Санжар Ғұлама

Туындылары


МЕНІ ҰНАТПАЙТЫН АДАМДАР...

Шықпасақ та қатар қырға мың,
Сіздерсіз де атар бір таңым,
Құдай берсе бастың саулығын,
Жазылып та жатар жырларым,
МЕНІ ҰНАТПАЙТЫН АДАМДАР.

Тұрсаңыз да көкте айым боп,
Сіз, – деп көштен қалар жайым жоқ.
Тілекшімін:
Алда шуақты
Күндеріңіз болсын, лайым, көп!
МЕНІ ҰНАТПАЙТЫН АДАМДАР.

Шақ болмаса біздің шеніміз,
Мен емеспін Сіздің теңіңіз,
Атаққұмар Сіздей жандардан,
Үмітімді үздім,
Сеніңіз!
МЕНІ ҰНАТПАЙТЫН АДАМДАР.

Бір нан жесем бөле жер едім,
Биік мендік өре, – дер едім.
Жек көріңіз,
Мейлі,
Мен бірақ,
Сізді жақсы көре беремін,
МЕНІ ҰНАТПАЙТЫН АДАМДАР.

Мың құбылтып мұнартқан ізді әр,
Сөз-өсекке құмартпаңыздар,
Жек көрем, деп мені бекерге,
Жаныңызға мұң артпаңыздар,
МЕНІ ҰНАТПАЙТЫН АДАМДАР.

Сынамаңыз,
Әй, Сіз, кербезім!
Мен де сіздей әлсіз пендемін,
Түк шықпады Сізге жағам деп,
Жасап бақтым қолдан келгенін,
МЕНІ ҰНАТПАЙТЫН АДАМДАР.

Онсызда мың құрақ жүрегім,
Бес күн жалған – сынақ, білемін,
«Енді оған сіз қосымша боп,
Күйдірмеңіз», бір-ақ тілегім.
МЕНІ ҰНАТПАЙТЫН АДАМДАР.