Туындылары
ӘДЕП
Қымбат баға киімді киісіңмен,
Кедей-кепшік көздерін жазалама.
Тәтті істеген дәміңнің иісімен,
Есің болса, көршіңді мазалама.
Әдеп қой бұл... саған мін тағамын ба?
Ғасыр бойы таралған елден-елге,
Көз әдебі-жанардың қабағында,
Үй әдебі-жабылған перделерде.
Әдеп керек кіші ме, ірісің бе,
Бар әдебің бойыңа жиғаныңда.
Дене әдебі-тұрысы, жүрісіңде,
Ұяттыкі-иба мен иманында!
Менен күшті ақындар жазар мұны,
Кім жазса да, үлгі ғой жас қауымға.
Қол әдебі-алақан тазалығы,
Аяқтікі-босқа боқ баспауында.
Жақпайтынын әдептің жағатынын,
Білгің келсе, тырысқын кешікпеуге.
Тіл әдебі-ұлықтау Ана тілін,
Құлақтікі-жаман сөз есітпеуде.
Әдеппенен бар ғалам жадырап тұр,
Жадырап тұр биікте ғылымың да.
Ер әдебі-бірлігі шаңырақтың,
Әйелдікі-еркелі қылығында.
Ақыл, білім, ұяттың әдебі бар,
Түсінігі-ақылдың толуында.
Махаббаттың өзінше әлемі бар,
Әдебі оның-жасырын болуында...