Туындылары
ҮКІМНЕН АУЫР СӨЗ
...Апасы ұршық иіріп отырған сияқты. Бір қараса қолына домбыра алыпты. Күй шанақтан құйылған әлдебір мұңды әуен жүректі шым – шым сыздатады.
- Апа –а – оу,– дейді бұл.
Анасы үндемейді. Саусақтары периеден пернеге жүгіріп, ішектерді дамылсыз шерткенімен екі көзін көкесінің қабырғада ілулі тұрған суретінен алмайды. Ол да апасына қадала қарап қалғандай. Ешқайсысы мұны көзіне де ілмейді, өтінішін тыңдамайды да.
– Апа деймін! Апа!
Асылбектің даусы жарықшақтанып, діріл араласты.
Енді болмаса бақырып жылап жіберуге шақ тұр. Оны да ешкім елейтін емес. Ызаға булыққан бала аяқ – асты текеметтің үстіне етпеттей құлай кетті де, жалаң аяқтарымен төсенішке жиналған шаңды бұрқ – бұрқ еткізді.
– Ап – по – о – ө – ө... Қызыл жұлдыз тігін берші маған.
Ана Амантайдыкіндей етіп...
Асылбеке бір жапырақ қана қиындыны шешесіне ұсынады. Әшейінде аузынан шыққан әр сөзді қағып алып, айтқанын орындайтын анасы бұған бұл жолы ең құрығанда көз қиығын да салмаған қалпы домбыраны қабырғаға сүйеді де далаға беттеді. Мұндай қорлыққа ерке ұл шыдай алмай, жер тепкілеп тұрып бақырып жылады...
Солқылдап жылап жатып оянып кетті. Жастығы кәдімтідей дымқылданып қалыпты. Таң әлі ата қоймапты.
Оның үстіне бүгін демалысы. Сенбі, жексенбі күндері ұлы сәскеге дейін ұйқтай беретін әдеті бар болатын. Сол көптен бері қалыптасқан нәрсені бұзғысы келмей, жұмарланып қалған жастығын қайта көпсітіп, жағасыңқырап жатқан. Бірақ ұйқы маңайламай қойды, сәрі қатты үріксе керек.
Ары – бері аунақши беруден де жалықты. Тіпті уақыт өткен сайын жұмсақ төсек жамбасына тастай батып барады. Амалсыз орнынан тұрып кеті. Асықпай жүріп жуынып –шайынды. Шай қойып ішті. Бүгін – ертең атқарылуға тиісті оны – мұны шаруа жайын ойлаған болды.
Соның бәрінде де таң алдында көрген түсі көз алдына кетпей қойды. Осыдан отыз жылдай бұрынғы оқиға еді.
Арада осынша уақыт өткенде қайта жаңғырғаны – түсіне енгені несі? Тек ол кезде апасы мұның. Асылбектің меселін қайтармай, қатырып тұрып қызыл жұлдыз тігіп берген. Ал бүгінгі түсінде... Апасы бұған ренжулі. Хабарласпағалы да біраз болыпты өзі. Әйтеуір, балалары мереке сайын, әсіресе сегізінші март қарсаңында: «Әжемді мейрамымен құттықтадық»,– деп жатады. Соған шұкіршілік ететін. Онысы бекер екен дағы. Баланың аты бала емес пе. Қайбір жарытымды хат жазады дейсің әрі – беріден соң көрген киноларын мазмұндап кетті шығар.
Асылбек қағаз, қаламын ыңғайлап, алыстағы анасына хат жазбаққа ниеттенді.
«Апа! Қалай, қыстан қуаттымызсыз? Біз семьямызбен түгелдерлік тұмаумен ауырып тұрдық. Кіші немереңізге ауырлау тиді. Бақытжанды айтамын. Оның ангинасы да қосылып...»
