Туындылары
БАЛА МЕН ҚАЙЫРШЫ
Любого работника - от сторожа до министра - можно заменить таким же или еще более способным работником. Хорошего же отца заменить таким же хорошим отцом невозможно. В.А.Сухомлинский.
Күз. Жасыл желегінен айырылып, сидаң, сабау-сабау бұтақтары жүдеу тартып, қоңырқай түске енген ағаштар шағын ғана қалаға жабырқау өң берген. Кеше ғана қар жауып, ана сидаң бұтақтар ақ түбіт шәліге оранып, қыстың түскенін хабарлағандай-тын. Бүгін жаңбыр жауып тұр. Тұнжырай төңкерілген, сұп-сұр өлі аспаннан толассыз сіркіреген сылбыр жауын.
Шораның лайсаң көшемен келе жатқанына бір сағаттай уақыт өтті. Қүлақшынын түсіріп алған. Жағасын көтерген бальоня пальтосының сыртынан аққан су сорғалай-сорғалай малмандай болған шалбарының балақтары әлсін-әлсін балтырына жабысып, терісін ашытады.
Алдындағы кісі тоқтар емес. Теңселе басып, баяу аяңдап барады. Кейде тайып кетіп, қолдары ербеңдей, құлайын деп қалғанмен, тәлтіректеп барып, денесін қайта түзеп ала қояды. Құламайды. Басындағы кепкасын баса киген. Шалма оралмаған жіңішке мойыны айқүш-үйқыш әжімге толы. Киі-мінен су өтетіні, бір жерге дамылдау керектігі қаперіне. де кі-ретін түрі жоқ. Қалада емес, бейне бір шетсіз, шексіз айдала-да сапар шеккен жалғыз жолаушыдай мимырт жүрісі таусыл-майды. Бір аңыратын жері - көшелердің қиылысы. Көлденең өткен машиналар легі біткенше, жел шайқаған теректей бір орнында теңселеді. Сонда ғана Шора бейтаныс кісімен катар-ласа түседі де, бетіне қарайды. Осылай әлденеше рет көше қиылысында куып жетті. Әлденеше рет бейтаныстың түр-тұрпатына қарап: "Сол шығар", - деді өзіне-өзі.
Маналы бері Шораға ана кісі бір жерге аялдайтын сияқты еді, Сол кезде дұрыстап көріп алармын деп, соңынан ерді де отырды. Енді аялдамасына әбден көзі жеткен соң, мына көшенің қиылысында және қуып жетті. Және оның калың түк басқан, әжімге толы бетіне қарады. Жак сүйектері адырайып тұр. Көзінің асты ісік секілді, қалта-калта. Сол көзінің асты көкпеңбек. Сол жақ беті де ісіңкі. Ұрған ғой біреу...
Қайта-қайта көшенің киылысында ғана қатарласып, суқтана үңілген жасөспірімнен сезіктенді ме, бұл жолы бейтаныс та бұған көз тастады. Бірак, көзқарасында: "Сен кімсің-ау?" деген жоқ еді. Енжар ғана бір карады да, көшені кесе әрі қарай жүре берді.
* * *
О л кезде алтыншы сыныпта оқитын. Ауруханада ембике болып істейтін мамасы түнгі ауысымға кетіп, Шора үйде жалғыз қалған. Орыс мектебінде тоғызыншы сыныпта оқитын көршісі Нұри келді. /Оны бәрі Юрка деп атайды/. Шора секілді оның да үйінде дімкәс жалғыз шешесінен басқа ешкімі жоқ. Жиі ауыра береді. Науқастанған сайын дэрігерлердің жазып кеткен дәрілерін Шораның мамасына ектіреді. Содан да болса керек, Юрканың үйінің бүл үймен қарым-қатынасы да жақсы. Юрка отбасында момақансып жүргенмен, көшеде бұзық. Жасырын темекі тартады. Реті келсе шарап та ішеді. Маңындағыларға ылғи тектен-текке тиісіп жүргені. Кейде бәрінің калталарын қақтырып, тиын-тебенді жиып, бірін дүкенге қуғанын да талай көрген. Алайда, онын Шораға деген ыкыласы баска, Әрқашан да қанатының астына ала камқорсып бағады. Өзінің істеген қылмыстарын да түсінеді ол. Бүған:
- Шурик, мамаларымыз білмейтін болсын. Жарай ма? - деп көзін қысып қояды да, сыбайластарына: - Біздің Шурик сөз таситындардан емес. Сенуге болатын өзіміздің жігіт. Молодец! – деп мұның арқасынан қағады.
Юрканың үйде тәртіпті екенін, әрі бұзық жолға түскенін дімкәс шешесі білсе, қатты қайғырып, нашарлайтынын түсінетін Шора ол туралы үйдегілерге тіс жарған емес.
Біраз күн бұрын шешесі ауруханаға түскен Юрка содан бері бұл үйге жиі келгіштейді. Шораның мамасы да әрдайым жүмысқа кетерінде тамақ дайындап:
- Екеуің ішіңдер. Нұри, сен кешке Шорамен бірге осында кона сал, - деуші еді.
- Шурик, осы сорпаны жылытпай-ак қойсай, бүгін бір жорыкка шығайық, - деді Юрка.
- Қандан жорық?
Шора Юрканың түнгі "жорыктарының" талайын көрген. Біразына өзі де қатысқан.
"Қандай?" - деп сұрауының мәні - Юрканың түнгі жортуылдарының түр-түрі көп. Ең жақыны - көрші үйдің бақшасынан жеміс ұрлау. Шора бұған қатынаспаған. Әрірек-тегісі - "Живая рыба" деп аталатын. Қала шетімен Ақсел өзені ағушы еді. Өткен жылы аудандык су шаруашылығы кеңсесінің тұсынан Ақселге тоған салынды. Әлгі кеңседе істейтін екі кісі әрдайым кешке қарай тоғанға ау құратын. Юрка өз сыбайластарымен түнделетіп келіп, осы ауларды ка¬рап, ілінген балықтарын жымқырып кететін. Шора бұған да катысқан. Ең алысы - қала маңындағы ауылдардың бақша¬сынан қауын ұрлау. Шора бұған қатысқан жоқ. Бірак, Юрка¬ның сыбайластарымен бірге әкелген қауындарынан дәм татқаны бар. Ал, Юрка "жорыктарының" ең қауіптісі - "қарақшы" болу. Шора "қарақшы" болған жок. Әйтсе де, олардың әкелген табыстарын бірнеше рет бөліскен.
- Бұны қайдан алдыңдар? - деп сұраған Шораға:
- Жорықтарымыздың ішіндегі ең қауіптісі. Бір күні өзіңді алып барамыз, - деген Юрка. Енді сәті түскенге ұқсайды.
- Жүр, өзің көресің. Қарақшы боламыз, - деген Юрка кабырғадағы сағатқа қарап: - Қазір жолаушылар поезы тоқтайды. Тез кеттік, - деді.
Темір жол вокзалы бұлардың үйіне жақын.
- Менің соңымнан жүре бер, - деген Юрка жолаушылар поезымен қатарласа жүгіріп бара жатты. Перрон вокзалдың арғы қапталында қалғандықтан, бұл бетте адамдар жоқтың қасы. Вокзал жарықтарынан алысқа тоқтаған вагондардың біріне жетіп, ентігіп басқан Юрка Шора келгенде, жан-жағы-на алақ-жүлақ қарап:
- Мә, тез қимылда, - деп бәкісін ұсынды.
- Не істеймін?
- Тез менің иығыма шық та, ананы қиып ал. Байқа, ішіндегілерді шашып алма.
