Серік Жанәбіл

Туындылары


ҚҰЛАГЕР АҚЫННЫҢ ҚҰЛЫНЫ...

«Балам ақын болмасын, етікші болсын...» Ілиястың түрмеде отырып Фатима Ғабитоваға айтқан соңғы сөзі... 1937...
Ғұмыр-дария. Өмір-өзен. Өтіп жатқан өмір. Адам – қонақ. Осындай ой құшағында отырып, өткен-кеткен, арғы-бергіне еске аламын. Небір азаматтар атаусыз қалып жатады. Сондай азамат ағаларымыздың бірі Ғабитов – Жансүгіров Болат Ілиясұлы еді.

* * *

Есіңе өткен күн елес береді. 1964 жылдың наурыз айы еді. Біз ол кезде Алматы облысы, Ақсу ауданы «Қызылтаң» совхозындағы қалың құмның арасындағы «Қарамолаға» жақын жердегі жылқышы ауылда тұратын едік. Екі-ақ үй. Далада қалың қар. Екі жылқышы. Бірі Қалиасқар Заманов, екіншісі менің әкем Ленин орденді иегері Жақабыл Жанәбілов. Күн кешкірген мезгілде біз отырған қыстауда совхоз директоры Қанабек Заманов екі-үш адаммен атқа мініп келді. Олар Қалиасқардың үйіне тоқтады.
– Әні... Әні... мені ... еді. Қанабек әкесі Қалиасқар мен анасы Әпизаға бірінші сәлем берді.
– «Атасы басқа аттан түс» деген осы деп әкем Жақабыл қатты ренжіп сөйледі.
– Қой! Ұят болады! – деп анам Үкібала бәйек болды. Інім Берік екеуміз аң-таң болып қала бердік.
– Берік! Сен ана үйге бар. Сөздерін тыңдап келші. Не айтады екен. Мұқият сөз аңды. Бәрін айтып келесің, – деп жеті жасар Берікті сөз аңдуға Қалиасқардың үйіне жіберді.
– Мақұл әке! – деп Берік шығып кетті. Анам қатты ренжіді.
– «Қарамолада» екі-ақ үйміз. Туысқан адамдармыз. Осы сөз аңдығанды қашан қоясың. Берігімді «тыңшы» жасайтын болдың. Мына Серік те сөз аңдиды. Келешектері не болмақшы. Ұят болды ғой! – деп анам Үкібала қатты ренжіді. Әкем кешкі асты ішпей қара тонын жамылып жатып қалды. Үйдің берекесі кетті. Тамақ ішілмеді. Үйге Берік жүгіріп кірді де:
– Әке! Әке! Қалиасқар, Қанабек, Әпиза апа біздің үйге келе жатыр! – деп алқына сөйледі. Анам абыржып қалды. Төрге көрпешіктер жайды. Әкем орнынан тұрды. Үйге совхоз директоры Қанабек Заманов әкесі мен анасын ертіп кірді. Тағы да бір бейтаныс жігіт бар.
Меймандар төрге жайғасты. Сөзді Қанабек бастады.
– Жақа! Бір жаңалық болып тұр. Биыл Ілияс Жансүгіровтың туғанына 70 жыл толады. Той ауылда өтпекші. Туған жері ғой. Соған дайындық жасап жатырмыз. Менің жанымдағы азамат аудандық газеттің редакторы, ақын Тұрсынзада Есімжанов. Ілиястың ізбасары. Соны ертіп өзіңізге сәлем беруге келдік! – деді Қанабек Заманов.
– Тұрсынзада інім осы екен ғой. «Қабырғатал» деген өлеңін оқыдым. Әкесін де танимын, – деп әкем көңілденіп сала берді.
– Жақа! Ілияс ағамыздың көзін көрдіңіз. Ол кезде жас бала болатын едіңіз. 1938 жылы «халық жауы» деп атанып, 1958 жылы ақталды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болды. Атақты «Құлагер» поэмасын жазды. Сол Құлагер ақынның құлыны Болат бауырыңыз сізге сәлем беруге Алматыдан келе жатыр екен. Болса да жанында адамдары бар. Ауыл туралы деректі фильм түсірмекші. Атақты жерлесіміз Мұхамеджан Тынышбаевтың баласы Ескендір ағай бар көрінеді, – деді Қанабек.
Әкем үнсіз қалды.
– Біздің ауылдан төрт «Халық жауы» шықты. Олар Ілияс Жансүгіров, Сұлтанбек Берсүгіров, Шамай Шінәсілов және колхоз бастығы Разабай... «Киікті атудан ел қорғайды екен, ал адамды атудан кім қорғайды?.. Кім?! – деп әкем ашуға булықты.
– Жақабыл! Өткенді қаза бермеші. Сен мынаны біл. Ілияс – бәрімізге ортақ ақын. Қазақ халқының Абайдан кейінгі ақындарының бірі. Сол ағамыз Ілияс үшін отқа да, суға да, мұзға да, дауылға да төтеп берген жеңгеміз Фатима Ғабитованың алдында қарыздармыз. Фатима Ілияс үшін не көрмеді? Ілиястың Үміт, Ильфа, Болат атты үш баласын өсіріп, оқытып, бәрінің шаңырағын көтерді. Біз не көмек көрсеттік? Ілиястың қай баласын бауырымызға бастық? Басқан жоқпыз. Бұл ашық әңгіме. Енді Ілиястың бәріміз туысқаны, бауыры бола қалдық. Ұят емес пе? Ілияс түрмеде жатқанда Фатима жеңгеміз жаңа туған баласын көтеріп түрме ішіне кіріп, «баланың атын қой» деп оны көрсетіпті. Сонда Ілияс:
– Ұлым жазушы болып жапа шеккенше, етікші болып еркін өмір сүрсін. Болаттай берік болсын. Атын Болат қой! – деп нәрестені қолына алып мандайынан сүйіпті. Сол нәресте Болат өзіңе сәлем бергелі келе жатыр. Сен Ленин орденді жылқышысың. Аудандық, облыстық мәслихаттың депутатысың. Тасың өрге домалап тұр. «Әкемнің көзін көрген бауыры ғой!» – деп келе жатыр. Ойлан, Жақабыл! – деді Қалиасқар. Қанша өркөкірек болса да, әкем осы жолы басылып қалды. Қолына 1958 жылы жарық көрген Ілиястың кітабын алды. Кітапты құрастырғандар Мұхтар Әуезов, Фатима Ғабитова, Ғали Орманов, Қалижан Бекхожин, Сағынғали Сейітов екен. Жалпы редакциясын басқарған профессор Мұхтар Әуезов...
– Ілияс көкемнің «Қолбала» деген дастаны бар еді. Сол кірмей қалыпты. «Рүстем қырғыны» да жоқ! – деді әкем.