Асылбек жазуын кілт үзді де, терезе алдына барып сыртқа көз салды. Таң қылаң беріпті. Кеше жауған қардан кейін даланың ақ көрпесі әрі жаңарып, әрі қалындап қалғанға ұқсайды. Аяз буып тұр – ау. Ағаштарға, телеграф сымдарына қалың боз қырау түсіпті. «Апам оянды ма екен? – деп ойлады ол. – Ерте тұратын әдеті еді. Пешке от тұтатып жатқан болар. Әлде... көз алдына тағы да түнде көрген түсі келді. Армандай болған кішкене қызыл жұлдыз! Алыста, өте алыста қалыпты – ау сол арман. Неге қалдырды?»
«Не жайында қиялдап кеттім мен осы? Бос қиялдан не шығады? Одан да апама дұрыстап хат жазайын. Масқара болғанда сәлем хат та жаза алмай қалыппын. Ә дегеннен әңгімені тұмаудан бастағаным – қай сасқаным?»
Жігіт жайласып отырып, алысқа, әр сөзін ойланып, електен өткізіп барып ақ қағазға түсіре бастады.
«Алтыннан ардақты, апатайым менің! Қатты сағындым өзіңізді. Түсімде сізді көрдім. Төрде домбыра тартып отыр екенсіз. Назарыңыз көкемнің суретінде. Мен киіз үстінде етпеттей жатырмын. Қолымда қызыл матаның бір жапырақ қиығы бар».
Хаттың бұлай басталуы да көңіліне қонбады. Жар дегенде жалғызын сағынып жүрген ананың жүрегін елжіретіп, мазасыз жанын жайландыратындай қуатты әрі шуақты сөздер тапсам дейді. Болар емес. Жиырма, отыз беттік баяндамаларды дайындауға отырғанда Асан Қайғы атаның желмаясындай желетін сабазың аман – есендік сұрасуға тіптен шорқақ екен. Бірнеше парақ ортасынан қақ бөлініп, умаждалып, столдың бір шетінде қобырап қалды. Асылбек темекінің ащы түтінін құшырлана сорған күйі қалың ой құшағына еріксіз ене берді.
...Онда да дәл осындай ақпан айы болатын. Соғыс біткелі де талай уақыт. «Қара қағаз» келу біржола тыйылған. Тірі қалған ауылдас жауынгерлердің бәрі дерлік қайтып оралды. Тек өте ауыр жарақаттанған екеуі госпитальда емделуде. Содан соң оншақты жас жігіт шекара күзетінде қалған. Олардан күн құрғатпай, апта аралатпай хабар жетеді. Ал мұның көкесі...енді ол оралмайды. «Қара қағазда» жазылған суық сөз рас екен.
Жаңсақ болса, осы күнге дейін келмес пе? Апасы да енді бұрынғыдай көп алаңдамай, тағдырдың басқа салған қасіретіне біржола мойын ұсынған шарасыз сыңай танытады. Бірақ Асылбектің бала қиялы оған көнсін бе?
Бала қиялы лезде қанат байлап, қиянды кезіп жөнеледі...
Бір кезде міндетті түрде қансырап жатқан әкесін кезіктіреді. Көкесі мұны көріп, құлантаза жалынып кетеді.
Содан әкелі – балалы екеуі құшақтасып ауылға оралады.
Жау жүрек батырдың өңірі сыңғырлаған орден, медаль.
Қызыл жұлдызды әскери шапкісін перзентіне кигізген...
Бала осы көріністі түсінде де сан рет көрді, шешесіне де талай – талай айтып берді. Күнімай құлынының түсін жақсылыққа жоритын. Келе – келе үндемейтін болды.
Жалпы соғыс біржола ұмытылмағанмен де ол адамдар өмірінен бірте – бірте ығыса бастады. «Киев жаудан азат етіліпті», «Немістер Берлинге қарай тырқырай қашып барады екен» дегендей хабарлардың орнына «Бердібек үйленіпті», «Жарқынай күйеуге шығыпты» сынды жаңалықтар берік орнықты.
