. Ал сіздің сеанстарыңыз басқаларға жаққанымен, мені дауалай алмайды, дарымады дертіме. Өзіңіз айтқандай-ақ, жұқарған жүйкемнің селдіреген жіптерін ширата алмадым, - деп еңіреп қоя берді Марта деген келіншек.
- Мұндағы мерзіміңіз біткенше қайда әлі?! Сабыр етіңіз. Жазыласыз.
- Күннен-күнге асқынып барады менің ауруым. Курортта қатырады деп жолдама берген кәсіподақ ұйымындағылардың сөзіне сеніп, ақымақ болғаным-ай! Түн баласына ұйқы бетін көрмеймін. Күні бойы басым кәңгіріп жүрем сосын. Күндіз де бір сәтке көз шырымын ала алмаймын. – Беторамалымен көз жасын құрғатты.
- Шыдаңыз. Сізбен бірге келгендердің көбісі түзеліп қалды.
- Иә-ә... Менен басқаның бәрі... Әнебір шыжың балалар да, ән-не-еу, бір сөз айта алмайтын кекештер де..., бәрі жазылды. Жадырап, күліп жүр бәрі де. Тек мен ғана...
Марта осыдан бірер апта бұрын бірінші рет алдыма келіп, соңғы кездері шектен тыс күйгелек, дегбірсіз, ашушаң, сіркесі су көтере алмайтын жылауық боп кеткенін, түні бойы кірпік ілмей шығатынын, тез шаршап, дірмәні құрып, тамаққа тәбеті, тірлікке зауқы соқпайтынын, кей-кейде өмірден түңіліп, өзіне-өзі қол жұмсағысы келетінін егіле отырып айтқан.
- Жанымдай жақсы көретін жалғыз ұлымды еш уақытта бетінен қақпаушы едім. Енді арзыр-арзымасқа да бақырып-шақырып, кейде шапалақпен тартып-тартып жіберемін.
Осындай кеселден айықтыра алатыныңызды есігіңіздің алдына тақтаға жазып, іліп қойыпсыз. Көмектесіңізші.
- Көмектесеміз. Үйде ұлыңыз екеуіңізден басқа кім бар?
- Түркіменстанда геологиялық барлау партиясының бастығы болып істейтін күйеуім кезекті демалысынан басқа уақытта үйге сирек соғады.
- Оны соңғы рет қашан көрдіңіз?
- Екі ай бұрын.
- Мұндай ахуалға қашаннан бері ұшырадыңыз?
- Ол кеткен соң көп ұзамай-ақ.
- Алдыңғы күні дәл осылай ауырған Алмас деген жігіт келген. Қазір жағдайы жақсарып қалды. Бүгін түнде таң атқанша тұяқ серіппей ұйықтағанын айтты әлгінде кіріп.
- Ауруына не себеп?
- Пәтер жалдап тұрады екен. Үйелмелі-сүйелмелі үш баласына қарап әйелі үйінде отырады. Өзі күндіз жұмыс істеп, кешке институтта оқиды. Оның үстіне сессия басталып, пәленбай емтихан тапсырған. Байлығы мас қылғандар мен ауруы асқынғандар ғана аяулысына қол көтереді. Ол да соңғы кезде ұл-қыздарын, келіншегін ұрып-соғуды әдетке айналдыра бастапты. Мұндайды бізде невроз дейді. Ал, сіздің бұл жағдайға душарыңыздың себебін сұрасақ...?
- Сұрамаңызшы, доктор. – Қасының арасындағы төмен қарай қадалған тебендей сызат пышақпен осып алғандай тереңдей түсті. Беті суалып, иегі ішкілікке әуес көсе шалдың иегіндей шошаңдап, бедірейе қараған көзінің жасын құрғатты.
Адамның әрбір қимыл-қозғалысын қалт жібермей «оқып», содан тұжырым түйіп үйренген кәсіби дағдымен: «Жақтырмайды, айтқысы келмейді. Демек, кеселдің түп төркіні себепте. Оны біліп, тамырына балта шаппаса, мына келіншекті кеселінен құлан-таза құтқару неғайбыл» - деп топшыладым.
- Ештеме себеп болған жоқ, - деді кемсеңдеп.