* * *

1964 жылы наурыз көжесін беріп жатқан күні «Қарамола» қыстауына төрт-бес машинаға толған адамдар келді. Ленин орденін төсіне қадап, әкем Жақабыл олардың алдынан шықты. Машинадан тура Ілияс Жансүгіровтен айнымай қалған жота мұрын, қияқ қара мұртты жігіт түсті. Әкем қаншама өжет, қайсар, қатал болғанымен дәл осы жолы өзін мықты ұстай алмады.
–Бауырым, бауырым! – деп бар даусымен айғайлап жылап жіберді. Болатым, тұмарым, Ілиясымның тұяғы! – деп әлгі жігітпен құшақтасып көрісті. Жыламаған жан қалмады.
– Әкең жете алмаған атамекенге келдің бе, құлыным! – деп Қалиасқар дауыс шығарды.
– Жат болып кеткен жұлдызым! – деп Әпиза апай жоқтау айтты. Жараның аузы ашылды. Ілияс туған өлкенің адамдары Болатты осылай қарсы алды. Әкем тай сойды. Алматыдан келген меймандарды күтті. Көрші қыстауда отырған қойшылар келді.
– Фатима жеңгемізге мың да бір рахмет, Ілияс ағамыздың дәл өзіндей ұл туған! – деп ел оған Бөрібек Тілеубердіұлы елді бір күлдірді...
Болатты ел бауырына басты.
– Анаң Фатима жеңгейдің қалы қалай? – деді Бөрібек.
– Жақсы. Алматыда тұрады! – деді Болат.
– Сенің әкең – Ілияс, атаң – Жансүгір, бабаң – Берсүгір. Ілияс анадан ерте қалыпты. Жансүгір басқа әйелге үйленіпті. Атасы Берсүгір Ілиясты алдына алып отырып мына бір өленді айтады екен:

Сен туғанда қуанды кәрі жасым.
Шықты өрендей өзімнің ықыласым.
Ай ма екен, Жұлдыз ба екен, әлде күн бе?
Мұз қабақ, жота мұрын Ілиясым! – деп.

