Туындылары
Кешір мені, Ахмет, Мағжан, Сәкенім
Тоз-тоз болды бұл күндері қиялым,
«Шырақшысы» құрқылтайдай ұяның
Сенбісің? – деп портреттер сөйлейді
Шыны әйнектің аржағынан, зиялым.
- Қараушы едік біз де өмірге сеніммен,
Молам қайда, қаным қайда төгілген?
Рухымыз тірі біздің, жауап бер,
Түрегеліп сұрап тұрмын көрімнен».
Мен не дейін?
Әруақтар састырды,
Жүрек тулап, қаным теуіп, басқа ұрды.
Елестетті замананың сұлбасы –
Бөлтірігін шайнап жеген қасқырды.
Жиырма бес мың бозым болған өтемі,
Қан жылаған қазақ жері – мекенім.
Түсіндірген бодандық не екенін,
Кешір мені, Ахмет, Мағжан, Сәкенім!
Тысқа шықсам, басқа өмір, басқа әлем,
Естімейтін дауысыңды таскерең.
Қалың елдің қауқарына қарамай,
Әлсіздерін сорып жатқан тас кенең!..
Шыбын жанын Алаш үшін арнаған,
Қалды атаусыз, үнсіз жылап сан молаң.
Жетпіс жылы, тоқсан жылы Алаштың
Қотыр қозы бәсіндей де болмаған!!!
Өл де маған, заманымның қылығы,
Өл де маған, бүгінгінің ұлығы!
Өлер ем-ау, өлер ем-ау, армансыз,
Табылса алдан «Шаһкәрімнің құдығы!»