- Бізге керек, қарағым. Өте-мөте керек. Сіз үшін... Мына кеселден құтқару үшін...
- Сұрамаңыз оны. Одан да артқан жүгі бір жағына қисайып ауа бастаған арбадай ахуалымды қанша күнде қалпына келтіретініңізді есіттіріңізші. Қуанайын. Күлейін мен де...
- Медицина математика емес, қарағым. Екі жерде екің үнемі төрт бола бермейді бізде. Аурудың туындау себебіне, қаншалықты ауырлығына, ауырғалы бергі уақыттың көп-аздығына, аурумен күресе білу қабілетіне, тағысын тағылар сияқты объективті жәйттерден басқа тамақ ішуі, жұмыс жағдайы, отбасының жай-күйі, ішкілікке, темекіге құмарлығы дегендей жағымсыз әдеттеріне, тіпті, қабылдаған дәрі-дәрмегімен, қараған дәрігерінің біліктілігі мен білімділігіне, басқа да көптеген субъективті жәйттерге байланысты әркім әр мезгілде жазылады.
– Сіз, қарағым, ауруыңыздың қалай туындағанын айтпадыңыз.
Мартаның қабағы жиырылып, беті суалып, иегі шошаңдады.
- Тү-у, көп сөйлейді екенсіз. Шаршатып жібердіңіз. Басым ауырып кетті. Сұрамаңыз дедім ғой. Ондай сұрақты қоймаңыз маған. Емдеңізші тезірек.
- Іріңдеген соқыр ішекті оташы сылып, шіріген тісті стоматолог жұлып тастайды. Ал психотерапевт жанға түскен жараны жазуы, көңілді басқан кірбіңді кетіруі, сананы шалған кіршікті шаюы шарт. Мұны бізде психохирургия дейді. Ол үшін психотерапияда пайдаланылатын сан мыңдаған емдік тәсілдің бірін немесе бірнешеуін таңдау қажет. Қандайын? Бұл сұраққа жауапты дерттің туындау себебін анықтамай айту қиын.
Сананы шалған кіршік демекші, бағыда-а бір кісі алдыма жас жігітті ертіп келді. Кабинеттегі ем алушылар отыратын орындықтар мен жататын кушеткалардың бәріне ақ жайма төселген еді. Кірген сәтте-ақ лоқси бастаған жігіттің көзінен жас парлап, тіл қатуға шамасы жетпей, кері бұрылып, аузы-мұрнын қос қолдап басқан күйі есікті иығымен ашып, тұра жөнелді.
- Әні, сөйтеді. Ақ нәрсені көрсе құса береді. Кешіріңіз, қазір ертіп келемін, - деп кісі шығып кетті.
Ақ нәрсені көрсе құса беретін әдеті болса, оны мұнда жолатудың қажеті жоқтығын түсініп, дәлізге, одан далаға шықтым.
- Әні, сөйтеді. Таңертегі ішкен асының бәрін құсып тастады, - деді әлгі кісі бір қолымен кеудесін, екінші қолымен ішін ұстай еңкейіп тұрған жігіттің бет-аузын орамалмен сүртіп.
- Әні, сөйтеді. Осындай бір пәлеге ұшырады. Қайдан жабысқанын қайдам?
- Бұл осында қалсын. Сіз жүріңіз. Әуелі екеуміз сөйлесейік.
Орныма жайғасқан соң, мыналардың қайдан келгенін, аты-жөнін сұрадым.
- Кімі боласыз?
- Ағасымын.
- Қашаннан бері мұндай жағдайға ұшырады, о баста құсуына не себеп болғанын білесіз бе?
- Мен басқа жақта, бөлек тұрамын. Бұл әке-шешемнің қолында. Кеше ғана әлпетін көріп шошып кеттім. Қатты жүдеген. Үйдегілердің айтуынша, бұл пәлеге ұшырағанына екі айдан асса керек. Неден ауырғанын білмедім.
- Асқазаны қандай? Тексерттіңіздер ме? Жара жоқ па? Тәбеті ше? Тамақ іше ме?
- Тексертіпті. Доқтырлар ештеме таппады дейді үйдегілер. Тәбеті жақсы. Бірақ сөйтеді. Ақ нәрсе көрсе, құса береді. Емші, тәуіп, молданың бәріне апарған. Пайдасы тимепті.
