Салтанат Айдарбекова

Туындылары


***

Бір кездері кеткенмін бәрін қиып,
Жанарыма мұң тұнған жасымды үйіп.
Алай-дүлей күй кешкем, жаным мұздап,
Делқұлыдай мең-зең боп, тәнім күйіп.

Содан бері жаз өтті, күз де өтті,
Құлазыған көңілді кім демепті?
Алақұйын күндердің дүрмегінен
Іштей сені жұмыр ет сан іздетті.

Салғанда иығыма тағдыр салмақ,
Көкейде құмығады бір күй маздап.
Кірпігімнен үзілген сағынышты
Отырмын өлең қылып, өзіңе арнап.

Тоналған ғұмыр көште бақытым да,
Содан болар беймәлім бағытым да.
Баз біреуге көлгірсіп мұң шақпаймын,
Өлең болып жұбанар жақұтым да.

Өксі көңіл, боз боран жыла, жаным,
Бар сыйын тағдырымның құп аламын.
Тереземді тамшы ұрса түн баласы,
Келіп тұрған сен бе деп қуанамын.

Солай, солай, арнамыз қосылмаған,
Іздейді екен досын да, қасын да адам.
Иілмейтін кеудеңді иілдіріп,
Бір ғаламат бақ сыйла тосын маған!

Сезем, сен де сағынып мүжілесің,
Мен едім ғой жалғанда бір үлесің.
Күрмеуі шешілгенде тіршіліктің,
Білемін, түбі маған бір келесің!

23.12.2022