Шора жүрексінді. Алайда: "Мен қорқамын", - деуді намыс көрді. Вагонға қолын тірей еңкейе қойып: "Бол тез!" - деп бұйыра сөйлеген сыбайласының иығына шықпасқа амалы қалмады. Терезенің сыртына ілінген торқалтаны бауынан киып алған оның тізелері қалтырап, құлай жаздады.
- Болдың ба? Тездет! - деп аласара берген Юрканың иығынан қарғып түскен Шора:
- Бәкіні түсіріп алдым, - деді.
- Мында түсті білем, - деп жерді қолымен сипалап, ещтеңе ілікпеген соң Юрка:
- Жарайды. Азанда өзім тауып аламын. Мына қос бағанның тұсы екен ғой. Белгілі. Кеттік, - деп, Шораны жетектей жүгіре жөнелді.
Бұрынғы жорықтары әншейін ойын сияқты көрінуші еді Шораға. Мұнысының нағыз қылмыс екенін түсінген оның тұла бойын үрей билеп, сүріне-кабына бар пәременімен жүгірді. Вокзалдың тұсында темір жолдың үстінен екі аспалы кепір өтетін. Бұлар соның адам аз өтетін шеткерісінің астына келіп отырды.
- Қорыктың ба? - деді Юрка.
- Қорықтым.
- Әлгінде иығыма шықканыңда, аягыңның дірілдегенінен-ақ біліп ем. Ештеңе етпейді. Үйреніп кетесің. Ұсталып қалмасақ болды. Әрине, үйдегілерге мұнымызды білдірмейміз. Бізді қазір ешкім де ұстамайды. Мыналарды пойыз кеткен соң жейміз. - Юрка торқалтаны ақтара бастады.
- Ого! Шұжық, ірімшік, ет! Көрдің бе қандай тағамдар?! Мәссаған, айран да бар. Ішкілік жоқ екен де, әттең!
- Бұларды неге вагон терезесінің сыртына іліп қояды?
- Қазір жаз ғой, вагонның іші ыстық. Мына тағамдар ыстық жерде бүлінеді. Қап, тым кұрыса, сырасы болмағанын карашы. Тағам иесінің жолы болуы үшін бір көтеріп тастайтын едік. Кейде шарапты жылып кетпесін деп осылай "салқындатып" ішетіндер кездеседі. О-о, ондай мырзалардан айналасың ғой. Денсаулығы үшін деп алып қоясың. - Юрка тамағын бір шертті.
Аспалы көпірмен өтіп жатқан бірен-саран жүргіншілердің бұларда жұмысы шамалы. Пойыз кеткен соң екеуі айранның екі бөтелкесінен ұрттап қойып, етті жайбарақат жеп отырған. Анадай жерде бұларға теңселе басып, масаң біреу жақындап келе жатты.
- Қашайық. Әне, біреу келе жатыр! Ұсталып каламыз, - деп дегбірсізденді Шора.
- Бұлар өзіміздің ағайындар ғой, қорықпа.
- Ребята! Есть у вас закурить? - деді бейтаныс бұлардың жанына келіп.
- Не только закурить и закусить есть. Только выпить нечего, - деді Юрка. Темекі ұсынды. Бейтаныс қалтасынан сіріңке шығарып, темекісін тұтатып болып:
- Ғұлама жазушы, атақты кәмпәзитр болыңдар. Әумиін! - деп екі қолымен бетін сипады.
- Әумиін! Ішетін неңіз бар? Қалтаңыз томпаяды ғой, -деді Юрка да бетін сипап.
- Ішетін...? Ішетін табылады ғой, - деп қамзолынын ішкі омырау калтасынан жартылай ішілген шөлмекті суырған ол бұлардың қасына отыра кетті:
- Мә! - деді Юркаға, - тек жейтін бірдеңе беріңдерші. Ішім жалап барады. Ашпын. Құдай ұрсын, ашпын. Ештеңе ішпегеніме төртінші күн бүгін.
- Рақмет. Өзіңіз іше беріңіз, - деген Юрка бір бөлік етті бейтанысқа ұстата салды.
- Нандарың жоқ па? - деді анау етті асап жатып.
- Жоқ.
- Сен іш мынадан. Маған да қалдыр. Ана кішкентайға да бер.
Юрка шөлмектің аузынан бір-екі қылғытты да:
- Мынаны озіңіз ішіп қойыңыз. Бұл ішпейді. Кішкентай ғой әлі, - деп Шораға қарап көз қысты.
- Ә, мейлі. - Шөлмектегіні түбіне дейін тауысып, алдына тастады бейтаныс.
- Тағы да жейтін бірдеңе берші, - деп қолын созды ол. Юрка және бір бөлек ет пен ірімшік ұстатты.
- Қап, нанның болмағаны-ай! Нанды сағындым. Мейлі ғой. Осыған да жаным кіріп қалды. Эй, осы сендер ме... мені білесіңдер ме-ей? Мен компәзитрмін. Мұ...мүзыканың ада-мымын. Се...сендер мені маскүнем, шарамыга біреу деи ойлап қалмаңдар. Міні, мына көйлегім аппақ қой. Мен қандай боп жүрсем де, осы ақ койлектің жағасы бір сағатқа кір боп көрген емес. Сендер мені шарамыга деп қалмаңдар.
Шора енді аңғарды. Шынында да, бейтаныстың койлегі ақ еді. Нейлон емес, лапсан немесе шыт екені омырауының қыртысынан білініп тұрды. Жағасының кір, кір емес екенін қараңғыда байқай алған жоқ. Бірақ, кіршіксіз тазалығына сенді.
- Ағасы, онда неге төрт күннен бері аш жүрсіз? Үй-жайыңыз қайда? Не кызмет істейсіз? - деді Юрка. "Сен үндемей отыра бер, кім екенін білейік", - дегендей Шораның санынан бір нұкып қойды.
- Уа-һхх! - деп күрсінді бейтаныс. - Сендер білмейсіңдер гой. Ертеде дәруіш дегендер бо...болған. Небір ғүлама ғалымдар, білгір дәрігерлер, ақындар дәруішке айналып, ел кезіп жүрген. Олардың үй-жайы болмаған. Асанқайғыны білесіңдер ме-ей, сендер? О...ол да дәруіш. Кейін-кейін тонаушылар, сиқыршылар дәруішпін дегенде, ел дәруіштерге сенбейтін болған. Вот так! Бір темекі берші.
Юрка ұсынған темекіні сора отырып бейтаныс:
- Сендерді қандай Құдай кезіктірді-ей маған. Жаным кірді де қалды ғой. Сендер мені шарамыга деп қалмаңдар. Солай, балалар, - деді. "Жанының кіргені" байқалып тұр. Дауысы да көтеріңкі. Тағы да аз ғана ішкілік болса, сайрайтын түрі бар.
- Кешегі заманда се...сері деген болған. Олар да домбырасын аркалап, көше кезіп, то есть ел кезіп, небір дастандарды жатқа айтып, ауыл мен ауылды ән-күйге бөлеп жүрген.
- Сонымен, сіз дәруішсіз бе, әлде серісіз бе?
- Іһ-е, мен кәмпәзитрмін. Әлі ғұлама кәмпәзитр боламын. Мен де дәруішпін. Дәл қазіргінің дәруіші менмін, біле-білсеңдер. Жоқ, сендер мені шарамыга деп ойлап тұрсыңдар ма? һа!
- Жоқ-ә, сізді ондай деп неміз бар? - Юрка Шораның санынан және бір нұқып қойды.