- Сүт пен айранға қалай?
- Ат-тонын ала қашады. Жиіркене ме, қайдам. Көргісі келмейді.
- Меніңше ініңіз сүттен бе, айраннан ба ұшынған. Жүріңіз, өзінен сұрайық.
Қалың ағашқа бойлап қағылған шегелерді тістеуікпен суырғандай етіп тым бұйығы інісінің аузынан әр сөзді әрең тартып алып, тәптіштеп сұрап, «тергеп» ұққанымыз: егістікте трактор айдап жүрген жігіт қатты ыстықтан таңдайы кеуіп, әбден шөлдеп, қостағы құмыра түбінде қалған айранды қопара салғанда бармақтай бірдеңе аузына былқ еткен. Түкіріп тастап қараса, өлген тышқан екен. Көре салысымен ал құссын кеп. Бары осы.
Кабинеттегі ақ жайманың бәрін шкафқа жасырып, жігітті шақырып, мұқият қарап шықтым. Бір жерінен де бүлінген ештеме таппадым. Көңілі кірбіңнен, жаны жарадан аман. Бар пәле сол санада баяғы. Сананы тазалау – психохирургия керек.
Жігітті біраз күн емдеп, кеселінен айықтырып жібердік. Ол келердің алдында бөлмедегі ақжаймалардың бәрін шкафқа, қағаздарды үстелдің тартпасына тығатынбыз.
Сананы шалған кіршіктен гөрі көңілге кірген кірбің, жанға түскен жара қаттырақ қинайтын сияқты Мартаны. Бірақ ол осы жағдайға душар еткен себепті айту түгілі, сұрауға үзілді-кесілді қарсы ғой. Мұндайда шымбайына тимейтін жанама сұрақтар қою, түс жору, психоанализ жасау арқылы оған білдірмей аурудың туындау себептерін нақты анықтамаса да соған жетеқабыл едәуір дұрыс тұжырымдар түзуге болады.
- Қандай түстер көресіз?
- Түсімде күйеуім ылғи бір әдемі келіншектермен жүреді.
Мұндай түстер күйеуінің көңілдес әйелі бар екенін білгенде немесе күдіктенгенде ғана көрінуі тиіс.
- Ол кісінің қызметі қалада ма, далада ма?
- Құм суырған қу медиенде. Бір рет барып қайтқанмын. Ми қайнайтын аптап ыстық. Жылан, шаян, кесірткелерден аяқ алып жүре алмайсың. Құмға көмген жұмыртқа лезде пісіп қалатын, адам түгілі ит байласа тұрмайтын жер.
- Қызметкерлерінің арасында қыз-келіншектер бар ма?
- Егде аспаз әйел бар. Күйеуі сонда бұрғылау шебері. Қалғандары – кіл еркек. Көбісі он бес күн онда барып жұмыс істеп, он бес күн мұнда демалып, алмасып тұрады.
- Шыныңызды айтыңызшы, қарағым, күйеуіңіздің көңілдес келіншегі бар деген ой мазалай ма? Бұл өте-мөте маңызды, керек мәселе. Сіз үшін... сізді мына кеселден құтқару үшін...
- Ондай ой жоқ! Ондай сұрақты қоймаңыз дедім ғой сізге, - қасының арасындағы сызаттар тереңдеп, беті суалып, иегі шошаңдап, бедірейе қараған көзіне жас үйірілді, - тү-у, тым көп сөйлейді екенсіз. Шаршатып жібердіңіз. Басым ауырып тұр. Кешіріңіз. Сау болыңыз. – Есікті тарс жауып шықты.
Ертеңіне түс ауа екінші корпустағыларды қарайтын дәрігер келіп, Мартаның есінің дұрыс-бұрыстығын сұрады.
- Не бүлдіріпті?
- Кеше қалааралық сөйлесу пунктінде қалжың айтқан ер кісіні жақтан тартып жіберіпті. Бүгін маған: «Емдеріңнің бәрі далбаса, бірін де қабылдағым келмейді, өшіріп таста!» - деп, ем жазылған кітапшасын алдыма лақтырды. «Мың адамға жаққан ем жалғыз сізге жақпаса, өзіңізден көріңіз» - деп едім, есікті жұлқи жауып кетті. Психикасы ауытқыған болса, акт түзіп, қайтарып жіберейік. Бір күні біреуді жарақаттап қойып, бәлесіне қалармыз.