Міне, сол Ілияс өзің болдың. Ата-бабаңның өскен жері осы ел, ағынды Ақсу болады. Бұл Ақсудан талай-талай батырлар, шешендер, ақындар шыққан. Ақсу – киелі жер. Молықбай қобызшы, ақын Сара, Маман бай, Толғанбай ақын, Қуат Терібаев, Біләл Сүлеев, Барлыбек Сырттанов, Мұхамеджан Тынышбаев, бәрі осы өлкенің түлектері! – деді Керімбек Шәріпұлы.
– Мына кісі Мұхамеджан Тынышбаевтың баласы Ескендір ағамыз болады! – деп Болат төрде отырған ақ шашты кісіні таныстырды.
Менің әкем әлі ақталған жоқ. Сан-Петербургтегі II Александр атындағы Темір жол институтын бітірді. 1906 жылы Ресей Думасының депутаты болды. Қоқанда уақытша үкіметтің премьер-министрі қызметін атқарды. Түрксіб темір жолын салуға үлесін қосты. Кейін Ресейдің Воронеж облысында айдауда болды. Одан Ташкентте түрмеге қамады. 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атылды. Әкем Тұрар Рысқұлов, Ілияс Жансүгіров, Мұстафа Шоқаев, Әлихан Бөкейхановтармен өте жақын араласты. Өзім Москвада оқыдым. Кинооператормын. Болат та Москвада оқыды. Бұл бауырларыңыз «Қазақтелефильм» студиясының бас редакторы, – деді Ескендір Мұхаметжанұлы Тынышбаев.
– Әкеңіз асыл адам еді. «Алашорданы құрды» деп қудалады. Әлі-ақ ақталады! – деді Бөрібек ағай.
Бөрібек ағай №1 ферманың меңгерушісі. Қызылтанда тұрады. Таяққа сүйеніп жүреді. Ел ағасы. Сөзі уәлі, аузы дуалы кісі. Жақабыл әкем сол кісіден ғана аяқ тартады. Совхоз директоры Қанабек Заманов та Бөрібек сөйлегенде үнсіз қалады.
– Ілияс ағамыз түрмеде жатқанда сен туған екенсің! – деді Бөрібек.
– Әкемді 1937 жылы күзде тұтқындапты. Көп кешікпей мен туыппын. Анам Фатима түрме бастығынан рұқсат қағаз алып, мені бауырына басып, әкем отырған түрмеге кіріпті. Он-ақ минут уақыт беріпті. Әкем мені көріп қолына алыпты. Өңі жүдеп, қу сүйегі қалған екен дейді. Үмітті, Ильфаны сұрапты.
«Балам ақын болмай-ақ қойсын. Ақын боламын деп ұмтылып едім, жеткен жерім осы болды. Ақсудан ұзап босқа шығыппын. Ауылда жүре бергенім дұрыс болатын еді. Түнде түсіме Исатай мен Махамбет батырлар кірді. Онан кейін Құлагерге мініп Ақансері келді. Сақайдан шыққан Молықбай қобызшы қасіретті Қорқыттың күйін тартты. Фатима-жан! Біз енді қоштасайық. Сен менің тірегімсің. Балаларға қара. Мына өмір маған осыны сыйлады. Өкпелетсем кешір! – деп анаммен құшақтасып қоштасыпты. Бірақ көзіне жас алмапты. Салқын мінезбен шығарып салыпты! – деді Болат. Әпиза апа мен Үкібала анам көз жастарына ие бола алмады. Бөрібек көкем таяғына сүйеніп, еңсесі түсіп отырып қалды...