- Қара, кара, милиция келе жатыр! - деді ІІІора темір жолдың арғы бетіндегі формалы кісіні нұскап.
- Әскери адам білем ғой. Милиция келмейді. мұнда. Қой, тұрайық.
- Рақмет-эй. Балдар-ей, тұра тұрыңдар. - Бейтаныс алдындағы бос шөлмекті қамзолының ішкі омырау қалтасына салып, түрегеле алақанын жайды:
- Ғұлама жазушы, атақты кәмпәзитр болыңдар. Әумиін! Маған бір темекі беріп кетші.
Темекіні ұсынған Юрка ішінде қалған тағамдарымен торқалтаны да бейтанысқа ұстата салды.
- Зыттық үйге! - деді ол.
- Мені шарамыга деп қалмаңдар! - деді бейтаныс соңдарынан айқайлап.
- Жорық қандай болды, қарныңды тойдырдым ба? - деді Юрка үйге келген соң.
- Сәтсіз емес. Бірақ, қауіпті екен. Ұсталып қалсақ, оңбайтын шығармыз.
- Қорықпа, ұсталмаймыз. Тек мұндай жорықтарға жиі шығудың қажеті жоқ. Одан соң түнгі он бірден кейінгі поездарға бару керек. Байқа, үйдегілер білмесін. Ғұлама қалай, ұнады ма?
- Түсініксіз адам. Дәруіш деген не сөз?
- Кезбелерді айтады. Дәруішпін, композитормын деп отыр той. Нағыз шарамыганың өзі. Қайыр сұрап жүреді ылғи. Тапқан тиын-тебеніне арақ ішеді.
- Сен жиіркенбестен соның шөлмегінен іштің ғой.
- Жұғып кететін ауруы бар дейсің бе? Ондайлардың көбісі кезінде жақсы адамдар болған. Көрмейсің бе, кетіп бара жатып та бата беруін.
- Композиторлығы рас па екен?
- Кім біледі, рас та шығар. Бір пәлеге ұшырап, арақ ішіпкеткен де, озін-өзі тоқтата алмай Құдай ұрып қалған ғой. Мен үй жакты бір байқап келейін. Сен сабағыңды окы. - деп Юрка кетіп қалды.
Ертеңгі сабағына дайындалып отырған Шораның ойына өзінің жасаған әлгі қылмысы мен масаң бейтаныс орала берді. Бұзық жолға түспе деуші еді мамасы. Бұрынғысы бұрынғы. Ал, мынасына жол болсын? Ертең бүкіл сыныптың бетіне қалай қарамак? Мамасының бетіне қалай қарайды? Үят-ау! "Сенің балаң ұры екен", - демей ме оған ел. Өйтіп тойған қарны құрысын.
Юрка келгенде, Шора төсегінде балбырап ұйықтап жатқан. Жанына құлай кеткісі келді де, манағы сорпа есіне түсіп, оны казаннан кәстрөлге құйып, тоңазытқыштың ішіне қойды. Таңертең жылытып ішіп кетпесе: "Бүлар не тамак ішкен?" - деп Шуриктің мамасы бірдеңе сезіп қалуы ықтимал. Сыртқы есіктің ілгегін салып келді. Күндегі әдеті бойынша газ плитасының құлақтарының бекітулі-бекітусіз екенін тексерді. Шора бірдемені ұмытып кетпеді ме екен деп, электр розеткаларын түгел қарай шықты. Мұның бәрі шешесі жастайынан құлағына құя берген соң, әдетке айналған.
"Нені үмыттым?" - деп ойлаған ол қоңыраулы сағаттың тілін таңғы бес жарымға койды. Шуриктің манағы түсіріп алған бәкісін ертемен барып. іздеп таппаса, біреу олжалап кетер.
* * *
Шора өткендегі бейтанысты кейін де әлденеше рет көрді. "Мына ақ көйлегімнің жағасы әркашан да аппақ, кіршіксіз жүреді", - дегені бос сөз екен. Көйлегі түгілі көнетоз қамзо-лының жағасы да тер мен кірден сіреленіп қалғанын байқады. Ол көбінесе осы вокзал маңында, немесе демалыс күндері базарда кілең қайыр сұрап жүреді.
Бір қызығы - сол кісіні көрген бойда мамасы мұны жетелей:
- Тезірек кетейікші мына арадан. Ана пәле көріп қалса, ақша сұрайды, - деп сырт айналуға тырысады.
- Сұраса несі бар, тиын бере салмайсыз ба?
- Құрысын, ондайларға тиын беріп те керегі жок.
- Өзі кызык адам. Композитормын, дәруішпін деген өткенде.
- Не дейді? Қашан кездесіп жүрсің онымен?
Байқаусызда қылмысы ашылып қалғандай шошып кеткен Шора:
- Жай, өткенде... Сіз үйде жокта Юрка екеуміз көшеде әлгі кісімен жолығып калдық, - деді күмілжіп.
- Ол не деді саған?,Не жайында сөйлестіңдер?
- "Мен композитормын. Әлі ғүлама композитор боламын. Дәруішпін. Үй-жайым жоқ", - деді. "Көйлегімнің жағасын әрқашан да таза ұстаймын", - деп еді, онысы өтірік екен. Үсті-басының бәрі кір-қожалақ.
- Тағы не айтты?
- Баска ештеңе айтқан жок. Темекі, акша сұрады. Біз: "Жоқ", - дедік. - Шора кылмысын білдірмеу үшін, бұл арада өтірік қосып жіберді.
- Бұдан былай ондайлардың маңына жолаушы болма! Сөйлеспе де.
- Жарайды.
Сөйтіп жүргенде мамасы екеуі кайыршымен бір емес, екі рет базарда бетпе-бет кездесіп қалды. Қызық өзі, бұларды көрсе, тұп-тура жетіп келеді де, мамасына:
- Құдай үшін бірдеңе берші, өлетін болдым, - дейді телміре. Одан басқа бір сөз айтпайды. Өткенде аспалы көпірдің астында өзімен дәмдескенін айтып коя ма деп қорқып еді Шора. Анау бұған қараған да жоқ.
- Мә! Мә! Тек аулақ жүрші, - деп мамасы бір сомдықты ұстата салады да, мұны жетелей жөнейді. Екінші кездескенде де бір сомдықты ұстата салып, сырт айнала берген мамасына Шора:
- Мама, "Өткенде де бір сом бергенмін", - демедіңіз бе? - деді.
- Ол күніне жүз адамнан тиын сұрайды. Соның бәрі есінде қалады дейсің бе?
- "Ондайларға қайыр беріп керегі жоқ. Тапқанына арақ ішеді", - деп едіңіз ғой. Ал, өзіңіз кілең бір сом бересіз.
- Сөйтіп құтылмасам, ол менің соңымнан қалмайды. Мен десе бір пәлесі бардай.
"Түсініксіз адам, - деп ойлады Шора, - үлкендерге тән мінезі жоқ. Дәруішпін, композитормын дейді - өзі қайыршы. Кір-қожалақ жүріп, көйлегімді әркашан таза ұстаймын деп мақтанғанын қайтерсін'"
* * *
Бір күні қайыршының табанжол жиегіндегі арықта сулап жатқанын көрді Шора. Қасында мамасы бар еді.
- Мама, қайыршыны қараңыз, - деді. Бұрылып, қайыршыға үңіле қараған мамасы:
- Өліп қалған ба сорлы? - деді.