- Ондай емес. Курорттан қууға асықпаңыз. Жазылады. Ескертіп қоямын. Ештеме бүлдірмейді бұдан былай, - деп шығарып салдым.
Ауру адамдардың кейбірі бармаған жері, баспаған тауы қалмай, әркімге бір қаралып, пайдасы тимеген соң емге, емшіге, тіпті, күндердің күнінде өзінің осы кеселден түпкілікті құтылатынына сенімін жоғалтады. Ондайлардың көңіліне үміт отын тұтатып, сенім құсын ұялатудың бірден-бір тәсілі - нақ осы іспеттес ауруға ұшырап, сенің еміңнен жазылған адамдарды алдына әкеліп, көзіне шұқып тұрып көрсету, сұхбаттастыру.
Кезекті бір ем сеансын бастар алдында өткенде неврозбен ауырып келген жігітті орнынан тұрғыздым.
- Алмас, айта қойшы. Үйде қандай едің, қазір қандайсың?
- Түнімен дөңбекшіп, ұйықтай алмайтынмын. Кім көрінгенмен жоқтан өзгеге керілдесіп, төбелесуге баратынмын. Үнемі әл-дірмәнім құрып, ештемеге зауқым соқпайтын. Қазір, тіфә-тіфә, басым жастыққа тиісімен қорылға басамын. Бәрінен бұрын күш-қуат қосылды, өмірге құлшынысым артты. Соған қуанамын.
- Ауруыңа не себеп болды?
- Күндіз жұмыс, кешке оқу, емтиханға дайындық, бала-шаға,отбасы, ошақ қасы қамы. Жұқартты ғой бәрі жүйкені. Бұрын-соңды курорт дегенді көрмеп ем. Нағыз жұмақ осы екен.
Мартаға көз қиығымды тастадым. Басын тұқырып, төмен қарап отыр.
- Ауруды жазу үшін ең алдымен оны туындатқан себепті алып тастау керек.
- Алынбаса ше? – деді Марта ызалы үнмен.
- Себепті алып таста, олай ете алмасаң, онда өңін айналдырып, өзгеше қабылда – убери причину, если не сможешь этого сделать, то измени отношение к этой причине, - дедім орысша қосып.
Кәдуілгі әдетінше қасының арасы жиырылып, иегі шошаңдап, бедірейе қарап, басын кегжитіп, кекірейе қалды. «Қалайша алып тастаймын, өзгертем?» деді-ау, сірә, іштей. Дауыстап айтпағаны – себебін сұрайтынымды сезді.
Аздан соң Марта иығын қозғалақтатып, желкесін орындықтың арқасына сүйей жайласып, сеанс қабылдауға дайын адамдай көзін жұмды.
Күніге түс ауа кабинетіме кіріп-шығып, бір толастамайтын нөпірден қолым босап, жалғыз отырамын. Ондайда осы Марта сықылды жазылуы қиын, кеселі күрделі адамдарды жеке-жеке қабылдап, әңгімелесемін, пайдалы кеңестер беремін, түрлі ем қолданамын. Өзі «индивидуальное лечение» атайтын мұндай кездесулерге Марта кейде келеді, кейде келмейді.
Ем сеанстарынан қалмай, ұқыпты қатынасатындар, тіпті, белгіленген уақыттан бірер сағат бұрын есіктің алдында сазарып күтетіндер – емшіге, емге сенімі мол адамдар. Ал бірде келіп, бірде келмей, жиі кешігіп жүрсе, емшіге де, емге де анау айтқан ынта-ықыласы жоқтығы.
Марта сияқтыларды жеке-жеке қабылдаудағы түпкілікті мақсат - әңгімелесе отырып, жәйімен сеніміне кіріп, ауруды тудырған, туындатқан қайғылы оқиғаны ойдан шығарып тастау немесе сол оқиғаға деген пиғыл-пікірін, көзқарасын түбегейлі өзгерту. Мұны орысша рессудочная психотерапия дейді, яғни парасаттылық сақтай отырып, ауру кісімен күнде, ұзақ, көп әңгімелесіп, ақылға салу арқылы емдеу.