* * *

1974 жыл еді. ҚазГУдің журналистика факультетінде оқып жүрген кезім болатын. Қысқы каникулда елге бардым. Әкем Жақабыл мен анам Бибісара қуана қарсы алды. Үкібала анамыз қайтыс болғаннан соң әкем Жақабыл осы Бибісара апайға үйленген еді. Інім Берік ақкөңіл жігіт. Қой сойды. Көршілеріміз Мэлс, Байахмет, Қасымұлы Төлеген, Мәзібайдың Төлегені, Нағашыбайдың ұлы Аханбай ағам, Сабыр, Бүркіт, Есен, Әбсадықов Болат, бәрі жиналды. Әкем бұл кезде қос Ленин орденді жылқышы болатын. Алматыдағы биік лауазым иелері Дүйсетай Бекежанов, Кәкімжан Қозыбаев, Санжар Жандосовтармен хабарласып тұрады. Алматыға барса сол кісілердің үйінің құрметті қонағы болады.
Әкем айтты:
– Сандықта Ілиястың газетке жарияланған, бірақ кітаптарына кірмеген бір топ өлендері бар. Көшіп-қонып жүргенде сандыққа су тиіп, газеттегі өлендері әбден сарғайып кетіпті. Сол газеттерді Ілиястың баласы Болатқа табыс етті! – деді. Анам Бибісара дәу қара сандықты ашып, түбінде жатқан газеттерді маған алып берді. 1958–1961 жылдардағы аудандық, облыстық газеттер екен. Кейбірі өшуге айналған. Ілиястың ел аузынан алынып, жиналып, жарияланып, бірақ әлі кітаптарына кірмеген өлендері болып шықты.

