Туындылары
ЖЕТІҢ ДЕ ӨТТІ...
Бір жаманы-айрылып қалдым ... күтпеп ем,
Бір жақсысы-жетің де өтті көппенен.
Бір жаманы-...мен болсам сенген пақырың,
Бір жақсысы-саулық бер Алла... өткерем.
Бір жаманы-енді бізді көрмейсің,
Бір жақсысы-дұғамызға шөлдейсің.
Бір жаманы-көзді жұмдың мәңгіге,
Бір жақсысы-енді қайтып өлмейсің!
Бір жаманы-көктемейді көктемің,
Бір жақсысы-тарих болар өткенің.
Бір жаманы-қараңғыда жатырсың,
Бір жақсысы-шын өмірге кеткенің!
Бір жаманы-суық, сызды қапталың,
Бір жақсысы-әр жұмасы аптаның.
Бір жаманы-біздің үйге келмейсің,
Бір жақсысы-өз үйіңді тапқаның!
Бір жаманы-бейітпенен бірлестің,
Бір жақсысы-жағы солар күндестің.
Бір жаманы-батырып кетпей қараңды,
Бір жақсысы-түсіме еніп тілдескін...
Бір жаманы-бәрі де шын жылай ма?..
Бір жақсысы-арызың жоқ Күн, Айға.
Бір жаманы – «Жаман қыз» боп жүгенмен,
Бір жақсысы-ұнап қалдың ҚҰДАЙ-ға!
Бір жаманы-мені келіп көмбейсің,
Бір жақсысы-дұғамменен көлдейсің.
Бір жаманы-маған өлу бар әлі,
Бір жақсысы-сен енді қайта өлмейсің!!!