Иә, жетімдер мен жесірлер қатары күн сайын сиреп, селдіреп бара жатқан – ды. Туған әкесі соғыстан оралмағандар өгей әке тапты. Асылбек бала да болса байқайды, жетімдіктен гөрі бұл да жақсы сияқты. Кей балалар әкелі болған үстіне бірден іні – қарындасқа, ағаға да қол жеткізді. Сондай бір жақындықтың орайы бұған да келіп тұрғандай. Соңғы күндері Байдәулет жиі келгіштеп жүр. Зәуірде көшеде кездесе қалса да басынан сипап, не арқасынан қағып, өзімсініп қояды. Бала соған да мәз.
Тіпті бір жолы «Маған қызыл жұлдыз тауып беріңізші деп айтып қала жаздағаны бар.
Асылбек әдеттегідей даладан жаурап оралған. Жаурағаны ештеңе емес – ау. Бәрінен бұрын Амантайдың ызасы өтіп бітті. Қит етсе «Асылбек пәшес болады» деп қиқаяды.
- Болсаң өзің бол. Мен не...қайта – қайта....
– О – ө! Мына қара! Мынадай қызыл, ей, саған айтам, қызыл жұлдызбен қалай прис боламын. Ал ана Сейіттің солдатской белдігі бар. Сенде ештеңе жоқ. Оның үстіне түрің де...
– Не түрің де?
– Солардан айнымайды.
– Көріп пе ең оларды?
– Көрмей – ақ білем.
– Мә білесің!
Асылбек құрдасын қарға атып ұрды. Жығылдым – ау әлім жетпейді – ау деп қоя қоятын Амантай ма, қарға көміліп жатып – ақ кеудесіне мініп отырған қарсыласын тырнап, тістеп, оңайлықпен берісер емес. Шынында да оған қызыл жұлдыз күш беретіндей...Ақыры екеуін балалар әрең ажыратты. Сөйтіп «сіркесі су көтермей» келгенде. Дәлізде қаздай тізіліп бірнеше аяқ киім тұр.
«Кісілер!»Қуанып кеткен. Артынша қуанышы су сепкендей басылды. Ана әрбірі келідей – келідей керзі етіктер бұған жақсы таныс. Асылбектің жүрегі бір өзгерісті сезгендей лүпілдеп кетті. Бір түрлі жағымсыз, аздап қорқыныш араласқан лүпіл.
Ішкі үйдің есігі жартылай ашық. Апасы қазаннан тамақ түсіріп жатыр.Үй іші буға толып кеткенде бөлмені осылай желдетіп алатын. Сүр еттің дәмді иісі мұрнын жарып барады. Қарны қанша шұрылдаса да төргі үйге кіріп бармастан, дәлізде күйбеңдеп тұрыңқырап қалды.
Содан қақ төрде отырған қария «быссымылда» деп тамаққа қол сала бергенде ішке енді.
Тамақ желінді, сорпа ішілді. Асылбек кісілердің қолына су құйды. Енді далаға таяйын деп ыңғайлана берген. Апасы иығынан тартып, қайта отырғызды.
– Шай ішесің.
– Ішкім келмейді.
– Ішесің, – деді апасы суықтау.
Әңгімеге Құрман шал араласты.
Балалар шай ішуші ме еді, келін. Ойнасын. Бар, бара бер, Асылбекжан, – деді ол өзімсіне.
Бала орнынан созалаңдай тұра берген. Апасы ала көзімен атып жіберді. Сұмдық суық әрі жалынышты қарас. Асылбек көрпеше шетіне сылқ етіп отыра кетті де, апасы шай құйған кеселерді кісілерге ұзата бастады.
Амалсыз отыр, жіпсіз байланып отыр.