* * *

Мен Алматыға оралдым. Реті келгенде Ілиястың өлендерін баласы Болат ағама апарып көрсеттім. Сарғайған газет парақтары, машинкамен басылған қатар-қатар өлендер. Су тигеннен кейбір тұстарының жолдары, тіркестері, ұйқастары өшіп кеткен. Болат әкесінің өлендерін қимастықпен қарап, оқып, қуанғаннан әкеме рахметін жаудырып отырып:
– Мына өшіп қалған жерлерін қалпына келтіретін бір мықты ақынды табу керек. Кіммен сөйлессек екен? – деп ойланып қалды.
– Менің бір курстасым бар, жақында кітабы шыққан. Мықты ақын! Соған жөндетейік, – дедім.
– Қолынан келе ме? – деді Болат аға сұраулы жүзбен.
– Келгенде кандай! – дедім мен сенімді түрде.
Сөйтіп, сол өлендерді мен жатақханада бір бөлмеде бірге тұратын досым Ұлықбек Есдәулетовке көрсеттім. Ақын досым Ілияс өлендерін қалпына келтіруге бар күшін салды. Кітапханадан шықпай, Ілияс шығармаларын қадала оқыды. Бір томын жастанып жүрді. Бір жетідей өндеді. Ілиястың стилі бөлек. Сол стильді әбден зерттеді-ау деймін. Кей шумақтың жартысы танылмай қалған, кей әріптері жоқ, ұйқастары өшіп кеткен, оқылмай, түсініксіз болып тұрған жерлерін түгелдей мұқият жөндеп, өзіме қайтарып берді.
– Сырттан бөтен сөз қосқан жоқпын, өлең-дастандарындағы өз сөздері, өз тіркестері, өз ұйқастарын алып, мына жетіспей тұрған тұстарына кіріктірдім. Енді ағамызға апарып беруіңе болады, – деді Ұлықбек.
Ілияс ақынның сол өлендерін Болат ағаның үйіне апарып тастап кеттім. Бір жұмадан кейін барсам, мені қуана қарсы алды.
– Мықты деген ақындарға апарып көрсеттім. Ешқандай селкеу таба алмады. Кімге көрсетсем де оқып шығып: «Ілиястың өзі!» десті. Реставрация деп осыны айт! Мүлтіксіз жөңдеген екен. Сол досыңды біздің үйге шақыр, қонақ болып кетсін! – деді Болат аға.
Мінезі салмақты, әр нәрсені ойланып барып айтатын досым Ұлықбекті ертіп Болат ағаның үйіне бардым. Қарлығаш женгей екеуі үйде екен. Ұлықбек бірінші рет келіп отыр.
– Ақын ініңіз Ұлықбек! – деді таныстырдым.
– Киелі есім екен. Ұлықбек – шығыстың ойшылы. Ақсақ Темірдің немересі! – деді Болат аға. Үйдің төрінде басына түлкі тұмақ киген Ілияс Жансүгіровтің суреті ілулі тұрды. Оның жаныңда Ілияс пен Фатиманың суреттері ілініпті. Тамақ асылды.
Қарлығаш жеңгей бізге Фатима апайдың фотоальбомын ұсынды. Фатима апайдың өмір жолдарынан сыр шертетін суреттерді аялай қарап отырдық. Алматыдағы бір мектептің мұғалімі кезіндегі суреттеріне зер салдык. Фатима апай ортада, класс жетекшісі, балалардың арт жағында бойы ерек ұзын, қайратты шашы, ойлы көзді бала тұр, ол – Дінмұхаммед Қонаев екен. Демек, сол кездегі республика басшысының мектептегі ұстазы Фатима апай болып шықты.
– Әкем «халық жауы» атанғанда, барлық шығармалары сөрелерден алынып, өртеліп, жойылған ғой. «Құлагер» поэмасы газеттерге шыққан. Соны жастықтың тысына тығып, жиырма жыл сақтап келіп, ақталған кезде анама табыс еткен жазушы Сапарғали Бегалин. Ал сен мына өлеңдерін жөндеп әкеліпсің. Көп рахмет! Сені әкем Ілияс пен анам Фатиманың аруағы қолдап жүрсін! – деді.
Қарлығаш жеңгей келесі бөлмеге кіріп, бір ескілеу ағаш қасықты әкеліп, оны Ұлықбекке сыйлады. Ол сыры да, сыны да кетпеген ағаш қасықты айналдырып, қарағыштай берді.
– Анам Фатима Ғабитованың ерні тиген, ас ішкен қасығы еді. Саған жұғысты болсын. Елге атың шыққан Ілиястай ақын бол! – деді Болат аға оған.
– Мен әкемнің «Жолдастар» романын орыс тіліне аударып, кітап етіп шығардым. Өзім Мәскеудегі Әдебиет институтын бітіргенмін. Әкем 1925 жылы Москвада журналистика институтында оқыған екен, – деді Болат Ілиясұлы. Әңгіме қызды.
– Шымкенттен Мұхтар Шаханов деген өте талантты ақын жігіт мені іздеп келді. «Қазақтелефильмге» жұмысқа алдым. Көп кешікпей өзі басқа жұмысқа ауысып кетті. Туа біткен талант иесі! – деді Болат Ілиясұлы.
– Шаханов шын дарын. «Танакөз» деген тамаша поэмасы бар! – деп Ұлықбек мақтай жөнелді.
– Мен Москвада Олжас Сұлейменовпен бірге оқыдым, жақын досым. Араласып тұрамын. Ескендір Тынышбаев есімді ағам бар. Кеше қонақ болып кетті. Мұхаметжан Тынышбаевтың баласы. Мұрат Мұхтарұлы Әуезов інім. Екеуміз бір анадан тудық. Анамыз Фатима Ғабитова. Мына Серік әкемнің інілері, Жақабыл Жанәбіловтың баласы. Қос Ленин орденді жылқышы Жақабыл ағамды сағынамын. Мені алғаш рет бауырына басып, ағалық көрсеткен азаматтардың бірі осы Жақабыл. Біз ағайын-туысқан адамдармыз. Анам Фатима алтын адам еді. Ілиястың барлық ауыртпалығын көтерді. Жер аударылып, айдауда болды. Семейде, Меркеде. Қара нанға зар болдық. Анам сол жылдарда бізді тарықтырмауға тырысып-ақ бақты. Киіндірді, оқытты. Ауырған кездерімізде түн ұйқысын төрт бөліп, жанымызда отырды. Кейде әкем туралы естелік айтатын:
«Сенің әкең сұлу жігіт болатын.
Мінезге бай жан еді.
Қара бір көзің мөлдіреп,
Қарама жүректі өртейсің.
Елесіңе ішім елжіреп,
Жанымды улап дерттейсің! – деп маған өлең арнаған.
1934 жылы Мәскеуде өткен СССР Жазушылар одағының бірінші съезіне мені ертіп апарып Максим Горькиймен таныстырды. Ол кезде әкең Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болатын. Әкең екеуміз Сүйінбай Аронұлының өлендер жинағын шығардық. Бәрі өтті, кетті. Енді, міне, Меркеде айдауда жүрміз!» – деп қамыға сөйлеуші еді. Анам өжет мінезді жан еді. Әкем 1958 жылы ақталды. Сол кезде үйге 20-жылдан кейін, кезінде әкемді қаралап жазған кейбір ақын-жазушылар көңіл айтып келді. Кешірім сұрады. Бәрін Сталинге жапты. Анам тіл қатпады. Үнсіз шығарып салды. Олар шығып кеткен соң оңаша бөлмеге кіріп жалғыз өзі отырып, өксіп жылады! – деп Болат аға өткенді есіне алды.
Біз үнсіз қалдық.