- Қойшы, мама. Қандай жиіркенішті, кетейікші.Он жақ шекесіне қара қан ұйып, қатып қалған. Бет-аузы лай. Үсті-басы топырақ-топырақ. Бір бәтеңкесі жоқ. Башпайлары үсіген сәбіздей қап-қара. Етпетінен сулаған жатысы тым жаман. Мамасы Шораның сөзіне құлақ асып, кетіп қалудың орнына кайыршының жеңін түріп жіберіп, кір-кір білегінен ұстап, тамырын байқады да, ішегін тартып:
- Сымбат! А, Сымбат! Өлдің бе акыры, сорлы?! - деп қолынан, құлағынан тартқылай бастады. Бетіне алақанымен шәпеттеді.
- Қойшы, тасташы, мама! Кетейікші!
- Бұл да адам ғой. Тек тірі болса жарар еді.
Өліктей үн-түнсіз жатқан қайыршы бір кезде оң көзін ашты. Көзі канталап кеткен екен.
- Тыныштық бер маған, - деді ол карлыққан тарғыл дауыспен. Әзер ашқан көзін кайта жұма қойды.
- Тірі екен ғой. Өлмепті әйтеуір, - деген мамасы аяқ астынан көз жасын бұлап, жүре берді.
- Не болды, мама? - деді түкке түсінбеген Шора.
Мамасы үндеген жок. Жолай әмиянынан екі тиындық алып, телефон бүркемесіне кіріп, әлдекіммен сөйлесті. Үйге келген сон да мамасы кереуетіне жатып алып, көпке дейін жылады. Шора мамасының мына қылығына түсінбей аң-таң. Аяп та кетті өзін. Не деп, калай жұбатарын білмеді. Әсіресе, бұған ештеңе айтпай, өз-өзінен егіле беруі жанына қатты батты.
- Қойшы, мама, қайдағы бір маскүнемге де сонша қамығасың ба? Өлсе өледі де даладағы біреу.
Мамасы жауап қатқан жоқ. Бетін жастыққа көме етпетінен жатқан күйі қозғалмады. Шораның шыдамы таусылды. Мұның да көңілі босады. Мамасының мойнынан құшақтады.
- Қойшы, мама. Әйтпесе, мен де жылаймын, - деді ол кемсеңдеп. Мамасы мұны аймалап, бетінен сүйді. Әлсін-әлсін ауыр күрсінді.
* * *
Жасанып көктем келгенде, көк қауламай тұрмайды. Шындықтың аты - шындық. Дер кезінде айтпасаң болмайды. Ана осыны түсінді. Түсінді де, бар шындықты осы бүгін, тап қазір ұлына төбеден ұрғандай етіп емес, жәймен жеткізуге бекінді. Ұлының маңдайынан сүйіп, ауызғы бөлмеге шығып, беті-колын жуып, сүртініп келді.
- Үлым, енді мен жыламаймын. Білесің бе, мен неге қапаландым? - деп жымиғансыды.
- Білмеймін.
- Әлгі кісі бір кезде өте жақсы адам еді Дарынды музы¬кант-ты.
- Шын айтасыз ба?
- Оның баянда сүйемелдеуімен мен та лай рет ән де салғанмын.
- Қойшы. Қай жерде ән салып журсің онымен бірге?
- Клубта. Той-думандарда, осы үйде...
- Сонда ол осы біздің үйге келген бе? - Ия, келген.
- Менің папаммен бірге отырып талай рет арак ішкен десеңізші. - Шора ыржалактап күлген болды, - Иә, ішкен. Ән де салғанбыз.
- Бәсе, көрген жерде неге жетіп келеді десем, содан таниды екен ғой сізді. Мен оны өмір бойы солай көшеде қайыр сұрап өткен кісі деп ойлаушы едім.
- Ол осы үйде тұрған да.
- Қалайша? Пәтер жалдап па?
- Жоқ, осы үйдің кісісі... Ол - сенің әкең. - Мамасы Шораны кұшақтап, өксіп жылап жіберді, - Өскен соң айтамын деуші едім, енді болмады.
Шораның устіне біреу суық суды қуйып жібергендей, тұла бойы мұздап қоя берді. Мамасы мына сөзді бірдеңеге ызаланып, әдейіге айтып отырған шығар деп, бетіне тесірейе қарады.
-Иә-иә, ол - әкең, балам. Намыстансаң да, намыстанбасаң да сол - сенің әкең.
Шора үнсіз. Мамасының шын айтқанына көзі жетті. Біраз абдырап тұрған ол көзіне жас үйіріле, мамасының құшағынан сытылып шығып, далаға безе жөнелді.
Әлгіндегі мастың жатқан жеріне жақындағанда, милицияның төбесі бүркемелі мәшинесі қозғала берді. "Алып кетті!" - деді өзіне-өзі. Мәшиненің соңынан қарап біраз тұрды. Мұнда қалайша ұшып жеткенін, не үшін келгенін өзі түсінген жоқ. Милиция алып кетпеген күнде, әлгіндей күйде жат¬кан әкесіне не істерін де Шора ойламап еді.
Ілбіп үйіне қарай аяңдады. Көз алдына кереуетте етпет-теп жылап жатқан мамасы мен топыраққа аунап жатқан әлгі мас қайыршыны елестетті.
- Алып кетті, - деді үйге келіп, - алып кетті, милицияға...
Шешесінің қасына жатып алып бұл да жылады.
- Милицияға алып кетсе, енді ол өлмейді, - деді мамасы жұбатып.
"Әкем қайда?", - деген Шораға мамасы бұған дейін ылғи: "Әкең шопыр еді, жол апатынан қайтыс болған", -деитіні есіне т үсіп:
- Осы уакытка дейін мені алдап. неге айтпай келдіңіз? - деді.
- Сеңі біраз өссін дедім. Кішкене кезіңде айтқанмен, сен бәрібір ештеңе түсінбес едің.
- Неге ол қайыршы болып кетті?
- Қайыршының оқуы бар дейсің бе? Арақты күнде іше берсе, қандай жақсы адам да анадай күйге түспегенде несі қалады? Ол музыкант еді. Сымбат десе сымбат-тын. Сырықтай, сұлуша келген жігіт-тін. Өзі шығарған бір-екі әні де бар-тын. Композитор боламын дейтін. Қалжыңқой, тым ак коңіл еді әкең. Шектен тыс ақ көңілдік те ақымақтық екенін кейін білдім. Достарының көптігінен бе, әлде жұғымдылығынан ба, ол кезде бізді той-думанға жиі шақыратын. "Жастардың гүлі", - деп қолпаштап қойып, Сымбатты әбден ішкізуші еді жұрт. Оны қолпаштаған сайын менің төбем көкке жеткендей болатын. Ақымак басым-ай! Ақыры немен тынарын білсем-ші?! - Мамасы ауыр күрсінді де үнсіз калды.
... Маусымның сонғы жексенбілерінің бірінде тойланатын медицина қызметкерлерінің күніне аурухананың, көркемөнерпаздар үйірмесі концерт қоюы керек-тін. Кәсіподақ ұйымы концертке жетекшілік ету үшін арнайы музыкант шақырған. Ол - Сымбат еді. Он саусағынан өнері тамған, ұзын бойлы, ақ құба, көркем жігітке талай ембике таңдай кағып, есі кете ғашық болып еді сол жазда.
- Сіздерден спирт пен дәрінің йсі шығады. Спиртсмен қыздардың арасына келіп, тек иістеріңізден мас болып қалдым, - деп әзілдеген ол келген бойда.
- Спиртсменіңіз не, спортсмен деңіз! - деген парашют спортымен айналысатын бір қыз.