Бірер кесе шайдан соң Құрман ақсақал сөз бастады, ол гәпті түу әріден қозғады. Асылбек шалдың не деп отырғанын түсіне алмай дал. Құрекең сонау жаугершілік заманды еске түсірді, кешегі соғысты тілге тиек етті, ұрпақ деді, табиғат заңы деді. Содан Күнім – айға қарап:
«Басың жас қой әлі», – деп, әңгімесін шорт үзді де, суыңқырап қалған шайға қол созды. Осы сәтте Асылбек «шайға қандым, енді кете берейін бе» дегендей шешесіне сұраулы көз салған. Апасының жанары боталап тұр екен. Амалсыз тағы да бір – екі кесе шай сораптауына тура келді.
Қария үзілген әңгімесін қайта жалғады. Бұл жолы көп орағытқан жоқ, негізгі нысанаға төтелей тартты.
– Сенің жайыңды білем, Күнімай. Мына Байдәулеттің де төрт құбыласы сай емес. Құдай қосқан қосағынан перзент сүймей отыр. Рас, ол келіннің мінезі...нелеу...шайпалау. Бірақ сөзінің соңында зілі жоқ. Асылбекті екі бастан ауырсынбас, жатсынбас. Өзі солай деді.
– Әрине, әрине, – деді бағаналы бері аузына су толтырып алғандай көзімен үнсіз жер шұқыған Байдәулет ұйқыдан шошып оянғандай. – Бір үйге екі әйел көптік ете қоймас. Ал Асылбекті өз...
Мұнан әрі Асылбек шыдай алмады, далаға ыта жөнелді. Баланың соңынан Күнімай жүгірді. Оған керегі де осы – тын. Ұлының аужайын аңғармақ болған. Білді Байдәулет әке орнын баса алмайды. Бала соны сездірді.
Бұл бір қиюы келмеген тірлік деңіз. Байдәулет, – деді шал. – саған басқа әйел табылар. Ал Күнімай көнбейді. Ол ұлының тілегін аттап кете алмас...кете алмайды. Бұл шіркіндер солай жаратылған әу бастан...
Асылбек әлдеқашан сөніп қалған темекісін күлсалғышқа тастап, жаңасын тұтатты. Бірақ оны шеккен жоқ, Былай сілкіп тастады да, қағазға тағы шүйлікті. Көрер көзге ұят – ай, бағаналы бері түк те жазбастан кішкене – кішкене жұлдызшалардың суретін сала беріпті, сала беріпті.
Колхоз председателі Тасбөгетов елдің бағына жаратылған жан еді. Әр істің оябын таба білетін іскер ұйымдастырушы – тын. «Қызыл әскер» сол жылдары дүркіреп тұрды. Асылбектің әлі есінде, бірде кешкі апақ – сапақта үйге басқарманың өзі кіріп келді.
– Кеш жары – ек!
Есік шалқасынан кең – мол ашылып барып, қайта серпіле жабылғанда онсыз да сықсиып тұрған май шам сөніп қала жаздады. Председательдің беймезгіл жүрісінен екеуі бір түрлі тіксініп қалған. Тегін келмегені аян.
– Жоғары шығыңыз, – деді Күнімай жаулығының ұшын шиыршықтаған күйі.
– Асығыспын, айнам. Бір шаруа боп... Бізге бір жалау тігіп берсең. Міне, мына матадан...
Асылбектің аузы ашылып, аңырап қалыпты. Қызыл жалауды апам қалай тігеді? Ол мүмкін емес, жоқ мүмкін емес!» Айтқаны айдай келді.
– Бұрын тікпеген нәрсем, – деді апасы күлімжіп.
– Еш қиындығы жоқ. Талай көшпелі Қызыл ту алдық емес пе. Оларды өзің де көрдің. Ал біздің жалау олардан өзгеше. Колхоз кеңсесінің алдындағы ұзын бағананы байқадың ба? Жалауды соның ұшына ілеміз.
Сондықтан...
Тасбөгетов және бірдеңелерді ежіктей түсіндіре бастады.
Күнімай іс машинкасының қақпағын ашты да, шамамен екі қызыл матаны ары – бері аударыстырып біршама отырды. Енді бір сәтте сытыр тысыр іске кірісті.