«Мен сендерді Ақсуға алып барамын. Әкелерің Ақсудың жігіті. Ақсу ата бабаларыңның алтын ордасы.
Ағынды менің Ақсуым.
Арқырап әлі ағарсың.
Ақиланған ашумен,
Ақтарды асқар сабасын! – деп, Ілияс жырға қосқан Ақсу – киелі жер! – дейтін анам. Біз ол кезде Меркеде тұратын едік! – деді Болат аға. Өткен шақ ойыма орала береді.

Мен 1964 жылы «Қызылтаң» совхозындағы Ақсу өзеннің бойында өткен Ілиястың 70-жылдық мерейтойын өз көзіммен көрдім. Совхоз директоры Қанабек Заманов, Ақсу аудандық партия комитеттің бірінші хатшысы Тұрсын Махметов болатын. Алматыдан Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов сияқты белгілі ақын-жазушылар келді. Фатима Ғабитова Кәппайдың үйіне түсті. Кәппай әйелі Ферману жеңгей екеуі меймандарды күтті. Кәппай Ілиястың туған ағасы Бимағзұмның баласы болатын. Ақынның туған кенже інісі Кызырбек Жансүгіров Фатима жеңгесін күтіп қызмет жасады. Фатима апайдың шаштары ағарып кетіпті. Денелі келген әйел болатын. «Ілиястың әйелі келді», – деп ауыл ақсақалдары Көрпетайдың Алпысбайы, Әміре қария, Шінәсілов Бопаз, Байысқақ, Оспан, Мырзабай, Кәкім, Айт, Қабдікен, Баяхмет Шөкенов, Тәсібек Кәукембаев, Жұматай, Ескермес, Бекбаланов Жұмабек, Жонысов Жайлаубек, Қожабек, Біркелем, Кеңесбай, Долбақов Кәдірбай, бәрі барып Фатима апайға сәлем берді. Мен ол кезде бесінші класта оқитын едім. Ауыл балалары Ортай, Сейтбек, Төкен, Білісбек, Қуаныш, Балғабай, Саян бәріміз тойды тамашалап жүрдік... Болат, Саят, Ильфа, Үміт бәрі ауылды аралады...

1974 жылы Алматыда Ілиястың үлкен қызы Үміт апай Жамбыл көшесінің бойындағы үйінде әкесінің 80-жылдығына арнап дастархан жайды. Мен елден қымыз әкелдім.
– Үйге кел! – деді Үміт әпкем. Мамыр айы еді. Күн ыстық болып тұрды. Менен бір курс жоғары оқитын Семей облысы Аякөз ауданның тумасы ақын Ғабиден Құлахметовты ертіп бардым. Дастархан кең жайылыпты. Бірінші қабаттағы төрт бөлмелі үй. Үміттің жалғыз ұлы Нұрлан мені құшақтады. Үміттің күйеуі Сардарбек ақжарқын кісі еді.
– Бауырым, төрге шық! – деді. Қонақтар келді. Қонаевтың көмекшісі, Ақсудың азаматы Дүйсебай Бекежанов, ақын Ғали Орманов, Ілиястың күйеу баласы Санжар Жандосов, Ескендір Тынышбаев, Олжас Сүлейменов, Болат Ілиясұлы, Сәтімжан Санбаев, Саят, Ильфа сияқты адамдар болды. Ілияс туралы әңгімелер айтылды. Ғабиден екеуміз бір сағаттай отырып жатақханаға қайтып кеттік. Бізді Нұрлан таксиге мінгізіп жіберді. Болат аға бір аяғын ауыртып алыпты, қос балдаққа сүйеніп жүрді. Сабағынды жақсы оқы! – деп Болат көкем әзілдеп күлді... Менің досым Ғабиденге үйге келгеніне алғысын айтты...

