Есенқара Ханбибі

Туындылары


Көкше түні. «Келемін тау ішінде түнделетіп»... Сәкен.

Келеміз тау ішінде түнделетіп,
Бұл дүние - бірде жетік, бірде кетік.
Тұрлаусыз заманымның тұтқынынан,
Ағатай, құтқарсайшы , бірдеңе етіп ...

Сындырып ,Ай сәулесі қарағайды,
Тау ішін салқын самал аралайды.
Алыстан ағатайдың даусы келіп,
Қорғансыз жүрегімді паналайды.

Ай келіп, алақанға қонады да,
Қойныма қуаныш боп толады ма?
Астына аяғыңның көз салғызбай,
Тар кеуде тарта берер жоғарыға!

Дүбірлеп, ат тұяғы естіледі,
Елеңдеп ақ боз бие тепсінеді.
Бақыттың қонғанына мән бермеген,
Бақыттың ұшқанын да ... кеш біледі!

Япыр-ау,жүрек неге дүрсілдеді,
Естілді жасыл таулар күрсінгені.
Сәкеннің дәл өзіндей – сұлу рух,
Мәңгілік билеп – төстеп жүрсін мені.

Тілдестім рухымен, арманым жоқ,
Сұрша қыз болып мұнда қалмағым жоқ.
Күміс-ау*, таңды атырмай қоя тұршы,
Көкшенің көк түніне қанғаным жоқ!?
* қыз аты