Таңертең ертелетіп соққан преседатель дайын жалауды қабылдап алып тұрып:
– Әй, айналайын, жарайсың, көп жаса, – деді шын көңілден, аса ризалықпен.
Әсылбек тез – тез киініп далаға шықты. Қас қылғандай балалардың ешбірі көзіне түспеді. Әлі тым ерте екен.
Ал жаңалық ішіне сыймай барады. Ақыры шыдай алмай:
– Ата, менің апам басқармаға жалау тігіп берді, – деді сиырына шөп салып жатқан көрші қарияға.
– Жалауы несі? Басқарма оны қайтет?
Бәрін басынан бастап асықпай – аптықпай түсіндіруге тура келді.
– Е – е , деді шал ыңыранып. Онша жақтырмады.
Баланың көңілі ортайып қалды.
Сол күні ұлы сәскеде ауыл төбесінде ал қызыл жалау желбіреді. Ол шағын ауылдың қай жерінен көз салсаң да анық, айқын көрінетін. Асылбектің кеудесін мақтаныш кернеді.
– Ол жалауды менің апам тіккен!
Балалардың қуанышында шек жоқ. Тек Амантай ғана сенбеді.
– Ол жалауды басқарма ауданнан әкелген, деді ол күңк етіп.
Асылбектің есіне кенет бірдеңе түскендей, үйіне қарай жүгіре жөнелді де, лезде қайтып оралды. Қолыңда қызыл матаның бір жапырақ қиығы.
– Көрдің бе, Амантай, қара!Мынау жалаудан қалған.
– Рас, ей, рас, – десті балалар.
– Қызыл жалау бәрімізге ортақ. Сен босқа мақтанба, – деді Амантай.
– Өзің мақтаншақсың. «Жұлдызым бар! Жұлдызым бар!»
– Бар, ал қайтесің. Ішің күйсе тұз жала, қайтып келіп мұз жала!
– Қане, көрсетші.
– Міне, көрші.
Амантай ішкі қалтасынан қызыл жұлдызын алып шығып, Асылбектің тұмсығына тақады.
– Көр!Көр жақсылап. Бұл сенің түсіңе де кірмейді.
Асылбек шап етіп, жұлдызды Амантайдың қолынан жұлып алды да, үйіне қарай зымырады. Анау қуып кеп берді.
Асылбек, сен бе, не болды сонша жау қуғандай тасырлатып? – деді апасы. Сөйткенше болған жоқ, ұлының соңынан тапырақтап Амантай жетті. Ырс – ырс етеді.
– Бер дейім, бер, – деді ол кірген бойда.
– Әй, тарт мұрныңды қорсылдамай...Не болды сонша зіркілдеп?
– Жұлдызымды бермейді.
– Оның не, Асылжан?
– Апа, маған да жұлдыз тігіп берші мынандай етіп.
– Өзіме беріңіз, – деп қосарланды Амантай.
– Өй, жақсыдан туған жаман неме! Қайтармағанда. Жеп қояды деп пе ең. Дігірлемей қоя тұршы.
Күнімай кішкене жұлдызға бір сәт ойлана қарап қалды. Сосын:
– Балам қатты қағазың бар ма?– деді ұлына.
– Қазір, апа.
Күнімай кардон қағазға жұлдыздың нобайын түсіріп, ойып алды да, оны қызыл матаның қиындысымен қаптады. Нағыз өзі! Ұзамай апасы басқа балаларға да бір – бір жұлдыз жасап берді. Сөйтіп Асылбектің достарының баршасы қызыл әскер болды да шықты. Ал қызыл жалау колхозшылар тұрмысының бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Таңертең жалау көтерілгенде жұрт жұмыс басында болуы тиіс. Түскі үзілістің басталғаны мен біткенін де жалау хабарлайды. Күнде осылай.
Көршілер бір – бірінен «жалау көтерілген жоқ па?» – деп сұрайды таңертең ұйқыдан оянысымен.