- Жок, спиртсменсіздер, - деген Сымбат. Әзілдің сыңайына қыздардың бәрі мәз-майрам күліскен. Содан былай әр күні келген сәтте: "Сәлеметсіздер ме, спиртсмен қыздар?" - деп амандасатын ол күліп. Бір күні Сымбат бір шоқ жиде гүлін әкеліп, мұның желеңінің омырауына тақты.
- Мен күнде спирттің иісіне масайып қайтамын. Мына гүл соның иісін жойсын деп әдейі әкелдім, айып етпессіздер, - деді ол.
- Басқаларымызға ше? - деді бір кыз.
- Басқаларыңызға ән сыйлаймын.
- Сары гүл - сарғаю белгісі. Қыздарға сары гүл сыйламайды. Хи-хи, - деп күлді кыздардың бірі.
- Қызанның гүлі сары, жемісі қызыл. Сарылығы үшін гүл кінәлі ме? Әншейін өзіміздің шығарып жүргеніміз ғой. Иісі кандай тамаша! - деді Сымбат. Сол сол екен, екеуінің жанары жиі шарпысып кала беретін. һ, несін айтасың, ол бір бақытты күндер еді ғой...
Мамасы және бір күрсініп қойды.
- Екі айлығыңда бір тойға барамыз деп, сені қатты ауыртып алдым. Бір жарым ай ауруханада жаттық екеуміз. Әй-теуір, әзер дегенде жаның калды. Содан соң сені ауыртып ал-мау үшін шақырған жерге мен бармаушы едім. Шақырушының көңілін қимай, баянын арқалап Сымбаттың өзі кетіп жүрді. Оның үстіне алғашқы аурудан әлсіреп қалған сен бір жарым жасқа дейін жиі ауырдың. Сенімен бірге екі-үш айлап ауруханада жатқан күндерім болды. Сол жылы Сымбат тым көп ішіп кетті. Ауруханаға барып: "Сен баланы әдейі ауыр¬тып жатырсың!" - деп ұрсатынды шығарды. Күнде ішетін өнер ашты. Күнде отбасының шырқы бұзылып, мені таяққа жығатынды шығарды. Қояр деп бір жылдай шыдап бақтым, қоймады. Ішуін де, жанжалын да үдете түсті. Ақыры ажырасып тындық. Ажырасқан соң да жиі келіп, тыныштығымды бұзып жүруші еді. Бір күні ұшты-күйлі жоғалды. Біреулермен қосылып ұрлық жасап, сотталып кетіпті деп естідім ұзынқұлақтан. Содан осы соңғы бір-екі жылда қайтадан пайда болды. Алғаш көргенде зәрем қалмады. Әбден жүрегім шайлыққан екен. Өлтіріп кете ме деп те қорықтым. Тым өзгеріп кетіпті. Баласының бар екенін де ұмытқан секілді. Менің атымды да бірде-бір рет атаған емес. Баяғыдағы бір ескі танысындай, көрген жерде қасыма жетіп келуді, қайыр сұрау-ды біледі.
Енді ол адам қатарына қосылмаса керек, сірә. Өлген адам үшін Тәңірге қанша жалынып-жалбарынғанмен, қанша күйініп жер тепкілегенмен, қайта тіріліп келмейтіні сияқты, ол да саған әке, маған баяғы Сымбат күйінде осы шаңыраққа қайта оралмас. Мен оны жоғалтқаныма қанша күйініп, көзімді жасқа қаншама бұладым. Кейін-кейін етім үйреніп, кетті не, өлді не, шаңырағымның шырқын бүзбастан аулақ, тыныш жүрсінші, әйтеуір, дейтінмін. Қалай дегенде де, адамбыз ғой... Әлгіндей ахуалын көріп, қандай болса да сенің әкең, бір кездегі осы үйдің ер-азаматы екені есіме түсіп, аяп кетем. Дәл қазір ешкімге пайдасы да жоқ, зияны да жоқ, көрін-геннен қайыр сұрап, өзімен-өзі жүрген бір бейбақтың әкең екенін, бір кезде жақсы музыкант, көрікті де ақ көңіл адам болғанын біл. Өле қалған күнде, білмей қалмасақ, бірдеңе етіп жерлеу - біздің парызымыз. Арақтың не бір жақсы адамды да аздырып жіберетінін есіңе ала жүргейсің.
Менің оған жасаған киянатым жоқ. Өзінен-өзі аракка салынды да, азғындап кетті. Солай, ұлым, - деп мамасы және күрсінді. Манағыдай жылаған жоқ. - Бұл өмірде ойыңдағының бәрі орындала берсе, кәні. Жетім-жесірлігімізден өзімізді бақытсыз сезінеміз. Ал, Сымбат ше? Ол бір мүсәпір ғой. Кайыр сұрап жүргенін көріп, көңілім тым босап кетеді.
- "Екі ән шығарды", - дедіңіз бе?
- Жаңылмасам, үйде бар олары. Бір досы алдымен магнитофонға жазын алып, одан Сымбаттың туған күніне арнап, күйтабакка жаздырып әкеліп сыйлаған.
Шора майысқак, жұқа күйтабактарды әкеліп, мамасының алдына тастады.
- Мына екі сарғышы, - деді мамасы екі күйтабақты бөлектеп. Күйтабакты тыңдаған Шора таң қалды. Бірі - "Махаббат балладасы", екіншісі - "Түнгі аспан". Осы қала жас-тарының аузынан еститін әндері. Әркімнің өзі ұнататын, әншілік шеберлігіне қарай сүйіп айтатын әндері болатынын Шора ән-күй мүғалімінен естігеи. Бірак, тұп-тұнық, тып-тыныш, айнадай жалтыраған судың бетін оқыс шоршыған шабақ дір еткізгендей, әннің де өміріңнің бір сәтін селт еткізіп, ет-жүрегіңді елжірететінін ол білмейтін. Бұрын да ұнатып жүрген мына екі ән қазір мүлдем баскаша әсер етті. Өзі осы уакытқа дейін тым сирек естіген, бала көңілің бұлкындырар "әке" деген сөздің арғы торкінінде: "Әкемнің әні", - деп мақтаныш тұтатындай, әкенің қүшағындай ыстық та, әкенің жүрегіндей нәзік те, әкенің қамқорлығындай қымбат аз ғана асыл мұра тұрды.
Бұрын да естін жүрген мына екі әнді Шора бүгін өз туысындай, етене жақын бауырындай жақсы көрді.
"Махаббат балладасын" ойнатқанда, мамасының көңілі қайта бұзылды.
* * *
Осыдан соң Шора көпке дейін әкесін кездестіре алмады. Менің әкем бар екен деп те ешкімге тіс жарған жоқ. Бұрын көшеде жүрген масты көрсе, жиіркенуші еді. Енді жаны ашып, аяйды. Бәрі де бір кезде жақсы адам болып, кейіннен арақты көп ішіп, соның салдарынан маскүнемдікке салынып, азғындап кеткендер деп ойлайтын. Көшеде кетіп бара жатқан масты көрсе: "Осы менің әкем емес пе?" – деп қасына жетіп баратынды шығарды. Әкесін тағы да көргісі, жақсылап танып алғысы келген еді. "Үлкейген соң, арақты қойдырып, адам қатарына қосып аламын", - деп ойлады ол. Ал, қазір ше? Қазір жақсылық істеуі керек оған. Ақша беру керек. Жоқ! Ақша берсе, арақ ішіп қояды. Одан да жейтін тағамдар әпереді. Әнеукүнгідей төрт-бес күн дым сызбай жүру оңай емес шығар. Бір бәтеңкесі жоқ еді ғой. Әттең, бәтеңке әперер ме еді...