- Мен неліктен осы мамандықты қалағанымды білесіз бе? – дедім бір жолы Мартаға.
- Неліктен?
Осы сәтте есік қағылып, бас ембике жолығуымды өтінді.
- Ананың есі дұрыс па? – деді шыққанымда.
- Кімді айтасыз?
- Ан-нау, қазір алдыңызда отырған келіншек ше. Түріне қарасаң, әп-әдемі-ақ.
- Не бүлдіріпті?
- Қолтықтасып келе жатқан жұптың алдын кес-кестеп тұра қалып: «Сенің қатының бар ма?» депті. Тосын сұрақтан абдыраған ер кісі: «Бар – дейді. Сенің байың әжептеуір қызметкер екенін естігенмін» - дейді бұл әлгінің қолтығындағы келіншекке. «Какое твое собачье дело?» дейді ол. «Біріңнің байың, біріңнің қатының бола тұрып, ұят қайда?! Бетсіздер! Тфу» - деп әйелдің бетіне былш еткізіп түкіреді. Екеуі сол заматта шартта-шұрт салысып, ер кісі әрең ажыратады. «Жындыны неге курортқа жолатасыңдар?» деп, әлгілер бас дәрігерге шағынады. Қолыңыз қалт еткен сәтте жолығып кетуіңізді өтінді бастық.
- Жарайды.
Мартаның мына қылығы да оның әділетсіздікке, көзбояушылыққа, сатқындыққа жаны қас, ызалы екенін айғақтаса, ана екеуінің анадай жүрісі мұның қанын басына шапшытып, көзіне шөп салса керек, сірә. Оны айтса, өзін масқаралайтындай сезінетіндіктен, бұл жайында сөз қозғауды ұнатпайды.
Сүйіктісіне деген сенімін жоғалтқан әйелге, яки еркекке сүйіспеншілік, махаббат хақында әңгіме айту – жарылғыш затқа сіріңке жағумен барабар. Ондайлар бұл тақырыпқа жазылған кітапты оқыса да жыны шығып, отқа лақтырады.
- Кешіріңіз. Сөзіміз бөлініп кетті, - дедім. Мартаның қарсысындағы жайыма отырып. – Сонымен ол кезде диплом жаңа ғана қолға тиген жас дәрігермін. Үлкен бір ғылыми-зерттеу институтындағы асқазан, ішек ауруларын емдейтін, небәрі 28 адамға арналған шағын бөлімшеде жатқан әрбір ауруды бес дәрігер көреді екенбіз. Олар: екі интерн-дәрігерлер, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер және бөлім меңгерушісі. Соңғы екеудің алдыңғысы – ғылым кандидаты, соңғысы – ғылым докторы.
Республикадағы басқа ешқандай ауруханада жоқ ең жаңа шыққан аппараттар бірінші біздің институтқа әкелінеді, ең жаңа дәрі-дәрмектерді де бірінші біз пайдаланамыз. Осы күнгі ішкі органдарды көретін жапон аппараттары қолға жаңа тиген кез. Ішкі ағзаларда не болып жатқанын өз көзіңмен көріп-бақылау бізге бейне бір басқа планетаны аралап, қызықтаған сияқты таңғажайыптарға, таңданыстарға толы тосын жәйт.
Бір ер кісіні жиырма төрт күн бойы емдеп, асқазанын қайта тексергенімізде пәленбай жылдан бері жазылмаған ойық жара шорлана бітіп қалғанын көріп, қатты қуандық.
- Құттықтаймыз. Пәледен біржола құтылдыңыз. Ертең шығарамыз, - дедім.
- Қойыңыз. Шынымен бе?
- Барып көріңіз.
Хирургия бөлімшесіне кіріп, ота жасаған дәрігерлермен сөйлессем, «жарасы бітпеген, жөндеп емдемегенсіңдер» - деп дес бермейді. Қалай дәлелдесем де олар әлгі жапон аппаратымен ішкі органдарды көретін эндоскопшы дәрігер екеумізді кінәлайды.
Бірер күннен кейін Мартыновпен де тілдестім.