Кей жайбасарларға бригадир «Жалаудың желбірегені қашан? Сен әлі күйбеңдеп үйіңнен шыға алмай жүрсің»», – деп ұрсады.
«Осы жалау қайдан барсаң да дәл төбеңнен қарайды да тұрады»,– деп күңкілдейді кей кер жалқау.
Қолхоз жүгерілігінен бір –екі дүмбіл қайырғандар немесе артельдің бір – екі бау жоңышқасын қолтығына қысқандар ұрлық деуге бола да бермейтін осы әрекеттерін ешкімнің көріп тұрмағанын білсе де жалауға жалтақтап қарайтын. Қалай дегенде де колхозшылар арасында тәртіптің нығаюына, жұмыс уақытының тиімді пайдаланылуына Қызыл жалаудың қосқан үлесі аз емес – ті.
Телефон шылдар ете қалды. Ойы үзіліп кетті. Біреу қателесіп шалыпты. Кешірім өтініп жатыр.
Ол да бір қызық дәурен екен – ау, – деді Асылбек тәтті елестің дәміне тамсанып.
Таң аппақ атыпты. Жігіт суып қалған шайдан бір – екі рет ұрттады. Балалардың да оянатын мезгілі таяу.
Сосын шай, сосын телевизор, одан түскі ас, тағы көгілдір экран, одан... Асылбектің балалық шаққа және де саяхат жасағысы келеді. Ол үшін оңаша кету керек.
Далаға шықты. Скверде жүргінші сирек екен. Соған қуанды.
«Тасбөгетовтың ойлап таппайтыны жоқ еді – ау».
...Сол жылы «Қызыл әскер» тағы да ауданда бірінші болып мемлекетке шитті мақта тапсыру жоспарын орындады. Жұрт көңілі шадыман. Ауданға рапорт тапсырған күннің ертеңінде председатель ауылдың тайлы – таяғын қалдырмай Сарыадырға жинады. Бұл – балалардың ерте көктемде жиі бас қосатын орын, стадион есепті жер.
Сарыадырдың жоны атшаптырым жазық әрі көктемде алдымен көгереді, күншуақ, сондай – ақ күздің сыбылыңқы жауынында да миы шығып, езіліп жатқан емес, күнің көзі жылт етсе, шайы орамалдай тез құрғап, дегдіп шыға келеді. Міне, осы адырға киіз үй тігіліпті, бір шетте қазан бұрқ – сарқ қайнайды, құрқылдауына қарағанда жүгері ботқа сияқты.
Жұрт тегіс жиналған соң председатель сөз алды. Өзі қол сағатына қарағыштай береді. Содан кейін, жауын жауып кетпес пе дегендей аспанға көз салады.
Председатель үш үздік терімшінің атын атады. Соның бірі – Күнімай. Асылбек апасының күреніткен жүзінен жанарын тайдырмайды. Бүгін бірінші рет көріп тұрғандай. Апасы қандай сұлу. Гүлді шыт көйлек жасартып жіберіпті.
Кенет самалеттің гүрілі естілді. Ұзамай анда – санда сонау биіктен бір көрініп өте шығатын кәдімгі самолет.
Сарыадыр жонына құлдырап, төмендей берді.
Жұрт шу етті.
– Қонады – ау.
– Мұнысы несі?
– Майы таусылмасын.
Самолет тас лақтырым жерге жетіп қонды. Тасбөгетов бастаған ауыл активтері самолетке беттеді. Оларға басқалар да ілесті.
Ұшқыш үлкен кісілермен қол алысып амандасты.
Председатель оған бірдеңелерді айтып – айтып, жаңа аты аталған үш озат терімшіні көрсетті де, үш саусағын шошайтты. Артынша қолын басынан асыра көтеріп, шеңбер жасады және осы қимылды тағы екі рет қайталады.
Көк қыраны «түсіндім» дегендей басын шұлғыды.