Бір жылы Болат аға «Қазақфильм» жақтан бес бөлмелі үй алды. Шымкенттен әйелім Нұрзайым Маханқызы Омарова екеуміз құтты болсын айтып бардық. Үйде Ескендір Тынышбаев ағай отыр екен. Бізді ол кісімен таныстырды. Қазақстанның халық әртісі, тұңғыш кәсіби кинооператоры Ескендір Тынышбаев сұңғақ бойлы, жасы жетпістерден асып кеткен, өте ширақ, сөздері нық кісі екен. Ол кездері әкесінің ақталмаған жылдары еді. Біз де тарихтан көп біле бермейміз. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» – деген кітабында М.Шоқаев пен М.Тынышбаевты «Алашордашылар» деп сынап жазғанын ғана білетін кезім еді.
– Шымкенттегі ел аман ба? – деді Ескендір ағай.
– Аман-есен!
– Арыс пен Түлкібас аудандары қалай?
– Жақсы!
– Сұрап отырғаным бір кезде менің әкем Мұхаметжан Арыс пен Түскібастағы темір жол бойында қызмет атқарыпты. Тұрар Рысқұловтың жас кезі екен. Оны оқуға жіберуге жәрдем жасаған. Елдеріндегі Қаратауда «Қостұра» деген жер бар екен. Менің руым Садыр болады. Төлегетай бабаның мазары Сырдың бойында Жаңақорған ауданында жатыр. Ілияс ағамыздың алғашқы әйелі Саяттың анасы Пәтима Төребайқызы сол «Жаңа қорған» ауданының қызы. Қызылорда Астана болып тұрғанда Ілияс ағамыз сол қалада қызмет атқарған. Қазақтың алғашқы театры Қызылордада ашылды. Иса Байзақов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақовтардың алғашқы өнер жолы сол қаладан басталды. Ілияс ағамыз екінші рет Қызылордада Пәтима жеңгемізге үйленген екен. Бір ұл, бір қызы болыпты. Саяттың анасы. Кейін ажырасады. Ілияс ағамыз 1932 жылы Фатима Ғабитоваға үйленеді. Мына Болат ағаң Фатимадан туады! – деді Ескендір Тынышбаев. Қарлығаш жеңгей ас әкелді. Коньяк ашты. Ескендір аға сөз сөйледі. Онан соң Болат көкем, үшінші болып мен сөз алдым.
– Қазақтың тұңғыш теміржол инженері, Қоқанның премьер-министрі болған Мұхаметжан аға мен қазақ әдебиетінің Құлагері Ілияс Жансүгіровтің ұрпақтарымен кездескеніме бақыттымын! – дедім мен. Ағалар менің сөзіме риза болды.
– Серік! Сенің Ұлықбек деген ақын досың бар еді той. Ол қайда жүр? Мен оған анам Фатиманың қасығын сыйлаған едім! – деді Болат аға.
– Москвадағы М.Горький атындағы әдебиет институтында оқып жатыр! – дедім.
– Тамаша! Ұлықбекке сәлем айт! – деп Болат Ілиясұлы қатты қуанды... Болат Ілиясұлы әңгімені тындағанды жақсы көреді. Көп сөйлемейді. Сол кезде үйдегі Қарлығаш жеңгей:
– Ағаңыз тыныштықты жақсы көреді. Ойға көп беріледі. Анасы Фатиманы сағынады. Фатима Ғабитова 1903жылы қыркүйектің 14-жұлдызы күні Жетісу губерниясының Қапал уезінде татар отбасында дүниеге келген. Қапалдағы орыс қыздар гимназиясынан білім алады. Орынбор қаласындағы «Якобия» медресесінде оқиды. 1918–1920 жылдары туған жері Қапал қаласына қайта оралып, татар-қазақ-орыс мектептерінде сабақ береді. «Қапал», «Тамшыбұлақ» деген өлендері бар. Біләл Сүлеев, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіровтер хат жазысып тұрған. Күнделіктері өте шынайы жазылған. Ілияс Жансүгеров пен Фатима Ғабитова 5 жыл ғана отау тікті. Екеуі де өте талантты, білімді мәдениетті адамдар болған. Үміт, Ильфа, Болат атты балалары қалды. Болат әкесін көрмеді. «Болатым ақын болмасын, етікші болсын» – деп әкесі Ілияс ақырғы аманат сөзін айтып кетіпті. Болат -кинодраматург! – деді.