- Ертең шығаратын болды. Коньяк, шампан, шоколад, гүл ала кел. Бәледен құтылғанымды жуып кетейін. Мамаңды да құттықта, – дедім кешқұрым келген ұлыма. Өзімнің де қуанышымда шек жоқ еді.
- Мамам түнде үйге қонған жоқ, - деді ұлым мұңайып.
- Қайда екенін айтып, телефон да соқпады ма?
- Жоқ.
Маңдайымнан суық тер бұрқ етті. Көзім қарауытып, буындарым ұстамай, жүрелеп отырып қалдым. Мұнда түскелі бері темекіні аузыма алмаған едім. Біреуден сигарет сұрап шектім. Менің жарам - әйелім... Сол ғой, соның күйігі ғой мені ауыртып жүрген. Уһ-һ. Одан құтылмай, жарадан да жазылмаспын, сірә. Сол сәтте келімдәрі жегендей ішім удай ашып берсін. Ақыры, міне, қарынды жарғызып тындым.
Дәл осындай жағдай біздің бөлімшеде үш күннен соң және қайталанды. Ол жолы да асқазанындағы жарасы шорланып біткен ер кісі ертең шығарамыз деген түні операцияға түсті.
Қанша азап шектірген аурудан арылғанын айтып, көңілі тасып тұрған күйеуіне әйелі үйіне милиционерлер келгенін, ұлынын қолына кісен салып әкеткенін хабарлаған. Ол да «менің жарам – ұлым. Қайта-қайта милицияға түседі» - деп күйінді.
«Бар жақсы аппарат бізде, бар жақсы дәрі бізде. Сөйте тұра бір аптада екі адамға берген сонша күнгі еміміз сапасыз шығып, босқа кетті» - деп қапаланды меңгерушіміз. Себебін зерттеуді маған тапсырды.
Осылай мен жағымсыз көңіл-күйдің алдында ең жаңа аппаратың да, ең мықты дәрі-дәрмегің де діңкесіз, ең білгір дәрігердің де дәрменсіз екенін, ол пәлекет қанша жыл қаланған тосқауылды жұлып кететін тасыған сел сияқты алапат бір жойқын зұлмат екенін түсінген едім, кейінірек кейде көңіл-күйдің бұзылуы жаныңды жегідей жеп, білдірмей мүжіп, тәніңді тоздыратын құрт ауруы іспеттестігін де ұқтым.
Содан соң көп ұзамай осы мамандықты таңдадым.
Ал сіздің мынадай ахуалыңыз сол жағымсыз көңіл-күйдің әсерінен. Түркіменстанға барып, бірер күн күйеуіңіздің басы-қасында болып, ыңғайы түссе осында ертіп келіңіз. Үшеулеп кірісіп, сіздегі бойкүйездікті құртып, күш-қуат қосып, шат-шадымен етіп қуантайық.
- Рахмет. Түсінікті бәрі де. Басым ауырып кетті. Кешіріңіз. Сау болыңыз. – Марта есікті тарс жауып шығып кетті. Әлгінде бедірейе қарап, кіржие қалғанынан-ақ жақтырмай, әрең шыдап отырғанын біліп едім.
Мұны қайтсем екен?! Алғашқы бір-екі емнен соң-ақ.
- Пайымдауымша, сіздің ауруыңыз оп-оңай шағылатын жаңғақ емес. Бірінші мәселе – ұйқыңызды жөндеу. Ми тынықса, басқа ауру-сырқаулар тез кетеді. Көңіл-күй жақсарып, сабырлылық пайда болады. Сол үшін бірнеше күн қатарынан кешқұрым тамырыңызға дәрі жіберіп, ұйықтатып тастаймын. Қапалықты, уайым-қайғыны, жағымсыз ойларды жоятын түймешек дәрілер беремін. Дер кезінде қаралмағандықтан кеселіңіз тым асқынып кеткен. Осылай етпесек, басқа емдердің шама-шарқы жетпейтін түрі бар, - дегенмін.