– Жолдастар!– деп саңқ етті басқарма. – Мына самолет Шымкенттен арнайы шақырылды. Қазір үш үздік терімшіні мінгізіп алып төбесімен ұшады.
Жұрт дуылдап, гуілдеп кетті. Бастық көпшілік шуы нан даусын асыра:
– Күнімай!Жамал! Сайрагүл!Алға шығыңдар! Деп жар салды.
Самолет түгілі атқа мініп көрмеген Сайрагүл боп – боз болып кетті.
– Басым айналса қайтемін? – дейді ол Күнімайдың құлағына сыбырлап.
Күнімай ұшқышқа қарады. Ал ол « қорықпаңдар» дегендей, нық адымдап машинаға қарай бастады.
Сонымен үш озат самолетке мінді. Жаңа ғана тыптыныш тұрған алып аэроплан гүрілдей жөнелді. Желінің екпіні қатты. Даусы құлақты жарып барады.Кенет самолет адырды өрлей зымырап, содан бірте – бірте биіктей берді.
– Доңғалағы қайда кетті мынаның?
– Түсіп қалмаса де.
– Енді қалай қонады?
Балалар самолеттің соңынан өкпелері өшкенше жүгірді. Ең алдында – Асылбек.
«Самұрық құс» әне – міне дегенше бір шеңбер жасады.
Екінші рет айналып өтті. Міне, үшінші айналым.
– Ал қонады!
Самолет төмендеген жоқ. Ұзап барады. Осылай бесінші, алтыншы айналым жасады.
– Мынаған не көрінді? – деді председательдің өзі әуеге күдіктене қарап. – Үш айналған соң қонуы керек еді.
Асылбектің зәресі ұшты. Жұрт демдерін ішіне тартып, тына қалған. Бәрі де бір сұмдықты күтулі. Басқарма жедел басып барып, атын мінді де киіз үйдің маңдайшасындағы жалауды жұлып алып, адырдың жон арқасына қарай шаба жөнелді, жалауды төбесінен асыра көтеріп, бұлғап – бұлғап қояды.
Жетінші айналымнан кейін самолет адырға құлдырады.
Үш әйел самолеттен жайраңдай күліп түсті.
– Не болды? – дейді жұрт.
– Не болушы еді, – дейді үшеуі. – Күнде мініп жатқанымыз жоқ, бір армансыз ұшайық дедік.
– Күнімайдың Мәскеуге тура тартып кеткісі бар, – дейді Сайрагүл.
– Ауылға қайтуға әрең көндірдік. – Жамал да әзіл шоғып үрлей түсті.
Бұл күн қызыләскерліктердің есінде қалардай әсерлі өтті. Ол әсіресе Асылбектің жадында өмірі өшпестей болып бедерленді.
Үйге келген соң апасы:
– Аспан шексіз биік, жер деген ұшы –қиырсыз кең екен ғой, – деді. – Самолеттен ауыл, көрші колхоздар, аудан орталығы, тіпті Шымкенттегі цемент заводының тұрбалалары алақандағыдай анық көрінеді.
– Мәскеу ше, апа?
– Жоқ, ол көрінбейді.
– Сіз шынымен Мәскеуге кетпек болдыңыз ба?
– Құлыным – ау, ол келіншектердің әзілі ғой әншейін.
Сені тастап қайда барайын? Кетпеймін, жаным! Әрқашан қасыңда боламын. Балаларыңның балаларын бағып отырамын. Маған одан артық бақыт жоқ.
Апа, мен де сізді ешқашан жалғыз қалдырмаймын.
– Ниетіңнен айналайын. Бізді құдай айырмас, адам айыра алмас.
Апалы – балалы екеуі сол түні болашақ өмірлері туралы балдай тәтті қиялдарға шомып, көпке дейін көз ілмеді...
Асылбек темекі тұтатпақ болып, қолын қалтасына салған. Оттығын ұмыт қалдырыпты.Жақын арада біреу – міреу жоқ па дегендей отырған қалпы айналасына көз жүгіртті. Темекі тартатындай жан көрінбеді. Тек сәт ол анасына ұқсап кетті. Жігіт тұруға ұмсынып барып қайта жайғасты. Бөтен.