Мамасы күнде таңертең бұл мектепке кетерде: "Буфеттен бірдеңе алып же", - деп біраз тиын-тебен беретін. Шора осы тиындарды жинай бастады. Мектепке үйден печенье, нан, тағы баскалар апарып, үзіліс кезінде соларды қажайтын болды. Буфетке баруды біржолата доғарды. Алайда, кас қылғандай, қолы бос кездерінде каланы канша кезсе де, әкесін жолыктыра алмады. Бірде зауыт клубының жанынан өтіп ба¬ра жатып "Махаббат балладасының" әуенін естіді. Әкесі осы клубтың ішінде отырғандай сезінді ол. Шора клубка кірді. Зауыттың концертке дайындалып жатқан көркемөнерпаздар үйірмесі екен. Көрермендер залы бос еді. Шеткі орындықтардың біріне отырды. Осындағылардың бірінің баласы деп ойлаған шығар, бүған ешкім келдің-ау, кеттің-ау деген жоқ. Сахнада микрофонды қолына алып, ұзын бойлы, келбетті жігіт тұр.
- Қане, қайтадан, и-ий! - деп колындағы таякшасын сілтеп калған тапалтақ кісінің бұйрығымен эстрадалық оркестр "Махаббат балладасын" ойнай жөнелді. Аздан соң ана жігіт оркестрге қосылып әнді шырқағанда, бос зал күм-бірлеп кетті.
Ән сонау биікте, кең аспанның қақ төрінде шарк ұрып, кішкене қанаттарын тынымсыз дірілдетіп, тылсым дүниені кұйқылжыған нәзік куйімен билеп алған боз торғайдай Шораны еліктіріп, елітіп, сонау көкте өзімен бірге калықтатып, баланын көңілін балқыта баурап алды.
Дәл казір Шораға бұдан артык бакыттың керегі жоқ еді. Оның тынысы кеңейіп, көкірегін әлдеқандай өзіне таныс емес бір сезім кернеп бара жатты.
Әнші жігітті Шора бір сәт әкесіне ұқсатты. Бір кезде ол да осы әнді дәл өстіп шырқады-ау. Мумкін осы әнді айткан әншіні аса бір үлкен ризашылығымен, бар ынты-шынтысын сала баянда сүйемелдеген шығар. Мүмкін баска біреудің орындауындағы осы әнді аса бір үлкен мақтанышпен, бар ықыласын қоя тыңдаған шығар.
Әттең, ана жерде, сахнадағы ана жігіттің орнында, тым болмаса, ана музыканттардың арасында әкесі тұрар ма еді. Төбесі көкке жетер еді ғой Шораның.
Кенет қатты күйініп, өзінен-өзі ыстықтап, қабырғасы сөгіліп, көзінен жас парлап қоя берді. Кең зал тарылып, бала¬ның кішкентай кеудесін құрсаулап қысып, булыктырып бара жатқандай. Кішкентай кеудесіндегі қүйтақандай жүрегі ғана тыпырши бұлқынады.
Ән тамылжып барып аяқталды. Оркестр де тынды.
- Тамаша! - деп айқайлап жіберді бәкене бойлы кісі.
Шора қол соға жаздап барып, жалғыз адамның қол соғуы ерсі екенін түсінді де, қоя қойды.
- Тамаша! Нақ осылай айтсаң жарайды.
- Сонымен, бұл әнніц шығармагері кім деп айтамыз? - деді әлгі бәкене бойлы кісіге қолына қарындаш пен блокнот ұстаған жіңішке қыз жетіп келіп.
- Аты-жөні белгісіз жас композитордың әні. "Махаббат балладасын" орындайтын Жомарт Тұмшабаев", - деп мына жігітті айтыңыз. Сол жетеді.
Орнынан атып тұрған Шора: "Белгісіз емес, ол - менін әкем Сымбат Жылқайдаровтың әні!" - деп айқайлап жібере жаздап барып, дымы шықпай қалды. Онсыз да жасыған жанына мына сөз қатты тиіп, еңсесін езіп жіберді. Әсіресе, бұл сәтте әкесінің - мынадай тамаша әнді шығарған кісінің аты-жөнін айта алмағаны қорлық еді. Көз жасына булыққан күйі залдан атып шықты.
Қалын тұман қаптаған құздардын арасында жападан-жалғыз бір бала отыр. Құздардан жырылып түскен көп тастың біріндей селт етер емес. Кірпігіне дейін міз бақпастан. ескерткіштей катып қалған түрінен өзін адастырған мына шырғалаңның ішінен алып шығатын жарқын бір бейнені, алып бір тұлғаны сарыла іздегені байқалады.
Клубтың жанындағы гүлзардың бір шетінде жеке отырған Шораның казіргі халі еді бұл.
Бұлыңғыр, бытыңқы-шытыңқы ой тұманының селдіреген бір шетінен: "Неге арақка салынып кеттің, әке? Неге музы¬кант күйіңде, сап-сау күйіңде қалмадың, әке?" - деген күйі-нішті сұрактардың жауабын таба алмай әлек.
Алыста-а, қою туманның ар жағындағы жартастар да: "Неге?! Неге?! Неге?!" - деп жаңғырыға үн қатқандай.
Жаңа әкесінің аты-жөнін айта салғанда қайтер еді?
- Әкең қайда, басқа да әндері бар ма? Не қызмет істейді? - деп сұрар еді олар. Сонда бұл не демек?
Менің әкем қазір қайыршы демек пе? Қайыршының шығарған әні дегенге кім сенуші еді? Әй, қорлық-ай!
* * *
Көптен іздеген әкесін де көрді-ау, әйтеуір. Өйтіп көргені құрып кетсін. Көрмей-ақ жүре бергені мың есе жақсы еді одан да.
- Стадионда парашют спортынан жарыс өтпекші. Жүр көреміз, - деген Юрка. Шораның көңілінің қошы жоқ еді.
- Қызығатындай не бар дейсің соншама? - деді.
- Ой, парашютшілердің жарысын сен көрмеп пе едің?
Қызыктың көкесі сонда. Стадионның ортасынан аппак етіп үйдің орнындай шеңбер сызып қояды. Сосын ұшақ ұшып келіп, парашютшілерді бірінен соң бірін тастайды-ай келіп. Бәрі де шеңбердің ортасына қонуға тырысады. Бірақ та лағып, стадионның сыртындағы мәшинелер жүріп жаткан көшеге де конатындары болады.
- Мәшинелер басып кетпей ме? Сок өтірікті.
- Шын сөзім. Баспайды. Парашюттің жолға қонатынын біліп, тоқтап тұрады. Төмендеген соң-ақ көрініп тұрады ғой шопырларға.
- Бар қызығы сол ма?
- Қызықтың көкесін одан кейін көресің. Мәселен, бір парашютші парашютін ашпастан, аяқ-қолын жайған күйі бақаша тарбиып, аспанда құлап келе жатады. Оның артынша секірген екінші парашютші басымен төмен қарай тіке қүлдилайды да, алғашқысын қуып жетіп, екеуі қол үстасып, біразға дейін бірге төмендейді. Сосын екеуі екі жаққа ажырап, әрқайсысы өз парашютін ашып, бір-бірлеп жерге қонады. Тіпті, үш-төрт парашютші бір-бірімен қол ұстаса аспанда шеңбер жасайтындары да болады. Айта берсең, қызығы көп. Бармасаң да маған бәрібір ғой. Басқалармен-ақ кетем, бірак, сені де көрсін деп едім. Юрка Шораны көндірді. Стадионда парашют жарысы әлі бастала қоймаған екен. Бір шетінде екі команда волейбол ойнап жатты. Балалар әзірге солардың ойынын қызықтады.
