Санжар Ғұлама

Туындылары


АДАМШЫЛЫҚ ҚАЛЫПТАН АЙНЫМАШЫ...

Мұң да мүжіп...
Қажытты-ау қайғы да ащы,
Көп жүзіңді көзіңнің шайды жасы.
Айналайын адамдар,
Не көрсең де,
Адамшылық қалпыңнан айнымашы.

Үміттерді үкілі ақтай білші,
Көңіл гүлін, бағбаным, баптай білші.
Жаманшылық көрсең де небір түрлі,
Адамшылық қалпыңды сақтай білші.

Дастан етпе ел-жұртқа зарыңды ащы,
Сабыр етші...
Сарсаң боп сарылмашы.
Күйкі тірлік салса да небір күйге,
Адамшылық қалпыңнан арылмашы.

Білем-білем...
Көңілден өтер бәрі,
Қу жүректің күйдірді-ау... жетер зары.
Бір қалыпта тұрмайды өмір деген,
Алға жылжы басыңды көтер де әрі.

Не көрмеген пенденің қара басы,
Шалықтайды көңілдің «шағаласы».
Ей, Адамдар,
Жер басып,
Аман жүрсең
Басыңдағы бағыңды бағалашы.