- Укол, таблеткаларды бір жолы қабылдап, ақыл-кеңесіне құлақ аспаса, бір емес, бар емге атүсті қараса, уақытылы алмаса, ауруының туындау себебін айтпаса, дәрі-дәрмектен бас тартса, ондай адамды қайтіп айықтырасың...? Бүйте берсе, ырқыма көндіретін жалғыз жол – күйеуін шақырту, сонымен ғана сөйлесіп, сол арқылы әсер ету. Басқа амал-айла жоқ.
Бесінде бас дәрігерге кірдім.
- Есі дұрыс па өзінің? Қайдағы біреулермен жұлысып несі бар? Жүреміз бе саудаласып? Акт жасайық та үйіне қайтарып жіберейік, - деді салған жерден.
Марта маған келгелі бергі көрген-баққанымды, кеселі жайында түйген тұжырымдарымды жайып салдым.
- Айналасындағыларға қауіп төндіретіндей аса қорқынышты емес.
- Мейлі. Сізге сендік. Өзіңіз біліңіз.
Ертеңгі сеанстан соң ем алушылардың бәрі шығып, екеуіміз ғана қалғанда Марта:
- Кешқұрым жұмыстан қайтар кезде мені машинаңызбен ала кетіңізші. Қақпаның алдында күтіп тұрамын, - деді.
- Қайда баратын едіңіз?
- Алысқа-а, айдалаға апарып, мені бір езгілеңізші, мыжғылаңызшы әбден. Күлге аунаған тауықтай етіңізші. - Өтініп тұрғанымен үнінде қысқы шілденің аязындай қарып кететін ызғар бар. Не дерімді білмей, аңырып қалыппын. Түрі тап қазір біреуді түтіп жіберердей түнерулі.
Аузын ашса, көз жасын көлдетіп қоя беруші еді алғашқы күндері, қазір жыламайды да. Бұрынғыдай курортты жамандауды, емнің пайдасы жоқтығын еске алмайды. Үнінде де, іс-әрекетінде де ашу-ыза басым.
- Неменеге соншама тесіле қарадыңыз? Әйеліңіз көріп қояды деп қорқасыз ба? Бір адам білмейді де, естімейді де. Қам жемеңіз.
Невроз ауруы Алмастыкіндей шаршап-шалдығудан басқа, кейде күйеуі әтек немесе жалғызілікті әйелдерде де туындай береді. Ал мына Мартаныкі өш алуға, кек қайтаруға жасалған талпыныс қой. Иә-иә, тап сондай.
Невроздың мынандай түрі жұбайы жеңіл жүрісті еркекте де, әйелде де кездесе береді. Онда да бәрінде бірдей емес, жаны нәзік, аса сезімталдарында ғана. Мына пейілімен Марта жалғыз менімен емес, орайы келсе кез келген еркекпен төсектесуден тайынбасы анық. Әйтпесе, опасыздықты, сатқындықты соншама жек көре тұрып, маған мынадай сөз айтпас еді.
- Күйеуіңіз көзіңізге шөп салған-ау. Соған кектеніп, есеңізді қайтарғыңыз келетін сияқты.
- Жоқ. Сіз бізді өйтіп жерге ұрмаңыз. Күйеуім таза адам. Ол менен басқа бірде-бір ұзын етектіні көзіне ілмейді, - деді жымысқы жымиып. Кейпінен кекесін табы білінді.
- Онда әлгі әзіліңізді қалай түсінуге болады?
- Мен оны жәй, сізді сынау үшін айттым. Емдеріңіз қонбағанға жыным келгендіктен. Басым ауырып тұр. Кешіріңіз. Сау болыңыз.
Бірнеше күннен кейін кабинетте екеуміз ғана отырғанда Марта:
- Осында келгелі бері біреу қыр соңымнан қалмай, иісшіл итше ізімді аңдып жүр. Сәл тізгін берсем, асты-үстіме түсуге даяр. Бүгінгі түнді сонымен өткіземін-ау. Бөлмелес кемпір алдыңғы күні қайтып кеткен, бір өзіммін. Бұған қалай қарайсыз? – деді иегі шошаң етіп. Өңі қандай суық еді! Бұл жолы ол күйеуінен емес, тап мына менен өш алғысы бардай көрініп, тұла бойым мұздап қоя берді.