- Шурик, қарашы, өткендегі дәруіш келе жатыр, - деді Юрка оң қапталдағы қақпаны нұскап. Шораның жүрегі лүпілдеп кетті. Үндеген жок- Бір сылтау тауып, әкесінің қасына барып көргісі келді. Лайыкты желеу таба алмаған соң:
- Барып көріп келейінші, сол ма, сол емес пе? - деп турасын айтты.
- Соның нақ өзі. Көріп не керегі бар? Парашютшілер туралы ән шығаруға келе жатқан шығар ол композитор.
- Бәрібір көргім кеп тұр. - Шора орнынан тұра берді.
"Сол болған күнде Юркаға білдірмей үйге кету керек те, жинаған тиындарына орайын тауып бірдеңе әперу керек", - деп ойлады. Юрка көрсе: "Қайыршыға бергенше, өзіміз шарап ішейік те", - деп сілесін қатырар.
Шора әкесін таныды. Сол. Дәл өзі. Теңселіп келеді. Бір аяғы жалаң аяқ па деп еді, екі аяғында да сүйреткен бірдеңелері бар екен, әйтеуір. Шора жақындағанда, біреудің тордан асыра қатты ұрған добы волейбол алаңынан шығып, масқа қарай дома лап бара жатты. Волейболшылардың бірі доптың соңынан қуа жөнелді. Желеу табылғанына куанып, Шора да жүгіріп еді, жете алмай қалды. Доп тұп-тура сонадайдағы әкесінің аяғына барып тірелді. "Бері қарай теуіп жіберетін шығар", - деп еді Шора. Әкесі өйтпеді. Аягының астындағы допты жерден көтерген бойда кеудесіне қысып алып, бір онға, бір солға бұлтаңдап, әрі қақпаға карай қашты. Мастың мына кылығына ызаланған волейболшы оны қуып жетіп, қарақұстан бір ұрды. Ол екпінімен етпетінен түсті. Қолындағы добы онан әрі домалады.
Неткен қатыгез еді? Шораның көзі жаска толды. Бұндай стадионы да, волейболы да құрысын. Әкесі допты кұшақтап, әрі карай қашқаннан-ақ осылай боларын сезгендей еді. Бала кезі есіне түсіп кетті ме бейбақтың? Әйтпесе, несі бар еді біреудін добында. Бір допка бола дардай адамды сонша ұрды, ә! Добыңмен бірге ұшқыр, атаңа нәлет! Әттең, дырдай жігіт болар ма еді? Бұл да ананың мұрнын бет қылар еді.
Допты қуып жетіп, бермен әкеле жатқан волейболшы біраз әуреленгеніне ызаланды ма, құлап жатқан масты бүйірінен ыңқ еткізіп және бір тепті.
Шора бұл жолы шыдаған жок. Қарымта қайтару үшін жетіп барғанмен, әлі жетпесі өзіне аян. Маңын көзімен шарлап еді, анадай жерде көгалдың арасында бірдеңенің шеті қарайып көрінді, жалма-жан жұлып алды. Аумағы өзінің жұдынан аз-ақ үлкен шор-шор қара тас екен. Қарама-қарсы келіп қалған волейболшыға жіберіп калды да, қаша жөнелді. Тосыннан тиген сокқы көзінің отын жарқ еткізген болуы ке¬рек. Шора волейболшының бақ етіп отыра кеткенін, қолындағы добының түсіп қалғанын аңғарды.
Ол өзін біреулердің қуатынын сезді. Сезді де әдейі қайдағы бір бұрылысы көп тар жолдармен бар пәрменімен жан ұшырды. Темір жолға жеткенде, алдында қатар-қатар көп ва¬гон кесе-көлденең тұр еді. Астарынан бұқпалап өтті. Одан әрі үйіне тура тартуға жүрексінді. Қайткен күнде куғыншылардан ізін адастыруы керек. Оң жақтағы астық дайындау пунктінің бетоннан қаланған тас қорғанына қарай жүгірді. Пункттің ішін аралай бір арық ағып өтетін. Юрка екеуі талай осы арықтың ішіне етпеттеп жата қалып, денесі де батпайтын тайыз сумен бірге "ағып" еңбектеп, тас қорғанның ішіне кіріп, тау-тау үйіліп жатқан дәндердің тасасында қарауылы мен жүмысшыларынан жасырына тұзақ кұрып, кептер ұстағаны бар Шора өзі білетін "жолмен" сол пункттің ішіне кіріп кеттті де төбе-төбе астыктардың арасын аралай, екінші жағындағы әлгіндей "жолмен" сыртка бір.-ақ шықты. Оның шыққан жері біреудің бақшасы еді. Жолы болмаған секілді. Иесі ұстап алды.
- Бері кел, эй, бала! - деді қолында балтасы бар шомбал кара. Сірә, қашып кетер деп ойласа керек, асыға емпеңдеп, үсті-басы малмандай су, сүмірейіп тұрган баланың қасына жетіп келді.
- Ал, неғып жүрсің бунда? Жүзім ұрлайын деп жүрсің ғой, шамасы.
Қырғидан кашып үйге кіріп кетіп, адамдардың қолына түскен торғайдай баланың шарасыз түрін көріп, енді бәсең сөйледі.
- Жау қуды ма сені? Тегін емессің ғой сен!
Шора еңіреп қоя берді.
- Әй, сен әлгі ембикенің баласы емессің бе? Атын кім еді сенің?
- Шора.
- Не болды, а? Кім тиді?
- Балалар қуды.
- Пункттің ішінде не қылған балалар ол?
- Мен... Мен ар жағынан м-м... мынадай арықтың ішімен қашып кірдім.
- Е-е, түсінікті. Ар жағынан кіріп, бер жағынан шықтым де. Хе-хе! Бәсе, түрің солай. Енді қорықпа. Мен ешкімге тигізбеймін. Мына балтаны көрдің бе? Бастарын шауып аламын ол хулигандардың. Усті-басыңды жу. Мына киімдеріңнің лайын жуып, ана бұтаға іліп қой. Кепкен соң, үйіңе қайтасың.
Шора біраз отырған соң, жейдесі мен шалбарын дымқыл күйінде киіп, үйіне келді. Мамасы бүгін кешке ауысымға баратынын біледі. Әйтпесе, басқа бір көз көрмес, қүлақ естімес жерге кетер еді.
Сыртқы есікті ішінен іліп, кереуетке қулай кеткен бала ызалана өксіп жатты. Әлден уақытта есік қағылды. Шошып кеткен Шора кереуетінен ұшып тұрып, тёрезеден сығалады. Юрка екен. Есікті ашты.
- Во-от, хулига-ан. Мен сенен ондай бұзықтыкгы күтпеп ем.
Шора төмен қараған күйі үндеген жоқ.
- Сен білесің бе, не істегеніңді? Көзін шығара жаздапсың ғой. Мына-адай боп ісіп кетіпті Бұзықтықтың да жөні бар. Абайлау керек. Бір ұрса, біттің ғой. Мен саған жақтасқан күнде ол жердегілердің бірде-біреуіне шамам келмес еді. Бар қолымнан келгені - сені қуғандардың ең ал.дына түсіп алдым да, сен әлгі дуалы ғана қаланған үйдің қалтарысына жалт бергеніңде, мен аналарды басқа жаққа бурып әкеттім. Әйтпегенде, бір жолата өліп ең.
- Өзі жазықсыз біреуді тектен-текке неге ұрып жығады?! Неге жатқан жерінде тебеді?!
- Ә, әлгі композиторға жаның ашыған екен ғой. Қарай гөр, жаны ашитын адамды таба қоюын. Ондайларға сол керек. Шора қалшылдап кетті.