* * *

Болат аға балконға шығып темекі тартады. Алатауға қарайды. Сол сәтте маған:
– Ілекеңнің «Жетісу суреттері» деген өлеңі ойыма оралып тұрғаны! – деп Болат аға қуанып сөйлейді. Тамсанып биік-биік тауларға қарайды.
Мен Шымкентте Санжар ағаның көмегімен 1983 жылы алған бір бөлмелі үйім Молдағұлова мен Жангелдин көшесінің қиылысында еді. Үйге Болат аға келді. Үйде әйелім Нұрзайым, балаларым Өскен мен Болат бар еді.
– Менің атымды қойған бала қайда? – деді. Болат бір жаста болатын. Қолындағы сағатын шешіп Болаттың қолына ұстатты.
– Көрімдігі болсын! – деді. Балалардың беттерінен сүйді.
– Мына қара бала бізге ұқсайды екен. Осыны мен асырап алайын. Туысқан адамбыз ғой. Екі қызым бар. Олар жат жұрттық қой... – деп Болат аға бір жасар Болатты алдына алды. Ойнатты. Әзілі екен деп ойладық. Шын сөзі екен.
– Жақабыл әкем рұхсат берсе береміз! – дедік.
– Ол кісіге өзім жолығамын! – деді Бәкең.
Кешке қарай Болат ағаны қаладағы Шмидт көшесінде тұратын Санжар Жандосовтың үйіне дейін шығарып салдым. Кейін Болат ағамен хабарластым.
– Жақабыл ағам келісім бермеді. Серік онсыз да жетім өскен! – деп айтыпты! – деді ол.

* * *

1994 жылы июнь айында Ақсудағы «Қоқты» жайлауында Ілиястың туғанына 100 жыл толу мерекесі өтті. Шымкенттен Оразәлі Омаров, Нармахан Бегалиев, Әсілхан Қалыбекова бастаған бір топ адам қатыстық. «Жібек жолы» баспасының директоры Төрегелді Байтасов шығарып берген, «Ол ертең атылады» деген кітапшаны табыс еттік. Балам Болатты алып бардым. Үміт, Ильфа, Саят, Болаттарға жолығып амандасты.
– Болат жым болыпты! – деп Бәкең оның басынан қолымен сипалады.
Талдықорған облысының әкімі Серік Ақынбеков, әкім орынбасары Күлше Тәңірбергенова, облыстық жастар басқармасының бастығы Ләззат Сүлейменовалар тойдың өтуіне зор үлес қосты. Болат Ілиясұлы ел басшыларына алғысын айтты.
Ғабитов – Жансүгіров Болат Ілиясүлы осындай жан болатын.
Қазақстан кинематография басқармасының бірінші хатшысы болды. Қырғызстандағы әріптесі Шыңғыс Айтматов еді. Ол кісі Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменовтермен өте жақын араласты. Көптеген фильмдердің «Түркісіб», т.б. сценарияларын жазды.
Деректі кинофильмдер түсірді. Аудармашылықпен айналысты...
Болат аға өмірден өткенде жерлеуіне қатыстым. Асанәлі Әшімов, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезовтер асыл ағаны соңғы сапарға шығарып салды.
Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы мұражайдың директоры, Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Егеубек Далғабаев ағай тебірене сөйлеп:
– Құлагер ақынның құлыны еді! – деді...

* * *

Тегінде тегін бе еді Ақан сері.
Бұл да бір емес пе екен елдің ері?
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді? – деп жырлаған Ілияс ақынның кенже ұлы Болат туралы естелігімді осымен аяқтадым. Ілияс ақынның шығармаларын оқыған кезімде оның баласы Болат ойыма орала береді.