- Оны арыңыз шешсін. Менің пікірімді білгіңіз келсе, айтайын. Дәл қазір үйіңізге қайтыңыз. Ит байласа тұрмайтын жер түбіндегі күйеуіңізге барып бірер күн басы-қасында болып, лажын тапсаңыз осында ерте келіңіз. Сөйтіңіз, қайтыңыз қазір. Бұл жерде өзіңізді өзіңіз қинай бергеннен пайда жоқ. Сау болыңыз.
* * *
Бір аптадан соң Марта кіріп келгенде, өз көзіме өзім сенбедім. Құдайым-ау, сол ма, сол емес пе? Өңім бе, түсім бе? Түрінде баяғы абыржу, қайғы-мұңның табы да қалмаған. Бейне бір он жасқа жасарып кеткендей аса ажарлы, өте сабырлы. Ойнақшыған көзі де от шашады.
- Мынадай жұмаққа бергісіз жәннатта жүз еміңіздің шипасы тимеп еді, ит байласа тұрмайтын жерге барып, күйеуімді көрмей тұрып-ақ жазылдым, - деді күліп. – Осында өткізген күндерімнің бәрі бейнебір қорқынышты түспен арпалысып шыққан жалғыз бір түн іспеттес елестейді қазір. Ауруымның себебін қанша мәрте сұрағаныңызда намыстанбай-ақ, тырыспай-ақ айта салғанымда, «мың естігенен бір көрген артық дегендей, өсек-аяңға ере бермей, барып, көзіңізді жеткізіп кел», - деп қуып жіберетін едіңіз.
- Жарайды. Енді қалай ауырғаныңызды емес, жазылғаныңызды айтыңызшы.
- Тыңдаңыз. Күйеуім басшылық ететін партияға Мәскеуден аты шулы бір ақын қыз келіпті. Өзі әрі фотограф, әрі лаборант-химик екен. Сонда лаборант болып жұмысқа тұрыпты деген сыбыс естідім біреуден.
- Айдалада ақынға не бар? – дедім жалма-жан.
- Ойбай-ау, ол бір аса қияли, романтика іздеген қыз білем. Керемет екен деп қайдағы бір тарбаңдаған тасбақаларды жинап жүргенге ұқсайды. Мәскеуге іс сапармен барғанда, сенің күйеуің тауып келген білем. Бәсе, алыстағы құла дүзде лаборанттың орны бос екенін адамы құмырсқаның илеуіндей құжынаған қаладағы қыз қайдан білсін. Екеуінің әмпей-жәмпейі бір, жұбы жазылмайды дейді.
Бір мекемеде есепшімін. Қызметте жүргенде миыңды шағатын сан мыңдаған есеп-қисаптардан оларды ойлауға мұрша келмейтін, үйде де қиялдағы хор қызымен қыдырған күйеуімді көз алдымнан кетіре алмаймын. Ал мұнда қол бос қой. Есіл-дертім сол екеуінің қимыл-қылықтарын елестету, ойша олармен ұрсысу, соғысу, төбелесу. Ашу-ыза, кек кеудеме толып, сыймағаны сонша, жарылардай боп өліп кете жаздаймын. Анық сондай екеніне көзім жеткендей болады бір кезде. Сол сәтте оған опасыздықтың көкесін көрсетіп, өш алғым келетін.
- Сонымен, Мәскеулік ақын қызбен төбелестіңіз бе?
Марта күлді.
- Олардың кеңсесі, асхана, монша, жатағы – бәрі вагондарда. Барған заматта аспазшы апайға жолығып, әңгімеге тарттым. Күйеуім бұрғылаушылармен бірге кеткен екен.
- Ол бір аса инабатты, білімді, тамаша келіншек. Ақын әрі фотограф. Мыналар – соның түсірген суреттері, - деп, қабырғадағы фотоларды нұсқады.
- Ол келіншекті кім алып келді мұнда?
- Ән-неу, сенің күйеуіңнің орынбасары, алдыңғы жылы әйелі қайтыс болған Гриша ше, Петров. Күйеуің екеуі Мәскеуге кеткен. Артынша Гришаны іздеп келіп, тиіп алды ғой.
Міне, мені айықтырған бар ем – осы сөз. Білесіз бе, мен осы сөзді естіген заматта ұйықтап кетіп, ертеңіне кешке бір-ақ ояныппын.