- Мына сен! Тап мына сен қазірдің өзінде ішкілік ішесің. Ертең сол қайыршының жасына келгенде, нақ сондай болмасыңа кім кепіл? Сол кезде доп ушін етпетіңнен түсіріп. бүйіріңнен ыңқ еткізіп бір тепсе, жақсы көресің бе? Мен саған жақтасып, сені тепкен адамды таспен урсам, менікі жөн емес пе?
Шораның мінезінің бүгін кілт өзгергеніне Юрка таң қалды. Тап мынадай ашулануын да бірінші рет көруі. Ойланып тұрып-тұрып:
- Мен ешуақытта да маскүнем болмаймын. Сен мен үшін ешкімді де ұрмайсың. Ал, әлгіндей диуана болып кеткенше ішу деген сөз - не ақымақтык, не басқа бір біз білмейтін пәле, - деді.
- Ал, манағы кісі шынымен-ақ композитор болған, ке¬рек десең, шығарған әндері де бар.
- Қойшы, қайдағыны айтпай. Сол ән шығарса, мен мұрнымды кесіп берейін.
- Қап, бәлем! - деген Шора жалма-жан радиоланың қақпағын сықырлата ашып: "Түнгі аспан" мен "Махаббат балладасы" жазылған күйтабақтарды бірінен соң бірін ойнатты да:
- Міне, соның әндері. Ал, кесіп бер мурныңды! - деді.
- Бұл әндер бұрыннан бар ғой. Бірак, кімдікі екенін білу керек.Мынау - біздің атальенің куйтабақтары, білем ғой. Бетіне ештеңе жазылмапты.
- Білетін ештеңесі де жок. Сенбесең, мамамнан сура.
- Мамаң қайдан біледі?
- Бірге көркемөнерпаздар үйірмесіне қатынасқан.
- Сонда әлгі әндерді шығарған композитордың аты-жоні кім?
- Сымбат Жылқайдаров.
- Жылқайдароп...? Ол сенің де фамилияң емес пе?
Шора үндей алмай қалды. Композитордың аты-жөнін сұрағанға аңдамай айта салғанына өкінді. Досының сұрағына жауап қатудың орнына, күйтабақтарды қайта ойнатты. Зыр айналған сарғыш күйтабаққа тамған жалғыз тамшы жайылып, ұлғайып кетті.
Юрка өзінен жасы кіші, сырмінез досыныц бүгін неге өзгергенін, неге мана қайыршыға жақтасып, волейболшыны ұрганын енді түсінгендей.
- Сонда..., сонда ол кім болады саған, Шурик! Ағайын ба? - Шораның шашынан сипады.
- Әкем, - деді Шора даусы сыбырлай шығып. Жәй айтса да, арқасындағы ауыр жүкті жерге қойғандай, немесе үлкен бір қарыздан құтылғандай әжептеуір жеңілденіп қалды.
- Сол... Сол... Әлгі..., - "манағы диуана" дей жаздап, - допты алып қашқан кісі ме? - деді.
- Иә, сол менің әкем екен. Мамам айтты: "Сенің кішкентай кезіңде ажырасып кеткенбіз. Көрікті, тым ақ көңілді жігіт еді. Жақсы музыкант-тын, композитор болуды арман- дайтын", - деп.
Юрка не дерін білмеді. Мамасы айтса, шынымен-ақ әкесі шығар. Қайыршымен алғаш дәмдескен түн есіне түсті. "Төрт күн болды нәр татпағаныма", - деп еді-ау сонда.
- Жүр! - деді. - Жүр! Қазір барып, бет-аузын жудырып, жейтін бірдеңе әперейік. Ол стадионның маңында жүр әлі.
Менде бір сом бар. Жоқ! Сен барма! Ұсталып қаларсың. Мен оны өткендегі аспалы көпірдің астына ертіп келем. Сен сол жерде күт.
Юрка жалғыз кетті. Шора біраз күтіп, шыдамы таусылған соң, аспалы көпірге көтеріліп, стадион жаққа қарап еді, биікте аспанды құлпырта, неше түрлі күмбез болып парашюттер құлап келе жатыр екен.
Қайыршыны үйге қас қарая оралған Юрка әбден іздеп. таба алмағанын айтты. Мына жағдай оның да қам көңіліне қаяу түсіргендей. Шешесі қатты қысылғанда, бұдан біраз жыл бұрын көп кісі әкесін аққа орап, мәшинеге салып әкеткені, үйде кілең қтын-қалаш жылап қалғаны, сол кеткеннен әкесі қайта оралмағанын есіне алып, зәресі ұшатын. Мына үп-үлкен үйде жалғыз қалудан олердей қорқушы еді.Бүгін оның да омірге, адамдарға, оның ішінде жалғызіліктілер мен жарымжан, мүсәпірлерге деген козқарасы өзгергендей. Бұл араққа салынып, маскүнем боп, біреулермен тобелесіп, немесе ұрлық жасап, сотталып кетсе, дімкәс, қарт шешесінің жай-күйі не болмақ? Жалғыз арқа сүйері озі емес пе?...
Қызық деп істегені қылмыс екенін білмейтін, келешегіне коз жүгіртіп үлгермеген албырт шақтың жетегінде жүрген Юрка да бүгінгі тірліктен кейін біраз есейгендей.
Сол кеште екі дос түннің бір уағына дейін сыр шертісті.
Осыдан соң Шора әкесін бұл қаладан көре алмады.
* * *
...Жаңбырмен араласа жапалак-жапалақ қар түсе бастады. Шора мас адамның соңынан әлі еріп келеді. Юрка болса ғой, екеуі жетіп барып: "Сіз кімсіз?" - деп сұрар еді. Қас қылғандай, оны да биыл коктемде әскерге алып кетті. Жақсы жігіт болып өсті ол. Қалалық кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, слесарь мамандығын алды. Ай сайын жалақысын шашаусыз түп-түгел шешесінің алақанына салатын. Үй тұрмыстары да біраз женделіп қалды. Шешесінің жиі ауыра беретіндігінен әскерге кеш аттанды, Әйтпесе, қазірге дейін катарларының көбісі әскерге барып кеп қойды. Шораны інісіндей, мамасын жеңгесіндей көретін еді.
- Сіздерге тапсырдым жалғыз шешемді, апай. Менің сіздерден басқа сенетін кімім бар? - деген-ді кетерінде.
- Сенің әкеңді тапсак, еңбекпен емдеу мекемесіне өткізіп, жақсы адам етіп шығарар едік. - деген бірде бұған. Ал, мына кісі әкесі емес пе екен?
Шораны мына жүріс әбден жалықтырды. Биыл онды бітіретіні есіне түскенде: "Несіне қорқамын, мені ұстап алып, ұрар деймісің, азар түбі бір боқтар", - деп ойлады да, масты қуып жетіп, катарласа бергенде:
- Сіз Сымбат емессіз бе? - деді.
- Неғылған Сымбат?
- Музыкант Сымбат.
- Ол оліп қалған.
Шора аңырап тұрып қалды. Қалтырап кеткен денесінің тоңазып, табанынан сыз откенін енді сезінді. Маналы бері ізіне ізшіл итше кадала ілескен жасөспірімнің, қалып қойғанын сезді ме, үш-төрт адым озған мас кісі тәлтіректей кері бұрылды да:
- Мен қайдағы бір мұ-узыкант емеспін. Мен кәмпәзитрмын. Қазіргінің дәруішімін, - деді.
Шораның бетін козінен парлап аққан жасы жуа берді.