Қария Асылбектің жанынан өтіңкіреп барып артына бұрылды да:
– Қарағым – ау, күннің қақап тұрысы мынау, сыз орындықта отырғаның не?! – деді.
Жігіттің көңілі біржола босады.
– Апам есіме түсіп...
– Құдағи ауылда шығар.
– Иә, көптен бері хат та жазбаппын. Ойлап отырсам...
– Е, айналайын, сендердің бәрің де сондайсыңдар.
Аман болыңдар, әйтеуір.
Асылбек ананың үнінен кінәлау не кею сарынын аңғара алмады. Қайта жайма – шуақ мейір бар, қамқорлық лебі еседі.
Жігіт үйіне қарай сергек аяңдады. «Үнемі омалып үйде жүру керек екен» деп ойлады ол жол – жөнекей.
Пәтеріне кіре бере почта жәшігіне көз салған. Хат келіпті. Шамасы, кеше келген. Себебі бүгін хат тасушының бұл үйге соғатын уағы бола қойған жоқ. Асылбек хаттың анасынан екенін бірден сезді де, қолдары жуыспай, конвертті икемсіз ашты. Сөйтіп бейтаныс баланың қолымен маржандай тізіліп жазылған сөйлемдерді оқи бастады.
Апасы баласының, сүйікті келінінің, сүйкімді немерелерінің жай – күйін тәптіштеп сұрап, бәрінің аман – есен болуына көптен – көп тілек қосыпты. Өзі де ауру – сырқаудан дін аман көрінеді.
«Қазір жұрт отыз – қырық жыл бұрынғы соғыста шейіп кеткен әкелеріне ас беретін болып жүр, – депті онан әрі анасы. –Шүкір, мамыражай заманның, тоқшылық, баршылықтың арқасы ғой. Қыршындарынан қиылған боздақтарды осылай да еске алудың несі айып?!Менде ауылдастардан қала алмадым. Жақында әкеңе ас бердің.
Айналайын көрші – қолаң көмек, жәрдемдерін аяп қалған жоқ. Аяқтарынан тік тұрып қызмет етті. Бұрнағы жылы туған еркек тананы етке өткізбей, қолда бағып жүргенмін. Өзі де жардай болып семіріп еді, жануар, соны сойдық, әкең марқұм бір аунап түскен шығар.
Айтпақшы, биылғы демалысыңда курортқа бара алдың ба?Қаралып тұрсайшы, жаным! Басыңның сақинасы бар еді, мазаламай ма? Жұрт « телевизор арзандады» деген соң пенсиямның ақшасын жинап, менде біреуін сатып алғанмын. Ауа райы саңқылдап айтып тұрады. Байқаймын, сендер жақта күн қытымыр. Жылы киін. Етік кимейсіңдер енді. Бәтіңкеңнің киіз ұлтырағы бар ма? Аяқтың жылы жүргені жақсы. «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» емес пе. Жассыңдар, байқайсыңдар, ал байқамаса болмайды. Таңертең, кешке қарай ұялмай – ақ құлақшыныңның құлағын түсіріп ал».
Шіркін, ана – ай! Апасы мұны жас баладай көреді.
«О, мына жақта тағы бар екен» деді Асылбек парақтың екінші бетін аударып. Хатты бейтаныс бала өзінше толықтырыпты. Толықтырғанда... бас – аяғы бір – екі – ақ сөйлем. Оның өзін, неге екені белгісіз, ерекше етіп, қызыл сиямен жазыпты. «Қымбатты, Асылбек аға! Апам сізді қатты сағынып жүр, қатты. Келіп –кетіп тұрмайсыз ба?
Ол кісінің сізден басқа кімі бар?!»
Біреу жағынан аяусыз тартып – тартып жібергендей болып, жігіттің екі беті ду ете түсті.